Ұстаз – білім бағбаны

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, төрткүл әлемде ұстаздың орнын баса алатын адам кемде-кем. Ұстаздық – кең ұғым.

Ол тек дәріс оқумен шектелмей, тәлімгердің ынтасын оятатын, болашағына үлкен сенім беретін алып күшке ие. Қазіргі цифрлы технология дәуірінде де ұстаздың қадір-қасиеті өшкен жоқ.

Еліміздің астанасында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Мұғалім talks» кейс-платформасының екінші отырысы жемісті өтті. Еліміздің бар­лық өңірінен келген 300-ден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен ЖОО оқыту­шылары, студенттер, ға­лым­дар, білім беру саласының арда­герлері мен сарап­шылар қауымы осы жиында бас қосты. Жиынның түпкі мақсаты жасанды интел­лект дәуірін­дегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновация­ны қолдану болды. Сондай-ақ ерекше көз­ге түс­кен педагогтарға арнайы сыйлықтар табысталды. 

Тың идеялар топтасқан алаң

Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев ұйымдастырылып отыр­ған жобаның мұғалімдерге ерекше тал­пыныс беретіндігін айтып өтті. Оның сөзінше, біз біле бермейтін тың идеялар мен жобалар осындай басқосуларда пайда болады.

– Елордада өткен «Мұғалім talks» жобасы – еліміздің түкпір-түкпірінен кел­ген педагогтарға арналған ерекше алаң. Бұл бастама ұстаздарға өз тәжіри­бесін бөлісіп, білім беру жүйесіндегі өзек­ті мәселелерді талқылауға мүмкін­дік береді. Жоба барысында мұғалімдер тек пікір алмасып қана қоймай, өз­дерінің жетістіктері мен тың идеяларын ортаға салды. Шараның басты мақса­ты – ұстаз мәртебесін арттырып, олар­дың кәсіби дамуына серпін беру.

Депутаттың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – мұғалімдерді ынталан­дырып, білікті ұстаздарды бір ортаға жинау. Оның пікірінше, еліміздің түк­пір-түкпірінен келген белсенді ұстаздар мен мектеп басшылары осы жоба ая­сын­да өзара ой бөлісіп, білім саласын дамытуға қатысты құнды ұсыныстарын жеткізді

– Talks дегеніміз – талқылау, ойыңды ашық жеткізу алаңы. Мұнда сөз алған әрбір мұғалімнің тәжірибесі ерекше. Мысалы, біреуі оқушыларға арналған протез жасап шығарса, енді бірі ауыл­дағы оқушыларды халықаралық олим­пиа­да деңгейіне дейін дайындаған. Соны­мен қатар өз пәнін терең меңгеріп, оны шәкірттеріне махаббатпен үйре­тетін химиктер мен физиктер де бар. Осын­дай мұғалімдер – өз ісіне адал, нағыз кәсіби тұлғалар, – дейді Дәулет Мұқаев.

Сондай-ақ жиында «AMANAT» пар­тиясының хатшысы Шолпан Ка­ринова да ұстаздар мен дәрігерлердің қо­ғамдағы рөлі айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл екі маман­дық – елдің болашағын қалыптас­ты­ратын ең маңызды әрі негізгі салалар. Сол себепті партия тарапынан осы ба­ғыттағы мамандарды қолдау мақсат­ында түрлі жоба жүзеге асырылып келеді.

– «Мұғалім talks» жобасы – соның ай­ғағы. Биыл бұл жоба екінші рет өт­кіз­іліп отыр. Шараның басты мақсаты – мұғалімді тек кәсіби маман ретінде емес, сонымен қатар жоғары адамгер­шілік құндылықтарды бойына сіңірген тұл­ға ретінде таныту. Қазіргі жаһан­данған және цифрландыру қарқынды жүріп жатқан дәуірде мұғалімнің рөлі бұрынғы­дан да маңызды. Ұстаз тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге баланы өмірге бей­імдейтін, алған білім­ін тиімді қол­дану­ға үйрететін бағыт­таушы болуы керек. Осы себепті заманауи мұғалімдік қызмет үлкен трансформацияны талап етеді.

