Авторы: Altayaru
Еңбек-қуаныш, жалқаулық-айырылмас азап.
– Абай Құнанбайұлы
Ауылда күннің атуының өзі бір керемет сәт! Жер беті сиқырлы тыныштыққа бөленіп тұр. Түннің қою қараңғылығы бірте-бірте сейіліп, күміс түсті бұлттар ішінен жасырынбақ ойнағандай алтын шапақ жылт етті. Ол аспанды бозғылт қызғылт түске бояп, айналаны жаймен оята бастады.Табиғат-Ана нұрланып, құстардың сайраған үні жерде жыбырлаған тіршілік атаулыға салтанатты әуендей сезіліп, жаңа күнге бастай жөнелді. Таң салқынында шөптердің басына ұйып қалған шық та күн сәулесімен ойнақшып жылтырай бастады. Тау жақтан самал жел жеңіл ескенде, дала гүлдерінің жұпар иісі мұрынға келіп, жанды рахатқа бөлейді. Таңның тыныштығы мен күннің алғашқы нұры табиғатқа жаңа өмір сыйлағандай әсер қалдырады. Қорада қойлар маңырап, қораз аяғын ширақ басып, жан-жағына басын соза әнге басты. Орман ішіне күннің шапағы түспесе де, алыстан, жапырақ арасынан естілген құстардың құйқылжыған дауысы біртіндеп әлемді оятып жатқандай. Күн толық көрінген сәтте әлем жарқырап, кербездене оянды.
Көкжиектен Күн сұлу көрінбей жатып, тірлікке араласа кететін Әділбек бүгін де әдетінше ерте тұрған. Қора жаққа бір барлап қайтпаса көңілі көншімейтін Әділбек күнделікті дағдысынан жаңылмай, қора жаққа назар салған. Еңсесі ептеп түсіп, қабағы түйілген – бұл қалып оның түнімен тыныш ұйықтай алмай, дөңбекшіп шыққан әйелінің мазасы қашқан күйін уайымдаудан туған. Ыңқыл-сыңқылды білмейтін жары түн баласы аһ ұрған. «Не болса да, ауруханаға апарып толық тексеруден өткізбесем болмас,» - деген ой санасында жаңғырып тұр. Аяғын нық баса, қора жақтан шыққан әр дыбысқа елең етіп, бірде тоқтап, бірде жақындай түсіп, шөптің арасын, есік жақты, төбені көзден таса қалдырмай шолып өтті.. Жаттанды түздің тірлігін тындырып, үйіне кіргенде, өңі сынық көрінген жары Жамал шай қамдап жүр еді. Жүрісі сылбыр, ауыр қозғалады.
– Бүгін жұмысқа бармай-ақ қояйын. Сенің мазаң қашып тұр ғой, жаныңда болайын. Балаларға шәйін бергеннен кейін, бірден аудандағы ауруханаға барып келейік, – деді Әділбек жиырма алты жылдан бері отасып келе жатқан аяулысының жүзіне барлай қарап.
– Жұмысыңнан қалма. Кеше «барамын» деп уәде беріп қойдың ғой. Қазір дәрімді ішіп, біраз дем алармын, – деген Жамалдың кесе ұсынған қолы дір еткендей болды.
– Жүзің жуған шүберектей болып тұр. Ауруханаға барғың келмесе, дәрігерді үйге шақыртайын, қу тірлік қайда қашар дейсің? – деген отағасыны Жамал тоқтатып тастады.
– Былтыр да бір рет осылай әлсіреп ауырып, тынысым тарылып, беймаза халге түскенім бар емес пе? Бұл жолы да солай өтер де кетер. Дәрігер шақыратындай ауыр науқас па едім? – Сөзінің соңын күле аяқтауға тырысқан әйелінің кірбіңді өңіне бір қараған Әділбек тездете таңғы асын ішіп, мотоцикліне мініп, көрші ауылға қарай құйындата жөнелді. Он бес шақырым қашықтықты тез-ақ еңсеріп, діттеген жеріне жетіп-ақ барды. Бұның төбесі көрінгенде, сиырларын өріске жібермей, тағатсыздана күтіп отырған ауылдықтар қуанып қалды. Меймандостық көрсетіп, алдымен дастарханға шақырды.
