Авторы: Қаратаулық Қантүбіт
Сауыт соғып, семсерімен салған мөр
Осы дала – бабалардан қалған төр.
Қаратаудан құлап батқан әрбір күн –
Әкелердің маңдайынан тамған тер.
Бақыт іздеп бейнет кешсең не түрлі,
Осы дала өшірмейтін отыңды.
Құласаң да бұлақ тосқан аузыңа,
Аналардың алақаны секілді.
Үймелесек үй ісіне жарап тек,
Қандай бақыт, “құлындарым – озат” деп,
Күн шоғындай күс-күс қолдар құшқаны,
Болашақтың іргетасын қалап кеп.
Адам болу – еңбектеуден басталған,
Шын мықтылық – адалдығы ас болған,
Шаңнан қалың шапан киіп жүрсе де,
Үндемей-ақ тау қопарып, тас жарған.
Жаратылған жаны нұрдан, заты Ардан,
Қалдырмайтын құлындарын қатардан.
Әрбір ана – ұрпағының Ұмайы,
Әрбір әке – Құдай сүйген қаһарман!
Әр жұтым су – аманаты, тілегі,
Әр уыс дән – қайрат-күші, жігері,
Аналардың үзіп терген көңілі,
Әкелердің жұлып берген жүрегі!
Менің Абайым
(Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына)
Әділдік құл боп әркімге,
Жалғандық төрін бермесе,
Сағынам баба өзіңді, ару Ар – күң боп қулыққа.
Ашынған жұртың шөлдесе,
Ащы да болса шындыққа.
Өртенбес қалай өзегім,
Үндемегеннің – өзі өлім,
Мұңдарым мұқтаж ондайда аманатыңды жоқтауға,
Сенетін жалғыз өр ұрпақ өзеуреп сүйген өз елін,
Өзекке теуіп жатқанда...
Көл-көсір жасын көрсетпес бұл қазақ неткен төзімді,
Сонда да сынбас рухы,
Сонда да қайтпас райынан.
Заманды көрсем зәру боп сағынам баба өзіңді,
Жауларын мақтап семіріп,
Достарын сатып байыған!
Алысқан мыңмен жалғызым,
Жанымды жатқа жалматпа,
Ақ адал ана жетімге, әділдік дейтін – жесірің,
Шайқалып тұрған шаңырақта,
Тербетіп отыр бесігін.
Ұстасы ұлы қоғамның,
Қайтемін мұңды ұсақтап,
Қалар ол түбі соңымда құзғынға жеткен ажалдай.
Сағындым баба өзіңді,
Қараусыз қалған қазынаңды құлаған құздан құшақтап –
Жүз сексен жасар балаңдай!..
Біздің банальді образ
Дәл қазіргі қоғамда,
қағып-соғып кетер едік Абай тірі боғанда.
Адалдықты өлтіруге асығамыз өйткені,
Арамтер боп бір ескерткіш орнатсақ деп оған да.
Гүл шоқтарын қою үшін сән-салтанат құрамыз,
Гүлдің қандай жазығы бар,
оны да үзген мына – біз.
Міз бақпастан махаббатты өлтіруге құмармыз,
Содан кейін ғашығым деп жоқтау айтып тұрамыз.
Ақылынан ада басқа тәж іздейміз тұнжырап,
Арымыздан тағымыздың биіктігі құндырақ.
Достарды да асығамыз тереңірек көмуге,
Жау арулап жерлейтіндей біз өлгенде шын жылап.
Дәл біз сынды зиратынан үміт, сенім, арманның,
Топырақ ұрлап қора соғып, қоғам құрып алған кім?!
Ақын көрсек сол қораға қасқыр кіріп кеткендей,
Ит өмірге талатамыз,
Иесіндей жалғанның.
Шындық жоқта шырыннан да тәтті шіркін сөзіміз,
Сезімсіз-ақ шетімізден пері сүйген серіміз.
Жүрек жұтқан батырлармыз қорықпайтын Құдайдан,
Құдіретті ғып Құдайды да жаратқандай өзіміз.
Әнімізге жындар билеп,
тас жетім боп туса күй,
Аузына құм құйылғандай далам неге мылқау и?
Бірақ біздің бұл бақытқа қуанбайды бала да,
Жанымызды алатын тек –
ашаршылық рухани!
О біз сондай данышпанбыз өзімізбен ауырған,
Мейірімді мерт қылып ап қайыспайтын қабырғаң.
Кекірігі самал желден, түкірігі жауыннан –
мақтауы көп мықтылармыз...
... Қобыз үні естілмейтін алпыс екі тамырдан.
Шетімізден шеберлерміз келешекті алдауға,
Бәріміз де зиялымыз, үйренесің, таңданба.
Айтшы өзің, дүниеге енді келген шақалақ,
Жер бетінде саған бізден асып түсер жау бар ма?!
Үлкен ауыл баласының үміті
Біздің ауыл – үлкен ауыл, ескі ауыл,
Сол ауылды қолда, жар бол,
кеш Тәңір!
Өз ішінде дұшпан да жүр, дос та жүр,
Ертеңі – үміт,
Ежелгісі есте ауыр...
Мақтанғанда маңдайларын лайлап тер,
Ойларында орда бұзып, бойлап төр.
Ол ауылда иті көптер – зиялы,
Ол ауылда қасқыр атқан – қайраткер!
Ол ауылда қарны-қазан “ұлы” көп,
Ол “ұлының” жымиғаны – жылы леп...
Кейбірінің көрден терең қалтасы,
Кейбірінің АР-дан басқа дымы жоқ.
Ар сатылса көбейетін көпесі,
Ол ауылдың шежіресі – көшесі.
Кісімін деп кісінейді есегі,
Қыранмын деп әндетеді әтеші.
Жалған болса, Жаратқаннан сұраңдар,
Қожанасыр аман әлі,
Тірі Алдар.
Ол ауылда шаңға айналған – уәделер,
Ол ауылдың бесік жыры – ұрандар!
Сәбиінің еті үйренген сұмдыққа,
Қартының да еті өлген һәм
Қуырылып қулыққа.
Ол ауылдың іргесінде бейіт көп,
Сонда жатыр тіл мен дәстүр, шындық та...
Киіктері – жетіміндей жаралы,
Аққулары – жесіріндей қаралы.
Ол ауылда өлілермен рухы бір,
Тірілер де паналайды даланы.
Ол ауылда құлап кетсе сұңқарың,
Көкпар үшін қажет емес тұлпарың.
Бабасымен мақтанады біреулер,
Бабалары жақтайтындай ұрпағын.
Ол ауылға бақ пен сор да таласад(ы),
Ол ауылда той жасаймыз қаласақ.
Қарқ-қарқ еткен күлкісінен қоғамның,
Шар-шар етіп оянғанша болашақ!