«Поэзия» номинациясы: Жалғыз

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: ҚоңырҚозы

 

«Көптам» жақтан байғыздың үні жетіп,

Ақшам кірсе – алқызыл.

Көз алдымда тырналар керуені,

Жар басында жарбияды жалғыз ұл.

 

Қоңыр күйді шертеді үнсіз шерленіп,

Қоңыр бесік – кең дала.

Жағасында балалығым жерленіп,

Жалғыз ағып бар жатыр Телқара.

 

Жалғыз жұлдыз ағып түсті әріде,

Өзегімді қарып өтті көне мұң.

Жалғыз аяқ жолға түсіп сәріде,

Жалғыз жортып кеткен едім төнеу күн.

 

Сонан бері – ойлар... Үміт... Қадамдар...

Кеудем шіркін – көөөп арманның тұрағы.

Жалғыз жүрек, жазымышына алаңдап,

Жалғыз соғып тұрады.

 

Жалғыз, жалғыз 

Жаным – жалғыз, жол – жалғыз.

Жабпарыма қалай енді... Сыйынбау?

Өкінеміз тағдыр жасап қолдан біз,

Қиындау!

 

«Көптам» жақтың еске салып дерегін,

Құлағыма байғыз үні келеді.

Жарым құдай сеніп келем. 

Сенемін.

Ол да жалғыз. Себебі.

 

 

Арылу

... Сағыныш мені таласа келіп,

Күнім еңкейсе қарашаға еніп.

Аттанып кетем ауылға қарай.

Аспаннан жұлдыз тарата беріп.

 

Таңдайыма кеп талғам бұрынғы,

Әкем дарытқан, жалғанды күнгі.

Бітіміне қарап танимын сосын,

Ақтанау айғырдан қалған құлынды.

 

Селеулеп қана сыз берсе таңым,

Желге жайылып, түзге өрсе сағым.

Аралап кетем дархан даламды,

Қойынымда бір күлше наным.

 

Жалғанның мына жұмағын көрмей,

Тайғанақ тағдыр тұрағын бермей.

Қол жайып ұзааақ қорымда жүрем.

Әкем қасынан ұзағым келмей.

Кеудемнің қатқан кілтін ашқанда,

Көзімнен моншақ іркіп аспанға.

Ілкіден бір ой қозғайды келіп,

Көзім шалдырсам құлпысатарға.

 

Тағы бір көріп түлкі жалғанды,

Санама оны түртіп алғамды.

Бетімді сипап әкбәрімді айтам,

Үш рет оқып құлхуалламды.

 

Толқыны асау теңіздей терең.

Телқара шешем,

мені іздейді екен.

Әкем мал баққан жер еді ғой бұл,

Әйтеуір... Елегзи берем.

 

Сәресі бітіп, күлгенде күнгей,

Көбесі кетіп көңілде бір күй.

Ақтарам келіп ақ тамақ өлең,

Өмір-ай, өмір, 

өмір – деп ылғый.

 

Арылып мына күәһар күйден,

Шерді қалдырып жүз атан түйген.

Тазартып болып тозаңын жанның.

Тау кесе айран сұратам үйден.

 

Күн жамбастаса қыратқа барып,

Ауылға қайтам, жыраққа барып.

Алдымда тұрад ақтанау құлын.

Екі аяғын суатқа малып.

 

 

***

Бақтарың куә,

Шамдарың куә.

Кештерің куә,

Таңдарың куә.

Көшелеріңде адасып кетіп,

Орындалмаған арманым куә.

 

Мен...

Ауылда шын бала болдым,

Қой бақтым, қозы бақтым, дала қондым.

Бір күні, тұңғыш мініп автобусқа,

Ең алғаш қала көрдім.

 

Ең алғаш,

жаным солай жеке қалды

Ал – деді,

аспан жасын төпеп алды

Елітіп ессіз дүние диірмен тасы.

Айналып кете барды

 

Таңға ұласты думанды кеші барып,

Жылтатынмын, жидемді шешіп алып.

Ғашық болдым сүйріктей бір сұлуға,

Ең алғаш есім ауып.

 

Жүрегін тыңда дедім тақымды ұлдың,

Оты барға дос болдым, жақын қондым.

Гүл жамылған гүлзарда өлең оқып,

Ең алғаш ақын болдым.

 

Бір күн батылдығымды жиып алып,

Ол тұратын ауданға жиі барып.

