«Поэзия» номинациясы: Ізгілік жырлары (Өлеңдер топтамасы)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Қазтуған

 

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…

(Абай рухына)

Аспанның аясындай кең ғаламды,

Қарсы алған сан ғасырлық еңбегі арлы.

Қара сөз,

Қайнар өлең,

Ауыр қайғы – 

Қартайтқан елден бұрын ер бабамды.

 

Араға қанша ғасыр салған даңғыл,

Санада жаңғырады талғамды әр жыр.

Сөйлейді Абай болып жапырақтар,

Күбірлеп Абай болып тамған жаңбыр.

 

Көңілдің көзіменен көрген кемді,

Көкірегін туған дала шермен көмді.

Табиғаттың көзіне тіке қарап,

Махаббаты тірілткен өлгендерді.

 

Теңіз болып тулаған заманда анау – 

Мүмкін бе еді мұңаймау, алаңдамау?..

Жырмен емдеп – жаралы жүректерді,

Жаратқанның үнінен жаралған-ау!

 

Тереңінен бойлаған әр болмысқа,

Соқпағы көп тірлік-әй, тар жол, қысқа...

Адамзатты сүй деді ол – тұңғыш рет,

Бөлме деді дінге, ұлтқа, аң мен құсқа.

 

«Біріңді, егер, біреуің дос көрмедің...»

Суық жүрек – сол болар босқа өлгені.

Шыңғыс таудан осылай басталады – 

Адамзатты сүюдің көш-керуені.

 

Қара шал мен қараша, хан мен құлға – 

Тең қарадың,

Елеңдеп зар мен мұңға.

Иман нұрын тамыздың төбемізден,

Қарсы тұрдың қасқайып армен мыңға.

 

Қияметтің жеткізбей есебіне,

Таза болу – дедің сен, осы еліңе.

Сенің жырың – өмірдің дәрумені,

Хайуандықтың ем болар кеселіне.

 

Ұлылықтың сөзде емес,

Тілі өзгеден – 

Тарайтынын ұқтырдың мінезбенен.

Ажал қуған Қорқыттың кештің күйін,

Алып қашып басыңды мың езбеден.

 

Ұштың солай аспанға,

Сарайыңа,

Келер ұрпақ шомылып арайыңа.

Бауырым деп барлығын сүйіп кеттің – 

Адамзаттың айналып Абайына!

 

 

***

Біреулер сені бар екен деп жүр,

Жоқ екен дейді біреулер.

Таба алған жанға ән екен мөлдір,

Тапқаннан мүмкін жүдеуде.

 

Қып-қызыл қанға гүлі боялып,

Сарғайып жаның сыздайды.

Аппақ таң болып күліп оянып,

Түн болып мұңлы мызғайды.

 

Ұшарын білмей көз алдан мүлде,

Бейкүнә көңіл сезіктен.

Адасып жүріп бозаңдау күнде,

Жамылып айды кезіккем.

 

Өппеген әлі жұбаныш демі,

Жаралған баққа ілкіден.

Үнінен есіп қуаныш лебі,

Жүзінде шаттық кілкіген.

 

Ып-ыстық сонда жаңбырдың қолы,

Болмаған үрей, қатер де...

Тарам да тарам тағдырдың жолы,

Кірмеген еді қаперге.

 

Ағынға түсіп тәуекелменен,

Сәулесін қуғам тәтті айдың.

Мен сені сонда бар екен дегем,

Бар екен...

Бірақ таппаймын?!..

 

Ақсарбас

Бағаналы ордам бай-бақты,

Шаңырағына ай сүйінген айбатты,

Керегесі алтыннан,

Уығында үр тасының буы бар.

Бозбаласы байрақты,

Бойжеткені бозбиенің сүтіменен жуынар.

Ханзадасы күлік мініп күн түбіне жортатын,

Теріскейі тебінінен қорқатын.

Тақ қасында тағылымы теңіздей би-сұлтандар жүретін.

