Астанада 21 жастағы Ұлттық ұлан сарбазы Қайсар Сұлтановтың өлімі тағы да тергеліп жатыр. Бұған дейін іс үш мәрте өз-өзін өлтіру деген желеумен жабылған, бірақ марқұмның анасы ұлы кісі қолынан мерт болғанына сенімді, - деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Елордадағы 6636 әскери бөлімінде борышын өтеген Қайсар Сұлтанов 2023 жылы 9 қазанға қараған түні қаза тапты. Марқұмның анасы қайғылы оқиғадан бір күн бұрын ұлын көріп, күдікті ештеңе байқамағанын айтқан.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу органдары қылмыс құрамын таппай, істі үш рет жауып тастаған. Енді тергеу Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша қайта басталды. Алайда Қайсардың анасы Сәуле Тілеубергенова ұлын Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүргендердің өлтіргеніне сенімді.
Оның айтуынша, ұлы мұндай қадамға бармайды. Бұл жағдайды сот-медициналық сараптаманың нәтижелері де көрсетіп отыр.
"Мамандар бірінші оқтың төменнен жоғары атылғанын, бас сүйегі мен маңдайындағы жарақаттан сарбаз мерт болғанын анықтады. Қорытындыға сәйкес, екінші оқ алты минуттан кейін атылған. Бірақ бірінші жарақаттан кейін Қайсардың саналы түрде ешқандай әрекет жасауға шамасы келмеген", - деді ол.
Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, істі қайта бастағаннан кейінгі үш ай ішінде тергеу алға жылжымаған.
Марқұмның отбасы істі "Кісі өлтіру" бабына қайта саралауды, бұған қатысы бардың бәрін жауапқа тартуды талап етіп отыр.