Егемендік декларациясы – Тәуелсіздіктің алтын қазығы

Биыл Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толды.

Мереке қарсаңында аузын айға білеген кеңестік алып империя құрсауынан қалай азаттық алғанымыз туралы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимовпен әңгімелескен едік.

– ХХ ғасырдың соңына қарай Кеңес Одағы ыдырай бастаған кезде құрамындағы одақтас республикалар өзінің тәуелсіздігі туралы мәселе көтергенін тарихтан білеміз. Бәрі дерлік алдымен егемендік туралы құжаттарды қабылдаған еді.Олардың арасында Қазақстан да бар.  Егемендік декларациясы қалай жазылды? Құжаттың маңызы мен тәуелсіздік алуымыздағы рөлі қандай?

– «Ақ түйенің қарны жарылып», халық мәре-сәре бір-бірінен сүйінші сұрап қуанған бұл күн – қазақ елінің дамуындағы ең үлкен тарихи сәт болды. Дербестіктен үмітін үзбеген қазақтың аңсар арманы орындалды. Мемлекеттің егемендігі туралы дек­ларация қабылданды. Бұл саяси-құ­қықтық құжат мемлекетіміздің терри­ториясының біртұтастығын және бө­лінбестігін айқындап берді. Құжаттың қабылдануын тек  саяси жағдайлардың жаңа кезеңі ғана емес, сонымен қатар қа­зақ халқының өзінің тағдырын өзі анық­тауға, өз тағдырын өзі шешуге жасаған батыл қадамы десек болады. 

Егемендік туралы декларацияның қабылдануы өте күрделі және ұзақ про­цесс саналады. Ғалымдардың, зерт­теушілердің көзқарасы бойынша сол кезеңде декларацияның бірнеше нұсқасы дайындалған. Өйткені кейбір азаматтардың 1986 жылдан басталған Кеңес Одағының ыдырау кезеңін, сая­си-құқықтық процестерді және үлкен одақтық мемлекеттен республикалардың бөлініп шығуын тәуекел ретінде баға­лай­тынын көрсетті. Қоғам арасында «кімнен егемендік аламыз?», «егемендікті не үшін қабылдаймыз?», «егеменді ел болғанда қандай ел болып өмір сүреміз?» деген сұ­рақтар болғаны белгілі. Бірақ бұл сауал­дардың және сан алуан пікірлердің болуына қарамастан, сол кездегі қоғам қайраткерлері, заңгер, ғалымдар, сая­сат саласында еңбегі сіңген білімді, бі­лікті мамандар декларацияның нақты нұсқасын жазуға талпынды.

– Егемендік декларациясында қазақ­тың ұлттық дүниетанымы, салт-дәстүрі, өзіндік даму болашағы, шынайы егемен ел аумағының біртұтастығы және қолсұғылмаушылығы, азаматтығы, мемлекеттік биліктің және мемлекеттік бюджет пен халықаралық қатынастардың дербестігі, мемлекеттің тәуелсіздігі қалай сипатталды?

– Декларация жазылғанға де­йін мемлекетіміз өзінің табиғи ресурс­тарының иесі бола алған жоқ. Өзінің егеменді, жеке тәуелсіз ел болудағы құ­қығын толық айқындап ашып айта алған жоқ. Қазақ елінің азаматтығы, қазақ елінің нақты шекаралық беделін анықтау деген мәселе көтерілген жоқ болатын. Ғасырлар бойы өсіп-өніп келе жатқан жергілікті қазақ ұлтының, қазақ елінің әрбір сүйем жері, оның тарихы, жадында жатталған мәдениеті, дәстүр-салты, әдет-ғұрпы, басқа халықтарды бауырына басқан кең пейілі, құшағын жая қарсы алып, тілім нанын бөліп бергені, паналатқаны ескерілмеді. Өз жерінде сан жағынан азшылыққа ұшырағаны туралы ұғым, түсінік өте тар шеңберде қалып келді. Қазақ сол кезеңде мемлекет территориясын мекендеген теңқұқықты ұлттардың бірі ретінде саналды және республикаға аты берілген жергілікті ұлт ретінде қабылданды.