Бұрқы мінез ұзаны тау тағысын мінетін.

Ей, бұл ұлыстың даңқына

Еміреніп төрт мұхит, алты құрлық сүйінген.

Жасауылдар күннің көзін ұялтып алтын сауыт киінген.

 

Даласының кеңдігінен ұшқан құстың қос қанаты талатын,

Тәңірінің дәргейіне

«Ұлысымды сыртқы жаудан,

ішкі даудан сақта!» – деп

Ақсарбаз атап сойдырып,

Құнан бұқа шалатын.

Қобызының үніне күллі ғалам байланып,

Аспанында ақ сұңқары самғайтын,

Домбырасының тіліне жеті қат көк айналып,

Жер астының елін де желмая мініп шарлайтын.

Үрімді уысында ұстаған,

Қырымды қырық батыры қорғаған.

Баһадүрлерін Ғайып-Ерен Қырық Шілтен қолдаған.

Шығысында шүршітті ықтырып, дәргейіне бағынтқан.

Батысында Қаратеңіздің жағасында арғымақтарын сабылтқан.

Қос өзендердің түйілісінде ірге жайып, өркениеті гүлдеген,

Рухы көкке қанат жайып бәйтерек болып бүрлеген.

Бұлбұлдары қолға түспеген,

Тотылары торға түспеген еркін ел,

Сол ертегі заманның күйі енді қашан шертілер?

 

Күңіреніп күн түбінде жортқанда аспандағы бұлттың өзі ығатын,

Күркедегі қарашасы келешектің жазмышын ұғатын.

Қаһарланса жарты әлемді сыйдыратын қауызға,

Қайран күндер мәңгілікке айналдың ба аңызға?

 

Қайта оралшы, қайта оралшы, о, көктем,

Сол құдірет қайта қонса кенеттен...

Арқыраған арыны бар сел өткен,

Аңыратып жел өткен

іргемізді бүтіндеп,

Көкке ұшқан қасиетім, құтым кеп

Көтерсе бір еңсемді,

Әй, армансыз елмін деп,

Осы күнді көзімменен көрдім деп,

Сарқып ішсем кесемдегі несібемді ең соңғы!

Арман бар ма, па, шіркін!

 

 

 

Тарпаң

Аяққа шідер,

Басына ноқта салдырмай,

Қуғанын жетіп,

Қашқанда құсқа шалдырмай...

Жарқ ете түсіп,

Ғайыпқа сіңді бір жалын,

Көкірегін көктің жыртып ағатын тағдырдай.

 

Қолға үйренбейтін,

Торға кірмейтін өлмесе,

Ешкімге көнбей, еркін жайлапты ол кеше.

Тұтатар ма еді жанарымдағы ұшқынды,

Даланың сол бір лаулаған өрті сөнбесе.

 

Атына лайық аңыз қалдырған жылқы боп,

Далбаса болмай,

Дарытпай өлген рухына оқ...

Жерден кеткенмен,

От шашып болат тұяғы,

Аспанды тіліп шауып өтеді дүркіреп.

 

Ғарыш айлаққа ақ жолақ тартып сорабы,

Жұлдызы жанып,

Жұлдыз біткеннен жоғары.

Жерге сыймаған жануарлар-ай, осынау

Қиянаттардың обалы кімге, обалы?

 

Басына ноқта,

Аяққа шідер салдырмай,

Үйірін қорғап,

Ит-құсқа құлын алдырмай…

Буы бұрқырап,

Бусанып кейде тұрады,

Туған жеріне көз жасы тамып жаңбырдай.

 

 

Пырақ

Болат тұяқ қара тасты қамыр ғып,

Ауыздығын қарш-қарш шайнап белдеуде...

Сауырынан самал есіп тәңірлік,

Желіп кетсе – жылдамырақ желден де.

 

Құдай текті,

Кекілінде күн ойнап,

Ай астында жалын болып жал-құйрық...

