«Поэзия» номинациясы: Пенде

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Тұран ұлы

 

Арзан ойға берілу –

Пенделіктің шындығы.

Ақылды боп көріну –

Ақымақтың тірлігі.

Алынбаған үлесің –

Нәпсі дейтін дерт, күш бұл.

Ары кетсе жүресің

Жер бетінде жетпіс жыл.

Әр дүниеге алаңдай,

Алақтайсың жан-жаққа.

Мәңгілікке қалардай

Таласасың әр затқа.

Қозғаласың құйын боп,

Өз ортаңды билейсің.

Не адамға сыйың жоқ,

Не Құдайды сүймейсің.

Өз өзіңді ақтап шық,

Жетер ойың осыған.

Абай айтқан боқ қапшық –

Сенде де бар, сасыған.

Болсаң дағы жатып ап,

Өз өзіңе итаршы.

Жаралғаның – топырақ,

Нәр алғаның – бір тамшы!

Жағып жүрген күйең бар,

Солып жүрген санаң бар.

Бақылаған Иең бар,

Татымаған бағаң бар.

Әлсіз адам торықса

Болады ол бөтенің.

Мықты біреу жолықса

Маңайлайсың көтенін.

Жалған болып шын күлкің,

Тағдырыңмен ойнайсың.

Дүниенің бір кілтін —

Дүние деп ойлайсың!

Пенделіктің асылы

Тек иманмен тербелсін.

Саған жаздым осыны

Сен, себебі, ол – менсің!

 

Жақсы қонақ

Шүкір айтар аллаға «Толық адам»

Жан бітіріп кеудеңе шаранадан,

Жаратушы құлым деп бағалаған.

Кең жүрегі әкеңнің сен деп соғып,

Елжіреді сәт сайын саған анаң.

 

Тұла бойға нәр болып тыныс – ауаң,

Тосып алды тіршілік тыныш алаң.

Хақың бар ма шүкір деп шаттанбауға,

Рахымды Алла сыйлады мұны саған.

 

Тәтті қылық сыйлады, балалық шақ,

Еркеледің, ойнадың балаға ұқсап.

Ақыл берді, мектепке қадам бастың,

Әріп танып қолыңа қалам ұстап.

 

Есейдің, тосын келіп кей мұңдарға,

Құлазып жан дүниең қайғырғанда,

Нешелеп қателікке ұрынсаң да,

Еселеп шаттық берді мейрімді Алла.

 

Дос берді, қауым берді, бауыр берді,

Сәт сайын сүйе бердің өмірді енді.

Қызметіңді қоғамға сен сатсаң да,

Нығметін рахымды Алла тегін берді.

 

Тегін сыйлар тоқтаусыз самсап келді,

Жар сүйдің ұзатып сап бал шақты енді.

Перзент берді тәп-тәтті, оған қосып

Ризық, байлық, дүние, мансап берді.

 

О, не деген, не деген сүйікті едік,

Сан нығметті алғанбыз жиып теріп.

Жүрек неге Аллаға жібімейді

Бәрін беріп жатса да үйіп төгіп.

 

Шүкір қайда, ғибадат тәуба қайда,

Бүгінше өмірді сүй, сауданы ойла...

Абай хәкім айтпақшы ажал келіп

Көрге түссек тәніміз жаурамай ма?!

 

Бағынышты ғаламның хаққа бәрі,

Бүгін бар тірлік ертең жоқ болады.

Біз- қонақпыз, ал, енді жақсы қонақ

Үй егесін разы ғып аттанады!!!

 

 «Еңбек етсең ерінбей...»

Немесе Абай көзбен қарасақ бұл ғаламға

Налып өткен ұлы Абай – кіл наданға,

Маржан сөзге ден қойған тұлға бар ма?!

Ой аршылып, жан тыншып, жүрек тулар,

Абай көзбен қарасақ бұл ғаламға.

 

Тән жаныңа қапталған заңды киім,

Хәкім жырмен толғады бар күйігін.

