Қауіпке қарсы тұрған қаһармандар

Елімізде жыл сайын 19 қазанда Төтенше жағдайлар қызметкерлері күні атап өтіледі.

Бұл – күн-түн демей, қауіп пен қатерге қарсы тұрып, адам өмірін құтқарып жүрген жандардың ерлігіне бас иетін ерекше сәт. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысын жай ғана мамандық ретінде бағалау жеткіліксіз. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында біз өз өмірін қатерге тігіп, ерлік танытып, адал қызмет атқарып жүрген жандарға хабарластық.

Алмас ҚАЛИЕВ,

Павлодар облысы ТЖД офицері, 

«Ерлігі үшін» медалінің иегері: 

Қайсарлықты шыңдайтын сала

Қызметімді Шідерті ауылынан бас­тап, өрт сөндіру ісінің қыр-сырын сол жер­де меңгердім. Кейін Ақсу, Екібастұз жә­не Павлодар қаласындағы өрт сөндіру бө­лімдерінде жұмыс істеп, қарауыл бас­тығы лауазымында қызмет атқардым.

2024 жылдан бастап Павлодар об­лысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құт­қару жұмыстары ұйымдастыру бас­қар­масында жедел кезекшінің көмекшісі лауа­зымында қызмет етемін. Бірнеше мәр­те ірі өрт пен құтқару операцияларын жою­ға қатыстым.

Былтыр қаңтарда Павлодар қала­сын­дағы көпқабатты тұрғын үй­дің бір пәтерінде өрт шықты. Өрт сөн­діру­шілер 13 адамды, оның ішінде төрт ба­ланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Аса қауіпті жағдай сегізінші қабаттағы бал­конда қалған кішкентай қызға қатыс­ты болды. Қатты түтін шығып жатыр, тәуе­кел етіп газ-түтіннен қорғау қызметі бө­лімшесімен бірге әрекет жасап, «Фе­нист» құтқару құрылғысының көмегімен ба­ланы аман алып шықтық. Қыздың от­басы үшін бұл есте қаларлық оқиға бол­ды.

Еңбегіміз еленіп, биыл мамырда Пре­­з­иденттің Жарлығымен мем­ле­кеттік наг­рада – «Ерлігі үшін» меда­лі­мен мара­патталдым. Бұл жоғары марапат біз­дің жұмысымызға адалдығымызды есе­лейді.

Әлиасқар АЙТЖАНОВ,

Жамбыл облысы ТЖД аға анықтаушысы

азаматтық қорғау майоры: 

Әулетіміздің айрықша мамандығына айналды

Мен Ресейдің Азаматтық қорға­ныс істері, төтенше жағдайлар және табиғи апаттар салдарын жою жө­ні­ндегі мемлекеттік өртке қарсы қызмет ака­демиясының түлегімін. «Өрт қауіп­сіз­дігі» мамандығы бойынша білім алып, әс­кери іс және қауіпсіздік саласында бі­лік­тілігімізді арттырдық. Азаматтық қор­ғау органдарында 2018 жылдан бастап қыз­мет атқарамын.

Бұл мамандық менің басты құнды­лы­ғым – отбасыммен байланысты. Себе­бі менің әкем де осы салада 25 жылдан ас­там қызмет атқарды. Әпкелерім де осы са­лада жүргенін мақтан етемін. Бала кү­німнен әкемнің жұмысына адал беріл­генін көрдім. Ерліктерін, өмірін естіп өстік.

Үлкен әпкем ТЖД азаматтық қорғау органдарында қызмет етсе, екінші әпкем жұбайымен бірге Астана қаласының азаматтық қорғау гарнизонында жұмыс істейді. Отбасымыздың бұл мамандыққа сүйіспеншілігі зор.

Рамазан ҚАБДУАЛИЕВ, 

ШҚО ТЖД Октябрьский кенті 

20-ӨСБ-нің азаматтық қорғау аға сержанты: 

Біздің міндет – тілсіз жауды ауыздықтау

Біз 19 қазан – Құтқарушылар мереке­сін айрықша қарсы аламыз. Өз арамызда бір-бірімізді төл мерекемен құттықтап, мәз-мейрам боламыз. Жылына бір келе­тін атаулы дата біздің ғана емес, отбасы­мыз­дың да қуанышы саналады. Өйткені біз осы салада еңбек етіп, тапқан табы­сы­мызбен отбасымызды асыраймыз. 

