"38-аптасында босанды": Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысы жүкті болған

Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат берілмейді.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тоғызыншы сынып оқушысы жүктіліктің 38-аптасында босанды, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, оқушы қазір медициналық мекемеде жатыр. 14 жастағы оқушы 13 қазанда босанған.

"Жасөспірім бұған дейін үш рет медициналық тексеруден өткен: 13-18 наурыз аралығында аудандық ауруханада, 28 мамырда жазғы демалыс лагеріне тіркелу кезінде және 10 қыркүйекте ата-анасымен тексеру кезінде. Бұл жағдайлардың ешқайсысында дәрігерлер ерте жүктілік белгілерін тіркемеген", – деп хабарлады Ақтөбе облысының Білім басқармасы.

Бұл жайтқа өңірдің Полиция департаменті өкілі пікір білдірді.

"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, қамауға алынды. Қазір соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Істің тергелу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында", – деді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Болат Көшқалиев.

Облыстық полиция  баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іске күдікті ретінде кәмелетке толмаған қыздың өгей атасы, яғни әжесінің күйеуі тартылды.