Бүгін Алматыда Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктерге қатысып, сотталғандарға қатысты апелляциялық соты басталды. Осы іс бойынша "Дикий Арман" лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылған болатын, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
2025 жылдың 27 қаңтарында сот қаңтар ісінің 44 қатысушысына үкім шығарған. Олардың қатарында "Дикий Арман", Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген және ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов бар.
Сол кезде Арман Жұмагелдиев қылмыстық топ құрып, тәртіпсіздіктерге қатысқаны және 24 адамды ұрлағаны үшін 20 жылға сотталды. Сонымен қатар, экс-депутат Қайрат Құдайберген сегіз жылға сотталды. ҰҚК-ның 5-ші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов 15 жылға сотталды. Сотталғандардың барлығы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны және наразылыққа қатысқаны үшін, адам ұрлап, қаруды заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылды.
"Дикий Арман" тобының тағы 13 мүшесі 10 жылдан 15 жылға дейін және 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал топқа қатысы жоқ тәртіпсіздіктердің қалған мүшелері 1,5 жылдан 7 жылға дейін сотталды. Сот залынан бірнеше адам босатылды. Себебі олардың тергеу изоляторында және үй қамауында өткізген уақыты есепке алынды.
Алматы қалалық баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін сотталғандардың апелляциялық шағымын қарау басталды. Сот БАҚ пен тыңдаушылардың қатысуынсыз жабық режимде өтеді.
Айта кетейік, үкімнен кейін көп ұзамай Арман Жұмагелдиев түрмеде өзінің тамырын кеспек болған. Оның адвокаттары Арман бұл істі наразылық ретінде жасағанын айтты.