Авторы: Тарпаң
Арғанатыдағы аппақ құс
Тұманды ауыл,
Туған ауыл.
Арғанатым аппақ құс.
Өмір ағын дейді жұрттар,
Алып кетті қатты ағыс.
Алып кетті олар мені,
Сол қиялдар, сол іңір,
Түс көремін,
Түсімде әкем,
Ағаларым, көбі жүр.
Терең-терең тыныс алып,
Шығам қайта сапарға.
Сен де, мен де сыя алмадық,
Мынау алып шаһарға.
Алып шаһар,
Дертің қалың,
Шермендесің шерлі түн.
Менің қоңыр қиялымды,
Кетті ме екен жер жұтып.
Саған қарай бастар еді,
Мұңлы түннің кермегі.
Жүрегі жоқ адам дедің,
Арғанаты сен мені.
Жүрек сірә, жібімеді,
Мейірімсіз ғасырға.
Күй кісінеп тұрар еді-ау,
Балбал баба басында.
Арғанаты жазығы...
Жұртта қалған ескі өлең
(Алаш арыстары мен міржақып дулатұлы рухына арнаймын)
Күңіренген балбалдар, кісінейді қасқа су,
Сағынышты сарындар тарпаң шыңға басташы.
Ақ селеумен жамылған адыр-адыр белдерге,
Шайыр келіп адырна, өлең оқып тастасын!
Сарыарқадан бұлт аунап, салалайды сай, құзды,
Қақ төбеңді тілімдеп шырқыраған байғыз жүр.
Алаш болып ояндым, мен оянсам беу, тарих,
Ақжауынға ұласты жүректегі айғыз жыр.
Рухтарды тiрiлтер кезбе күн мен ай, мола,
Сен мәңгілік тiрiсiң, мәңгі өлмейсiң бай дала.
Міржақып боп тасыдың, құдiреттi қара сөз,
Алаш деген кеудеңде алып-алып ой ғана.
Тілімдеген жаныңды жартастардың жарасы,
Баба-ырымға тартады ілкілердің моласы.
Қазанаты шұрқырап кіл бестінің ішінен,
Кезіп кеткен рухы Қаратаудың даласын.
Іңірдегі елеспен еңіреніп шатқалдар,
Арыстардың жорығы ол, қабағында қатқан қан.
Көгілдір тау кiсiнеп, айға қарап ұлиды,
Баhадүрлер басына дұға оқып жатқанда.
Ертіс бойы серi күн, жалғандағы жолдасым,
Қубас аттың төгілген тау iшiнде жорғасы.
Батпақсудың бойында мың түменi күркiреп,
Қылышынан қан тамған Хан Абылай ордасы.
Өлең болды бұл күні жұртың тыңдар жалықпас,
Намысымды жаныдың найза ұшында шарық тас.
Әзиз басы бұлқынып, рухтары қалықтап,
Жырға айналып кеткен бе, Желдіқара, Сандықтас?!
Беу, Алаштың тарпаңы, сенi ұмытпас бұл халық,
Тарихыңның таспасын сыр-сандықтан тыңдадық.
Жасын-жасын сөздермен бата берген бабалар,
Алшаң басқан айбарлы Ақтамберді, Дулатым.
Қайырмасы секілді бұл дүние бiр әннің,
Қабырғалы жараусың, құлаш жайған қыран жұрт.
Қара өлеңдi маздатқан, боз даланы боздатқан,
Оян, қазақ дегенде тар заманда уандық.
Тұяғына ілініп дүбір-дүбір айғырдың,
Нажағайдың отына бәдіз бұлттар қайғырды.
Томағасын сыпырған бүркітіңнің топшысы,
Шарайнасын шарлайды тасырқаған қай қырдың?!
Тарихымның таспасын тыңдашы сен, аяулым,
Шырт ұйқыда жатырсың, мен тағы да ояумын.
Дұғамды оқып iшiмнен күбiрлеймiн намазшам,
Баяны жоқ жалған-ай, Қозы Көрпеш – Баянның.
Күбірлеген өлеңдер, мұңға айналған кәрі түн,
Қоңыр күзің киеді шерлі шалдың қамытын.
Бозаң бiткен боз жусан бабаларды еске алар,
Мұражайға мирас боп дулығасы, сауыты.
