Елорданың іргесіндегі Ақмола облысына қарасты 7 ауыл карантинге жабылды - Ермек Маржықпаев
Елорданың іргесіндегі Ақмола облысына қарасты 7 ауыл карантинге жабылды - Ермек Маржықпаев
© inform.kz
112
оқылды
Елімізде коронавируспен күресу мақсатында жарияланған төтенше жағдайға байланысты Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыс тұрғындарына үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Құрметті ақмолалықтар! Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап елде төтенше жағдай енгізілді. Мұндай шара елімізде Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет қабылданып отыр. Бұл коронавирустық инфекцияның таралуын төмендету бойынша жасалған қажетті қадам. Коронавируспен күресу үшін барлық медициналық ұйымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Елімізге коронавирустық инфекцияның енуіне байланысты, Ақмола облысы аумағында вирустың таралуының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлағым келеді», - деді Ермек Маржықпаев. Аймақ басшысының айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында енгізіліген карантинге байланысты өңірдегі барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. «Ақмола облысына шет елдерден келген азаматтар міндетті түде карантинге алынады. Бүгінгі күні облыс бойынша карантинде алынғандардың саны 31 адамды құрайды. Олар барлық жағдай жасалған, өздерінің жағдайлары да қанағаттанарлық. Облыста коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Алайда, өңірге енгізілген профилактикалық шаралар күшін жоймайды», - деп одан әрі жалғастырды Ермек Маржықпаев. Осы ретте, аймақ басшысы төтенше жағдай кезеңінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткізілуіне және бағаны тұрақтандыруға басты назар аударылып отырғанын атап өтті. «Ірі сауда объектілерінің, ойын-сауық мекемелерінің және кейбір қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысына уақытша шектеу енгізілді. Алайда, барлық азық-түлік дүкендері, супермаркеттер, азық-түлік базарлары санитариялық және дезинфекциялық шараларды күшейту арқылы күнделікті режимінде жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге, барлық кәсіпкерлерді, бағаның тұрақтылығын сақтау және халыққа қажетті тамақ өнімдерін жеткізу арқылы облысымыздың тұрғындарына, ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетулерін сұраймын», - деп толықтырды Ермек Маржықпаев. Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Ақмола облысына қарасты Талапкер, Қараөткел (Ильинка), Қоянды, Қосшы, Жібек жолы, Ы.Алтынсарин және Тайтөбе сияқты 7 ауыл карантин тізіміне алынған атап өтті. Бұл ауылдардың тұрғындары елордаға кедергісіз қатынай береді. Тек, төтенше жағдай талаптарын сақтаулары керек. Сөз соңында Ермек Маржықпаев облыс тұрғындарын жаңа форматта аталып өтілгелі тұрған Наурыз мейрамымен құттықтады.