Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Онда сенаторлар бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады. Құжаттар енді Президенттің қол қоюына жіберілуі тиіс. Соның ішінде мысалы, «2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электронды паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Арменияның қосылуы туралы хаттама» қабылданды. Сенатор М.Бортниктің түсіндіруінше, құжат қағаз түріндегі паспорттарды электронды нұсқаға көшіруді қарастырады. Сонда ЕАЭО белгілеген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін автокөлікті Арменияның айналымға шығаруына, сатуына жол берілмейді. Жалпы отырысты қорытындылаған палата басшысы Дариға Назарбаева депутаттарды төтенше жағдай кезеңіндегі Сенат жұмысының регламенті жайынан хабардар етті. Атап айтқанда, барлық іссапарлар мен іс-шаралар тоқтатылды. Заңдар бойынша жұмыс жалғаса береді. Депутаттарға палата мен комитеттер отырысына шақырылғандар санын мүмкіндігінше шектеу ұсынылып отыр. Аппараттың 70-тей қызметкері үйден істейтін жұмыс тәртібіне көшірілді. Қалғаны үшін қысқартылған жұмыс күні белгіленді. Сенат ғимаратында күніне бірнеше мәрте дезинфекциялау жүргізілуде. – Мемлекеттің міндеті – азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау, экономика мен тұтыну нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жұқпалы дертпен нәтижелі күресу үшін ерік-жігер мен батыл қимыл керек. Дегенмен сақтық та керек. Ертеңге сеніммен қарап, бойымыздағы үрей мен күдіктен арылуымыз қажет. Біз – талай сында шыныққан мықты халықпыз. Біз бәрін жеңеміз, – деді Д.Назарбаева. Ол азаматтардың жұмыспен қамтылуы, табыс табуы мәселесіне бөлек тоқталды. – ТЖ мен карантин, өкінішке қарай, іскерлік белсенділікті баяулатты. Көптеген адам уақытша жұмыссыз, сондай-ақ өмір сүруге арналған қаражатсыз да қалуы мүмкін. Алматы қаласында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін Алматы облысының тұрғындарына қатысты мәселе туындауда. Бұл – 500 мыңдай адам, оларға отбасы мүшелерін қосыңыз, сонда проблеманың ауқымын көре аламыз. Мемлекеттік органдар, депутаттар бұл жағдайға баса назар аударуы тиіс. Қалыптан тыс, батыл шешімдер қажет, – деді Сенат төрағасы. Ол алда Ұлыстың ұлы күні келе жатқанын еске салды. – Алдағы сенбі күні жарқын мерекеміз – Наурыз келеді. Бұл көктем мерекесі, жандану мен гүлдену мейрамы. Үміт пен жаңару мерекесі. Баршаңызға денсаулық пен бар жақсылықты тілеймін! Наурыз бізге бұл жылы тек бақыт алып келсін, қайғы мен ауыртпалықтан арылтсын! – деп тіледі Дариға Назарбаева. Сенаторлар отырыс соңында өздерінің және палата аппараты қызметкерлерінің бір күндік еңбекақысын коронавируспен күрес қорына аудару туралы шешім қабылдады. Айхан ШӘРІП