Ғасыр біткен жүз толғанып, мың ойлап,

Тудырса да пар келмеген сан жүйрік.

 

Оза шауып,

Басылмаған екпіні,

Жемісіндей суын мінез рухты ойдың.

Қатарына қара салмас тектіні,

Бәйгесіне алып келді бір тойдың.

 

Ол біледі

Құлагерді,

Ақанды...

Батыраштар бар екенін естіген.

Жалғыз шауып өтсем деген жаһанды,

Жеткен жолды бұза алмады ескіден.

 

Бітімі де жұрттан бөлек жаралған,

Берер емес гу-гу ескен сөз тыным.

Аңдып келіп ту сыртынан қадалған,

Сезіп тұрды салмағы ауыр көз сұғын.

 

Өтті-кетті,

Шапты бәйге,

Жырлады,

Көкірегін сонда тұңғыш сызды мұң.

Ниеттердің болмау үшін құрбаны,

Әдейілеп тартып қалды тізгінін.

 

Жылдар өтті,

Сан жарыстың даңқы асты,

Елемеді біреуін де бұл бірақ.

Кісінейтін дауысы кезіп жартасты,

Көз алдынан өткен дәурен бұлдырап.

 

Қаңтар еді,

Күркіреген көкте бұлт,

Ер-тұрманын сайлап ерттеп, кежімдеп...

Іздеп шапты артта қалған көктемін,

Найзағаймен майдандасып көзінде от.

 

Болат тұяқ қара тасты қамыр ғып,

Ауыздығын қарш-қарш шайнап белдеуде...

Сауырынан самал есіп тәңірлік,

Ошақ қазып бара жатты белдерге.

 

***

Мықтың үйі бетінде жусан текті күй өнген,

Иігендей інген жел ыңыранады иенде.

 

Боз бетеге көзінен ән құлаған қорымға,

Шақырады қарт балбал: адаспа деп жолыңнан.

 

Қобыз ғалам, Құс жолы – тағып алған ішегі,

Жұлдыз біткен тамшылап шанағына түседі.

 

Бір шежіре толғайды маң даланы шер көміп,

Жердің беті жатқандай бесік жырға тербеліп.

 

Қысы ұзақтау өмір-ай, күзі шолақ, көктемі аз...

Кімге айтамыз, тәйірі, көңіл толы өкпе-наз.

 

Жалған емес, жалғанның оза шапқан бес күннен,

Миығынан күледі өтірікке ескірген.

 

Қасіретке қонақтап, қуанышқа зәру бақ,

Өлген күнді аңызбен көміп жатыр арулап.

 

 

***

Ерте, ерте, ертеде,

Зевстен де ілгері,

Құдайлардың құдайы,

Тау басында еміп қаншық қасқырды,

Ұлып шығып ұл-қызының тілдері,

Тас үңгірде жырлап ұлы дәстүрді...

От құдайы тұтанғанда ағаштан,

Алғаш рет сүю жайлы жақ ашқан.

Үңгірінде тіл қатыпты ынтық боп,

Ай перінің аруына адасқан.

Пері қызы сыйлап нәзік күлкісін,

Өптірген-міс аппақ уыз үрпісін.

Ант іштірген сөйлемеуге жалғыз-ақ,

Кетпеу үшін құшағынан мәңгі ұзап…

Ақ ұлпа қар, аппақ дүние, ақ боран,

Ақ боранда үңгірге жын қаптаған.

Жарқ етіпті сонда көкте тұнық ай,

Қалай тұрсын қайран құдай ұлымай…

Жел тыншыды,

Құдай алғаш серт бұзды,

«Жейді-ау енді жазылмайтын дерт бізді».

Кетерінде кемсең қағып соны айтып,

Ақырғы рет ай жүзінен өпкізді.

«Ұмыта алмай іздер болсаң армандап,

Тасқа түсті ақ тәніме салған дақ.

Жылқы шауып өткен өлке мекенім…» –

Осы қыздың кебісінде қалған хат.