Декларацияның қабылдануы еліміздің халықаралық аренадағы өз алдына жеке дербес мемлекет болуын бекітті. Құжатта ұлтымызға тән дәстүр мен рух, мәдени ерекшеліктерді ескеруге үлкен мән берілді. Қазақ ұлтының егеменді тәуелсіз мемлекеттің иесі ретіндегі және халықты ұйымдастырушы, үйлестіруші, мемлекетті құрушы ұлт ретіндегі рө­ліне назар аударылды. Сонымен қа­тар мемлекеттің біртұтастығын, унитар­лы формадағы мемлекет екенін, оның территориясына ешқашанда қол­сұғылмайтынын, территориясының ешқашанда бөлінбейтінін және мемлекет аумағындағы барлық табиғи ресурсына ендігі уақытта Қазақ Республикасы халқының иелік ететінін тайға таңба басқандай айқындап берді. Халықаралық аренада басқа мемлекеттермен бола­шақ­та тең дәрежелі қарым-қатынас жасау және Қазақстан территориясында қабылданған заңдардың одақ заңдарынан үстем болатыны жөніндегі нормаларды бекітіп, мемлекеттің болашақ құқықтық дамуының бағдарын нақтылады деп айта аламыз.

– Құжаттың қабылдануы Ерік Асан­баев, Салық Зиманов секілді қазақтың біртуар ұлдарының табанды еңбегінің арқасы екені сөзсіз. Қазір бұл кісілердің еңбегін қаншалықты қадір тұтып жүрміз, оқу орындарында бұл кісілер туралы айтыла ма, еңбегі оқу жүйесіне енгізілген бе?

– Әрине, декларацияны дайындауға сол кезеңдегі қоғам қайраткерлері, заңгер ғалымдар өте үлкен үлес қосты, зор еңбек сіңірді, қайраткерлік танытты. Жоғары кеңестің төрағасы болған Ерік Асанбаев, Жоғары Кеңестің депутаттары тобының мүшелері: Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Абдильдин және басқа да ғалымдар бұл декларацияның нұсқасын қалай дайындағанын, құжаттың қалай  қабылданғанын, қандай талқыдан өт­кенін тарихи деректерден, басқа да әде­биеттерден білеміз.

Саяси-құқықтық құжаттың талдануы Жоғары кеңестің мәжілісінде 6 сағатқа созылғанын айтады ғалымдар. Әзірлеу комиссиясы тобының мүшесі, жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, академик Салық Зимановтың 6 сағат бойы дек­ларацияның әрбір бабын құқықтық тұрғыда талдап, заңдық көзқарас тұр­ғысынан дәлелдеп, әрбір бабының бо­лашақ елдің құқықтық дамуында қан­дай маңызға ие екенін тәптіштеп қорғағанының арқасында қол жеткенін білеміз. Әсіресе, мемлекеттік тілге, мем­лекеттік шекараға байланысты, мем­лекетіміздің болашақтағы территориясы, оның шекараларының заңды түрде бекітілуі, мемлекетіміздің ұлттық әскерінің болуы тәрізді мәселелерді табандап тұрып заңдық құқықтық тұрғыдан дәлелдеудің оңай болмағаны анық. Өйткені сол кезеңдегі саяси даму, экономикалық-әлеуметтік жағ­дай, қайта құру мәселелері Жоғары кеңес­тің бірқатар депутаты тарапынан Егемендік декларациясының кейбір нормаларына күмәнмен, сенбестікпен қарауына, мүмкін ұзаққа созылған Кеңес Одағының әлі де өмір сүру мүмкіндігінің бар екеніне сенуіне байланысты қарсылықтар, пікірталастар тудырды. Соған қарамастан, Салық Зи­мановтың табандылығына байланысты декларацияны Жоғары кеңестің депу­таттары көпшілік дауыспен қабылдады. 

