«Поэзия» номинациясы: Алла сүйген ардақты ұл! (Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевқа)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: NUR

 

І

Ата баба қасиеті дарыған, 

Жанын артық қоя алмаған арынан

Өткен жолын өнеге ғып өлеңмен 

Өмір бойы жыр етеді бар ұлан.

 

Ғасырда бір туған арда азамат, 

Ғұмырнама – ғибратты ғажап-ақ. 

Хан үйіне айналдырған ауылды

Хикмет қып талай ұрпақ жазады-ақ. 

 

Ауылдасқа артық айтты демеңдер, 

Ел ішінде ерек болып еленді Ер.

Күн отырмай, түн ұйықтамай қызмет қып,

Ел сүюдің үлгісі еді кемеңгер. 

 

Шөл, құм елін шұрайлы етті бабамыз, 

Төрт түлікті түмен етті – санаңыз...

Көк майсалы көктем болды Үшарал,

Жеміс толып, жұпар шашты даламыз.

 

Гүлге айналды құмды атырап, шөлдері, 

Егіз туып төрт түліктің төлдері 

Аққа тойып ауылдағы ағайын,

Талас маңы – жұмақ болды жердегі.

 

Жарысатын құс пен ұшақ самғап бір, 

Күн нүрынан сүт ағатын аймақ – бұл.

Үшаралды Алты Алашқа танытқан 

Әбдір ата – Алла сүйген ардақты ұл.

 

Нұрын шашып, ерекше атты таң бүгін,

Оның да бір себебі шын бар күнім.

Туған күні Сағынтаев Әбдірдің - 

Ұлағатты ұлы қазақ халқының! 

 

 

ІІ

Дәл осылай сүру керек ғұмырды!..

Тас-құмдарға қос табаны тілінді, 

Дала заңын кеудесіне түйген ұл, 

Туған жерді көркейтем деп жүгірді. 

 

Төрт түліктің жайын біліп жасынан, 

Қалмай өсті әкесінің қасынан. 

Талас, Аса толқындары еркелеп 

Сипайтұғын бозбаланың басынан. 

 

Жиырма жаста қан майданға аттанып,

 Сұм соғыстан аман қалды бақ дарып. 

Отан үшін жанын оққа төсеген 

Хас батырын мадақтады сақтап ұлт. 

 

Ұрпағына мирас болып қалса игі, 

Асыл қасиет жүректерге тамса игі, 

Бұтағымда былдырлаған бала деп 

Талы ауылдың қуаныштан балқиды. 

 

Ояна сап Отан деді есіл ер, 

Нағыз ерді әлдилейтін бесігі – ел, 

Жақсылықтың өшпек емес тарихы

 Қыр кітабы қойнауына көшірер. 

 

Еңбек қана ердің даңқын шығарар, 

Ерлеріміз елдің даңқын шығарар, 

Аққа толып қазаны мен табағы 

Ғаламат күй бастан кешті Үшарал.

 

Бас қамы емес, 

Ел қамы үшін терлеген,

Не көрсе де көрген ұлы елменен. 

Алдындағы адал суын ұсынып, 

Қара бала қамы үшін шөлдеген. 

 

Қампайтпаған қарынын да, құлқынын, 

Тірісінде таппай жүрді бір тыным. 

Қара ошақтан түтін түзу шықсын деп,

Құлы болып қызмет етті ұлтының. 

 

Сары аязда жалаң кешіп көк мұзды, 

Құмын ойлап шоқ көседі, от құшты.

Күлкісі үшін қараша үй, қара нар, 

Көз шырымын алмай күнін өткізді. 

 

Нағыз ерлер – елім деп мұң шегеді, 

Қызмет еттім шен-шекпен бер демеді. 

Ауылымның әр бұтасы құрметтер, 

Маңдайынан аққан тердің өтеуі. 

 

Текті топырақ туған Талас ұлы еді, 

Әбдір ата еңбегін ел біледі, 

Үшаралмен егіз жүрер есімдей 

Ауылдастың жүрегінде жүреді.

 

ҮШАРАЛ!

Біздің ауыл – тамаша ауыл, ағасы,

Жомарттық пен қанағаттың арасы.

Толқынымен көзді арбайды ғажайып

Аса менен Таласымның жағасы.

 

Аспан гүлдеп айтар сұлу таң барын,

Тіріледі құмға сызып, салғаның.

Көрсет десе жердің жайлы, жұмағын

Осы ауылға түсер еді таңдауым.

 

Ақкесене, Көккесене – айбарым,

Тарихты айтып толғанады жан-жағым.

Бір Алла деп қос қолымды жаямын -

Ақдегелек ұясындай жайғаным. 

 

Жайлауында бабам келе жатқандай

Төбелері тақияға үкі таққандай.

Көк аруы аспан-көзден қос тамшы

Аса, Талас жарыса кеп аққандай.