– Уақыт жоғалтпай, басты шаруамызға көшейік,-деді Әділбек қысқа амандық сұрасудан соң. Бар ойы-тірлігін тез тәмамдап, Жамалының жанына жылдамдатып оралу. Оған ауыл қазақтары бой берсін бе? «Астан үлкен емессің» десіп, ақыры шай ішумен біраз уақыт өтті. Әділбектің жаны тызақтап, ішкі сабырын тауысып бітті. Арасында үй жаққа жылдамдатып хабарласатын құрылғының да әлі ауылға дұрыс орнатылмаған кезі. Оның мал-дәрігерлік институтты бітіріп, осы ауылдық аймаққа жұмысқа тұрғанына биыл жиырма жылдың жүзі болады екен. Жиырма жылда мал өсіруді басты күнкөріс қамына айналдырған ауылдастарының алғысына бөленіп келеді. Алтын асықтай алты ұлы, тәп-тәтті төрт қызы бар. Ерінің ел алдындағы беделін ойлап, тұрмыс қажетіне бола оны мазалай бермейтін жан жары Жамалы қасында. Өзі де ағайыннан аздық көріп, жалғыздық сезінген кезі жоқ. Бірақ...Бірақ бүгін көңілін ала бұлт торлап алды. Қымбатты қадірлісін абайсызда жоғалтып алардай күпті көңілмен жүріп мал қораны жіті көзбен бір тінтіп шықты. Сиырлар тегіс арықтап, тұла бойларына қотыр қаптап, сиықтары қашып-ақ қалыпты.
– Мұндай белгімен ауырған тағы кімнің сиырлары бар? – деді Әділбек қолғап киген қолымен қасқа құнажынның сауырын бажайлай қарап.
– Биыл жайлауға шығатындарға мал қоспай, ауылда сиырларымызды кезекпен жайып жүр едік. Менің қорамнан басталған бұл тері құрты біраз малға тарап кетті, – деді ұзын бойлы, жуан дауысты үй иесі.
– Қан сараптамаларын алдым. Нақты себебін анықтайтын боламыз. Сосын мына қораның іші қапырық, әрі көңі шығарылмапты. Жаздың ыстығында көңнің тіптен қызатынын білесіңдер. Алдымен қораның ішін, сыртын мұқият тазалау керек. Дезинфекция жасау да қажет, – деп кеңес берген Әділбек көлігіне беттеді.
– Е, сөзіңе қарағанда, ұзын арқан, кең тұсау бір іс болайын деп тұр ғой. Бізге кімнің жаны аши қойсын деп ойлап едім өзім де, – деп ашық реніш білдірген үй иесіне Әділбек тіктей қарады.
– Жараны сипап, неден пайда болғанын білетіндей бұрынғының тәуіптері емеспін ғой. Қазір ауданға жүремін, сол жерден лабораторияға тапсырып кетемін. Бірнеше күнде нәтижесі дайын болады. Оған дейін қораны тазалап, сиырды ашық шарбаққа қамаңдар. Өз беттеріңмен ем жасамаңдар!
Кесіп-пішіп сөйлеген Әділбекке ұзынтұра ештеңе айта алмады. Әділбек мотоциклін оталдырып жатқанда, үйден бәйбіше шығып, қолына құрт-ірімшік түйілген дорбаны ұстатып еді, ол қолын қағып жіберді.
– Мен осы жұмысым үшін жалақы аламын. Сол себепті маған ештеңе ұсынудың қажеті жоқ, – деп соңында шұбатылған ақ шаң қалдырып, көзден ұзай берді.
– Қаланың қазағы сиқты осы жігіт,-деп жақтырмай қалды тұрғандардың бірі.
– Ауру сиырдың сүтінен жасалған деп алмай кетті ме? – деп әйелі де мал дәрігерін сөге жөнелді.
Аймақтық мал-дәрігерлік бөліміне келіп, қағаз жұмыстарын реттеп, қан талдауларын тағайындап, күніне бір рет ауданға қатынайтын қызметкерден беріп жібергеніне іштей дән риза болып, орнынан тұра бергені сол еді, жұмыс үстеліндегі қара телефон без ете қалды. Телефонға мәнерлеп жауап беруді ұнататын әріптесі Сайран тұтқаны ала қойды.
– Аймақтық мал-дәрігерлік бөлімі, – деп бипаздана сөйлей беріп еді, ар жақтағы дауыс шырқырай жөнелді.
– Әділбекті шақыршы, Әділді шақыр!
