25 қазан – Республика күні қарсаңында еліміздің перзентханаларында 709 сәби өмірге келді, - деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бір тәулік ішінде 704 ана босанып, олардың 359-ы ұл, 350-і қыз бала туған. Жаңа туған сәбилердің арасында 5 егіз бар екені белгілі болды.
Министрлік мереке күні өмірге келген сәбилердің амандығына үлес қосқан дәрігерлерге, акушерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Жалпы, халық арасында жаңа туған сәбиді отансүйгіштікке баулу үшін ырымдап «Елнұр», «Аманат», «Болашақ», «Арман», «Нұрел» есімдері жиі қойылады. Әсіресе, елімізде «Қазақстан» есімді азаматтардың саны белгілі болды. Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, бүгінде ел бойынша осындай есім иелерінің саны – 28 адам. Олардың басым бөлігі Қарағанды облысында тұрады – мұнда 7 адам бар. Одан кейінгі орында Ақмола облысы – 6 адам. Сондай-ақ Қостанай облысы мен Астанада – әрқайсысында 3 азаматтан, Алматы мен Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында әрқайсысында 2 адамнан бар. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында бір-бір адамнан тіркелген.