Қазір ғалымдар, жоғары оқу орын­дарының оқытушылары Егемендік декларациясын қабылдауға үлес қосқан ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің есімін міндетті түрде ұлықтайды, құрмет тұтады.  Біріншіден, халықаралық кон­ференцияларда, халықаралық дөңгелек үстелдерде, дәрістерімізде жастарға, қазақ елінің азаматтарына бұл құжатты әзірлеушілердің орасан еңбегін жеткізіп отырамыз. Бұл ғалымдардың аты үнемі  Республика күні,  Тәуелсіздік күні,  Конституция күні аталады, олар­дың іргелі еңбегіне үнемі ғылыми сілтемелер жасалады. Олардың еңбегін жоғалтпау, есімін есте сақтау, тәуелсіздік жолындағы қайраткерлігін насихаттау мақ­сатында арнайы кабинеттер ашы­лып, оқу орындарына аты беріліп жа­тады. Мысалы, Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің Заң факультетінде академик Салық Зиманов атындағы арнайы дәрісхана бар. Мұнда заңғар заңгер ғалымның жеке заттары, ғылыми еңбектерінің көшірмелері, ғылыми монографиялары және Жоғары кеңестің депутаты болған кезіндегі естеліктер, фотосуреттер, шежірелер сақталған. Осы тарихи мұра болашақ заңгерлерге, мемлекет қызметшілеріне бірегей  ұстаным болуы керек. Біз мін­­­детті түрде тарихи сабақтастықты жал­ғастырып, үлгі-өнеге ретінде айтып оты­рамыз. 

– Құжат қабылданған күн  25 қазанның тек мәнін ұғындырудың концепциясы жасалды ма? Егемен ел болудың жауап­кершілігін толық сезіне алдық па?

– Құжатқа қол қойылған сәттен бастап қазақ елі өзінің қазіргі саяси құқықтық, әлеуметтік демократиялық жолдағы ең маңызды қадамдарын айқындап алды. Өйткені декларация қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданды және егеменді Қазақ­станның 1993 жылғы 28 қаңтарда ал­ғаш­қы Конституциясы қабылданды. 25 қазанды тек   тарихи күн деп атап қана өтпей, болашақ ұрпақ үшін, елдің кемел келешегі үшін маңызды екенін ұқтырудың кешенді тұжырымдамасы  қажет. Қазіргі жас ғалымдардың, жоғары оқу орнындағы ғылыми-педагогикалық бағытта оқитын магистранттар, ғылыми докторлық диссертация қорғайтын докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарына берілуде және ғылыми-зерттеу жұмыстардың мән-мазмұнының ішінде бұл мәселелерді толыққанды зерттеуге мән беруіміз қажет. 

– Кеңестік тоталитарлық тар шең­бер­ден азаттық алып шығудың оңай бол­мағаны ақиқат. Мәселен, Татарстан 1990 жылы өз егемендігін жариялап, 1992 жылы тәуелсіздік туралы референдумын да өткізді, бірақ Ресей бұл шешімді мойын­дамады. Бұлардың да өз егемендігі туралы дек­ларациясы бола тұра, тәуелсіздігін мо­йын­дата алмауының себебі не?

– Татарстан мен Башқұртстан мем­лекеттері – Ресей Федерациясы құ­ра­мын­дағы автономиялық респуб­ликалар. Олардың Кеңес Одағы ыдыраған кез­де толық тәуелсіздікке қол жеткізе ал­мауы­ның бірнеше саяси, құқықтық және тарихи себебі бар. Олардың тә­уелсіздігі КСРО құрамында одақтас емес, автономиялық республикалар бол­ғандықтан мойындалмады, тәуелсіз­дік тек одақтас республикаларға  заңды жолмен, үлкен саяси тартыспен берілді.

Қазақтың тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күресі ХХ ғасырдың басында басталған жоқ. ХІХ ғасырдың басынан бастап мемлекетіміздің тәуелсіздігін жаңғыртуда халық батырлары, би­ле­рі, хандары үнемі саяси күресті жал­ғастырып отырды. Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күрестер – Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Есет батыр, Кейкі батыр, кешегі Сартай, Қа­сым сұлтандардың, соңғысы Кенесары ханның азаттық жолындағы сан алуан арпалыстары мен қозғалыстары, көтерілістері, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер егемендіктің үлкен бір іргелі тарихи саяси жолдарын бізге айқындап берді.

