Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар eGov және e-Otinish арқылы қабылданады – Ерлан Қарин

Қазақстандықтар «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлімге ұсыныстарын жолдап, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға үлес қоса алады. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік реформаны талқылауға әрбір азаматтың қатысуы маңызды екенін айтты. Сәйкесінше, енді қазақстандықтар e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөлімі арқылы ұсыныстарын жолдай алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.

– Мемлекет басшысы жұмыс тобының алғашқы отырысында ел азаматтарының Парламенттік реформаны талқылауға қатысуы маңызды екенін атап өтті.  

Президенттің тапсырмасы бойынша, мемлекеттік e-Otinish платформасында және eGov сервисінде азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жинау ұйымдастырылады. Олар «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлімге ұсыныстарын жолдап, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға үлес қоса алады. 

Парламенттік реформаны мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог арқылы жүзеге асыру Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына толық сәйкес келеді.