Байыптылықпен іске асатын бастама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысына қатысып, сөз сөйледі. Әуелі Президент Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе екеніне назар аударды.

– Бүгін біз Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобының алғашқы оты­рысына жиналдық. Өздеріңіз біле­сіз­дер, өткен аптада арнайы Жұмыс то­бын құру туралы Өкімге қол қойдым. Пар­ламенттік реформа – еліміздің ал­­дында тұрған аса маңызды, жауапты жұ­мыс. Жолдауымда бұл мәселе аза­мат­тық секторда, сарапшылар орта­сын­да, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақ­ты айттым. Бүгін, міне, бірінші оты­­­рысымызда Парламенттің, Пре­зи­дент Әкімшілігінің, Үкіметтің және сая­си партиялардың өкілдері, заңгер­лер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де елге танымал азаматтар, түр­лі саланың мамандары. Тағы да қай­талап айтқым келеді: Парламенттік ре­форма – еліміздің, халқымыздың тағ­дырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұ­мыс тобының әр мүшесі осы тари­хи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұ­мыс істейді деп сенемін, – деді Мем­лекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірпалаталы Парламентке көшу халықаралық үр­діс­ке толық сай келетінін жеткізді. Елі­­­­мізде түрлі бағытта ауқымды ө­з­ге­ріс­­тер жасалуда, бір ел болып саяси, әлеуметтік-экономикалық рефор­ма­лар жүзеге асырылып жатыр. 

– Осы өзгерістер жалғасын табуы ке­рек. Бір орында тұрып қалуға бол­май­ды. Мемлекетімізді түбегейлі жаң­ғыр­ту стратегиясын «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкі­мет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Прези­дент­тік билік жүйесінің тиімділігі сақ­талады деген сөз. Жалпы, бірпа­ла­та­лы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдері­нің үштен екісінде осындай парла­мент­тік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір біз­ге керегі – ортақ ұстаным және па­­­­­расатты, салмақты ұсыныс. Сон­дық­тан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұ­қият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз, – деді Қазақстан басшысы.

Президент бірпалаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық сая­си шешім болғанын айтты. Қазір ел і­шінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пі­кірлер айтылуда.

– Басым көпшілігі мұны «әбден пі­сіп-жетілген мәселе» деп санайды. Тіп­ті, «Халықтың көбі қолдаған бас­та­маны талқылап, референдум өткі­зу­дің қажеті жоқ» деген ойлар да айты­лып жатыр. «Реформаны созудың қа­­­жеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішін­де жасай салуға болады» деген пі­кірлер де бар. Шын мәнінде, қай жа­ғы­нан алып қарасақ та, мәселе өте өзек­ті. Азаматтарымыздың әртүрлі пі­кір айтып, белсенді болғаны – жақ­сы үдеріс. Дегенмен парламенттік ре­форма – аса күрделі жұмыс. Асы­ғыс­тыққа жол беруге болмайды. Себе­бі бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағ­дай. Бұл – мемлекеттің болашағына тіке­лей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқы­лау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақ­стан – халық үніне құлақ асатын Әді­лет­ті мемлекет. Бұл – мызғымас ұста­ным, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы не­гізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгере­тініне зер салды. 

– Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйе­нің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі Заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден ас­там кодекс пен заңға түзету енгізу ке­рек болады. Мұны жаңа Конституция қа­был­даумен тең келетін іс деуге болады. Әри­не, бұл жұмыстың бәрін табан астын­да, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек. Сондықтан алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірімді білдіргім келеді, – деген Президент бірнеше жайтты алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін­ше, Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді. Біріншіден, Қазақстан барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргізеді. Яғни, азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігі мен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. 

– Естеріңізде болса, саяси рефор­малардың төрт пакеті аясында пар­ламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік бе­рілді. Бұдан бөлек, партиялар Пар­ламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конституциялық ре­фор­маның арқасында біз Мәжілістің құ­зыретін елеулі түрде кеңейттік. Нақ­ты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды. Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бірпалаталы Парламентке өтуді бастаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент екіншіден, парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келетінін еске салды. 

– Жаңа да атап өттім, бұл – мем­лекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым. Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта e-Parlament сұранысқа ие құралға ай­налуы мүмкін екенін айтты. 

– Үшіншіден, алдағы реформа эко­номика, әлеуметтік және технологиялық даму секілді басқа да салалардағы жан-жақты жаңғырулармен үйлесім та­ба­ды. Мысалы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу күллі әлем­дегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз. Бірқатар елде қазірдің өзінде «электрондық» немесе цифрлық парламент» элементтері сынақтан өт­­кізіле бастады. Бұл азаматтарды сая­си өмірге араластырудың жаңа формаларын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында жаса­лады. Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түр­де күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі элек­трондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бірпалаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни, заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орын­датады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды, – деді Президент.

Бұдан соң Мемлекет басшысы бір­палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандыратынына назар аудартты. 

– Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр. Бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби маман­дар болуы керек. Парламент кәсіби бо­луға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бірпалаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек, популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, Қазақстан Әділетті мемлекет ретін­де әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеруі керек. 

– Парламент – Тәуелсіздігімізді және мемлекеттігімізді айшықтайтын маңыз­ды құрылым. Бұл ешқашан өз­гер­мейтін ақиқат, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Жалпы, рефор­маның негізгі мақсаты, соған сәйкес істелуге тиіс жұмыстың бағыт-бағдары туралы Жолдауда кеңінен ай­тылды. Референдумға дейін ат­қарылатын жұмыс­тың бәрін мұқият ойластырып, байыппен жүргізу қажет. Білікті мамандар өз ойла­рын ашық айтып, тиімді ұсыныстар беруі керек деп санаймын. Түпкілікті шешім, яғни қоғам пікірі дұрыс болуы үшін осы мәселеге қатысты айтылатын әрбір ой-пікір де әбден тексерілген, екшелген, жан-жақты сарапталған болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан Жұмыс тобы өз міндетін нағыз кәсіби ұстанымға сай атқаруға тиіс. 

Атап айтқанда, е-Otinish және е-Gov порталдары арқылы келіп түскен бар­лық ой-пікірді сараптап, зерделеу қа­жет. Біз Әділетті мемлекет ретінде әр аза­маттың ортақ іске пайдалы бо­латын ұсынысын ескеруіміз керек. Ата Заңға енгізілетін әрбір өзгеріс мұ­қи­ят пысықталып, дайындалуға тиіс. Әр баптың, әр норманың мән-мағы­насына терең бойлаған жөн, яғни құ­қық­тық, процедуралық мәселелерді нақ­ты айқындап алуымыз қажет, – деді Президент.

Жиын соңында Мемлекет басшысы басқа да көптеген мәселе пайда болу мүмкіндігін ескертті. Алдымызда тұрған шаруа өте ауқымды екенін, жұмыс тобына үлкен сенім артылып отырғанын айтты.