Қалықтап біраз жүргем сол сұлудың,

Ең алғаш ерінінен сүйіп алып.

 

Сосын жігіт шықты деп мына менен,

Құр отырмай ол жайлы құрап өлең.

Жетісіп желікті де басқан болдым,

Ең алғаш сыраменен.

 

Ең алғаш

басталғанды бәрі осылай,

Ғашықтық,

Ғашықтық па тән ысымай.

Құмарттым қою түннің ләззатына,

Оо сол түннің алысын ай.

 

Әр көшең толған менің естелігім,

Сенде жастық ескегін еспеді кім.

Ең алғаш ақыным деп елеп едің,

Келемін өлең деген көште бүгін.

 

Бақтарың куә,

шамдарың куә,

Кештерің куә,

таңдарың куә.

Қол созым жерден адасып қалып,

Орындалмаған аманым куә

 

Жастықтың қалған солай бозаң белі,

О сол шаққа тағы бір озар меді.

Алғашқы сәттеріммен көмкерілген,

Ақтөбе..

Ең тәп – тәтті музам менің.

 

Қу ағашта

Ақшам келіп тына қалды жел кенет,

Майдаланып кетті сосын толқындар.

Май шабақтар ойнайды ал еркелеп,

Айдын, өмір.

Жортыңдар.

 

Қу ағаштың кеші сондай әсерлі,

Күн батады алаулатып бар маңын.

Балықшы Арман еске салып әкемді,

Лақтырады қармағын.

 

... Бойлап кетіп кеш батқанда өзекті,

Қармақ салып қайтушы еді күн ара,

Көз алдымнан көшіп кеткен мезетті

Еске салды бұл ара.

 

Телқара да іштен тынып тербейтін,

Әкем келіп жайғасқанда тұсына.

Жалғыз ұлдың несібесі бар дейтін,

Қармағымның ұшында.

 

Бойлап кеттім өмір атты өзенді,

Өлең деген қармағым бар қолымда.

Шөлдегенде еріндерім кезерді,

Несібемнің жолында.

 

Содан бері оралмадым ол маңға,

Кешір әке,

Беу Телқара, сен кешір

Ақымақтау ақын ұлды ақшамда

Айтып тұрған желге сыр.

 

... Әне қапты қармақ басы дір етті,

Балықшы Арман тарта берді сбырмен.

Бір сезім кеп шаншып өтті жүректі,

Бірақ үнсіз қалдым мен.

 

 

Поезда

Даланың төсін қақ жарып.

Поровоз алып, сүйреген,

Вогонда жаймен ырғалып,

Асығып үйге келем мен.

 

Рельстерден адаспа,

Жолдарым біткен жоқ әлі.

Гүрс – гүрс еткен таластар,

Кеудемді жаймен соғады.

 

Тәтті сый алдым балама,

Паравоз деген күштілік.

Сүйінші сұрап далама.

Келеді әлсін ысқырып

 

Өттім мен қанша ауылдан,

Хал жайын күнә сұрамау.

Оны да біреу сағынған.

жолдарда жүрген шығар ау.

 

Ойымды айтсам бір үзім,

Бәріне бақыт қонса екен.

Рельстердей тым ұзын,

Өмір де ұзақ болса екен.

 

Қолында барлық күш білем,

Атағы дардай дарабоз.

Зулаған уақыт үстімен.

Өмір ғой.....

Өмір ғой мынау паравоз.

 

 

Қарашада

Қараша қаз қайтады бірер күнде,

Айтады қоштасудың сыңсып әнін.

Барады, 

тәуекелге түгел мініп,

Қалады кеуделерде шым – шым ағын.

 

Қараша қаз қайтады әне – міне,

Қырман жақын қызығы тоналуға.

Мен зәрумін достардың сәлеміне,

Сен кәмілсің қайтадын оралуға.

 

Көтеріп ап сап-сары туын далам,

Кеше көктем, бүгін күз тасты ырғады

Өмір осы – ау сынаптай суылдаған,

Қараша қаз қанаты асытындағы.

 

Қысқарып жаз әлемі,

Қырдан асып өмірдің ұшты легі.

Жылдың соңы қараша, қаз әуені

Өмір соңы қараша,

Ұқшы мені..

 

Қараша қаз қайтты әне туған жерден,

Айтты да қоштасудың сыңсып әнін.

Сыр тұнды...

Сүмбілені судан көргем,

Қалдырды кеуделерде шым – шым ағын.