«Поэзия» номинациясы: Жұмыр жүрек – арыстан

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Арыстан

 

Үйір-үйір жылқылар армандарын шаңдатқан,

Арманының алауын тұяғымен маздатқан.

Көз шарасының көкжиегін кеңейтіп,

Қабағындай керіліп сәулеленіп таң да атқан... 

 

Тұяғынан шыққан үн күйлеріндей ескінің,

Сарынындай аңыздың жүрегіммен естідім.

Кісінейді күркіреп күжірейген құйрық-жал,

Жүрегінің түктеріндей тікірейіп сестінің. 

 

Сес көрсеткен жауыма әруақты ерлердің,

Топырағы сәулелі ізі қалған жерлердің.

Жалы жығылған ұрпаққа сілкіндіріп нұр құйып,

Сәулесі өшкен сананы айықтырып емдер кім? 

 

Жүйткіп желмен жарысқан, шабыттанған шабыстан.

Құмартып көңіл үйірге 

Қарап тұрмын алыстан.

Дүбірлеген кеудемде жұмыр жүрек-арыстан,

Құл болғанша біреуге жарылып өл намыстан! 

 

 

Кенекемнен сөйлейін 

(Әсет Найманбайұлының «Тоты» әнінен алынған «жеті тамыр» ұйқасы бойынша жазылған өлең) 

Кенекең – алмас қылыш, қайталанбас,

Кегін қанға суарған, қайрап алмас.

Қылпып тұрса қынабына қайта салмас.

Елім ойын басқандай қара тұман,

Бас іздеген елім-ай аласұрған.

Шарқ ұрып таппай жүрген ханның басы,

Әр қазақтың өз басы ғой, қайран Алаш. 

 

Алаштың алаш еді жанашыры,

Ірітті іштен дұшпаның қарасұры,

Алауыздық ажыратып алас ұрды.

Басынан бағы тайды, оңалмады,

Жүрегіндей жерін қорғап қала алмады. 

Алашымның бірлігін  бұзатындар –

Пайдаланған тақ үшін таласыңды. 

 

Елді ойлаған ерлерім ойланар ма?

Тарихтан сабақ, үлгі ойды алар ма?

Ер барма бірігуді қойған алға?

Ел болып желбіретіп жалауыңды,

Жандырар ма жүректегі қалауыңды, 

Кенекең алауы боп Алашымның,

Әз басы табылған күн тойланар ма?!... 

 

 

Тұрғандай бассыз-ақ бірлікке шақырып 

Жауынан қайтпастан,

Ерлікпен айқасқан,

Жарқылдап қылышы, сертінен таймастан. 

 

Өр рухы – өршіген, алаулы жалындай,

Жолынан жаңылмай өтті Кенекем, ешкімге бағынбай. 

 

Сөлкебай таққандар – патшаға жаққандар,

Ұрпаққа қарабет, ханыңды сатқандар. 

 

Әлі де атады алдыңнан ақ таңдар,

Алымды ерлерім, бірлікті сақтаңдар! 

 

Тәңірдің қылышы – қолыңда, арында,

Намысың – алмастай, жарқылда, жалында! 

 

Кенекем – соңы жоқ, бітпейтін тақырып,

Тұрғандай бассыз-ақ бірлікке шақырып... 

 

 

Мағауинын жоқтаған мөңірейді марал ел 

Найзағайдың жарқылына матырылған қаламы,

Шошытты ма жұрттарды алшаң басқан қадамы? 

Жырақтады елінен, өзегінен тепті кім, 

Қабырғасы қайысып қазықтай боп қазағы. 

 

Шыңғыс ханның найзасы – қолындағы қаламы, 

Сондықтан да, кейбіреу үрейлене қарады.

Тарих шаңын тазартып оятқасын сананы,

Қадір тұтқанын білсе еді қарапайым қазағы. 

 

Нарқызылым – жүйрігім, құс құйрығын тістеген,

Алай-дүлей от болып күйіп барады іш деген.

Жат жұртта емес еді ғой мәңгі жатар бесігі,

Қалың елім қазағым у бар ма сен ішпеген?...! 

 

Өлгенен соң жоқтайтын әдет қанға сіңгендей,

Ұлыларды өлтіріп боздаймыз кеп інгендей.

Ата жұртта жерленбей шетте қалды-ау сүйегі,

Тоныкөктей ер жоқ па қазағымда іздердей? 

