Заң сапасы нашарламауы тиіс
Заң сапасы нашарламауы тиіс
5,128
оқылды
  Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжіліс бюросының шешімі бойынша депутаттар және аппарат қызметкерлері біркүндік еңбекақысын коронавируспен күреске бағыттады. Бұл қаржы карантин енгізілген қос қалада COVID-19 пандемиясына қарсы шараларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Қытайдан тараған індеттен қор­ғану үшін Мәжіліс қашықтан жұ­мыс істеуге көшті. Тиісінше, па­­­­­латаның жалпы отырысы да он­лайн режимде өткізілді. Жиында сөз алған Н.Нығматулин карантин жағ­дайында Мәжіліс ерекше жұ­мыс тәртібіне ауысқанын хабар­ла­ды. Депутаттар Мәжіліс ғима­ра­­ты­на жалпы отырыс, сондай-ақ ко­митеттердің және заң жобасы бойын­ша жұмыс тобының оты­ры­сы өтетін кезде ғана кіреді. Басқа уақытта үйлерінде болады. Жалпы отырысқа тек депутат­тар және заң жобасын қорғайтын негізгі баяндамашылар ғана қа­тыс­тырылады. Ұстанымдарды өзара сәй­кес­тендіру, мүдделі меморгандардан, өзге партиялардан, ҮЕҰ және са­рап­шылардан ұсыныс жинау бей­неконференция, скайп, селек­тор­лық байланыс көмегімен қа­шық­тан жүзеге асырылады. Заманауи ком­муникация құралдары Пар­ла­мент пен Үкіметтің үздіксіз жұмы­с­ын қамтамасыз етуге қабілетті. Бұған дейін жоспарланған пар­ламенттік тыңдаулар, «Үкімет са­ғаты» көптеген қатысушыны ша­қыру­ды талап ететіндіктен, кейін­ге қалдырылды. Мәжіліс шетелдік де­легацияларды және азаматтарды қа­былдауға да шектеу енгізді. Депутаттардың шетелге ісса­пар­ларына тыйым салынды. Пар­ла­­­ментшілерге және аппарат қыз­меткерлеріне қызметтік қана емес, тіпті жеке мақсатымен де өзге елге баруына рұқсат етілмейді. Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің 70%-ы үйлеріне жіберіліп, қашықтан жұ­мыс істеуге көшірілді. Олардың жа­лақысы сақталады. Ал қалған қыз­меткерлер ғимаратта қыс­қар­тыл­­ған жұмыс режимінде, күндізгі 4-ке дейін болады. Мәжіліс төрағасы ерекше ре­жим кезінде заң шығару жұ­м­ы­сының сапасы мен қарқыны тө­мендемеуі тиісін нықтады. Мәжілістің осы жолғы отыры­сын­да 4 заң жобасы мақұлданды. Мы­салы, депутаттар «Кейбір заң­на­малық актілерге тұтынушылар­дың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заңын бі­рін­ші оқылымда құптады. Сауда жә­не интеграция министрі Бақыт Сұл­тановтың түсіндіруінше, құжат тұ­тынушылар шағымын қараудың 3 сатылы жүйесін енгізеді. І сатыда са­тушыға шағымды өз еркімен ше­шу, дауды сотқа дейін реттеу ұсы­нылады. Яғни, ол тұтыну­шы­ның моральдық және материалдық за­лалын өтеуі тиіс. ІІ саты – ең қыр­сық-қиқарларына қатысты. Бұл сатыда шағымды уәкілетті ор­ган қарайды. – Әлеуметтік зерттеу заң бұзған кә­сіп­керлер жауапқа тартылмай­тын­дық­тан, халықтың 64%-ы өз құқы­ғын қорғамайтынын көрсетті. Сон­дықтан уәкілетті органға әкім­шілік шараларды қолдану бойын­ша мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр, – деді Б.Сұлтанов. Үшінші саты сотқа шағым бе­руді көздейді. Осылайша, шағым­дар­дың көбі сотқа дейінгі тәртіпте қа­ралмақ. Тағы бір жаңалық бар. Қазіргі кез­де құқығы аяқасты болған тұ­тынушы кімге шағымданарын біл­мейді. Енді оның құқығын қор­ғау үшін шағымдарды қабылдау­дың «Бірыңғай ақпараттық жү­йе­сі» құрылады. Жиында Мәжіліс Бақытгүл Ха­ме­нованың депутаттық өкілет­ті­гін мерзімінен бұрын тоқтату ту­­ралы қаулы қабылдады.  

Айхан ШӘРІП