Әпкесінің даусын бірден таныған Әділбек тұтқаға жармасты. Жүзі әлем-тапырық болып, тысқа ұмтылғанын біледі. Одан кейінгі дүние ию-қию болып, аласапыранға айналды. Аяғының астындағы қара жер тітіреп, сөгіліп бара жатқандай көрінді. Тамыздың тамылжыған күнінде төбесінен жай түскендей сезілді. Әріптестері қолтығынан демеп, жеңіл көлікке отырғызғанын еміс-еміс біледі. Жанында қаумалағандардың дауыстары алыстан талып естілсе де, өз жүрегінің тайдай тулағанын анық сезді.
– Қалайша? «Айырылып қалдық» дегені қалай? Таңертең ғана өз қолымен шай ұсынған Жамалының келмеске кеткені қалай? Қасынан неге кеттім? Неге дәрігер шақырып, жанынан табылмадым? Мүмкін, жай қате сөз болар. Біреу қате түсініп, Жамалымды...
Ақылы мен сезімі кезек күресіп, естіген сұмдығына сене алмай, үйінің ауласына ене бергенде, төбе-құйқасын шымырлатқан дауыс естілді. Сол сәтте Әділбек өмір мыстанның өзіне тұзағын мықтап салғанын іштей түсініп, теңселіп кетті. Үпір-шүпір балаларының алдында аңырап жылай алмады. Алдамшы үмітінің жетегіне еріп, бөлмеге кіріп барғанда, Жамалының тастай суық өңін көрді. Әйелінің сұп-суық қолынан ұстап, жүрелеп отыра кетті.
– Елуге жетпей үзілгенің не? Тіршіліктен біржолата баз кешіп, түңілгенің не? Сенсіз мен әлсізбін, дәрменсізбін... Шарасыз халімді көргің келмесе, орныңнан тұршы, кәне, сүйемелдеп жіберейін, тұра ғой, Жамалжан! Балаларды бірге өсіріп, қызықтарын бірге көреміз дейтінің қайда?
– Әділ, бекем бол. Алла сүйген құлын сынайды. Мықты бол, – деп әпкесі Шырын келіп тоқтау айтқанда, Әділбек екі иығы селкілдеп, егіліп отыр еді.
Қалада алғашқы курсын тәмамдап, жаз бойы қосымша жұмыс істеп, қайтуға жиналған үлкен қызы Құндызайға қаралы хабарды ақыры өзі естіртті. Дәті бармаса да, өз көңілі иланбаса да, телефон тұтқасына ақырын сыбыр етті:
– Құндызай, қарғам, апаң...апаңнан айырылып қалдық.
Тұңғышының шыр еткен даусы онсыз да қан жылаған әке жүрегін мәңгі жазылмастай тілім-тілім етті.
Күрсінумен күн өтті. Аһ ұрумен аптаны асырды. Есін алған елестерімен арпалысып жүріп, балапандарының жәутеңкөз жетімге айналғанын да аңғармай қалыпты. Жамалды жұтқан жүрек дерті екені айқын болды. Күн мен түннің айырмасын білуден қалды. Бұрынғы базарлы шағында бұл үйден сәбидің күлкісі үзілмейтін. Ауладан аттап кірген жан болса, қамсыз, уайымсыз балаларды көруші еді. Енді бүгін сол ғажайып бағы қурап, көңіл қызғалдағы солып барады. Есіктің алдындағы томарда отырған Әділбек кенет атып тұрды. Қуыршағының көйлегін келістіре алмаған жеті жасар қызының үнсіз кемсеңдеп жылағаны қайғы тұңғиығына құлап бара жатқан жігіт ағасын лезде тірілтті.
– Құлыным, келе ғой әкеңе. Жылама, балапаным. Әкең әлі ондай қуыршақтың түр-түрін әпереді,-деп қызының күн иісі сіңген тұлымынан иіскеді.
– Ол қуыршақты апам әперген, Енді ол да өліп барады,-деген кішкентай қызының сөзі әке жүрегіне қанжар сұққандай әсер етті.
– Балалар, кәне, бәрің бері жиналыңдар. Айтарымды ұғып алыңдар. Апаларың сендерді тастап кеткен жоқ. Ол бізбен мәңгі бірге, тек тым-тым жоғарыға, сонау биікке ұзап кетті. Апаларың біздің жүрегімізде, біздің санамызда өмір сүре береді. Сендер жетім емессіңдер. Сендерге қорған болатын мен, мына әкелерің бар. Ешқашан жетіммін деп жабырқамаңдар. Жамал екеуміз сендерді елден қалдырмай оқытамыз деуші едік... Тура солай болады, уақыты келер, барлықтарың қалада оқып, бір-бір маман болып шығасыңдар. Жаным тірі болса, аналарыңның сендерге берген сертін, тілегін орындаймын, маған сеніңдер.