Білекке сенген заман өтіп, білімге сенген заман келгенде де қазақ халқы өзінің азаттық аңсарынан айнымады. ХХ ғасырдың басынан бастап тәуелсіздікке қатысты күрес басқа нысанда, бейбіт нысанда жалғасты. Саяси-құқықтық талаптардың қойылуы, петициялардың жариялануы халқымыздың еркіндік жолындағы жанқиярлық ерлігі десек болады. 1905 жылдағы Қарқаралы петициясы, 1911 жылғы Барлыбек Сыртановтың Қазақ елінің уставын жазуы, 1917 жылғы Алаш зиялыларының съезінде қабылданған Алаш саяси партиясының бағдарламасы  тәуелсіздік үшін күрес жүргізудегі ең маңызды қадамдардың бірі деп айтуымызға болады. ХХ ғасырдың басында қабылданған саяси-құқықтық құжаттарда бүгінгі таңдағы егемендіктің, тәуелсіздіктің ең бастапқы қадамдары, іргетасы, ең бастапқы темірқазығы қадалды деуге қақылымыз. 

– Егемендік және Тәуелсіздік сөз­дерінің қолданылу аясы және мазмұндық ұқсастығы мен айырмашылығы қандай? Жалпы, Егемендік декларациясы мен 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы кон­ституциялық заңның аражігі бар ма? Ал 25 қазан – Республика күні мен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып белгіленуінің тарихи салмағын қалай ажырату керек, түсіндіріп беріңізші?

– Егемендік, тәуелсіздік деген жалпы халықаралық құқық ғылымы тарапынан айтатын болсақ, ол мемлекетті дипло­матиялық қатынастар болмаса да басқа елдердің тануы, мойындауы. Біздің жағдайда декларация қабылданғаннан кейін бізді мемлекет ретінде ең алғаш таныған Түркия мемлекеті деп айтамыз. Еуропа елдерінен Италия мемлекеті, одан кейін АҚШ тұр дейміз. Яғни, басқа мемлекеттің біздің мемлекетті тәуелсіз, егеменді ел ретінде тануы және тәуелсіздіктің мағынасы, ол – мемлекеттің халықаралық қаты­настардың субъектісі бола алуы, ел ретінде, мемлекет ретінде басқа мем­лекеттермен қарым-қатынасқа түсу құқығы. Ал ішкі жағдайға қарап айтатын болсақ, ол – биліктердің тармақтарға бөлінуі. Мемлекеттің тә­уелсіздігі негізінен декларацияны жариялау арқылы бекітіледі. Егемендік пен тәуелсіздік арақатынасы өте бір-бірімен тығыз байланысты, бір-бірімен тарихи түрде сабақтас бір-бірін толықтырып, бір-бірін жетілдіріп тұратын ұғымдар. Сондықтан да «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декла­рация» – саяси-құқықтық құжат. Ол заң емес, құқықтық актіге жатпайды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң – нормативтік-құқықтық акт, яғни бұл заң. 

Нақты айтқанда, декларацияның заңды күші болмайды. Ол саяси-құқықтық құжат ретінде мемлекеттің егемен ретінде жариялануын, яғни барлық әлем кеңістігіндегі елдерге таныстырылуын қамтамасыз етеді. Соның негізінде Қазақстан Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданып, біздің мемлекетіміздің Тәуелсіздігін заңды түрде жариялады. Міне, осы заң қабылданғаннан кейін еліміз бас­қа мемлекеттермен халықаралық қаты­настарда араласа бастады және әлем мемлекеттері біздің мемлекетті тани бас­тады.

– Тәуелсіздіктің алтын қазығы болған Республика күні 1995 жылдан бастап ұлттық мереке және 2001 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде тойланды. Бірақ 2009 жылға дейін тойланған мереке кейін белгісіз себептермен мерекелік күндер қатарынан түсіп қалды. 2022 жылдан бастап еліміздің жалғыз ұлттық мерекесі халықпен қайта қауышты. Дегенмен мерекенің 13 жыл бойы той­ланбауының себебі не деп ойлайсыз?

