Франкфурт кітап көрмесінде қазақстандық кітаптар таныстырылды

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен арнайы стенд ұйымдастырылып, 350-ге жуық отандық кітап пен жаңа басылымдар қойылды.

2025 жылғы 15 қазанда Германияның Майндағы Франкфурт қаласында әлемдегі ең ірі кітап көрмелерінің бірі - 77-ші Frankfurter Buchmesse 2025 халықаралық кітап жәрмеңкесі ашылды,– деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жәрмеңкеге 30-дан астам қазақстандық баспа өкілі мен әдебиет саласының делегациясы қатысуда. Олардың құрамында «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», ARMAN-PV, Steppe & World Publishing, «Эверо», Kazformoms, AmalBooks сияқты баспалар бар.

Экспозиция қазіргі қазақ әдебиеті мен баспа ісінің заманауи бағыттарын, жаңа авторлардың шығармаларын көрсетеді.

Қазақстанның беделді халықаралық көрмеге қатысуының өзі халықаралық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы көрменің алғашқы күні Ұлттық стендке арнайы келіп, қазақстандық делегацияға қолдау білдірді.

Канада, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Дания, Германия және Ұлыбритания сияқты елдердің баспагерлері Қазақстан стендімен танысып, ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізді.

Көрме аясында ҚР Ұлттық стендінде жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа Ұлағат» кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, кітап жәрмеңкесі аясында оқырманға қазақ халқының тағдыры мен рухани құндылықтарын бейнелейтін Міржақып Дулатовтың мәңгілік шығармасы - «Бақытсыз Жамал» ұсынылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.