Жұмысымыз нағыз от пен судың қар­қынына төтеп беру іспетті. Табиғаттан, тұрмыс-тіршілік салдарынан шығатын түрлі апаттан халықты қорғауға тыры­са­мыз. Әрбір апат шығынсыз болмайды. Әл­бетте, дүниенің жанып, суға ағып, бүлі­ніп, жарылып жатуы мүмкін. Басты мүд­де – адам шығынына жол бермеу. Се­бебі адам жараланып күйіп қалса, оның артында отбасы, ағайын-туысы тұрады. Сондықтан адамзатқа қауіп төнбеу керек деп санаймыз.

Өзім Төтенше жағдай қызметінде 5 жылға жуық қызмет істеп келемін. Бір ерекше жағдай ойға оралып тұр. Ең алғаш жұмысқа түскеннен бір ай өтпей Бұқтырма маңында өртпен бетпе-бет келдік. Содан жанып жатқан өртті ұлғайтпау үшін газ баллондарды сыртқа алып шығып, эвакуацияладық. Кез келген сәтте қолыңдағы зат жарылуы мүмкін, сондықтан өте ауыр жұмыс. Тағы бір жағдайды айта өтейін. Бір жылдары Өскемен маңындағы «Северный» деген жерде өрт шығып, жайпап бастады. Күн қатты ыстық болса да, лапылдаған жа­лынды өшіріп, елді мекенге зиян келуін тоқтаттық. Әйтпесе, тілсіз жау жел тұрса, қалаға қарай ұшқындап, халыққа зиян тигізуі мүмкін еді. Осындай ауырлыққа төзіп жүрген құтқарушыларға төл мере­кеміз жақсылық алып келе берсін!

Мұрат МҰХАНОВ, 

Маңғыстау облысы ТЖД бастығы, полковник: 

Азаматтық парыз, кәсіби міндет – бәрінен маңызды

Төтенше жағдайлар қызметі – ең күрделі әрі жауапкершілігі жо­ғары салалардың бірі. Біз үшін әр күн – жаңа сынақ. Өрт сөндірушілердің ісі кө­­біне адам өмірі мен мүлкін сақтап қалу­ға бағытталған. 

Біздің қызметтің ең басты ауырт­па­лығы уақытпен жарысу дер едім. Кез кел­ген секунд адам тағдырын шешуі мүм­кін. Қатты ыстық, аяз, түннің орта­сын­да түрлі апат пен техногендік тө­тенше жағ­дайларда құтқарушылар бірінші бо­лып оқиға орнына барады. Сонымен қа­тар бұл салада тек физикалық төзім­ді­лік емес, моральдық тұрақтылық та аса маңыз­ды. Кейде құтқару кезінде адам өмі­рін сақтап қалу мүмкін бол­майтын жағ­дайлар ұшырасады. Сондай сәттерде біз­дің қызметкерлер сабыр мен рух биік­тігін сақтауы керек.

Қызмет жылдарымда түрлі төтенше жағ­дайға тікелей қатыстым. Жаңаөзен қа­ласындағы тұрғын үйдегі жарылыс, Мұнайлы ауданындағы автоцистерна соқтығысуы, ұшақ апаты мен бірқатар жағ­дай есте қалды. Мұндай жағдайларда ең негізгісі – адамдардың өмірін сақтап қалу. Жарылыс қаупі, улы түтін, басқа да талай қауіпті факторлар болды. Сондай сәттерде құтқарушылардың кәсібилігі, тө­зімділігі, ұйымшылдығы негізгі рөл ат­қарады. Төтенше жағдай кезінде әр се­кунд бағалы. Сондай сәтте әрдайым дайындықта болып, кез келген ша­қыртуға әзір болуымыз керек. Осындай сын-сәттерде елге адал қызмет етудің, ко­мандалық рухтың және азаматтық қыз­меттің маңызы айқын сезіледі. 

Дайындаған Олжас ЖОЛДЫБАЙ