 

Құмын Тәңір шашу етіп шашқандай,

Мойынына тұмар етіп таққандай.

Көзің тоймас келбетіне қарасаң,

Жаңа түскен келін сынды ақмаңдай.

 

Қойнауында тарих бұғып жатқандай,

Оқылмаған, табылмаған хаттардай.

Ауыл жайлы ойларыммен жылынам

Апам үйге отын әкеп жаққандай.

 

Арғымағы ауыздықпен алысқан,

әжелері киіз басып жарысқан.

Қарт атасы балдағына сүйеніп

Алдын тосқан бала келсе алыстан.

 

Ат тұяғы шаң боратып соңынан

Қиқулаған дауыс шығып оңынан.

Әкелер жүр көкпар тартып атойлап

Қара қамшы өсіп шыққан қолынан.

 

Аналары нар қымызын сапырып,

Даярлайды қонақ келсе ақырып. 

Күбі пісіп, құрт жаятын көп қыздар,

Әлек асқа көршілерді шақырып.

 

Ақ білегі әппақ сүтке малынған,

Жеңешелер қайтқан шақта сауыннан.

Етегіне жармасады көп бала

Саусақтарын сорып қаймақ жағылған.

 

Қара қазан құты болған қара үйдің,

Қара таба – нұрына оны балаймын.

Қара шаңырақ – маған ыстық Отансың,

Жұлдызың боп аспаныңа тараймын.

 

Жиылады бәрі оттың басына,

Домбырасын алып әкем қасына.

Әгугәй деп әуелетіп өскенбіз - 

Бақыт деген осы да! Ауыл деген осы да!

 

ІІ

(Әні бар)

Ағатын толқып-шалқып Таласы бар,

Бұлақтай мөлдіреген Асасы бар

Үшарал – құтты ордам, кең жайлауым,

Абызды, ақсақалды данасы бар.

 

Көркіне көзің тоймас даласына,

Төбесі, беткейлері жаңа шың ә?

Қыздырар табаныңды қызыл құмы 

Бақ болған қазағымның баласына.

 

Мекенім асыр салғам құшағыңда,

Желдерің – қанатым да, ұшағым да.

Жеріңнің әрбір гүлі ән сап тұрған

Демалам жусаныңды құшамын да.

 

Сәукеле киген сұлу арулары,

Сәйгүлік мінген сері бар ұлдары.

Мәуелі ағаштары – әр көшеде,

Нұр берген, жеміс сыйлап жауындары.

 

Киелім, қасиетті Үшаралым,

Бозторғай, бетегеңнен күш аламын.

Жусаның, жиделерің, жайлауыңды

Сен берген дархандықпен құша аламын.

 

 

ІІІ

Түнімен жауған жаңбырды-ай

Жапыраққа келіп түнеген

Талқыға түскен тағдырдай

Ұқсаттым екен кімді мен?

 

Жаңбырдан кейін тыныштық

Қырларда жаным жәй табар

Туған өлкем-ай – ырыс, құт,

Гүлдерін өпсем жайқалар. 

 

Ауылым менің - жел, шаңым

Шеңгелдерім-ай, жыңғылым.

Өзге өлкенің раушаны

Сексеуіліме жетпей тұр бүгін.

 

Айранын тосып аузыма

Жадырап күні шықса да

Іздедім сені таусыла,

Іздедім шығым тұнса да.

 

Сендерден бөлді сол қиын

Кеш кетсем күніңе жылынбай

Табаным бассам толқитын,

Қиыршақтанған құмын-ай!

 

Жанары жасқа толып ай

Ақ сүтін төккен жолыма-ай

Туған жер деген осы ма?

Туған анаңдай, о, Құдай!

 

 

ІV

Долы дауыл ұшыр мені

Жеткіз есті еліме.

Жеткіз мені түсімдегі

Балдыры шулар көліме.

 

Қолтығымнан қыса ұстап

Қондыр жайлау - төріме...

Мені ұмытты қуаныш, бақ,

Дос боп қайғы, шері де.

 

Балпаңдаған құлыншағым,

Төрт түлігім төліне.

Қозыларым - ұрыншағым,

Еркелейін жеріме.

 

Шалғыныма бір сүңгиін,

Шығып асқар беліне.

Көгіме ұшып, күн сүйейін,

Сүйдіртейін сені де.

 

Майда қоңыр құмдарыма,

Аунап-қунап алайын.

Бал-балалық жылдарыма,

Бала болып барайын.

 

Қарт атамның иісі сіңген

Қараша үйде қалайын.

Тал бойыма күй сіңірген,

Домбырамды алайын.

 

Сезіп жылуын алақанның

Жат күйімді жеңейін.

Күн иісті ақ апамның

Суын тасып берейін. 

 

Мына дүние боянса екен

Таңда құсым шырылдап.

Мені әйтеуір оятса екен,

Түңліктен күн қытықтап.