Креативті индустрия қоры құрылады

Алматыда кәсіпкерлер, инвесторлар, сарапшылар мен индустрия өкілдерін біріктірген Nеw Vision форумы мәресіне жетті.

Халықаралық іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен 7 000 қатысушы және 100-ге жуық компания-экспонент жиналды. Еуразия деңгейіндегі ауқымды бизнес алаңға айналған жиын 30 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Дәлірек айтсақ, іс-шараны өткізу алаңы ретінде қаладағы үш бірдей локация таңдап алынды. Мұнда көрмелер, панельдік пікірталастар мен шеберлік дәрістері өтіп, кәсіпкерлер арасында келіссөздер жүргізілді. 

Қор капиталы – 40 миллион доллар

Форумның алғашқы күні ар­найы сөз алған Алматы қала­сы­ның әкімі Дархан Сатыбалды ме­га­полис туризм мен креативті индус-т­рия­ның орталығына айналып келе жат­қанын, жыл сайын қосымша 1 мил­лион турист тартуға мүмкіндік бе­ре­тін жаңа жобалар іске қосы­ла­ты­нын жеткізді. Атап өтерлік маңызды жайт, Қазақстанда капиталы 40 мил­лион доллар болатын креативті ин­дуст­рия қоры құрылады. Бұл туралы қа­ла әкімі форумда мәлімдеді. Атал­ған қор негізінен кино, музыка, ди­зайн және цифрлық медиа саласын­да­ғы шығармашылық жобаларды қол­дауға бағытталған. 

– Креативті индустрия қорын құ­ру қала экономикасын әртараптан­дыру­ға, шаһардың өңірлік қаржы мен ин­новация орталығы ретінде мәрте­бе­сін нығайтуға ықпал етеді, – деді Д.Сатыбалды.

Күн өткен сайын жаһанда жасан­ды интеллект мәселесі өзекті тақы­рып­қа айналды. Бұл бизнес форумда да күн сауалынан тысқары қалған жоқ. Осы сәтті пайдаланып біз де креа­тивті индустрия өкілдерінен жа­сан­ды интеллектінің өндіріске әсері ту­ралы пікірін сұрап білдік. 

Тиімді тұсы һәм экономикалық салдары

Форумда сөз сөйлеген сарап­шы­лар­дың қатарында продюсер, Warner Bros. компаниясының экс-прези­ден­ті, әлемге әйгілі Disney студиясының бұ­рын­ғы вице-президенті Макс Ховард та бар. Ани­мация маманы жасанды ин­теллектінің киноин­дустрияға әсері туралы сұра­ғымызға берген жауа­бын­да бұл бүкіл қоғамға, барлық салаға қа­тысы бар күр­делі сауал екенін не­гіз­ге алды.

– ЖИ тек кино саласын емес, бар­лық саланы қамтиды. Мысалы, сіз­дің га­зетіңізде қанша жұмыс орнын жа­сан­ды интеллект алмастыра алады деп ойлайсыз? Қандай лауазымдар жойылуы мүмкін? Егер әлемде көп­те­ген мамандықты ЖИ алмастырса, жұ­мыссыз қалған адамдардың табыс көзі де болмайды. Ал киноиндустрия адам­дардың билет сатып алуына, ст­ри­минг платформаларға жазылуы­на тәуелді. Егер көрерменде өнімді са­тып алуға ақша болмаса, кино да зар­­дап шегеді. Қазір түрлі плат­фор­ма­­­­ларға жазылым көп. Алайда адам­дар­дың тұрақты табысы болмаса, олар ойын-сауыққа да ақша алмайды де­ген сөз, – деді продюсер.

Статистикаға назар аударсақ, 2025 жылы наурыз айында eGov мо­бильді қосымшасы арқылы өткен сауал­­намаға 53 мыңнан астам қаты­сып, олардың 79 пайызы жасанды интеллект дағдыларын үйренгісі ке­летінін айтқан. Одан бөлек, халықтың 65 пайызы ЖИ-ді күнделікті өмірде пайдаланса, ал 35 пайызы кәсіби қыз­метінде қолданатынын көрсеткен. Алайда танымал продюсер Макс Хо­вард кез келген салада ЖИ-ді қол­данудың тиімді тұстары бар екенін ай­та отырып, оның экономикалық салдарын да назарға алуымыз тиіс екенін түйреп өтті. 

– Меніңше, ЖИ-ді қысқамерзімді тұрғыдан қарауға болады. Мен кейбір рөл­дерді ЖИ-дің көмегімен ал­мас­ты­р­ып, фильм өндірісінің шығынын азай­та аламын. Бірақ бұл өзгерістердің эко­номикалық салдарын да ойлауы­мыз тиіс. Себебі ЖИ кез келген ин­дус­т­рияны түбегейлі өзгерте алады. Мұн­дай жағдайда әлем экономикасы қалай өмір сүретіні белгісіз. Бұл проб­ле­ма емес, керісінше, ЖИ құралдарын жұ­мысыңызды тиімді орындау үшін пай­далану қажет. Егер бұл процесс жұ­мыспен қамту есебінен жүзеге ас­са, онда жұмыссыздық пен оның қо­ғамға әсерін ескеруіміз тиіс, – деді М.Ховард.

Биылғы іс-шараға қатысу­шы­лар­дың арасында Макс Ховардтан өзге Booking.com және uBid.com компа­ния­сының негізін қалаушы, инвестор Джефф Хоффман, жазушы, моти­ва­тор, көшбасшылық бойынша әлемге танымал сарапшы Робин Шарма да бар. Форум аясында кәсіпкерлер мен креативті индустрия өкілдері Алматы қаласын халықаралық инвестиция­лар­ды тарту тұрғысынан айрықша мүм­кіндіктерге ие хаб ретінде баға­лады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы