Автор: Қыр баласы
1. Шырақ
«Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде»*
қамсыз еді қарашаң, көнбіс еді,
қайдан келген қайғы-мұң жеңгіш еді...
... Білінбестей болған кез енді шегі –
Қараңғыны қарманған қазағыңа
Тәңір өзі тұтатып берді сені!
Шырақ болып тұтандың түн-түнекке,
Сәулең сеуіп, санамды сілкімекке,
Қалғып кеткен рухымды оятпаққа,
Қаңғып кеткен көшімді іркімекке;
Ұмыт ұждан, тәркі үміт, ғапыл баққа
Жарқырадың қайыра шақырмаққа,
Алауыздық дертінен аластарға,
Татулықтың бал дәмін татырмаққа;
Түсірмекке жөн жолға көпті адасқан,
Аянарлық түгің де жоқ-ты Алаштан...
Қайран баба,
қайманаң ұқты ма оны
Отқа айдаса, бытырап боққа қашқан?
Аждаһаның ырқында араны ашық,
Қарекетсіз қалтылдап, қара басып,
Маздағы мен боздағын жойысуға
дәті барған жан аз ба жағаласып?
Қулық, қастық, қысастық –
нелер сұмдық
Іштен шықса, ау, қалай көгерсін құт?
Аяр аз ба
жанына майдай жаққан
Сені «Жауы халықтың» деген «шындық»?!
«Надандықтың мас болған шәрбатынан»*
нәйіс қанша жұттырған зар-запыран?
Шырақ ісі – жарқырау ғана болса,
Ол үшін де, о, жазған, бар ма кінәң?!
Дауыл-дәуір өтінде жанған шырақ,
Түн астынан болғаның таңды аршымақ
зая емес-ті бәрібір! –
тосқын білмей
сахараға ақ сәулең барған шұбап!
... Түбі ақталдың бәрібір!
Түбі ақталдың
ақиқатым қайтадан гүл атқан күн!
Қуанғанда жарасын жаспен емдеп,
«Нақақ ол!» деп жанымды жұбатқанмын:
Ісің – адал!
Ізің – ақ!
Ал себебі
көлеңкесі болмайды шырақтардың...
2. Сұрақ
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты!»* –
Неге осы кешегінің лепті ұраны
жаңғырып ойға үнемі кеп тұрады,
құдды бір оянбаудың мұңазасы
мәселе сияқтанып өткір әлі?
Десең де бүгін жұрттың бәрі де ояу,
Қадамы тәрізді ме әлі баяу?
Оянған ұлтты ұйқыға қайта тартар
қамырық меңдеді ме, а, құдай-ау?
«Ұраны» үйлеспейтін іспен кейде
Жұртымда монтанылық үстемдей ме?
Ұлғайып барған сайын сыртқы ғалам
Ішкі әлем қусырыла түскендей ме?
Ұрқың көп құндай білмес нақ керегін
(Тамырдан табар еді-ау, әттең, емін),
Ұл-қыздан Жақаң жайлы не сұрарсың
бір ауыз айта алмайтын жатқа өлеңін?
Қаңсығын өзгелердің ғажаптай ғып,
Ұқсатқан ұлт болмысын мазаққа әйдік,
неліктен «талғамы өскен» ұрпағыңа
қазақы нәштің бәрі – «қазақбайлық»?
Бұл кемдік – керенаулық кейпі-дағы,
Келгенде төлтанымға – шикі бәрі...
Жасырып-жабатұғын не сылтау бар –
шындығы, ұлттық сана ұйқыда әлі...
Мақтан мен селсоқтықты делбе қылып,
өзіміз алға оздырған кем бе өтірік,
қастерлеу қуғын-сүргін құрбандарын
қисынмен қиыспайтын елде отырып?!
Тілімнің болсаң егер жайын білмек –
Түбінен жүрегімнің уайым бүрлеп,
Көз салып «жоғарыға» «қитулаймын»,
Құт-құсты қонбай жүрген қайырғым кеп.
«Ескірген» арман-тын бұл, тілеген көп,
ертеңнің мүддесі үшін шын елеңдеп...
Іңкәрлік тілге деген, тамырлар-ау,
қашанғы ұйқылы-ояу жүре бермек?
Әсіре діннің болсаң сиқын көрмек –
Айнытпақ салт-санаңнан бейпілдер кеп.
«Бір кесе уымды ішсең осы қазір,
Бір тілім май асатам» дейтіндер көп.
Дүмшелер көрдік, сөзін епті иірмек,
Көкитін көкөрімнің көп миын жеп:
«Қайтесің білім жиып, ғылым іздеп,
Құны оның ақыретте көк тиын», – деп.
