Авторы: Жігерлі жан
Философ, аудармашы, сазгер, ақын
Халыққа, әділдікке жаны жақын
Абайды әлем танып, үлгі тұтқан
Елдімекен, көшелерге беріп атын
Еңбегі көп сіңірген даламызға,
Қара сөздер дәрумен ой-санамызға.
Абайды үлгі тұтқан қазақ елі,
Ескерткішін орнатып әр қаламызға.
Абайды үлгі тұтқан әлем бүгін,
Әр өлеңі сипаттаған қазақ үнін...
Астарлы ой «Абай тілі» ерекше тіл,
Түсінсең теңіздей сөз тереңдігін...
Ғылым, білім, еңбекті арқау етті,
Асыл сөздің тамырын тереңдетті.
Ұлы ойшыл Абай халқын оятам деп,
Бірлікпенен берекені қалап кетті...
Абай атам жақтырмаған надандықты
Жаны сүймей өтті ешбір жамандықты.
Моральдық мәселесін ел мен жердің,
Арқау етіп жазды жырлар атам мықты.
Ертеден-ақ артқа тастап балалықты,
Бала кезден бойға жиып даналықты,
Абай атам елі үшін еңбек еткен,
Абай атам, Ұлы ақын, дара, мықты.
Бар ерекше музыкалық мұрасы,
Әндері де шырқалды жер-қыр асып.
Жаны таза, жүрегі де кең еді,
Ізденімпаз, көкірегі ояу, көзі ашық
Ұлы Абай Гётелермен тең еді,
Әрбір сөзі ем береді, дем берді...
Әдебиеттің қалап берген негізін,
Ұлы ақынға айтыңдар кім тең келді?!
Әр өлеңі, әрбір жазған сөздері,
Шабыт беріп жігерледі, жөндеді.
Кірпіші боп қалансам, ел танитын,
Қызмет ету елге арман мендегі...
Болмасам да, ұқсағым-ақ келеді,
Жұмыр жүрек жақсылыққа сенеді!
180 жыл толыпты Ұлы Абайға,
Өшпес ізі «Алтын мұра» дер едім.
Ұлықтаймыз, ұмытпаймыз мәңгілік,
Жыр арнаймыз, ұлы есімді ән қылып!
Сөз шебері тумас қайта өр тұлға...
«Абай» аты тарихта тұр жаңғырып!
Қолға қалам аламын шабыттансам...
Жыр тербейді маздатып жүрегімді,
Жақсы сөзбен бастайын тілегімді.
Қолға қалам аламын шабыттансам,
Еу, халайық тыңдай қойшы тірегіңді!
Жыр шертемін сәл көңілім мұңайғанда,
Ем болады жырдың лебі мұңайғанға!
Жыр төгілер көкейден сағынғанда...
Қиял қуып, қарасам сағымдарға...
Жыр жазамын ұқсатып ақындарға,
Ақындығым бала кезден жақын жанға.
Жыр жазамын тебіреніп, толғанып та,
Абай атам сияқты біз болмадық па?!
Жыр жазады жанымды жабыққанда,
Жыр береді шабытты алып таңда...
Ақ қағазбен қара сия ермек болсын,
Қартайғанша шабыттанып, жалыққанда!
Бала шағым
Бала шағым, қайда кетіп барасың?
Енді болар көру өмір жарасын...
Бала шағым, жетеледің – жеткіздің,
Бала шағым, белес шыңға өткіздің.
Жүруші едім, көбелекпен жарысып,
Жүруші едім, балалармен алысып.
Енді міне, 18-ге кеп жеттім,
Енді міне, өсіп-өніп, ержеттім...
Ыстық пенен суық күнге тербеген,
Балалықты шолып өттім көзбенен.
Есейген соң бәрін ұғып тұрасың,
Ақ – қараны көріп басты бұғасың...
Қайда менің көбелегім, ақ гүлім,
Қайда қалды, бала кезгі бақ үнім...
