Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі Студенттер қатарына қабылдау салтанатты шарасы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Биылғы кеш ерекше форматта ұйымдастырылып, 1-курс студенттерін оқуға қабылдау рәсімі жасанды интеллектінің қатысуымен жүзеге асты.
Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚазҰУ Басқарма төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Алматыдағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй және өзге де танымал тұлғалар қатысты.
Іс-шарада министр Саясат Нұрбек жастарды арнайы құттықтап, оқуда табыс тіледі.
«ҚазҰУ – тек білім ордасы емес, тұлға қалыптастыратын, білікті маман даярлайтын, ғылым мен инновацияның орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы шарт», – деп атап өткен болатын. Президент айтқан қасиеттерді бойына сіңірген жас буынды тәрбиелеуде ҚазҰУ-дың рөлі зор. Университет тек теориялық білім беріп қана қоймай, студенттерді өмірлік ұстанымдары айқын, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқаруда», – деді министр.
ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы–ректор Жансейіт Түймебаев «Ұлы ұстаз, ойшыл әл-Фарабидің «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз» деген қағидасын естен шығармаңыздар. Сіздердің тәрбиелі шәкірт болып, білікті маман, елін сүйетін тұлғалы азамат болып шығатындарыңызға сенемін», – деді ректор.
Жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға бакалавриат, магистратура және докторантура бағыты бойынша барлығы 11 530 студент қабылданды. Бакалавриатқа оқуға түскен жастардың ішінде 116 «Алтын белгі» иегері мен 27 халықаралық олимпиада жүлдегері бар. Биыл 2 500-ден астам шетелдік студент әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдаған.
Кеш барысында алғаш рет ҚазҰУ филиалдарында білім алатын студенттер де өз өнерін паш етті.
Салтанатты кеш қазақ эстрадасы жұлдыздарының ән шашуымен жалғасып, жастардың би кешіне ұласты.