Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына толық сәйкес келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында айтты.
«Парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Жаңа да атап өттім, бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым.
Түптеп келгенде, Парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды.
Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады», – деді Президент.