Авторы: Джаконда
Гүл-Ғұмыр
Жаның сұлу ма гүлдердей?
Әнің сұлу ғой білемін.
Ақыл адасып жүргендей
Түсінер ме екен жүрегім?
Гүл-Ғұмыр қысқа дейді олар
Жапырақ жазар тілегін.
Күз келсе шертер күй де оңар
Көңілдің табар кім емін?
Мұздатып барып, жылытар
Жаз гүлі солып қалмас па?
Қара күз бәрін ұмытар
Қара жер, оған жармаспа.
Қурайды кейде жас жаны
Жұпарлы гүлді іздерсің?!
Қыс киіп келер ақ шәлі
Таптайды кейде іздер шын.
Гүл-Ғұмыр қысқа дейді олар
Жаздың өтерін білген соң.
Жарыққа төзбес кей жанар
Қараңғылықта жүрген соң.
Жаның нәзік пе гүлдердей?
Жырың нәп-нәзік, білемін.
Ақыл адасып жүргендей
Адаспас бірақ өлеңім.
Ояу ой
Сан ойланып отырмын қара түнде
Тастан ауыр артып ап нала кімге
Жете алмадым, түбіне жеткен бар ма
Теңіз сынды толқиды сана түнде
Ауыр-ауыр ойлар бар, қиял түбі
Бұл ақылдың түн жарым ояу түрі
Маған қарай жылжиды мұң артқан тау
Неге біздің сезімнің баяу тілі
Биігіне шығармай таудай арман
Сарсаңына салып-ақ барды аяған
Әлсіз үміт жалт етіп жоқ болады
Сусынына шөліркеп қанбай қалам
Күрсіністер кеудені өртке орайды
Ұмытылар ма екен бұл өкпе қайғы
Жо-жоқ менің өкпем жоқ еш пендеге
Өз-өзіме кінә артып, дерт тарайды
Жан дауасын таппай жүр аңғал басым
Бәрі бекер уақытқа байланғасын
Түпсіз терең тұңғиық бойлай бердім
Түн ауғанда санам да сандалғасын
Жетегінде кеткенмін талай ойдың
Құрсауынан шыға аламй тоғай ойдың
Қара аспанда жұлдыздар жымыңдайды
Қанатына байланып қара-ай ойдың
Өмір жайлы, келерді, өткенді ойлап
Сорлы үмітім шарасыз, неткен бейбақ
Мен батылсыз сан ойлап отырғанда
Кей пысықтар жолымды кеткенді орап
Мін артпадым, жүрсемде жаяу қалып
Жақсы күндер келсе де баяуланып
Адамдықтың биігінде тұрсам болды
Ақыл, Санам, Жүрегім ояу болып
Аманат
Мерейімді асыруға әлемге
Керек емес Толағайдай күш тасқан.
Түтін түзу шығу үшін әр үйде
Бірлік керек, ынтымақпен ұштасқан.
Сол бірлігім Елтаңбамда бедерлі
Қос қанатты ат-жүйрік ойы халықтың.
Біз біріксек бола алмайды кедергі
Аспан асты біздер үшін жарық күн.
Сен құлама, Көк байрағым, айбыным
Бірлігімнің айғағы өзің, байлығым
Қазақстан болсам егер кең ұя
Тек қазаққа, Алашыма жайлымын.
Келешекке мен де сендім, ел сенді
Қорғайды ер, азуы үлкен тістен көп.
Түспесін деп төмен менің еңсемді
Тек биікке ілген сені үстем ғып
Тәуелсіздік -бойтұмарым, таңбамдай
Ал әнұран ,таңбалы тас секілді.
Ойдан өлең қайдан шықсын толғанбай
«Менің елім» қос ішекпен шертілді.
Шырқалса екен шаңырақта шырайлы ән
Бұл әуенде әуезі бар молдықтың.
Мәңгі елдікті тілейік тек Құдайдан
Азат жырда құдірет бар соны ұқтым.
Болмасын деп мемлекетім мүгедек
Жау алдында жұдырықтай жұмылдық.
Сақта, ұрпақ, еркіндікті біл елеп
Аманатым «Мәңгілік ел» болуыңа мұрындық!
*****
Дәрісін ішіп өмірдің
Жарасын жаздым тәнімнің
Дауасын таппай көңілдің
ақыл-естен де жаңылдым
Мұң артып өткен күндерге
Талай алыстым сезіммен
Жырымды төктім түндерде
Тамшы ағызбадым көзімнен
Уақыт алдамшы алдандым
Үміт жалауын желкен қып
Етегін ұстап жалғанның
Кейде жүремін секеніп
Өмір сүруге ұмтылам
Жалыныш үнмен жазғырып
Аса алмай қалам құлқыннан
Санамды сайтан азғырып
Пендемін деймін ақталып
тағдырға ысырып кей уақыт
Сөзді айтып қалған жатталып
Күрсініп жүрем бейуақыт
Таңдарға таңды жалғаймын
Жұбаныш етіп келерді
Көгінде ойдың самғаймын
Қанат қып сенім желеуді
Мазасыз көңіл маздайды
Ескі армандарым жетелеп
Қаламым кейде жазбайды
Жалғанға батып кетер деп
Адам болып қалу үшін қоғамда
Адам болып қалу үшін қоғамда
Ғазиз пенде басты тасқа соғар ма?
Бірін-бірі аңдығандар толып жүр
«Міні түзелген» біздің қоғам оңар ма?
«Мен мықты» дер кеудемсоқтар озғанда
Жағымпаздар адамдықтан азған ба?
Табан жалар қалт еткенде бей уақыт
Ынсабы жоқ біздің қоғам тозған ба?
Жан бергіш пен жаналғыштар толғанда
Көп адамнан иман кетіп қалған ба?
Тәубе түгіл Алласын да ұмытты
Көкірекке мұнша қайғы сыйған ба?
«Сен тіл қат» - деп, Арға қолқа салғанда
Адал жанға ара түсер жан бар ма?
Адал еңбек аздырмайды бәріңді
Көңілі тоқ, уайымсыз ол, жалған ба?
Қу түлкіден артылмайды мықты айла
Өзін-өзі тәрбиелеген ұтпай ма?
Адамдыққа бастайтын бір ізгі жол-
Ақ пейілді ниеттен кеп шықпай ма?
Сен, Мейірім, жүрегімнен жоғалма
Қарасы жоқ жүрек әсте тоңар ма?
Мен бәрін де өз жайында қалдырдым
Адам болып қалу үшін қоғамда!
Қадам бассақ, қалпыңда сынаған жол
Қайран жүрек, бәріне шыдаған сол.
Шәкәрім айтып кеткен бір кездері:
«Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек-
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол!.»