Жолға шығып желден жүйрік нар мініп,

Жеткен ақыры құс қанатын талдырып.

Су ішінде ыстық құшақ шарпысып,

Құшқан қайта сөйлемеуге ант ішіп.

Ай толысқан, тамыр бойлап от кернеп,

Аппақ жалын бара жатты көкке өрлеп!..

 

 

***

Есінегенін есігімде есірік құлдың,

Бекзаттығыммен елемей кешіріп тұрмын.

Он тоғызыншы құмамның ақ отауына,

Адалдығымды әйгілеп шешініп кірдім.

 

Бас иіп жүдә, басылып төзімшіл мысым,

Еріксіз мойындағандай езусіз күшім...

Төресін күткен төрт көзбен төргі бөлмеде

Сырғытты барлық лыпасын сезімшіл құсым.

 

Тағаты қалмай іргеден таласа аңдыған,

Жақындай берді қос бірдей қарасұр жылан.

Жылыстап түсіп жыланға жалғыз қалдырып,

Есікке қарай жүгірді жанашыр құмам.

 

Жабылмауында бір сыр бар бүгін есіктің,

Есімді жиып алсам да мұны кеш ұқтым.

Төсегімді босатып екі жыланға,

Құмамды қуып далаға жүгіре шықтым.

 

Ғайып болғанын қарашы қара басқырдың,

Табасы болдым түгіме жарамас құлдың.

Жалаңаш кеткен кербезім кезігер ме деп,

Күлкісін жұрттың елемей жалаңаш жүрмін!..

 

 

***

Сөйлеші, құлыптастарым, түркіден қалған,

Қайсы жұлдызға кетті ұшып ілкідегі арман?..

Барайын десем өзіңе бағдарды бұзып,

Бөгей береді жолымды бір түнек алдан.

Айыра алмай қор болған арын құмардан,

Құтқаршы мені…

Зарықтым зарымды ұғарға.

Жыртылған тарихтардан…

Түйеге мінген,

Бәдәуилерді көремін қалың мұнардан.

Қаншық қасқырдың емсем де анарын асыл,

Заманым осы…

Қайтейін, адамы масыл.

Азуым түсіп, арқа етім арсада қалды,

Көкпары болып жауызға жанары жасыл.

Уысы қанды, қақпасын жыламай қаққан,

Керегеме кершұбар жылан ойнатқан.

Тобышақ мінген шегір көз жүрген далама,

Бір құдай қарап тұрады Бұланай жақтан!

 

 

Әже

Таусылып бітпес көп шаруаң,

Қызығы бар-ды әр үйдің.

Асқан-ды әжем тоқсаннан,

Мінезі шығып сәбидің.

 

«Алыстап ұзап кетпе», – деп,

Алаңдап менен жүретін.

Болымсыз іске өкпелеп,

Орынсыз жылап, күлетін…

 

– Сапарға шығам…

– Қарайла! Қарайла, – дейтін сол адам.

– Өлмеңіз, әже, жарай ма? 

Ұзамай қайта оралам.

 

 Сарыарқа деген дала бар,

– Естігем, білем, көрмедім.

– Самарқан деген қала бар,

– Әкем ғой, балам, ол менің.

 

Қимайды-ау мендей еркені,

Барлығын іштей сезінген.

Басыма бүркеп көрпені,

От құлап жатты көзімнен…

 

Қимаудың, сірә, не екенін

Қиналып тұрып түсінгем.

(Кешірші, әже, кетемін,

Кетемін дедім ішімнен!)

 

– Балам, мен түнде түс көрдім,

Кететіндейсің шалғайға…

Көре алмай кетсем, не істермін?

Бармай-ақ қойсаң болмай ма?!

 

Айтқаным соңғы сол білем,

Кептеліп тұрды көмейім.

– Кетпеймін, әже, болды, мен

Далаға шығып келейін.

 

Барады үміт қайда алып,

«Туған жер түбі кешер» деп.