Көз жастары мөлтілдеген балаларының ортасында отырып, Әділбек енді қайғыға берілмеуге, жарына берген антына адал болуға іштей серт етті. Сол күннен бастап, жүрегі жылап тұрса да, жан перзенттерінің алдында ақтарыла күлуді үйренді. Қайратын жанып, жігерін қайрап, алға, болашаққа ұмтылды. Ағайын-туысы қанша өбектесе де, қайғысын жеңілдете алмасын білді. «Тас түскен жеріне ауыр.» Он баланың әкесі де, ендігі жерде анасы да бір өзі екенін бар жүрегімен сезінді. Осы сөзбен айтып жеткізгісіз жауапкершілік жүгі әкені айбынды етті, қажырлы етті. Балаларымен ашық сырласқан осы күннің ертеңіне Әділбек жұмыс орнына кіріп келді. Әріптестері жайшылықтағы жайбасар жұмыс күнін әупірімдеп өткізіп отыр еді, бұның тосыннан кіріп келгеніне қайран қала қарасты. «Әйелінің жетісін өткізе сала, жұмысқа шығып алғаны несі?» деген таңданыстары жүздерінде жазылып тұр.
– Әділ, әйеліңнің қырқына дейін жұмысқа шықпасаң да болар еді. Аудандағы бастыққа жайыңды айтқанбыз, ол кісі мақұл деген. Айлығың сақталатын еді ғой,-деп Сайран жас балаға сөйлегендей тым жылы тіл қатты.
Бұл дүниеде Әділбектің төзе алмайтын бір нәрсесі-елдің есіркеп-мүсіркеуі. Сайранның әр сөзінен аяушылық райын сезген Әділбек қабағын шытты да, жайбарақат күйде жауап беруге тырысты.
– Қайғыма ортақтасқандарыңызға рахмет. Енді міндетіме кірісейін. Өткенде анау бір ауылдағы сиырлардың белгісіз қотырмен ауырғанын хаттамаға түсіріп, қан талдауларын ауданға жіберіп едім. Сол құжаттар қайда екен?
– Сіз жұмысқа жуық арада келмейді ғой деп, ол мәселемен өзім айналысып едім. Сиырлардың бәрінен бруцеллез дерті анықталып, түгел етке айдалды. Талдаулардың нәтижесі де менің есебіммен бірге ауданға жөнелтілді. – Асығып-аптығып сөйлеген Әрсен сөзін аяқтай сала есікке беттеді.
Осы жастау жылпос жігітті Әділбектің суқаны сүймейтін. «Бәтуасыз не деп кетті?» деп оның соңынан аңтарыла қарап тұрып қалды. Өзі жұмыста бір апта емес, әлденеше ай болмағандай, мұнда көп нәрсе өзгеріп кеткендей сезілді. Бұрын ашық-жарқын қабақпен сөйлесетін Сайран да ішіне сыр бүккендей, алдындағы қағазына қарап тымырая қалған.
– Сиырлары жаппай бруцеллез болып шықса, карантин жариялай ма?-деді Әділбек Сайранға сұраулы жүзбен қарап.
– Ол жағы белгісіз. Аудан бойынша қауіпті деңгейге жетпесе, карантин жариялап қайтсін?
Сайраннан жөн сұрап қарық болмасын сезген Әділбек далаға шықты. Тамыз күні жаздың тәмамдалғанын білдіріп, салқын рай сыйлап тұр. Табиғатқа тамсанған Әділбек болмады. Оның бар ойы-жиырма шақты күннен кейін басталатын оқуға арнап, он баласына мектеп жабдықтарын қалай түгендеудің қамы еді. Дастарханын жайнатып, қазанын қайнатып, жоқтан бар жасап, шаруаны тасқаяқтай қағыстыратын Жамалының жоғын сезінуінің бұл басы екенін іші сезіп келеді. Қара жолдың шаңын шығарып, көрші ауылға жетіп келді. Көзіне үйреншікті қиыр-шиыр көше нобайымен жүріп отырып, өзіне таныс үйдің алдына келіп тоқтады. Қақпа жақтан абалап ит үрді. Сәлден соң ауладан ұзын тұра үй иесі де көрінді. Келген жерде бұны жақтырмай, шүйліге жөнелді.