Мұндай бастамалар арқылы «AMANAT» партиясы ұстаз еңбегінің қоғам­дағы жоғары құндылығын көр­сетіп келеді. Балаға тек білім беру аздық етеді, оған өмір жолына сенім ұялатып, дұрыс бағыт сілтеу маңызды. Нағыз ұстаз – шәкірт жүрегіне із қалдыратын тұлға, – дейді Шолпан Каринова.

Мұғалімнің ақылды көмекшісі

Отырыста «Мұғалім talks» қатысу­шылары өздерінің кәсіби тұрғыда қалыптасу тарихымен бөлісті және әріп­тестерімен бірге кәсіби сын-те­геу­ріндерді талқылады.

Солардың бірі – Семей қаласындағы Рымбек Байсеитов атындағы қаржы-экономикалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орын­басары Асхат Мұханов. Ол білім беру саласында жасанды интеллектіні қалай тиімді пайдаланып жүргенін толық айт­ып берді.

– «Мұғалім talks» ұстаздарға қоғам алдында ашылып сөз сөйлеуге, ұсыны­с­тарын білдіруге мүмкіндік беріп отыр. Алғаш рет жобаны YouTube-тен көрдім. Содан кейін өзім қатысып көрсем деген ниет оянды. Биыл өтініш беріп, үміт­кер­лердің арасынан таңдалдым. Бұл жобаға көбінесе мектеп мұғалімдері қатысады, ал мен колледж педагогтары арасынан шыққан жалғыз спикер бол­дым. Көпшілікке жасанды интеллектіні баланың дамуына зиян келтірмей, кері­сінше, оқушының қабілетін дамытуға бағыттап қолдану жолдарын жеткізгім келді.

Қазір жасанды интеллект тек IT сала­сында емес, медицина, құрылыс, өндіріс салаларында кеңінен қолданы­лады. Мысалы, медицинада ЖИ ар­қылы диагноз қою тәжірибесі бар. Сол сияқ­ты біз де білім беру саласында ЖИ-ді тиімді қолдана аламыз», – дейді ол.

Ұстаз болу – біреудің өміріне үміт сыйлау

Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауыл­ындағы Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі Бақыт­әлі Даулешяр өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жеті жыл бұрын қарапайым ауыл мек­те­бінде «Өнертапқыштар әлемі» атты клуб ашып, физика пәнін робото­техни­камен ұштастырған. Оның айту­ынша, арнайы кабинет пен құрал-жаб­дықтың болмауы­на байланысты оқу­шы­лар бастапқыда қоқыс жинағыш, «ақылды» шам сияқты шағын жобалар әзірлеген. Ал бүгінде олар 3D-принтер мен жасанды интеллект арқылы протез құрастыруды үйренген.

«Бәрі бір ғана сұрақтан басталды: оқушыны ғылымға қалай қызықтыруға болады? Кесте мен формула жеткіліксіз екенін түсіндім. Алғашында қарапайым «Arduino» жобаларынан бастадық. Кейін оқушыларым 3D-принтер мен жасанды интеллект арқылы протез жасап, мүм­кін­дігі шектеулі балалар мен ауыл тұрғын­дары­на көмектесе бастады. Сол сәттерде ұстаздықтың шын мәнін ұқтым. Ұстаз болу – біреуге білім беру ғана емес, біреудің өміріне үміт сыйлау екен», деді ол.

Бақытәлі Даулешярдың шәкірттері жасаған алғашқы протез мүгедектігі бар бала Мирасқа арналған. Кейін мүгедек­тігі бар басқа ауыл тұрғындарына да қол мен аяқ протездері әзірленген. Бұл жоба 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бай­қауында жеңіске жетіп, мектеп зерт­ханасы жаңа құралдармен жабдықталды. 

Айта кетейік, «AMANAT» партия­сының «Мұғалім talks» кейс-платфор­масы отырысы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Биылғы жиын «Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновация» тақырыбына арналды. Іс-шара бары­сында ерекше көз­ге түскен педагогтарға партиялық және ведомстволық награ­далар табысталды.

Елнар ЕЛТАЙ