"Поэзия" номинациясы: Рух революциясы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Хауа

 

Архетип (Абай рухына)

Қолдарым – 

Темір ұстағаннан емес,

Арыммен арпалысып қанға боялды.

Түнге кірпіш боп қаланып,

Таңда есіктің табалдырығында ояндым.

 

Біреу біреуге аяғын сүртті,

Біреу тобығымен кешіп жүр жұртты.

Біреу біреуге «рақмет» деуін,

Жұлдыздар ағаштың саусақтарына ілініп күтті.

 

Күресу – мен ойлағандай ма?

Жаным отқа түсіп,

Жүрегім құмға айналардай ма?

 

Қағазға қаламмен тақырып соқсам –

Алдымда Абайдың көзі,

Көзі емес, 

Өзімнің ішкі жарығым екен, 

Мен оны таныдым ба екен?

Мен өзімді таныдым ба екен?

 

Сонда не үшін жанталасып жүрмін?

Өзімді алдау үшін бе?

Жоқ.

Қоғамнан қалмау үшін бе?

Жоқ. 

Ішкі даусымды қорғау үшін!

 

Сол дауыс:

– Сен адамсың ба? - деп сұрады кенет менен.

Міне, осы сұрақты жоғалтып алмау үшін

Еңбектенем!..

 

Абсурд

Толық адам жоқ бұл күні,

Толық лауазымдар бар алмасқан.

Ар – архивте.

Жүрек – музейде.

Ұят – ескі кітап сөресінде шаң басқан.

 

Сезімдер – смартфонда өмір сүрсе,

Мейірім – тек балаға арналған ертегіде.

Әділет сатылып жүр,

Қалталылар қаптаған жерде, міне!

 

Біз Абайдың сөзін жатқа білетінбіз.

Біз Абылайласа, атқа мінетінбіз.

Қазіргі ісіміз – бөлек.

Көңіліміз – бос,

Көзіміз – толы.

Бізді қайда апарар екен,

Өмірдің жолы?

 

Адамның кейбір кездері

1. Тазалық –

Баланың тынысындай жұпар,

Бірақ менің демімнен

Темірдің иісі шығар...

 

2. Топырақ – қолымда!

Бұл даналықтың иісі ме,

Әлде жанымнан түскен шаң ба –

Ажырата алмадым оны да.

 

3. Біреу – балға,

Біреу – күрек,

Ал сен – 

Қирап жатқан кірпішке ұқсайсың

Жүрек!

 

4. Түнде

Шеге боп түс көріппін

Қабырғаға қадалып, егестім.

Іштей айқайлап жаттым:

«Мен де бірнәрсені ұстап тұрмын!

Мен де керексіз емеспін!».

 

5. Жанашырлық – дауыспен емес,

Өөліммен өлшенеді...

Жаныңнан қан аққанда ғана,

Көзіңді құм жапқанда ғана

Еел сенеді.

 

Триггер

Негізі әділет сөйлейді,

Бірақ естімейсің –

Өкпең кедергі.

 

Негізі ол өте жақын,

Бірақ қолың жетпейді –

Өз пайдасына шешкен кедергі.

 

Негізі ол ішіңде,

Жасырын өзіңе, бізге де.

Сол жерден таппасаң –

Соттан да,

Елден де,

Ешкімнен іздеме!

 

Ауысым

Күздің алғашқы күні…

Ұйқымнан тұра, тоқыма көйлегімді кидім.

Қоп-қоңыр қалам ұстап ап,

Сап-сары күзді қашап тастадым

Әр бұрышына үйдің.

 

Аспанға қарап бұлт іздедім – таптым.

Терезені сүрттім, сыбдырын есту үшін жапырақтың.

Жеңіл жамылғыны қалыңымен ауыстырдым,

балмұздақты – шаймен.

Терезенің алдына қоңыр орындық қойдым...

Жаймен:

Күнтізбедегі тамыз парағын жыртып тастадым.

Көзәйнегіме жаз салған суретті сүртіп тастадым. 

Мен осы терезенің алдында қанша күзді қарсы алдым екен?

Кері қарай жүрмейді енді ай тілім,

Кері өмір сүрмейді енді күн жүзім.

 

Бұл күн тоғыз ай түсіме кірді...

Жаз менің үстімнен өткен еді,

Күз – ішіме кірді.

Қыркүйек осылай басталады екен...

 

Кір себет

Кір себетке

бүгін тағы

шаршауымды салдым:

Баланың күн жеген киімі,

Жұбайымның кірлеген жейдесі,

Аал менің кимеген көйлегім.

 

Кей киімге ас суын төккем,

Ал кейбірінде көз жасы кепкен.

 

Кір себетім күнде толып тұрады.

Ішінен иіс емес, реніш шығады.

 

Кірді жуу қандай оңай?

Көңілді тазарту қандай қиын?

 

Кір себетке бүгін тағы бір күнімді салдым,

Ішінен еңкейіп кешегі өзімді іздедім...

Бармын!

Бармын!

 

Сұрақ 

– Ел қалай?

– Тыныш.

– Қорқыныштан туған үнсіздік пе,

Әлде бәрін қойып,

Қой боп кеткен сана ма?

– Сізге не болды?

– Ұят – контент боп жүр далада.

Қазақ тілі – газет бетінде қап қойды.

Ауыл жұрты тым азайып барады, ә?

Қала биік болғанмен, рухы төмен

Мектеп көп, тәртібі жоқ болдық неден?

