«Поэзия» номинациясы: Мені де, өлім, әлдиле

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Qyr Balasy

 

(Әлиханның монологі)                                      

Сезіндім дос өмірдің бөтендігін,

Қайғымның Хақ нұрындай шекерлігін.

Сезіндім сонша сүйген бұл жалғанда

Өлімнің бізге лайық екендігін!

 

Мағжанды әлдилеген даңсалы өлім,

Мен саған қолым создым аңсап өзім!..

Жаныма жақын келші, жанашырым,

Соңғы рет басымды ием, мәртебелім!

 

Ерлердің еншісі едің елім деген,

Ерліктің сыңарысың бөлінбеген.

Сезгенмін алдымдағы қырық сан жолдың

Барарын саған бастап кезінде мен.

 

Жау емес мені ажалға жетелеген,

Ойлайды-ау өлтірдім деп бәкенелер!..

Өлсем мен өз ажалым, өз жазмышым

Тәңірі маңдайымда мәпелеген.

 

Қазақтың жазиралы кең өлкесін

Дала емес, дамылдаған өлең дерсің!

(Жаппарым, сен недеген кемеңгерсің!..)

Ахмет, Мәдияр-ау, Мәдияр-ау*,

Тірімде қос қолымды ұзартып ең,

Өлгенде, қолтығымнан демеңдеші!..

 

Құдай-ау, мың жыл өмір сүріппін ғой!

Арқалап қазағымды жүріппін ғой!

Мың жылдық азабымды Тәңіріме

Қайтатын бір-ақ сәтте ұмыттым ғой!..

 

Тәңірім, о, недеген кемеңгерсің!..

Ахмет, қолтығымнан демеңдерші,

Мәдияр, қолтығымнан демеңдерші!..

 

*Ахмет, Мәдияр Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы.