Поэзия» номинациясы: Диолог

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Жолаушы

 

Бітпейтін уақыт бар!..

Бітер бұл тәтті бал.

Кетпейтін бақыт бар!..

Кететін сәт бұлар.

 

Жете алмай қалам ба?

Жетуге болады!

Кім деймін адамға?

Ол өмір қонағы.

 

Атақты кім қазір?

Кешегі кісі емес.

Өткінші бұл да бір...

Өткінші түс-елес.

 

Жүзің сәл солыпты?

Самайға ақ кірді.

Хабаршы қоныпты...

Хабаршы сәт түрлі.

 

Жүрсің бе алданбай?..

Үмітпен күн өтті.

Уайымың бар қандай?

Жоғалту жүректі.

 

Ұл-мен қыз жетті ме?

Ұзақтай бастады.

Арманшыл етті не?..

Тағдырдың жоспары.

 

 ***

Жан көрдім жаны қайғы,

Жолыққан кеше маған.

Ол өзін танымайды,

Ее, солай көшер адам...

 

Жасырын жылайды екен,

Жалғыздың күйігі ғой.

Сынаққа шыдай ма екен?,

Ол, арман биігі ғой...

***

Ұмтылу алданыш,

Жұлқыну әлсіздік.

Бітпейтін толғаныс,

Кетпейтін қамсыздық.

 

Мал қайғы тілде мұң,

Ар қайғы көзде жас.

Өмір ғой, білмедім...

Көңіл ғой сөзге мас.

 

 ***

Күдікке бәрі де тым суық,

Үмітке бәрі де шырайлы.

Адамдар уақыттан тұншығып,

Ойланбай күледі, жылайды.

 

Ойлана алу бір нығмет,

Бұл жайлы ұмыттық сірә біз.

Жұмыр жер қарайған жұмыр ет,

Жылы сөз керек-ау бір ауыз.

 

Ол сөзді айтады кім оған,

Мейірім төгеді кім келіп?..

Ғажап қой қалса егер бір адам,

Бақытқа жол сілтеп үлгеріп.

 

 ***

Шайқалған қоғамның жүрісі,

Тым жақын сүю мен жеріну.

Бүгінгі жандардың бір ісі,

Бақытты сияқты көріну.

 

Жамылған жалғанның бейнесін,

Тым оңай күлу мен жылау да.

Өзгеше бүгінгі үйлесім...

Өзгеше әңгіме бұл алда...

 

Бүгінгі күн ертең тым ескі,

Бүгінгі сөз ертең есте жоқ.

Кім-кімнің соңынан ілесті,

Кім-кімді қуып жүр өкшелеп.

 

Бағалап үлгермей жарықты,

Батқанын көрерсің күн-айдың.

Ұстасам бір алтын балықты,

Уақытқа береке сұраймын.

 

 ***

Нәпсім бар арманның жүзінде,

Мендігім, тәкаппар мендігім...

Құмарсың қиялмен жүзуге,

Теңіздің бетінде желді күн.

 

Қиялда жақсы ғой, әрине,

Шын қылар қаласа егер ОЛ.

Ғашықпын дейсің бе Нәбиге,

Жүрегім, бұл сөзге сене гөр!

 

 ***

Жақсы да кетер жалғаннан,

Жаман да кетер жалғаннан.

Арқаңнан түсер бір күні,

Азығы біткен жол дорбаң.

 

Көбейіп күнде керектер,

Дамылсыз жаның дедектер.

Сездірмей келіп суырар,

Жүзіңнің нұрын себептер.

 

Тартылар еппен тасқының,

Сарқылар сәуле жастығың.

Кісі боп тұрар бір күні,

Кісінеп жүрген жас құлын.

 

Дүние солай құбылып,

Жазылып қайта бүгіліп...

Жортарсың жанға сездірмей,

Жапанда жалғыз бір ұлып.

  

***

Дүние шыр айналып жанарынд,

Жалғанның ақын күйер алауында.

Мөлдіреп өмір қалар өлеңінде,

Қарайып арман қалар қаламында.

 

Дариға-ай, сол бір арман құсқа айналып,

Біздей бейбақ көрмейтін түске айналып.

Аспан, жердің жүр ме екен арасында,

Қабағына қаһарлы қыс байланып.

 

Жалғыз қалу, күйік қой жатқа айналу,

Сенген жастың сертінде жоққа айналу.

Ормандай көп жақынға жақпай қалу,

Он айналып ошағын тапай қалу.

 

О, дүние-ай, бұл да бір батпан сұрақ,

Жан бар ма екен жауабын тапқан сұрап.

Ақын неге құлады аттан сұлап,

Жақын неге іздеп жүр жаттан шуақ.

О, дүние-ай, бұл да бір батпан сұрақ.

 

Уысында уақыттың қуырылып,

Ұлтым қалды өкпесін суық ұрып.

Анталайды баламның санасына,

Әлем қазір әр тұстан туын іліп.

 

Амал ойлап табарсың бұған қандай?..

Шырылдайды кеудеңде шыдам қалмай.

Ақыл көзді арбаған бұл өмірдің,

Айласына қалды екен кім алданбай...

 

Жақсы кетсе жамандар алға шығар,

Әнге сонда ән емес зар қосылар.

Зармен бірге оянған жүректердің,

Жалғаншысын таныр кез бар да шығар...

 

Кеше-бүгін, көк пен жер арасында,

Арман қалды адасып нанасың ба?..

Кімге жеңіл арқалау адам мұңын,

Кімге оңай айналу жанашырға...

  

***

Тағы бір жыл өтті ме зуыл қағып,

Жылмен бірге барады ғұмыр да ағып.

Астананың аязы шығар бәлкім,

Тұла бойдың тұрғаны-ай діріл қағып.

 

Бүгін бірақ күн жылы кешегіден,

Жаяу шарлап келемін көшені мен.

Үміттеніп жақсының өсерінен,

Күдіктеніп жаманның кеселінен.

 

Ақшам ауды, Астана түн жамалды,

Ойлай берсең жалғайсың мұңғы мұңды.

Бүгінгі жас ертеңгі таң еді ғой,

Ел ме, ер ме жолынан кім жаңылды...

 

Кім жаңылды аңызда арман жайлы,

Арман ба әлде ішкен ас, алған бәйгі.

Онда неге тасқа ұрдық тар маңдайды,

Болса бәрі арзан бақ, арзан қайғы.

 

Арзан ғұмыр кештік пе біз осылай,

Ойландырмас уақыттың ызасын-ай...

Ұят қашқан ұрпақтың дертін айтып,

Кімнің тыныш көңілін бұзасың-ай...

 

Қандай едік расында, қандай қылды?...

Кімге барып төгерсің жан қайғыңды.

Ел жолында құрбандық ерге бақ деп,

Кіммен бірге жұтарсың балдай мұңды...

 

Батырға да, байға да, хандарға да,

Береді анық ертеңгі таңдар баға.

Тұрмайма екен сол сәтте бал-бұл жанып,

Балдай мұңға шомылған жандар ғана.