«Поэзия» номинациясы: Жұмбақ арал (Жұмекен Нәжімеденовке)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Naz-erke

 

Әлі де ашылмаған бір арал бар,

Себебін менен босқа сұрамаңдар.

Ғасырға жуық уақыт жылжыса да

Жұмбағын шеше алмастан жүр адамдар.

 

Қасиет Құдайына сыры мәлім,

Боз дүние шектелген біліп атын.

Шапшып кеп баса алмайды шетін де оның

Көп пенде көңілінің кірі қалың.

 

Ол - тіптен ай нұрындай аппақ әлем,

Құнары тереңінде жатқан әлем.

Тас түнек торласа да төңірегін

Тазалығын қай күшпен сақтады екен?!

 

Алау дер бәзбіреулер ми шарпыған,

Қойнында оның бөлек күй шалқыған.

Келеді-ау ауасынан жұта бергің

Жусанның шіркін, жұпар иісі аңқыған.

 

Бейне бір сезіміңді ашқан іңкәр,

Ашық, кең аспанында асқақ үн бар.

Шаң басқан шертетіндей бір шындықты

Бауырында бүк түскен боз шағылдар.

 

Неткен арал, лайық дара атаққа?!

Біле алмайсың бар бойын аралап та.

Сондай түпсіз тұңғиық, тылсымы мол

Әлде ғажап ғарыштық ғаламат па?!

 

Биігімен таласып құлаған бар,

Заман – түлкі құйрығы бұралаңдар.

Әйтеуір, сол аралға тайқып талай,

Тигізе алмай табанын жүр адамдар.

 

Әлі де ашылмаған бір арал бар...