Тоқымдай бұлтқа айналып,

Құйдым-ай содан нөсерлеп.

 

Келемін тағы, келемін,

Топырағыңа аунармын.

Мөлдіреп қалды өлеңім,

Жапырағында талдардың.

 

Әжем де мәңгі мекенге

Аттанды…

Қайтем тағдырды.

– Шақыршы, – депті кетерде,

– Далаға кеткен әлгі ұлды!

 

 

***

Қағытып сөйлеп, біріне-бірі дес бермей,

Қаһары қатты сарбаздардан да сескенбей,

Тоқымдай қыстақ топалаң болып жататын,

Іңір түскенде ызғытып шайтан көшкендей.

Таң ағарғаннан ағаш дүкенді жағалап,

Жететін қырдан жалғыз аттарын сабалап.

Сәл масайғанда масайрай шығып әндері,

Ауылдың ішін кернейтін бір үн ғаламат.

Лепіріп сөйлеп, айылдары бір жиылмай,

Өзеурейтін кеп, өкіріп тапқан сиырдай.

Құмыраларды төңкеріп тастап шетінен,

Буырқанатын ішінен шыққан диюдай.

Қайқайта боқтап жеті әкесінен қатынын,

Буыны қалмай, бусанып алған батырың.

Өрге де төмен топырақ жолды шаңдатып,

Бара жататын бауырына түсіп атының.

Сыйластығы ұшып желменен бірге баяғы,

Айғай мен аттан болатын ұрыс аяғы.

Бұт артқандары бұзау тіс қамшы үйіріп,

Жалаңдататын жаман пышағын жаяуы.

Кедейге бақ боп, шашатын күнде байға сор,

Біздің қыстақтың бір дәуірінің айнасы ол.

Билетсіз кино қойып беретін әр күні,

Даланың еркін театрлары-ай, қайда сол?!

 

 

***

Бебеулетіп сағыныш домбырасын,

Бейнесі жоқ бір ғұмыр болдыратын.

Қайнар бастау басына кешке таман

Ат суғарып келеді сол бір ақын.

 

Бөлесе де қыр елі әнге кешін,

Мезі болды тірліктен әбден осы.

Қайнар бастау басына отырып ап,

Су ішінен іздейді әлденесін!

 

Бұл бастаудың әр күні оған мәлім,

Сонда да әсте келгенін доғармады.

Құрдастары айтады – баяғыда

Жақұт көзді жүзігі жоғалғанын...

 

Жеміс үзіп мың түрлі миуа бақтан,

Кенелтіпті достары сыйға батпан.

Саусағына тағыпты дүр ақынның,

Алтын жүзік алдырып Хиуа жақтан.

 

Табылған ба, әй, бірақ мұңның емі, 

Аңсағанын қоймапты қу жүрегі. 

Олқы келіп қалған деп алтын жүзік,

Айтып жүр ғой ағайын... Кім біледі?! 

 

 

Тағдыр

Дәулет сері осы елдің күйтабағы,

Домбыра алса төредей сый табады.

Моцарт болып ойнайды күйсандықты,

Табылды боп сайратып гитараны.

Сол сері келемін деп қырды айналып,

Бір байға түстеніпті құлдай барып.

Қарсы алыпты ет асып, қымыз құйып,

Байекеңнің жүзіне нұр байланып.

 

Шабытты ердің шыққасын тынбай әні,

Бәйбішесі кіріпті сырлы аяңы... 

Жылыұшырай беріпті,

(Кім еді өзі?!)

«Ғашық болған қызым ғой бұл баяғы» 

 

Сөз таба алмай тар жерде айтарға епті,

Қайран ерге ескі дерт қайқаң кепті.

Жүрек соғып, 

Басына қымыз шығып,

Қыза келе... 

«Қатынды қайтар», – депті.

 

Білгесін мына сөзі ұнамасын,

Аттаныпты атының бұра басын.

Байекең жалғыз жепті қазандағы

Серіге арнап салған сыбағасын...