«Поэзия» номинациясы: Абай нұры

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Kurentobel

 

Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қабіріне халқы жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар.

– Міржақып Дулатов

 

Қатпарлы ақын жырлары тым тұңғиық,

Хакім ұлттың ұстады ғұрпын биік.

«Сөз сарасын қиыннан қиыстырып»,

Төкті шерін қаймана жұртын сүйіп.

 

Келешекке қалдырып нұрлы ізіңді,

Білімменен тәрбиеле ұл-қызыңды.

«Еңбек етсең ерінбей...»- деп толғанып,

Маңдай термен жақ, - деді- жұлдызыңды.

 

Береді ұрпақ Абайдың жолына мән,

Жыр жазғанда «Абайды» қолыма алам...

Бағдаршамы іспетті бар қазақтың,

Бар ма қазір ол айтқан «толық адам»...?!

 

Оралады ұлы ойшыл ойға күнде,

Желсіз, тымық, сыр айтар Ай да түнде.

«Мен бір жұмбақ адаммын» деген Абай,

Тылсым қыры ашылмақ қай дәуірде?!

 

Ақыл-ойы – қазақтың, – бар айбыны,

Өлең болып ұрпаққа тарайды үні.

Дәуірлердің арасын жалғап тұрар,

Болашақтың байлығы – Абай жыры.

 

Көтерілдің қай қырға, қайда шықтың,

Ұстасаң да құлағын қай кәсіптің,-

Ой түзеуге – үлгі Абай, бой түзеуге,

Ұғынғанға секілді айнасы ұлттың.

 

Бағы өзгеден тұрғанмен болып үстем,

Заманының заһарын, зарын ішкен.

«Қалың елім, қазағым...» - деп қамығып,

Өтті өмірі түңіліс, торығыспен.

 

Теңеу тауып талғаулы гүлден де әлсіз,

Өлеңінің бояуы түрленді әр күз.

Жасыл қырат – келешек жайқалсын деп,

Асыл мұрат «алысты мыңмен жалғыз».

 

Өлең деген дария ойға құмар,-

Тұңғиығы, таязы, қайраңы бар.

Жыры түгіл, ақынның жұмбақ жанын,

Сөз түсінбес тасырлар қайдан ұғар?!

 

Ұстазы Абай – марғасқа, сан алыптың,

Сыңары Абай – парасат, даналықтың.

Қара өлеңнің негізін қалыптаған,

Бастауы Абай – әрқилы жаңалықтың.

 

Әр жолынан түйдек ой ақтарылар,

Іздегенге қазына, бақ табылар.

Жыры терең ақынның, сыры да кең,

Шумағының қат-қабат қатпары бар.

 

Тармағына сыйдырған мұратын мың,

Өлшеміне сөз жетпес қуатының.

Артқан сайын танымы «тыңдаушының»,

Арта бермек даңқы да Ұлы ақынның!