– Қорамды қаңыратып кетті. Енді неге келдің? Өз ісіңнің нәтижесін көріп, одан бетер қуанғың келіп тұр ма? Әне, қора-жайды өзің айтқандай тілмен жалағандай етіп тазалап қойдық. Қотыры бар сиырларымның бәрін анау жыланкөз жігіт бастаған бір топ келіп айдап әкетті.
Әділбек мына сөзге тосылды да қалды. Жыланкөздің кім екенін шамаласа да, мына шаруа қуған жанның айғайын түсінбей дал.
– Сізге қандай анықтама көрсетті? Акт толтырды ма?-деп отағасына жақындай берді.
– Бір қағазды көзіме олай-бұлай бұлғады да, бәйбішемнің байбалам салғанына қарамай, төрт сиырымды бір-ақ айдап әкетті.
– Медициналық тексеріс жүргізілуін талап етпедіңіз бе?
Әділбектің бұл сөзіне ұзынтұра арс етті.
– Нендей қотыр екенін анықтаймын деп, сиырлардан қан алған сенсің. Пәленің басы сенен басталды. Енді көзіме көрінбе!
Әділбек тайсақтап, мотоцикліне беттей беріп еді, көрші үйден әйел дауысты бір еркек шықты. Шықты да, ашудың құйынын көтерді.
– Сендей сілімтіктердің кесірінен қорамыз қаңырап бос қалды. Енді күзде сатамыз ба деп отырған басы артық бірді-екілі малымыздан да қағылдық. Қолдан ауру жасадыңдар. Оңбайсыңдар сендер.
Шаңқылдаған дауыс тарғылданып, қарғысты жаудырды-ай келіп. Суармалы судан да қағылып, тек мал өсірумен ғана күнін көріп отырған бұл ауылдың нендей құқайға тап болғанын Әділбек іштей шамалады. Ашу қысып долданған тұрғындарға қарсы бар айтқаны мынау болды:
– Мен ешкіммен ауыз жаласпадым. Әрі қан сараптамасының нәтижесінен де бейхабармын. Бұл мәселені жауып қоймаймын. Анық-қанығына жетемін! Әр істің жөнді жауабы болады, сол жауаптың заңды түрде дұрыстығын өздеріңізге дәлелдеймін! Ызаға булыққан Әділбектің сөзін ентелей жеткен қара шалдың сөзі бөлді.
– Әй, доғдыр бала, біздің үйге жүрші. Сені құдай айдап келген екен. Анау білгіштерден аман қалған кәрі сиырым буаз еді.-Таяғына сүйеніп, шоқша сақалы шошаңдай сөйлеген Күнсейіт қарттың бұл сөзін өзгелер келемежге айналдыра жөнелді.
– Кәрі сиырың етке жарамаған соң, ана көксоққандар тастап кетіп еді. Ақыры туа алмай өзі-ақ өлетін болды.
– Бұл өзі соңғы төлі болар,-десіп кекеп-сықап қалды.
– Доғдыр бала, жүр үйге,-деп бұйыра сөйлеген ақсақалдың соңынан ілескен Әділбек бірден оның қора жайын бетке алды. Соңғы демі шығардай ыңқ-ыңқ еткен сиырдың мүйізіндегі бунақтарға қарап, оның жасын шамалап үлгерді.
– Төлімнің басы деп не сатпадым, не соймадым. Бүрсүлөз деген ауру табылды деп бір топ келгенде, менің де екі сиырымды алып кетті. Мына сүйегі арса-арса болған кәрі сиырды тіпті көздеріне ілмеді. Соған қарап өздері қоңды мал іздеген қулар ма деп қалдым.
Жұмыс киімін ауыстырған Әділбек жоспарлы ісіне кірісті. Ол үшін мына жарық дүниеге талпынған барлық тіршілік атаулы киелі саналатын. Малдың обал-сауабы болады деп отыратын сынықшы әкесінің өсиеті жадына мықтап сіңген. Содан да болар, оқуын бітіріп, аулына келгелі бері өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Мүйізі арбиған мына сиыр ол үшін жай ғана мал емес, жаңа тіршілік иесіне жарық нұр сыйлау үшін тәуекелге бас тіккен қаһармандай көрінді. Сол себептен де бар білетін амал-тәсілін қолданып, сиырды да, бұзауды да аман алып қалуға жанын салды.
– Бұл өзі он үшінші бұзаулауы ма?-деп бәйбіше келіп отағасынан ойын нақтылауға шұқшиды. Барлығының назары Әділбектің епті, сенімді қимылында.