 

– Кімге өтірік бұл сөздер?

Кімге шындық?

Бірге өмір сүрмей-ақ бірге тұрдық.

Бұл не сұмдық?

Бұл не тірлік?

 

Пікірлеу

Қарапайым ғалам.

Қарапайым әлем.

Қарапайым саған

Қарапайым менен – 

Қарапайым өлең!

 

Қарапайым аспан, 

Қарапайым күн де.

Қарапайым тастар,

Қарапайым гүл де!

Таба алмадым жерден - 

Тәкаппарлық мүлде!

 

Қарапайым жолдар.

Қарапайым ойлар.

Қарапайым сезім.

Қарапайым арман.

Тазалықты көрдім – 

Қарапайымдардан.

 

Қарапайым жаны.

Қарапайым көзі.

Қарапайым бәрі:

ойы, өзі, сөзі.

Адамның ең сұлу – 

Қарапайым кезі.

 

Қарапайым сенім. 

Қарапайым көңіл.

Қарапайым өлім.

Қарапайым өмір. 

Қарапайымдардың – 

Қос өмірі жеңіл...

 

Тоңазытқыш

Түн ортасы.

Үй ұйқыға кеткен.

Менің ғана тоңазытқыш есігін ашуға 

Батылым жеткен.

 

Бетіме суық ұрды:

– Қатқан нан 

– Саусақ ізі қалған иогурт

– Күріш екі күнгі.

 

Сөре тола.

Бірін жей қояйын деп мен ашсам,

Жарамдылық мерзімі – өткен

 

Кейбір армандарым сияқты.

 

Қатқан нан 

Қақиған кеуделерге ұқсайды,

Қолмен сынбайды,

Тілге жұқпайды.

 

Бұрышта – ірімшік көгерген.

Иісінен танып 

Іші тар пейілдерді көрем мен.

 

Екінші сөреде – лимонад,

«Таза» деп жазыпты сыртына.

Құрамын оқысам – 

100% қиянат. 

 

Астыңғы жәшікте – 

Көз жасындай мөлдір мұз кесектері.

Тас боп алқымды, сосын кеудені

Суытқан көптің өсектері...

 

Тоңазытқыш – бұл жай құрылғы емес,

Ол – естеліктердің мұрағаты.

Оның жалғыз кінәраты: 

Ссақталып тұрған осында

Махаббат та қатып қалады

Кейде... Ашу да.

 

Біздің өміріміз сияқты:

Сырты аппақ, іші – сасық шындық,

Мұздап қалған көңілдер – пәленбай жылдық,

Сонда да күніне жүз рет ашып тұрдық...

Тойымсыздықтан ба?

 

Синхрония

Сағынышым – жүрегіме жұғып қалған иісің,

Сағынышың – жымиысым, жылытатын үй ішін.

Тыныштығым – тұмарым ғой мойыныңа тағылған.

Тыныштығың – қабағымда, табағыма салынған.

Кешірімім – таң атысы қайнап тұрған шәугімім.

Кешірімің – тәрелкеме сыйып кеткен тағдырың.

Сенімімде – селкеуі жоқ адалдығың, пейілің.

Сеніміңде – сенің менмін, менің сенсің киімім. 

Еркіндігім – жүзігімнің жанарында жымиды.

Еркіндігің – қара кештің қабағында ұлиды. 

Үмітімді – жеңішкертпей сақтағаның секілді,

Үмітіңді – мәпелермін құм көмгенше бетімді.

Махаббатым – жүрегімнің зәмзәм суы сен ішкен.

Махаббатың – рухымыздың бірігуі жеңіспен. 

Біз екеуміз – жуымастан әзәзілдің жанына

Жақсы көрдік, жақсы көру аяқталса, тағы да!

Әйел – ерін, ері сүйіп – Құдайын!

Қос өмірде қол ұстасып лайым... 

Жүрейікші, жұбайым!

 

Миғраж

Кірпігін ілсе қара түндерім,

Жалғыздығыңа – тығылам.

Жанымды түйіп баратын жерім,

Аалатын демім – құбылам...

 

Бұрылған сайын – Өзіңе денем,

Рухыма дауа табылды.

Күн сайын өліп, тіріле берем,

Тазарту үшін жанымды. 

 

Өмірім үшін күйбеңдегенде,

Өлім де жақын, білерім...

Маңдайым төмен – тигенде жерге,

Қарайды көкке – жүрегім!

 

Бүгілсе белім – тәнімнің хәлі,

Сұлумын осы күйде ең!

Дұға да, күнә – ағылды бәрі,

Қос қолын жайған бейнеден. 

 

Иілсе жаным, қаусап алдыңда,

Тік тұрар жалғыз иманым.

Сездірдің, бұрған Саусақтарым да

Көңілдің кірін жуғанын.

 

Құлатқан сайын менмендігімді

Ұлықтай бердім, бас ұрдым!

Күніне бес рет көргендігімді,

Пендеге айтпай, жасырдым...

 

Ұмыт боп кейде, қалса да бір күн,

Кешірім – ұлы Есімің!

Мың терезесі болса жанымның,

Бәрінің аштың – есігін.

 

Сырым жасырын басқаларына,

Сөзімнің Сенсің – бөлшегі.

Нені көрсетсең, қос жанарыма...

Бәрінен көрдім – мен Сені!

 

Осы ма екен, шын берілудің өлшемі?!