Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының кіреберісінде төтенше жағдай орын алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Патриот» паблигiне сілтеме жасап..
Сот ғимаратына келіп, көтергіш құрылғы арқылы ішке көтерілуге тырысқан арбадағы мүгедек әйел ауыр жарақат алды. Көтергіш құрылғының кенеттен бекітпесі үзіліп, әйел арбасымен бірге бетон еденге құлап түскен. Құлаған кезінде ол бетімен бетон қоршауға соғылып, үлкен гематома пайда болған.
Оқиға бірнеше секунд ішінде болғандықтан, оның көмекшісі әйелді ұстап үлгермеген. Дереу жедел жәрдем шақырылған.
Белгілі болғандай, зардап шеккен әйел – Зилейха Сафарова. Ол бұрын «Самұрық» Ұлттық әл-ауқат қорында жұмыс істеп жүрген кезінде омыртқасын сындырып алған. Жұмыс беруші қалпына келтіру шығындарының бір бөлігін өтеген, ал қалған өтемақыны алу үшін І топтағы мүгедек әйел сотқа жүгінген еді.
З. Сафарова сот процесіне өз сөзін естірту үшін арнайы келген. Алайда әділдік іздеп келген сот ғимаратында оның денсаулығына тағы да зақым келді.
Куәгерлердің айтуынша, соттағы мүгедектерге арналған көтергіш құрылғы сапасыз орнатылған және ұзақ уақыттан бері техникалық тексеруден өтпеген болуы мүмкін.