"Дене шынықтыру сабағында құлап, жарақат алған": Түркістанда 5-сынып оқушысы қаза тапты

11 жастағы оқушының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Қайғылы оқиға Шардара ауданындағы Қ.Аманжолов атындағы жалпы білім беру мектебінде болған. Мәлімет бойынша, оқушы дене шынықтыру сабағында құлап, жарақат алған. Прокуратура оқушының өліміне қатысты тергеу аяқталғанша дене шынықтыру мұғалімін жұмыстан шеттете тұруды ұсынды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мұғалім мен мектеп фельдшері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланы Шардара аудандық ауруханасына жеткізді. Дәрігерлер араласуына қарамастан, оқушы ота кезінде көз жұмды. Оқиға облыстық Білім басқармасының бақылауында,  деп хабарлады ведомство.

Мұғалім әлі жұмыс істеп жатыр, мектеп қазір күзгі демалыста. Алайда Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаеваның айтуынша, прокуратура тергеу жүргізілгенше мұғалімді уақытша жұмыстан шеттетуді ұсынған. Мәселе келесі аптада қаралатынын жеткізді.

 Қазір полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, барлық мән-жайларды анықтау үшін қажетті шараларды қолға алып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады,  деп хабарлады Түркістан облысының Полиция департаменті.