Қайда менің балалығым баяғы?
Балалықтың осы ме екен аяғы?!
Мен ғашықпын өмірге
Мен ғашықпын – мына туған еліме,
Мен ғашықпын – ұлан байтақ жерім,.
Мен ғашықпын – туған-туыс, халыққа,
Мен ғашықпын – қараңғымен жарыққа.
Мен ғашықпын – атаменен анаға,
Мен ғашықпын – маған таныс ғаламға.
Мен ғашықпын – әсем сұлу гүлдерге,
Мен ғашықпын – айлы түндер, күндерге.
Мен ғашықпын – мұғалімге, ғалымға,
Мен ғашықпын – алаулаған жалынға.
Мен ғашықпын – алып ұшқан сезімге,
Мен ғашықпын – шыдамдық пен төзімге.
Мен ғашықпын – ынтымақ пен бірлікке,
Мен ғашықпын – бейбітшілік тірлікке.
Мен ғашықпын – өмірдегі бәріне,
Ғашықтықты қосамын мен әніме.
Мен ғашықпын – өмірдегі құрдасқа,
Мен ғашықпын – көңілдегі сырласқа.
Айта берем, ғашықтықты мен, сірә,
Ал жүректің ғашықтығы тым басқа...
Тілім менің
Тілім менің баға жетпес қазынам,
Тіл туралы аз емес ән жазылған.
Ұлттың жаны, абыройы, тірегі,
Қазақ тілі әр қазақтың жүрегі.
Қазақ тілім болмаса ел, қайтер ек?!
Тілім менің құламайтын бәйтерек!
Тілім менің күш-қуатым бойдағы,
Осы тілмен жетеді сөз ойдағы.
Тілге деген махаббатты жиғасын,
Мақтан етем, ата-бабам мирасын!
Қазақстан азаматы болғасын,
Байтақ тілді құрметпенен сыйласын!
Тіл тағдыры-ел тағдыры, білесің,
Құламасын, бүкпесін тіл тізесін!
Қазақ тілі елімнің бір бөлшегі,
Байтақ тілдің өлшеусіз ғой өлшемі!
Ана тілім – кеудемдегі арымсың,
Ана тілім – қаруымсың, барымсың!
Дамытайық, тілді бірге, жамағат,
Тілім менің ғасырларға аманат!
Мәңгілік сағынышым
Кезекпен келер өмірдің ақ пен қарасы,
Өтсе де уақыт, жазылмас жанның жарасы...
Айналам бәрі, өзгерді әкем кеткелі,
Өзгерді бәрі, әкетай, өзің қарашы...
Хабарға шыққан, ақ тілек айтып, пенде көп,
Дегенмен, әке, шырайлы көңіл менде жоқ,
Құттықтар едің, алғашқылардың бірі боп,
Жүргенде әке, жанымда менің тірі боп...
Тіршілік жасап, мұңымды әке жеңбедім,
Бойымда басым жігерлік, әке, сендегі!
Дұғамды арнап, қол жайып сұрап, айтарым,
«Түсіме кірші» деген бір тілек мендегі....
Жабырқау жаным, тулаған алау сезімді,
Өзіңсіз, әке, ызғарлы өмір сезілді.
Жүректі кернеп, өзекті өртеп жүрсе де,
Сағындым әке, қасымда болған кезіңді...
«Қызым» деп айтқан, дауысың әке кетпейді,
Жеті қат жердің астына дауыс жетпейді...
Телефон үнсіз, естілмес енді сыңғыры-ау...
Соғылмасы анық, әкемнен күткен қоңырау...
Тәуелсізбіз, егеменбіз, азатпыз!
Тәуелсіздік алған қазақ халқымыз,
Армандадық азаттықты жалпы біз,
Тәуелсіздік толғауы тек шырқалсын,
Кең байтақ, ел ұлықтайтын салтымыз,
Көрсе дағы қанша мұңды азапты,
Сындырмады еш қиындық қазақты,
Егемендік туы үшін жаулармен,
Түбін жойды алашым бұл тозақтың!