«Еңбек етсең ерінбей...» деген Абай,

Адалдықпен іздепті ар биігін.

 

Ойлан, шырақ, өзіңді басқаруда,

Мастануға болмайды, ластануға.

Шүкірің мен адал ас жатқан жоқ па

Сол ерінбес еңбектің астарында?!

 

Мал табады әйтпесе көптің бәрі,

Көптің бәрі сасыған боқтың қабы.

Абай көзбен қарайлап ойланбасаң,

Бұйырар ма басыңа Хақтың бағы?

 

Ақыретің керек пе Абайға да,

Нәпсі сүйсең барасың сан айлаға.

Құдайынан қорқуды білмегендер

Адамзаттан ұялсын, қалай ғана?!

 

Налып өткен ұлы Абай кіл наданға,

Құдай деген жүректе мін болар ма?!

Абайды оқу бір бөлек, Абай көзбен

Қарау бөлек шығар-ау бұл ғаламға.

 

 Ақыл, қайрат һәм жүрек немесе

ынтымақ барда ел бүтін

Абайдың анау жарығы –

Сонымен нұрлы аспаным.

АҚЫЛДА салмақ бар ұлы,

Айласыз болса жоспарың.

 

ҚАЙРАТҚА хәкім ден қойған,

Қайратсыз жаннан безінген.

Тіршілік дейтін ен майдан –

Жеңілу, жеңу – өзіңнен.

 

ЖҮРЕКТІ сақта, дейді Абай,

Имансыз бақыт таппайсың.

Жаратқаныңды ойламай,

Жаратылғанға жақпайсың.

 

Үшеуді қорғап сақтасаң,

Ұшпаққа шығар жол ашық.

Қажырсыз жанға бақ қашан

Қонатын еді адасып?

 

Ынтымақ ойла, ар ойла,

Сезінгің келсе шын құрмет.

Ұқсамасақ та Абайға,

Ғибрат алу – бір міндет.

 

Қазаққа сенем мен түбі,

Жуас та болған, асау да.

Саналы сөздің төркіні

Бағалы болмақ қашан да.

 

Қазаққа сенем: қылыштай,

Қиятын қайсар өр ұлтпыз.

Ынтымағынан ығыспай,

Ырысын тапқан халықпыз.

 

Батырлықты айтсам ақырған,

Талайды қуған қазақпыз.

Ақындықты айтсам ақылман

Абайды туған қазақпыз.

 

Мәңгілік үшін бар тілек

Өшпейді даңқым бұл маңда.

Ақыл мен Қайрат һәм Жүрек

Бойымда тулап тұрғанда!

 

 Ой таразы. Абайдың ізімен

Пенде шіркін, құс қой бір сыңар қанат,

Тіршілікті сүйеді шын анталап.

Кердең басып жүрсе де, дүниесін

Кетер дейсің көріне кім арқалап?!

 

Басын сұғып тірлікте әр есікке,

Кеңесіп те күн кешер, егесіп те.

Төбелдей боп күн кешкен пенде сорлы

Айналады түбінде төбешікке...

 

Шындық жатар өзекті оттай қарып,

Тұра бермес тіріге бақ байланып.

Құдайынан басталған ғұмыр сапар

Құдайына жетумен тоқтайды анық!

 

Бәрі өгей өмірге, рас-ай, бөтен,

Шындықты естіп жүректер босайды екен.

Естіп, көріп, білсе де пенде бейбақ

Өз-өзіне қиянат жасайды екен.

 

Қызық емес кедейдің жыртығы да,

Қызық болмас байлықтың жылтыры да.

Бақыт екен бақытқа ұмтылу да,

Құлақ тосып сағаттың сыртылына.

 

Өлмейтін жан жоқ екен жер шарында,

Талпынады тірліктен енші алуға.

Алдап ғұмыр сүретін пенде байғұс,

Алданғанын түсінер ең соңында!