Aikyn.kz жасанды интеллект технологияларының журналистиканың болашағына әсерін талдайды.
ЖИ технологиясына негізделген үрдістер, әсіресе АҚШ пен Еуропаның жетекші ақпарат құралдарында айқын байқалады. Олар ЖИ технологияларын бірнеше негізгі бағытта пайдаланып келеді.
The Associated Press (AP), Reuters және Bloomberg сияқты ірі ақпарат агенттіктері жасанды интеллект негізіндегі алгоритмдерді қаржы және спорт жаңалықтарын жазу үшін қолданады. AP жыл сайын 20 мыңнан астам корпоративтік есептер мен қор нарығы жаңалықтарын Wordsmith платформасы арқылы автоматты түрде жариялайды. Бұл жүйе компанияға қаржы нарығы, спорт нәтижелері мен сайлау қорытындылары туралы мыңдаған жаңалықты автоматты түрде жазуға мүмкіндік береді. Журналистер үнемделген уақыттарын деректерді терең талдауға немесе зерттеу мақалаларына арнай алады.
The Washington Post 2016 жылы жасаған Heliograf жүйесі қысқа мәтіндерді автоматты түрде жазады. Олар сайлау нәтижелері, спорт есептері немесе жергілікті оқиғалар туралы жаңалықтарды құрайды. 2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауы кезінде бұл жүйе әлеуметтік желілерде және сайтта қысқа жаңалықтар жариялап, 500-ден астам автоматты мәтін дайындаған. Бұл редакцияға үлкен ақпарат көлемін аз уақытта таратуға мүмкіндік берген.
BBC мен The New York Times пайдаланушылардың оқу әдетін, қызығушылығын талдау арқылы жеке жаңалықтар тізбегін ұсынады. ЖИ алгоритмдері пайдаланушылардың қызығушылығына қарай тақырыптарды іріктейді, бұл өз кезегінде ақпараттың тиімді қабылдануына әсер етеді.
BBC News агенттігі бұл мақсатта News Labs платформасын, ал The New York Times газеті Reader Insights жүйесін пайдаланып, мақалалардың эмоционалдық әсерін талдайды. Осы арқылы редакторлар материалдың тақырыбы мен иллюстрациясын оқырман реакциясына қарай өзгертіп отырады.
Медиада жасанды интеллекті қолданудың маңызды бағыттарының бірі – фейк жаңалықтармен күрес. Бұл салада AFP агенттігі мен Google News Initiative бірлесіп, AI Fact Check Explorer жүйесін жасады. Ол интернеттегі жалған ақпарат пен DeepFake видеоларды анықтауға мүмкіндік береді. Ал Reuters агенттігі Х (Twitter) сияқты әлеуметтік желілерден ақпарат жинап, оның сенімділігін бағалайтын News Tracer жүйесін енгізді. Егер желіде жарылыс туралы хабар таралса, алгоритм оны басқа дереккөздермен салыстырып, хабардың рас-өтірігін анықтайды.
Жасанды интеллект видео мен аудио форматтағы медиада да өз орнын тапты. Bloomberg агенттігі спорттық матчтардың ең қызықты сәттерін автоматты түрде қиып алып, қысқа видеолар жасайтын Automated Video Highlights жүйесін пайдаланады.
Бұл технология YouTube пен әлеуметтік желілерге бейімделген жедел медиаконтент жасай алады. Sky News арнасы 2023 жылы Ұлыбританияда Король Чарльз ІІІ-нің таққа отыру рәсімін тікелей эфирде көрсеткен кезде жасанды интеллект негізіндегі бет-әлпетті тану жүйесін қолданды. Бұл жүйе кадрларда кімнің кім екенін нақты анықтап, эфирдегі ақпараттың дәлдігін күшейтті.
Reuters Institute 2024 жылғы зерттеуінде әлемдегі журналистердің 60%-ы ЖИ құралдарын пайдалана бастағанын мәлімдеді. Сарапшылардың болжауынша, алдағы он жылда жасанды интеллект тек жаңалық жазумен шектелмей, деректерді талдау, визуализация және фактчекинг процестерін де толық автоматтандыруы мүмкін.
The Guardian басылымы 2023 жылы жариялаған есебінде ЖИ технологияларының дамуы нәтижесінде журналист мамандығы жойылмайтынын, керісінше, жаңа форматтарға ауысатынын атап өткен болатын. Болашақ журналист ақпарат жеткізуші ғана емес, деректерді талдаушы және технологиялық медиатор рөлін де атқарады.
Жасанды интеллект шетелдік медиада революциялық өзгеріс әкелді. Ол ақпарат өндірудің тиімділігін арттырып, аудиториямен интерактивті байланысты күшейтті. Дегенмен оның дамуы кәсіби жауапкершілік пен этиканы жаңа деңгейге көтеруді талап етеді.
Шетел медиасында жасанды интеллект – ақпарат өндірісін жеделдетіп, мазмұн сапасын арттыруға бағытталған қуатты құралға айналды. Бірақ болашақта медиадағы жасанды интеллекті қолдану үрдісі адам мен технологияның тепе-тең серіктестігіне негізделуі тиіс деп ойлаймыз.
«Технология емес, сенім басты құндылық» деген қағида болашақта медианың басты ұстанымын айналуы мүмкін. Тек осылай болғанда ғана, ЖИ медиадағы процестерді жеңілдетіп, адами құндылықтарды сақтап, журналистиканың интеллектуалдық әлеуетін күшейтетін құралға айналады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.