Берілмеген зиялылар, батырлар,
Жыр ғып жазды елін сүйген ақындар,
Көк байрақты биік қолға ұстайық,
Патриотшыл, елге жаны жақындар!
Ұлан байтақ даласында қазақтың,
Талай түнек артта қалды азап күн,
Өткен күндер қайта айналып келмесін,
Тәуелсіздік мәңгі тілек елге шың!
Тәуелсіздік келді найза ұшымен,
Тәуелсіздік келді батыр күшімен,
Тәуелсіздік талай жылдар, ғасырлар!
Қиындықпен келді менде түсінем!
Ел деп көптің, төгілді көп терлері,
Аманат қой ата бабам жерлері!
Тәуелсіздік мәңгі жырым жырлайтын,
Аман болсын Патриотшыл ерлері!
Тәуелсізбіз, егеменбіз, азатпыз,
Ғажап елді мекендеген ғажаппыз,
Басқа елмен тереземіз теңдескен,
Жері байтақ, көңілі кең қазақпыз!
Ұстаз ана
Ұстаз ана - өмір мәнін үйреткен,
Ұстаз ана - жамандықтан жиреткен.
Ұстаз ана - білім балын тамызып,
Керек кезде ән айтқызып, билеткен.
Ұстаз ана – мейірімді ерекше,
Ұстаз деген екінші ана емес пе?!
Ұстаз тағы академик, ғалымды,
Ғарышкерді жетелеген белеске.
Ұстаз деген ең биік шың жердегі,
Ұстаздың кең мейірімі, кең демі,
Бар әлемде ұстаз берген білімді,
Бағаласа, баға жетпес еңбегі.
Ізденімпаз, шығармашыл жан-жақты,
Ұстаз ана – аяулы да ардақты,
Жүзі жылы, мейірімі төгілген,
Бір қалыпты, бір байыпты, салмақты!
Ұстаз берген ұмытылмас білімі,
Ұстаз берген ұмытылмас ілімі.
Ұстаз ана – қамқоршысы Отанның,
Құтты болсын, ұстаз күні бүгінгі!
Алыстан іздеп, келді әке балаң...
Алыстан іздеп, келді әке балаң
Асығып келдім, ынтығып саған...
Ерекше толқып, келгенде әке
Сен емес көктас қарап тұр маған.
Жарасы бітпес, емі жоқ дерттің,
Көктасты сипап, «қош бол» деп кеттім...
Басылмай мүлдем, сағыныш іштей,
Аллама сені, аманат еттім...
Атамның 80-жасына
Туған туыс, армысың, киелі елім!
Жақсылығын дарытқан дүниенің.
Ата қызы, осы әулет, ұяданмын,
Тұңғышымын Жұмабек пен Зияданың
Сөзі шебер, анық басқан қадамын,
Қанша жырды жазды атам қаламы?!
Қандай мақтау айтсам-дағы жарасар,
Менің атам – нағыз жырдың адамы.
Менің атам, ең керемет, мықты адам,
Баласының бақытын тек құптаған.
Менің атам жаны жайсан, жақсы адам,
Мен атаммен марқаямын, мақтанам!
Әркез болған сабырлы, кешірімді,
Айқара аштың әр бір жанға есігіңді.
Нұр үстіне – нұр жауып, артық етпес...
Көше атап сайласа да есіміңді!
43-тің туылыпсыз көктемі,
80 жылда бопты шуақ төккелі.
Мерейтойың құтты болсын атажан,
Тілерім де, айтарым да көп менің...
Еркелеткен немеремен шөбересін,
Ұрпағының қызығын тек көре берсін!
Аман жүрші, атажан, арамызда,
Аллам саған, күш-қуатты бере берсін!