Ерке Есілім толқиды, тұман тыңдап қаз үнін,
Өзiңе кеп байланар жаспен тамған қазығым.
Ғасырлардың бедерін бәйіт мұңға таспалап,
Хан-Тәңірмен тілдескен Тарбағатай жазығы.
Қассақ қаны қазақтың беу, дариға-ай жұлқынып,
Домбыраның ішегі бебеулейді бұлқынып.
Күн қақтаған жонымен күдірейіп абадан,
Қасат қардың қағында бара жатыр ұмтылып.
Беу, Алаштың рухы!
(Хәкім Аабай ауылында)
Беу, ескі дос, есіл дос, Ертіс аға,
Құлазыған өңім бұл, шертіс аға.
Көзіңдегі қайғыны сіміріп сап,
Сезімдердің суынан серт іш, аға!
Семей сенде өлең бар бағзыдағы,
Қаңсық қылып қайтемін бәз мұраны.
Хәкім ата, қазақты мінеді деп,
Кейде сені біреулер жазғырады.
Хәкім ата, кеш бізді ес білмеген,
Ғұмыры өлең абыздың, кескіні өлең.
Өзің айтқан желсіз түн, жарық аймен,
Қоңыр мұңға малынған кешті көрем.
Бұл күніңде ел тыныш, жұртың аман,
Сай-сүйегі жаныңның сырқыраған.
Қарауылда өлең жүр байыз таппай,
Шыңғыстауда шындық жүр шырқыраған.
Сіз кеттіңіз қасқа жыр кісінеген,
Сұм тағдырды сұрланып сұсы неге?!
Қасқабұлақ оянды, қарт Шыңғыстау,
Жұлдызды түн күбірлеп түсіңе өлең.
Өлеңді содан бері сенен өргем,
Сол өлең құсұйқыда келе берген.
Дұға еттім күмбезіңе Жидебай-жыр,
Бұлдырап бара жатыр көне керуен.
Ғазал шертісі
Үйге келсем,
Кітаптарды шаң басып,
Көрші үйдің де қабырғасы мүжіліп,
Қара ағашым көздің жасын құяйын,
Қарамашы маған олай кіжініп.
Ұзақ кеткем осы неге жол басып?!
Әкемнің де жолдастары еңсергенді елуді.
Ұмытыппын атама да, ағама да,
Бала кездің аптығындай сәлемімді беруді.
Жылама деп құрбыға,
Жан қарындас кеткенде,
Ауыл жақтан бұлттар көші жеткенде,
Қашан айттым, есімде жоқ сыңар күн,
Қайта-қайта қайғырыппын,
Қайырмасы қосылғанда бір әннің.
Үйге келсем тағы да,
Ауламызда естеліктер:
Газет оқып атам отыр, шәй қояды апашым.
Сол ғұмырдың еміс-еміс естелігі бетінде
Газет оқып келеді деп,
Қара шалдың әлі күнге,
Күтіп жүрмін батасын.
Кешір бауыр, ол күндердің жоқ өңі.
Ескі жақтау боздап қоя береді.
Менің мазар – отбасым.
Кеткен екен біздің үйдің айналасын шөп басып,
Мазарларды шөп басып,
Уақыттарды шел басып...
Іңірдегі ойлардан
Беу, туған жер, ғұмырым!
Келіп саған аунаймын мауқым басып,
Шалдарыңмен шалғылы қауқылдасып.
Қыр-бұйраттың аңқыған жусанындай,
Мөлдір шықтың жасындай қалпыңдасың.
Сосын сенің аспаның ұнап маған,
Ұнап маған, көңілім құлап саған.
Ауып бара жатады екінді күн,
Шауып бара жатады бір ақтабан.
Менің солай өмірім шапқыласын,
Шапқыласын беу, ғұмыр алқынасың.
Саған жазған өлеңдер тынши алмай,
Кеудемдегі жанартау атқыласын.
Мынау қоғам санамды езген кезде,
Төрт қабырға қамалып төзген кезде.
Қаным ысып кетеді, тамыр тулап,
Тұлпарлардың дүбірін сезген кезде.
Кейде көңіл сергімес, жан ауырған,
Жауап таппай кетемін сауалыма.
Жүйрік жылдар жасына жарқылдайды,
Жеті өзеннің арнасы-ай жағаға ұрған.
