Бас банкир: «Мен жақсы президент болар едім». Бұл не дегені?

Бас банкир қор нарығының құлдырауы мүмкін екенін ескертті. «Мен басқаларға қарағанда көбірек алаңдаймын», – дейді ол.

BBC News-ке бас банкирдің берген сұхбатының маңызды тұстарын Aikyn.kz ұсынады.

Ең ірі JP Morgan банкінің басшысы Джейми Даймон, алдағы алты айда нарықта айтарлықтай түзету (коррекция) орын алуы мүмкін екенін мәлімдеген. BBC арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың бас банкирі америкалық акциялардың күрт төмендеу қаупі жоғары екенін айтқан.

Сұхбатты сирек беретін Даймон АҚШ-тың әлемдік аренада «сенімсіз серіктеске» айналғанын да ашық мойындаған. Ол АҚШ-тағы инфляцияға қатысты «аздап алаңдайтынын» айтады. Бірақ Трамп әкімшілігінің Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) төрағасы Джером Пауэллге жасаған бірнеше шабуылдарына қарамастан, резервтік жүйе өз тәуелсіздігін сақтайтынына сенімді екенін білдірді.

Джейми Даймон бұл сөздерін британдық Борнмут қаласында қайталаған. Онда ол JP Morgan кампусына шамамен 350 миллион фунт стерлинг инвестиция салатынын және жергілікті коммерциялық емес ұйымдарға 3,5 миллион фунт көлемінде қайырымдылық көмегі көрсетілетінін хабарлады. Британ қазынашысы Рэйчел Ривз бұл жаңалықты «жергілікті экономика мен тұрғындар үшін тамаша жаңалық» деп атады.

Джейми Даймон: «Егер маған президент лауазымын берсе, қабылдар едім. Мен жақсы істей алар едім». Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Benoit Tessier

Соңғы уақытта JP Morgan басшысы жаһандық қауіпсіздік тақырыбына көбірек көңіл бөліп жүр. Биылғы жылы акционерлерге жолдаған хатында ол Оңтүстік Қытай теңізінде соғыс басталса, АҚШ жеті күн ішінде зымыран қорынан айырылуы мүмкін екенін ескерткен.

Ол тәуекел факторларымен күрес жолдарын талқылай отырып, әскери инвестицияларды арттыру қажеттігін атап өтті: «Адамдар криптовалютаны жинау керек дейді. Ал мен әрқашан оқ-дәрі, қару-жарақ және бомба жинау керек деп айтамын. Әлем әлдеқайда қауіпті орынға айналды, сондықтан мен қауіпсіздікті таңдар едім».

Джейми Даймонның есімі соңғы жылдары саясатқа келуі мүмкін ірі қаржы ойыншыларының арасында жиі аталып жүр. Өткен жылы инвестор Билл Экман оны қаржы министрі қызметіне «тамаша кандидат» деп атаған болатын. Кейбір сарапшылар тіпті оны болашақ президенттік науқанмен байланыстырады.

Алайда саяси амбициясы туралы сұраққа Даймон: «Бұл менің жоспарымда жоқ. Менің мақсатым – JP Morgan-ды мықты әрі серпінді компания ретінде сақтау», – деп жауап берген. Бірақ әзілмен: «Егер маған президент лауазымын берсе, қабылдар едім. Мен жақсы істей алар едім деп ойлаймын», – дейді бас банкир.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.