Жоғары деңгейдегі келіссөздерге дейін Ақорда резиденциясында Финляндия Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Протокол тәртібіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің әнұрандары орындалғаннан кейін президенттер шағын құрамда кездесу өткізді.
– Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек, гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Қазақстандықтар Финляндияны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізді құрметтейді. Көптеген отандасымыз Сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Александр Стубб қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, бұл сапарды асыға күткенін айтты.
– Бұл – менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз, – деді Финляндия Президенті.
Бұдан кейін Қазақстан мен Финляндия президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты. Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады.
Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. Аталған салалардағы Финляндияның жетістіктері көптеген елге, соның ішінде Қазақстанға да үлгі.
– Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүниежүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте Үкіметаралық комиссиясының жұмысы маңызды рөл атқарады. Президент фин делегациясының құрамында бизнес өкілдерінің болуы Хельсинкидің өзара серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетеді деп санайды.
Еліміз Финляндия компанияларымен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Өз кезегінде Александр Стубб фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге болмайды» деді. Бұл дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай, – деді Финляндия Президенті.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта тараптардың ортақ ұстанымдары мен бүгінгі келіссөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапты. Александр Стуббтың елімізге ресми сапары аясында 15 құжатқа қол қойылды.
Олардың арасында:
1. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндия Республикасының Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану бағытындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасындағы су ресурстарын басқару мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Фин су форумы (Finnish Water Forum) және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті арасындағы су ресурстарын цифрландыру және басқару бағытындағы зерттеушілік және білім беру әлеуетін қалыптастыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
4. «Бурабай» курортында туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстанда экологиялық ауылды дамыту жобасы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. «Теңіз жасағы» АҚ мен Lamor Corporation Plc компаниясы арасындағы мұнайдың апаттық төгілуін жою және теңіз операцияларын қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум секілді басқа да келісімдер бар.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты. Осы орайда Қазақстан басшысы елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббты қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.
– Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі. Қазақ-фин бизнес форумының табысты өтуіне тілектеспін. Президент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Басқосудағы пікірталастар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктестігіміз шынайы достыққа, өзара түсіністікке, сондай-ақ халықтарымыздың инновация, орнықты даму және өркендеу жолындағы ортақ ұмтылыстарына негізделген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
– Бүгін Президент Александр Стуббпен жүргізген келіссөз барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенімізді растадық. Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жалпы есебі жарты миллиард долларға жуықтады. Финляндия инновация және технология салаларындағы көшбасшылығымен дамыған елдердің бірі ретінде әлдеқашан мойындалған. KONE, Nokia, Fortum секілді компаниялар – ел жетістігінің ең жарқын үлгілерінің бірі. Олар одан әрі өркендеуге ықпал етіп, новаторлардың жаңа буынын ынталандырды. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылғы үшінші тоқсанда Қазақстан экономикасы 6,3 пайызға артқанын, бұл ірі халықаралық ұйымдардың жаһандық өсім болжамынан шамамен екі есе артық екенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады деп күтілуде.
– Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бірінші орынға ие. Дегенмен бұл көрсеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 миллиард доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады. Негізгі серіктесіміз – Еуропа Одағымен өзара сауда көлемі 50 миллиард долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіпорындар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үлесі шамамен 40 пайыз. Біз бұл прогреске экономикада, сонымен бірге саясатта кешенді реформалар жүргізу арқылы толық қолдау көрсетіп отырмыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» стратегиялық қағидаты – еліміздің саяси бағытының негізгі өзегі. Бұл 2027 жылы жалпыұлттық референдум барысында қабылданатын конституциялық реформалардан кейін де Қазақстанның президенттік республика болып қала беретінін көрсетеді. Сәйкесінше, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы ішкі саясатымыздың басты бағдарына айналды. Заң үстемдігі экономикалық реформаларды табысты жүргізуге және кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті жағдай жасайды деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы UNCTAD мәліметі бойынша, кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвестицияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылғанын, еліміздің үлесіне құны 1 миллиард доллардан асатын жобалардың бестен бір бөлігі тиесілі екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті салаларына назар аударды.