Тамырға жетпеген соң бойлар шама,
Ұлттығын «жау» көргіштер, о-ой, қаншама?
Басқамен ісі болмай маужырайды
Бақилық ертегіге тойған сана.
Негізсіз емес бұған налу, көкем,
Негізге қайту басқа, даму бөтен...
... «Айтпайсың барды неге?» – дерсің мүмкін,
Бар нәрсе насихатқа зәру ме екен?
Аузымнан қашан сосын ақ май ағып,
құтаям, уәдедей нақ баяғы?
Ондайда: «Сәл шыдай тұр, сәл мызғи тұр,
Шалқырмыз, – дейсің, – бейіш бақта оянып».
Бізге, рас, тасыр дәуір төр босатты:
Бас еркін, бағыт айқын, жол да сәтті.
Көшінен замананың қалмаспыз-ақ,
Бірақ бос, қуыс өзек болмасақ-ты...
«Қаламнан жылап аққан қара бояу»*
Жұқтырмай қайтпек енді нала-қаяу?
Алшақтау ұйқы ұйықтан мұрша бар ма
ұстауға ұлттық сезім, сананы ояу?
... Пиғылым жоқ-тын ойды артық құрар,
Бетіне шыққаны еді қалқып бұлар...
Замандас, тағы қандай гәп қосар ең
Қазақты «ұйқы» жаққа тартып тұрар?
4. Мұрат
«Мен – біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!»*
Перзентік пейіл, ниет, назы мұндай
Қояр ма жалпақ жұртын разы қылмай?!
Ойласаң, ойпаңдағы аласа ағаш –
Ұлт жүгін көтерген ұл қажырындай!
Саясы – түгел Алаш қорғанындай,
Мәуесі – мәңгіліктің азығындай!
Ойпаңда... жайламай-ақ шалқып төрді,
Адалдық жұпарымен аңқытты елді,
«атажұрт мұқтажына жарармын» деп,
Бойдағы бар асылын сарқып берді.
Бәрінен ұлт мұратын биік қойып,
Кәдеге жұмсалуды артық көрді!
... Бұл күннің кей «ағашы» ұлтқа қауіп,
Өскен соң ұшарына бұлт тақалып,
Нәр-қорын жерден алып, елден жиып,
«Жемісін» төгер, тығар сыртқа апарып.
Пайдасы өз басынан артылмайды,
Дәуірлеп, «есек құрты мұртқа тамып».
Бағы үнсіз тыста жайнап кеткенді айттым,
Жағымсыз, жаман аты жұртта қалып...
Жаңа өскін қайысысынан тәлім алмақ?
Жұртына болыса ма жанын арнап?
Құлқынның қамын күйттеп жетілмек пе?
Қандайлық ертеңінің мәні болмақ?
Өркеннің өн-бойында, керексеңіз,
Құнттаулы тәрбиенің табы қалмақ.
Ізгі арман, асыл ниет, ұлы мұрат
Тереңнен,
түп тереңнен тамыр алмақ!
Жас өркен тереңдігін дәлелдесе,
Жібермей әуселесі әлемге есе,
Ұшпаққа ұлт мұратын шығара алса,
Көрелік, ал көрелік,
Ал ендеше...
*Міржақыптың өлеңдерінен («Қайда едің?», «Оян, қазақ», «Таршылық халіміз хақында аз мүнәжат», «Шағым» )алынған үзінділер
Міржақып. Мылтық алдындағы монолог
Саналып әр дем,
Көңілде алабұртып мұң,
Ақырғы сәтті өткертіп абақтыдағы,
Түнекпен түйреп жанымды,
қара мылтықтың
қараңғы ұңғысы қарап тұр әлі...
Бұл неткен ұзақ секундтар?
Мылтық-ит мына
не күтіп тұр-ей арс ете қалмай?...
... Құрбандық біздің айналып, шіркін, ұйтқыға,
Арттағы ел аман қалса екен, Алла-ай!
Ұлт ертеңі үшін қам қылып, ойланған едім
ұйқыда жатып дымсыз-ақ қалған...
Қайтейін сені, қазағым қайран да менің,
немкеттілікті мінсіз атқарған?!
Ұрпаққа мәуе берер деп сендім еккенім,
Жансебіл мына қорғар деп халықты кие.
... Ал құйыл, құйыл соңғы рет мөлдірек менің
қарашығыма,
Жарық дүние!
Я, қош!
Кеттім бақилық тізімде ендігі,
Ертеңін ұлттың ұшықтап ұлы үмітпенен...
... Шынжыры әзиз шындықтың үзілген күні
Мен тіріліп келем!