– Кез келген мемлекеттің даму та­рихында әртүрлі саяси-құқықтық процес жүріп жатады, ол кейбір қайшылықтарға, күрделі жағдайларға толы болуы мүмкін. Республика күнінің  белгілі бір кезеңдерде тойланбай қалуының өзіндік себептері бар. Кейбір заңгер ғалымдар егемендік декларациясының саяси-құқықтық құжат ретіндегі мемлекеттің тәуелсіздігін анықтауда арасалмағы аз болды деп түсіндірді. Яғни, біздің еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған  Тәуелсіздік туралы конституциялық заңға сүйенеді, бұл нормативтік-құқықтық акт болғандықтан, заң тұрғысынан Тәуелсіздік 1991 жылдан бастап есептелуі керек және сол кезден бастап аталып өтуі керек деп түсіндірді және өздері де солай түсінді. Мемлекеттік билік органдарына 16 желтоқсан тәуелсіздік күні мемлекеттің дамуында маңызды рөлге ие деген пікірлер айтылды, кеңестер берілді, сөйтіп Республика күні  мерекелік күндер қатарынан түсіп қалды. 

2022 жылы 16 маусымда Ұлытауда Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанға еліміздің ұлт­тық мерекесі ретінде мәртебесін қай­таруды ұсынды. Бұл – дұрыс шешім, өйткені Қазақстан мемлекеті егемендік декларациясын жариялау арқылы ғана әлемге танылады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. АҚШ өзінің республикасын құрған кезде тәуелсіздік декларациясын жариялады, Франция мемлекеті де адам және азаматтар құ­қықтары туралы декларацияны жариялау арқылы мемлекет тәуелсіздігін бекітті. Сондықтан да қазақ мемлекетінің еге­мендік декларациясының жария­лануы – еліміздің Тәуелсіздігінің алғаш­қы қадамы, Тәуелсіздікті бекітудің бас­ты тұ­ғыры. Бұл күн – мемлекеттік ме­реке. Болашақта еліміздің дамуындағы өз бағасын айқындап, ең айшықты ме­рекелердің бірі болып танылады деп ойлаймыз.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі Қазақстан егемендік декларациясында айтылған қандай мақсаттарға жетті, қандай ба­ғыттарда әлі де жұмыс істеуіміз керек?

– Біздің пайымдауымызша, декла­рацияда айтылған бірқатар мәселе өз деңгейіне жетті. Қазақ елі әлемдік деңгейде танылды. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ның құрамына кірдік, 2018 жылы әлем мемлекеттері ішінде БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болып, оған төрағалық еттік. Ата Заңымызда биліктің үш тармаққа бөліну приципі орнықтырылды. Әлемдік деңгейде көптеген халықаралық ұйымға мүше болдық. БҰҰ, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шан­хай ынтымақтастығы ұйымы си­яқты әлемге белгілі халықаралық ұйым­дардың мүшесі ретінде танылдық. Өзінің табиғи ресурстарын өзі меншік ете алатын, унитарлы, президенттік басқару нысанындағы мемлекетпіз. Сондықтан да декларацияда көтерілген ең басым бағыттың  барлығы бүгінде өз мақсат-мін­деттеріне жетіп отыр.

Әрине, болашақта мемлекеттің саяси-құқықтық дамуында атқарылатын жұмыстардың мақсат-межесі өте үлкен. Солардың бірі ретінде 2025 жылы 8 қыр­күйекте Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған бір­палаталы пар­ламенттік жүйеге көшу жөніндегі ре­форманы атап айтуға болады. Бұл – мемлекетіміздің алдына қойған үл­кен бір межелі саяси бағдарларының бірі. Бірпалаталы Парламентке көшу деген – жан-жақты зерттеуді, зер­делеуді, әлі де талқылауды қажет ете­тін саяси реформа. Бұл реформаны жүр­гізу бағытында Мемлекет басшысы парламенттік реформа бойынша жұмыс тобын құрды. Жан-жақты білікті мамандардан, заңгерлерден, қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған топ өз жұмысын бастап та кетті. Қоғамда бұл жаңа саяси жүйеге көшу жөнінде қазір талқылаулар, пікірталастар жүріп жатыр. Яғни, саяси-құқықтық жүйенің болашақ бағдары талданып, Конституцияға өз­геріс енгізіледі. Саяси-партиялық құ­­рылымды дамыту жолындағы үлкен ре­формалық өзгерістер жүреді. Осы ба­ғыттағы жұмыстарды толыққанды, жү­йелі түрде талдап жетілдіру қажет деп ой­лаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