– Еуразияның қақ төрінде орналасқан Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғастыратын стратегиялық аймақ. Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміздің аумағымен өтеді. Бұл құрлықтағы қатынастың маңызды күретамыры саналады. Жұртшылық Орта дәліз деп танитын, яғни Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыта отырып, Қазақстан құрлықаралық сауданың орталық арнасы ретіндегі рөлін нығайта түседі. Орта дәліздің әлеуетін одан әрі ұлғайту үшін біз транзит ағынын оңтайландыру мен үйлестіруге арналған Smart Cargo бірегей цифрлық басқару платформасын іске қосамыз. Осы ретте аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін еліміз Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын белсенді түрде жаңғыртып жатқанына тоқталды. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған.
– Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент атом қуатын еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі санайды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өседі, ал 2040 жылға қарай екі есе артады.
– Еліміз жаһандық ірі уран өндірушілердің бірі саналады, яғни әлемдік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша серіктестік орнатты. Біз бұл ынтымақтастықты құптаймыз. Осы орайда Суомидің қауіпсіздік және орнықты ядролық шешімдеріне арқа сүйей отырып, ядролық қалдықтарды басқару бойынша бірлесе әрекет етуге әзірміз. Сонымен қатар Қазақстан көмір энергетикасы саласында таза, тиімді әрі экологиялық шешімдер қабылдауға ұмтылады. Біздің стратегиямыз шығарындыларды барынша азайту үшін заманауи технологияларды енгізуге және өнеркәсіптің, әсіресе электр энергиясы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан біз келешегі зор ынтымақтастыққа фин сарапшыларының қатысуын қуаттаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Финляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты. Президент Қазақстанда энергияның дәстүрлі көздерінен бөлек, пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін атап өтті. Олардың көбі әлі игерілмеген.
– Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді. Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін байқаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Жыл сайын жаһандық нарыққа 10 миллион тоннаға жуық бидай және 2 миллион тонна ұн жеткізіп, әлемдегі ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.
– Елдеріміздің өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірлескен кәсіпорын құруға мүмкіндігі бар. Осылайша, аграрлық өндірістің бүкіл тізбесінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға болады. Біз ынтымақтастықтың нақты тетіктерін қалыптастырдық. Академиялық алмасуды жандандыру және Erasmus+ бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды ілгерілету мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шығыс Финляндия университеті серіктестік орнатты. Қазақстан аграрлық мамандардың жаңа буынын даярлауға және ауыл шаруашылығының инновациялық, орнықты әдістерін енгізу саласында бірлескен зерттеулерді дамытуға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, бизнес форум қатысушыларына Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуды мақсат еткенін мәлімдеді.
– Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан ЖИ бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттарында серіктестікті жолға қоя аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану салаларындағы бірлескен бастамаларды кеңейтуде мол әлеует бар екенін атап өтті.
– Елімізде ауа сапасын болжаудың озық моделін пайдаланатын SILAM жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Орман шаруашылығында да айтарлықтай перспектива бар. Біз ағаш кесудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерін ілгерілетуге, кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеуге және ағаш өңдеуде заманауи технологияларды енгізуге баса мән береміз. Финляндияның осы салалардағы озық тәжірибесі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Бұдан бөлек, бірлескен зерттеулер мен инвестицияға жол ашады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты.
– Бүгінгі кездесу – экономикалық байланыстарымызды нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл форумда жай ғана келісімдер жасалмайды. Кәсіпкерлер, инженерлер және озық ойлы азаматтар арасында байланыс орнатылып, сенім нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.
Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.
– Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық, – деді Александр Стубб.
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Ұлттық музейге барды. Музейде Қазақстан мен Финляндия президенттеріне ежелгі заманнан бастап қазіргі дәуірге дейінгі кезеңді қамтитын бірегей тарихи-мәдени құндылықтар таныстырылды.
Мемлекеттер басшылары Көне түркі өркениеті, Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялары, Қазақтың дәстүрлі мәдениеті залдарын аралап, аса құнды тарихи жәдігерлерді көрді.