Классиканың жаңғырығы: Шостакович музыкасы тыңдарман жүрегінде

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі классикалық музыканың інжу-маржандарына арналған ерекше концерт өткізді.

Кеш барысында ХХ ғасырдың ұлы туындыларының бірі – Дмитрий Шостаковичтің Бесінші симфониясы көрермен назарына ұсынылды. Бұл шығарма – композитордың шығармашылық және рухани биігі. Ол ХХ ғасырдың ең күрделі кезеңінде өмір мен өнер сынға түскен уақытта дүниеге келген ұлы туынды. Симфония төрт бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – күрес пен драмалық шиеленіс, екіншісі – ирония мен сатираның көрінісі, үшінші бөлім – терең мұң мен ішкі толғаныс, ал төртінші бөлім – рухтың жеңісі мен үмітке арналады.

Іс-шараның дирижері – Роберто Готтипаверо (Италия). Ол Венеция консерваториясының ректоры, симфониялық репертуарды кәсіби меңгерген және музыкалық драматургияны шебер сезіне білетін танымал дирижёр әрі педагог. Р. Готтипаверо Дебюсси, Шостакович, Гершвин және Бах сияқты әйгілі композиторлардың оркестрлік және аспаптық туындыларын фортепианоға бейімдеген танымал транскриптор әрі аранжировщик ретінде белгілі. Маэстро әр жылдары түрлі камералық және симфониялық оркестрлермен ынтымақтастықта болып, Венециядағы Ла Фениче театрында бірқатар еуропалық музыкалық премьераларды жүзеге асырған.

Сондай-ақ концертте италиялық пианист Чечелия Франчини өнер көрсетті. Виртуоз нәзік әуезділігімен ерекшеленетін ол Нино Ротаның фортепиано мен оркестрге арналған концертін ұсынады. Ч. Франчини – көрнекті италиялық пианист және педагог. Оның концерттері Еуропаның ең беделді сахналарында өтіп, ал шеберлік сабақтары мен жеке концерттері Швейцария, Германия, Аустрия, Испания, Румыния, Венгрия және Қазақстанда табыспен ұйымдастырылып келеді.

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі – Қазақстандағы жетекші музыкалық ұжымдардың бірі. Оркестр 1991 жылы Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсаходжаеваның бастамасымен құрылды.