Жасың сенің жасыма сіңер еді,
Қалса деп ем жағаңда бір өлеңім.
Түсініксіз сағыныш басады осы,
Түсініксіз күбір бар, білем оны.
Ақ өлең,
Арда өзен,
Тасып қалып,
Тасысаң тулау керек,
Асықпалық.
Қалаға қайту керек өмір лебі,
Жағаңда жұбанады
Ғасыр қалып.
Жағаңда отырамын іңірдегі,
Іңірге баяндайын бүгін нені?!
Баяны жоқ дүние күреңітсе,
Жабығып кетеді екен түннің реңі.
Мен солай саған келдім,
Жалқы әуенмен.
Жалқы әуен табылар ма,
Шалқар елден?!
Туған жер қоштасатын кезде келді,
Төсіңде тулап дүбір,
Арқар өрген.
Қабырған өңі суық, қала мұңлы,
Мен мұңға тағы малдым жанарымды.
Шырағы сөнбесін деп дұға оқыдым,
Шашын жел тарап жатқан сол арудың.
Сол ару жыраққа әрмен кетті көшіп,
Бетінде жұлдыз жарқыл, секпіл өшіп.
Жарығым, сен аман бол, сағынышым,
Ғұмырым қайшыласты, кескілесіп.
Арындап жалыныңда, ағыныңда,
Болмайды енді бізге жабығуға.
Жеті күн барады екен бастан ауып,
Жеті өзен ағып жатты тамырымда.
Жалғыздықта жұбану
Сен менікі болар ма едің, болмадың,
Жүрегіңе орнап алған сонда кім?!
Жалына түс дегенің бе, жарқыным,
Сағына түс дегенің бе сондағың?!
Сол күндердің бәрі есімде, тым ыстық,
Ойнадық та, ойландық та, күлістік.
Екеумізге түсінісу тым қиын,
Екеумізге жараспады тыныштық.
Сен де бөлек, мен де бөлек ғаламшар,
Қайғысы дерсің қара бұлттай қабарсам.
Менде ғана өкініш бар өткенге,
Менде ғана өткен күнге бар аңсар.
Махаббаттың жыршысы едім маздаған,
Жетеміз бе жадыраған жазға аман?
Сенде мені сүйе алмаған – жанарлар,
Менде сені – маңдай ғана жазбаған...
Көктем келер
Келер келер, көктем келер,
Келгенменен, біз бөлек.
Бізді ұғатын жоқ пенделер,
Бізге қалқам, күз керек.
Бар сырыңды ақтар дағы,
Бар жырымды төгем мен.
Аяздарға ақпандағы,
Сен де шыда, көнем мен.
Көктем келер, шын шыдалық,
Күндер туар кейін өр.
Бұлақтармен сыңсып ағып,
Бар қайғымыз сейілер.
Мысқал мұңнан ада білем,
Мекен іздеп жүр ғажап.
Құс қауырсын қаламымен,
Біздер жайлы жыр жазар.
Күн боп көктен аймалайық,
Түн боп тербеп ырғалып.
Жапыраққа айналайық,
Қайыңдарда бүр жарып.
Құстар жолын салсын көктен,
Кетсек ұшып күзге одан.
Жақсы көріп қалсын көктем,
Жек көрсе де бізді адам.
Қайғы қалсын қатпарменен,
Сен екеуміз гүлге еніп.
Көктем келсін, ақ қарменен,
Кетейікші бірге еріп.
Жаңбыр астында
Тарттым мен ойдан қанша азап,
Таттым мен ойдан қанша мұң.
Бәрінен басым болса азат,
Несіне сені аңсадым?
Жарығым менің, сүйіктім,
Ісі жоқ жігіт демесің.
Білесің сен де, жиі ұқтың,
Бақыттың сөзде емесін.
Жырымды саған жолдасам,
Мені де бір сәт ойлайсың.
Ақынның жыры болмасаң,
Ақынның жары болмайсың!
Бәрі де қалқам, жыр үшін,
Бәрі де қалқам, бақ үшін.
Сен мендік жырдың бірісің,
Басқаның бірақ, бағысың.
Өкіндім, күйдім мен неше,
Маған да күлкі, керек мұң!
Өмірім-өлең, ендеше,
Өмірді сүру керекпін!