 

 

Алшаң басқан адаймын 

Найзағайдай жарқылдап жанарының ұшқыны,

Шашақты найза қолға алса, дұшпанның қашқан ұсқыны, 

Жүрегінде түгі бар, айбары басқан сұстыны –

Жаужүрек алшаң басқан Адаймын. 

 

Жал-құйрығын тараған, ер қанаты балаған,

Көкмойнағын жаратып, төбесіне үкі қадаған, 

Елін ойлаған ерлерім Отпан тауға қараған –

Әруақ қолдап алшаң басқан Адаймын. 

 

Отпан таудан от шықса, алаулап жүзі жалындай, 

Атқа қондық атойлап таудан аққан ағындай, 

Ат үстінен түспедік дұшпаным қанға малынбай –

Көкмойнағымен алшаң басқан Адаймын. 

 

Белдеуде аты байлаулы, ер тоқымы кеппеген, 

Қазақтың жерін кеңіткен. Даңқы қайда жетпеген?! 

Ер-Қосай мен пір-Бекет дұғасынан кетпеген –

Әулиелі мекенде алшаң басқан Адаймын. 

 

Тұла бойындағы қуаттан телегей теңіз бұлқынып, 

Сауытсыз шаптым дұшпанға, ажалға тік ұмтылып.

Басқыншыны жайраттым көбебұзарым ысқырып –

Бес қаруын асынған алшаң басқан Адаймын. 

 

Көбік атып жалданып, толқып теңіз тазарған,

Айбат шеккен арыстан күркіреп күндей сазарған, 

Шайқалсам менде теңіздей кетерсің ұшып жағамнан –

Алшаң да алшаң, алшаң басқан Адаймын. 

 

Шабай шабуыл 

Аңыз да емес, айтқаны ертегі де,

Он бесте жауға шабу ерте мүлде.

Көнекөз құйма құлақ шалдарымыз,

«Шабайым!» деп отыратын тентегіне. 

 

Елің өсіп, көркейіп жатыр далаң, 

Ерлігің ел есінде батыр бабам.

*Барақтың боранынан тайсалмастан,

Он үшіңде жасадың батыл қадам. 

 

Әруағың Хиуа ханның сұсын басып,

*Серен-Қалмақты өлтірдің күшің тасып.

Ерлігің ұрпағыңа үлгі болды — 

*Сүгір, Есен батырлар ізіңді ашып. 

 

Батырына сенетін сенсе ағайын, 

Еске алады ұльқтап ер Шабайын.

Ел есесін ешкімге жібермейтін,

Әруақты ері жоқ елді аяйын. 

 

*Барақ — Табынның таудай батыры.13 жасар Шабай алдына кіріп барып, оның жігіттерінің барымталап алып кеткен малын даулаған.

*Серен — Қалмақтың батыры. 17 жасар Ер-Шабай жекпе-жекте оны өлтірген. 

*Сүгір, Есен батырлар — Ер-Шабайдың батыр шыққан балалары. 

 

 

Кентаврдай өр ең, сен!

Сауыт қып киген алтының,

Санама шашты жарқылын.

Алтынның буына масайып, 

Сәбидей көңіл шалқысын. 

 

Жаратқан қолдап, жарылқап,

Жыр-қазанын сапырсақ.

Жүректен шыққан жалыннан,

Балқып жатсын атырап. 

 

Тамырын тартқан тереңнен,

Кентаврдай ер ең, сен! 

Жадырасын жалындап,

Күйзелген жаның шер емген. 

Жанартау боп жалындар – 

Қаныңда қуат жалын бар.

Төныкөктер жаққан алауды,

Жарқырата жағыңдар! 

 

 

Тұран, Тұран!... 

Біз Түркілер жау ыққан айбатынан,

Бір бәйтерек бұтағымыз жайқатылған.

Жауларың демін жұтып тынып отыр: 

Жанданып кете ме деп қайта Тұран. 

 

Туласын қан бойында Түркілердің,

Жарқылдап найзағайдай, күркіредің.

Жанарыңнан от шашып айналаңа –

Құлдық қамытын қақырата, сілкін, елім! 

 

Бойыңдағы қайсарлық – Ұлымадан,

Қалсын артта ұрпағың – ұлың аман! 

Бірліктің отын жағып алаулатып,

Дүркіреп бір гүлденсін ұлы далам.