Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен Мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді, - деп хабарлайды Аikyn.kz.
Жиын қорытындысы бойынша келесідей шешімдер қабылданды. Біріншіден, биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі. Премьер-министр Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті қадағалау жүргізуді, сондай-ақ ішкі нарықты ЖЖМ-мен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Екіншіден, биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ТКШ жүйесі нысандарында жоспарланған барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Айта кету керек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту арқылы тұрақтандыру қорларының жұмысына қосымша серпін беріледі, бұл өз кезегінде ӘМАТ санатына жататын өнімдер бағасының төмендеуіне әкеледі. Делдалдық схемаларды және сауда үстемелерін асыра қосу фактілерін анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылады.
Төртіншіден, базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды.
Соған сәйкес, халық үшін ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды, бұл тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған шара қолданыстағы «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту жолымен жүзеге асырылады.Сонымен қатар сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады, ол жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына жаңа үйден бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.
Құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар шеңберінде салынатын тұрғын үй құрылысы бойынша офтейк-келісімшарттар жасалады. Бұл ретте құрылыс салушылар үш жылға бағаны өзгертпей ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды.
Бесіншіден, отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғастырады. Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі. Бұл азаматтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Одан бөлек, «Бәйтерек» холдингіне қысқа мерзімде шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шаралары бойынша ұсыныстар беру тапсырылды.