15 мың жыл бұрын өмір сүрген: Ақмола облысында мамонт сүйектері табылды

Қазір жәдігер музейдің арнайы зертханасында сақтаулы.

Ақмола облысында шамамен 40-15 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың сүйектері табылды,  деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. Бұл мәлімет Ұлттық музейдің Facebook желісіндегі парақшасында жарияланды.

Олардың мәлімдеуінше, жақында Ақмола облысы Бұланды ауданы Новобратское ауылы маңынан түкті мамонттың төменгі жақ сүйегі мен жілік сүйектері табылған.

"Алғашқы сараптама бұл сүйектердің 40-15 мың жыл бұрын өмір сүрген, жасы 40-50 шамасындағы ересек мамонтқа тиесілі екенін көрсетіп отыр", делінген хабарламада.

Құнды олжаны агрохолдинг қызметкерлері Әділет Омаров пен Әлжан Ракишев тауып, бірден Ұлттық музей мамандарына хабарлаған. Қазір жәдігер музейдің арнайы зертханасында сақтаулы.

Мамандардың айтуынша, бұл жерде толық қаңқа табылуы мүмкін. Алдағы маусымда кең көлемді қазба жұмысы жоспарланбақ. Егер болжам расталса, бұл Қазақстандағы мұз дәуірі жануарларын зерттеу саласындағы ірі жаңалық болмақ.

Ұлттық музейдің мәліметінше, мамонттар 700 000 жыл бұрын пайда болып, соңғысы 10 000 жыл бұрын жойылып кеткен. Салмағы 5-8 тоннаға дейін жетеді. 6 рет ауысып тұратын ірі азу тістері болған.

Қазақстанда мамонт сүйектері бұған дейін Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында табылған.