«Поэзия» номинациясы: Ішіме үңілу...

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Сақшы Сарбаз 

 

І

Еріп кеткен қаншаның қарша өмірі,

Сетінеген талайдың бар сенімі.

Тастамайтын, 

сатпайтын, 

жоғалмайтын –

Немене екен адамның жан серігі?!

 

Көкейіме кептелді сұрақ талай,

Өз ойымнан қонамын жырақ қалай?

Сақтай алды әдеп пен жан ибасын

ұятының шегінен кім аттамай?

 

Ауады да тұрады өткенге есім,

Естеліктер, жалғанда жоқ теңдесің.

Осы қазір тулаған іштегі сөз

уақытында айтылмай, 

текке өлмесін.

 

Жүрген жол, түскен ізін кім аңдамақ?

Көз емес, көңіл алды тұманданад...

Өзімді өзім жақыннан тани алмай,

Өз-өзіме алыстан тұрам қарап.

 

Кезіп-кезіп сенделіп, сан қырды оймен,

Арасында дүрмектің қалдым ғой мен!

Айнала емес, айнадан таба алмадым,

Қай жерде сақталды екен балғын бейнем?

 

Пендемін мен – өз көңілін сан қалдырған...

Тілек үшін болды көп арман құрбан.

Жалған нұрдан жаныма жақұт іліп,

Өзімді өзім осылай алдандырғам.

 

Өмір бойы сезімді кештім нендей?

Кешкен сезім көнеріп, ескіргендей.

Жаңғырады жүрегім,

Өз дауысым

есігімнің сыртынан естілгендей.

 

Кейде бойды жасырып, қалам бұға,

Болам кейде тісті де, табанды да,

Бейімделдім өмірге,

Көздің алды

айқындала түскендей қараңғыда.

 

Мен не деген қыңыр ем, 

қырсық едім?!

Өз ішіме үңілсем – күрсінемін,

тоғызыншы қабаттың балконынан,

төмен қарап тұрғандай түршігемін.

 

ІІ

Шерге батып, соңғы үмітке қармандым,

Мен өмірде қандай түспен үйлеспін?!

Сызғым келді жанарына жалғанның,

Ішімдегі бояулармен бір кескін.

 

Тербетеді жан-қайықты ой-айдын,

Шайқаламын өне бойда қалмай күш.

Үмітімді қандай түспен бояймын,

Сенімімді айқындайды қандай түс?

 

Арпалысар аярлықпен жоқ әлі,

жүрегімді шер сүңгісі жатты ұңғып.

Өкініштің түсі қандай болады?

Қандай түске жасырынған сатқындық?

 

Тисе егер де қорғансызға кесірім,

Сергелдеңге айналады сейілім.

Қандай түстен көрінеді кешірім?

Қандай түспен үйлеседі мейірім?

 

Салқын соқса, сызға ұрынар сана сәл,

Болам сосын тас пен мұзды құшқандай.

Жалғыздыққа қандай түр-түс жарасар?

Бейнелейді сұлулықты түс қандай?

 

Өмірге ынтық жүрегімнің жарқылын,

Аңдай алмай өз-өзіме сұқтанам.

Ішімде екен бояулардың сан түрі,

Әлі ешқандай қылқаламға жұқпаған.

 

ІІІ

Жиі ойланам, 

мен осы қандай жанмын?

Тамсанарға тұрарлық балдай ма әр күн?!

Жұтылып кеткен ас боп асқазанға,

Білінер ме екен дәмі таңдайда ардың?

 

Мен осы қандай жанмын?

Жиі ойланам.

Өмірде неге арқасын сүйейді адам?

Мен бір пенде екенмін өзегінде

Өзім естіп, түсінбес күй ойнаған.

 

Жиі ойланам:

Шынымен, қандаймын мен?

(Кейде таудай, ал кейде тарыдаймын мен!)

Ең керемет адамың мен шығармын,

Өзін-өзі өтірікпен алдай білген...

 

ІV

Неге менің көзім нашар көреді?

Бәлкім жайт көп мен көруге болмайтын!

Іздеймін көз бұлдыраудың себебін,

Сандаламын түсе де алмай жолға айқын.

 

Неге менің ұйқым келе береді?

Бұл не деген басылмайтын маубастық!

Ақ пен қара қайталаумен көнені,

Түсімде де, 

ішімде де арбасты.

 

Неге менің ауырады тамағым?

Қажет кезде шықпай қойған үнім де.

Толқып-толқып шығаруға жоқ әлім,

Жатқан сөзді жүрегімнің түбінде.

 

Ашуға тез бой алдырам неге мен?

Бала кезден болдым неге жасқаншақ?

Іркілемін,

Тартынамын,

Бөгелем,

Кеп тұрса да бәрін қайта бастар шақ...

 

Бірақ,

Бірақ нені қайта бастар ем?!

Мың кезекте келмес оның орайы.

Мен іздеген әлем мүлде басқа әлем,

Басқа – іші, тысы, кескін, нобайы.

 

Неден табар қыран-көңіл тоятын?

Қыран деймін, қасиеттен жырақ боп!

Сұрағым жоқ енді өзіме қоятын,

Өз-өзіме қоя алмайтын сұрақ көп!

 

(Өмір деген – қозғалыс бір тағатсыз...)

Нәр іздегем, 

мән іздегем әр неден.

Өмірде бұл, 

мен – сұрақпын жауапсыз.

Қойылмаған сұрақ па екем, әлде, мен?!

 

Басылады бойымдағы құмар қай?

Ынтықтығым күннен күнге алқынды.

Өтер ме екем өзімді өзім ұға алмай,

Өзіме өзім сұрақ қойып сан түрлі?!

 

V

Бергенінше сенімім арманға ажар,

Көшеді де кетеді өмір сеңдей.

Жабырқатар жанымды жалған-базар,

Көзім көріп тұрғанға, көңіл сенбей...

 

Жігерлініп жаныма тән ырғақтан,

Тапсам деймін ерекше елден бір мән:

тулауындай аңсардың тамырда аққан,

дүрсіліндей қалаудың кеудемді ұрған,

 

Алтыны емес, жүрегі ат басындай,

Беріктікті іздедім тұстасымнан:

сыртқа ашылған танымның қақпасындай,

есігіндей нанымның ішке ашылған.

 

Әлді ойламай жинаған тек ірісін,

Бірі – кесір, көп ойдың бірі – керім.

Өз ішіме –

күмәнсіз сену үшін, 

көзбен емес, көңілмен үңілемін.

 

Соқыр – өзім, 

мылқау да, 

керең – өзім...

Биік те – өзім, 

асқақ та, 

терең – өзім...

Тығылдым да ішіме,

Үңілдім де:

Нені көрдім?

Жетпеді неге көзім?

 

Танытқым кеп тасқынды сел-күшімді,

Жол таба алмай,

Жол тосып жүрмін бе әлі?!

Қалыптады балшықтай болмысымды

сырттан келіп құйылған нұрдың бәрі,

сырттан келіп жиылған кірдің бәрі. 

 

Кір жайласа – шуағың, жарығың не,

кеуде-баққа қояды ол гүл өсірмей.

Майданды адам кешкен жоқ әлі мүлде,

Нұр мен кірдің іштегі күресіндей.