Жиын барысында Мемлекет басшысының бастамалары аясында ішкі саясат саласында тұжырымдамалық құжат пен Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар жобаларының әзірленгені, сондай-ақ «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының дайындалып жатқаны атап өтілді.
Бұған қоса, ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін қолдауды реттеу, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратқа қойылатын талаптарды күшейту (арнайы білімі жоқ коучтар мен психологтардың қызметі), ғылыми қалашықтарды құру және т.б. жөнінде заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешенінің және Атырау қаласындағы оңалту орталығының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Ерлан Қарин Президент бастамалары түрлі бағытты қамтитынын еске салды.
«Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда жариялаған реформалары әлеуметтік-мәдени жобалардан бастап, экономикалық және инфрақұрылымдық бастамаларға дейінгі сан алуан бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр», – деді ол.
Бұл ретте тапсырмалардың барлығын Ұлттық құрылтай хатшылығы тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Кеңес соңында Мемлекет басшысының кейбір тапсырмалары бойынша Президент Әкімшілігі және Үкімет деңгейінде жекелеген нақты жиындар ұйымдастырылатыны айтылды.