Депутат Әбутәліп Мүтәлі Үкіметтен азаматтардың жеке дерегін қорғау шараларын күшейтуді талап етті

Депутат ресми деректерге сүйене отырып, интернет алаяқтықтың жыл сайын көбейіп келе жатқанын атап өтті. 2025 жылы мұндай 14 мыңнан астам факті тіркеліп, залал көлемі 6 млрд теңгеден асқан.

Соңғы жылдары елімізде интернеттегі алаяқтық пен жеке деректердің заңсыз таралуы өзекті мәселеге айналды. 2025 жылы тіркелген киберқылмыс саны 14 мыңнан асып, былтырмен салыстырғанда 22 пайызға артқан. Осы ретте Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Үкіметтен азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған шұғыл шаралар қабылдауды талап етіп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, мемлекет қабылдап жатқан шаралар күткен нәтижені бермей отыр. Сондай-ақ ол бұл мәселеге Мемлекет басшысы да ерекше назар аударып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырғанын еске салды.

– 2025 жылғы маусымда болған жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды – 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке деректері ашық таралып кетті. Бұл оқиға мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі әлсіз екенін айқын көрсетті. Дегенмен қауіп тек онда емес, жеке секторда да тәуекел көп. Банктер мен телеком-компаниялар, маркетплейстер, жанармай құю және сауда желілері түрлі адалдық бағдарламалары, мобильді қосымшалар мен бонустық жүйелер арқылы азаматтардың деректерін жаппай жинайды. Әсіресе, геолокация деректерінің болуы мұндай ақпараттың қауіпке ұшырау мүмкіндігін арттырады, – деді депутат.

Депутат ресми деректерге сүйене отырып, интернет алаяқтықтың жыл сайын көбейіп келе жатқанын атап өтті. 2025 жылы мұндай 14 мыңнан астам факті тіркеліп, залал көлемі 6 млрд теңгеден асқан. Зейнеткерлер мен жастар, әлеуметтік әлсіз топтар алаяқтардың басты нысанасына айналып отыр. Ал қылмыстық істің көбі қылмыскерлерді анықтау мүмкін болмағандықтан тоқтап қалған. Бұл жағдай қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін дәлелдейді.

– Қолданыстағы Қылмыстық кодекс пен  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодексте көзделген жазалар әрдайым тиімді нәтиже бермейді. Себебі қолданылатын санкциялар компанияның көлемі мен айналымын ескере бермейді. Нәтижесінде, көптеген ірі ойыншылар жауапкершілікке тартылған жағдайда да, олардың стандарты бойынша шағын айыппұл төлеумен шектеліп, деректердің таралуының алдын алу үшін жүйелі шаралар қолданбайды, – деп атап өтті Әбутәліп Мүтәлі.

Әбутәліп Мүтәлінің сөзінше, халықаралық тәжірибеде жеке деректерді қорғау талаптарын бұзғандарға айыппұл мөлшері әлдеқайда жоғары. Мәселен, Еуропалық одақта мұндай бұзушылық үшін 20 млн еуроға дейін немесе компанияның жылдық айналымының 4 пайызы көлемінде айыппұл салынады. Қытайда – 50 млн юаньға дейін, ал Аустралияда – компания табысының 30 пайызына дейін жетеді. Депутаттың пікірінше, мұндай қатаң талаптар тек жазалау шарасы емес, сонымен қатар жаңа заңбұзушылықтардың алдын алудың тиімді тетігі болып отыр.

Мәжіліс депутаты Үкіметтен азаматтардың жеке деректерін қорғау бойынша шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды талап етіп, нақты ұсыныстарын айтты:

  • оларды заңсыз пайдаланғаны үшін заңда бар жауапкершілік нормаларын барлық жерде қолдану;
  • жеке деректердің таралуы мен заңсыз пайдаланғаны үшін жазаны халықаралық стандарттарға сәйкес ұлғайту;
  • мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелердің осал тұстарын кешенді түрде тексеру;
  • негізгі ІТ жүйелерге аудит жүргізу;
  • тексеру нәтижелері бойынша анықталған тәуекелдерді жою жоспарын әзірлеу.

Депутаттың айтуынша, бұл қадамдар формалды сипатта қалып қоймауы керек, керісінше азаматтарды нақты қорғауға және мемлекеттік жүйеге деген сенімді нығайтуға бағытталуы тиіс.

«Үкімет осы ұсыныстарды жедел түрде іске асырып, олардың орындалуына жүйелі бақылау орнатуға тиіс», – деді ол.