Еңбегіңнің көре бергін зейнетін,
Көрсетпесін өмірдің тек бейнетін.
Жаңа жасың, атажан, болсын құтты,
Денсаулығың әрдайым болсын мықты.
Құтты болсын, атау, 80 жасыңыз!
Шатқа толсын, баққа толсын қасыңыз.
Ортамызда марқайып тек жүріңіз,
90- менен 100 белінен асыңыз!
Күлімдесін арайланып күн алдан,
Орындалсын көкейдегі 1000 арман.
Ауырмаңыз, сырқамаңыз, атажан,
Ғұмырыңды ұзақ етсін бір Аллам!
Тәуелсіздік шырқап айтар жырымыз
Ата-заман ұялаған салтымыз,
Әркез тыныш болсын бейбіт халқымыз.
Салт-дәстүрді, әдет-ғұрып бәрінде,
Мақтан тұтып, ұмытпайық жалпы біз!
Сақта, қазақ, тілің, арың, дініңді,
Биік ұста азаттықты бүгінгі.
Көзі ашық, көкірегі ояулы,
Тәрбиеле жас ұрпақты, білімді.
Кең байтақ ел байсың өзің ғұрыпқа,
Білгеніңді, қазақ елі, ғұрыпта.
Саған жетер мекен бар ма жалғанда?!
Сірә, жоқ-ау, саған жетер ұлық та!
Бетке ұстар тәуелсіз ел, егемен,
Қазақ елі жесір-жетім демеген.
Сіз-біз болып ат салыссақ ағайын,
Тереземіз тең түседі елдермен!
Ашық аспан, жарқрайды күніміз,,
Азат елдің гүлдей қызы-ұлымыз!.
Тәуелсіздік шырқап айтар жырымыз,
Мақтан етіп бағалаймыз бұны «Біз»!
Өмір
Өмірге мен ғашықпын, мен ғашықпын,
Жаңа күнді бастауға мен асықпын.
Өмір, өмір деген сөзді естісем,
Жаман әдет, жамандықтан қашықпын.
Шабытымда оянар өмір десе,
Туылғандай сезінем мен бір кеше.
Ойға түссем, кетеді бас айналып,
Артық болмас, бұл өмір тәтті десем...
Өмір, өмір, қайғыменен шуақта,
Қайтып келмес сағым өмір бірақта!
Неге сонша өмір шіркін тәтті едің?!
Неге сонша жетелейсің жыраққа?
Өмір, өмір, өмір кеме, бір елес,
Бұл өмірде ешнәрсе де мәңгі емес!
Бұл өмірге келсе қайтып табиғат...
Бұл өмірге адам қайтып, дән келмес!
Дүние
Дүние сондай керемет,
Қарай берсең көз жетпес.
Сияқты әсем текемет
Өзінен, шіркін, түс кетпес.
Дүние сондай тамаша,
Есіңнен әркез кетпейді.
Сияқты ұзын алаша,
Жайсаңда тіпті бітпейді...
Дүние сондай қызық-ақ,
Таусылмайтын сан сағат,
Дүниеге бәрі ғашық-ақ,
Тұрсада алда сан талап!
Адалдық пен адамдық
Адам деген бұл өмірдің иесі,
Ал адамдық адамжанның киесі.
Адамдық пен ақпейілдік болса егер,
Көрінбейді сол адамның күйесі.
Адам деген жеке тұлға, періште,
Сен осымен келіс, яки келіспе.
Адам деген дүниенің кірпіші,
Абай атам айтқан бұны, жи есте!
Адалдық пен адамдықтың мәні зор,
Адал адам бұл өмірде болмас қор...
Теріс қылық көрсетіп, сен бүлдірсең,
Өміріңнің мәні болмас, күтер тор...
Адам болып жаралсаң сен өмірге,
Адамдылық құйылсын тек көңілге.
Игі тұтар етіп ізді қалдырғын,
Ұрпақтарың мақтанардай өмірде!