Карантинге байланысты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына келетін және осы екі мегаполистен шығатын барлық автобус рейстері тоқтатылды, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. «22 наурыз күні сағат 00:00 бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына/қалаларынан автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау тоқтатылады», - делінген хабарламада. Жолаушыларды транзиттік тасымалдау карантин жарияланған осы екі қала аумағына кірмей жүзеге асырылады. Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының 2020 жылғы 16 наурыздағы шешіміне сәйкес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолиямен арада автомобиль көлігінің барлық түрімен екіжақты жолаушы және жүк тасымалдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік жолаушылар тасымалдау тоқтатылды. Бұл тыйым халықаралық қатынастағы жүк автокөлік құралдарымен жүк тасымалдауға таралмайды.