– Жоқ, он екінші рет бұзаулауы. Көбінде ұрғашы туатын. Осы жолы тірі қалар ма екен байқұс? – деп қария Әділбекке керек заттарын әперіп көмектесіп тұр.
– Е-е, бұйырғаны болар. Дастархан дайын, шаруаларың аяқталғанда келіңдер,-деген әжей қорадан шығып кетті. Қасында үрпиіп еріп жүрген кішкентай немересін жетектей кетті. Баланың көзінен қызықтау емес, қорқу, алаңдау байқалады. Әділбек мал-дәрігерлік институтта алған білімі мен жиырма жылдық тәжірибесін қолданып, сиыр мен бұзауды аман алып қалды.
– Екеуіне де жеке күтім керек, ақсақал,-деді еңсесін тіктеп, белін жазған соң.
– Салқын қора, жас шөп дайын.
– Оған қоса қажетті дәрілерді қалдырамын. Емдеу тәсілін де айтамын. – Әділбек жұмыс киімі мен қолындағы қолғапты мұқият шешіп, арнайы қапқа орап алды.
– Айналайын, өркенің өссін. Сендей азаматы бар мына біздер бақыттымыз. Ел арасындағы алып қашпа сөзге мән беріп, жүйкеңді жұқартпа, балам. Сен қан талдауын алып кеткеннен кейін араға үш-төрт күн салып, бір топ жағалылар келді де, сиырларымызды ауру деп жар салып, қорамызды үптеп кетті.
– Соны түсіне алмай тұрмын. Қалайша тым тез уақытта бәрі ресми тіркеліп, ауру малды етке айдатуға шешім шығарылып үлгерген? Әрі мен өзім қараған сиырлардан тері ауруларын байқасам да, бруцеллез белгілерін көрмеп едім.
Әділбек пен қария жүре сөйлесіп, үйге енді. Ауылдың әрбір дастарханынан табылатын дәмдер мұнда да үйіліп-төгіліп тұр. Дәмнен ауыз тиген соң, Әділбек аймақтық бөлімге суыт жүріп кетті. Ойындағы сан сұраққа бір жауап табуға асықты. Алайда естігені бала да иланбас бір шым-шытырық ертегі еді. Осылай мазасыз, реңсіз жұмыс күндері жалғаса берді.
***
Тамыздың соңғы аптасы басталды. Күздің сұрғылт, салқын бейнесі кеше ғана шағылысып тұрған көкжиекті бозғылт реңге бояған. Ауада салқын леп сезілсе де, Елдос есік алдындағы шарбақтан тоқылған ескі орындықта домбырасын баяу қағып отыр. Аулада тыныштық, балалар шамаларына қарай наруамен айналысып жүр. Жеті жасар кенжесі күздің келгенін мойындап, сарғайыпп қалған ауладағы гүлдерге су құйып жүр. Үлкен қыздар тамақтың қамына кіріскен. Әділбек үйінің іргесіндегі шағын шеберханада ересек болып қалған Жандосымен бірге шұқыланып жүр. Әудем жердегі кілтті беріп жіберуге ымдағанда, Жандос төмен қарап қалшиып отырған түрінен айнымады. Бейнебір өзінің әлеміне еніп, тілсіз мүсінге айналғандай. Әкесі жақын келіп, иығынан қаққанда барып, түсінен шошып оянғандай селк етті. Жеткіншек ұлының жанарындағы зарығу, сарғаю, үміт үзу, құлазу сезімдерінің арпалысын көрген әке оның жанына жайғасты.
– Балам, қайғы деген өзі бір түпсіз шыңырау тәрізді. Шеңберіне бір түссең, шығуың қиын. – Ұлын сәнмен ұзындау етіп өсірген шашыған сипаған Әділбек терең күрсінді.
– Әке, мен кейде қорқынышты түстің ішінде ояна алмай жүргендей сезінемін. Бір айдан асты апамды көрмегеніме. Келмейтінін білсем де, күтемін. Кейде даусы құлағыма жаңғырығып келеді. Бүйте берсе бір күні есімнен адасармын.-Жандос әкесіне шерлі халін ақтарып, медет күтті. Әке қарулы қолымен ұлын иығынан қатты қысты да, орнынан көтерілді.
– Білесің бе Абай данышпанды?Апаң марқұм кітапты көп оқитын еді. Осы күнге дейін кітапты жарысып оқитынбыз. Абайдан үйренгеніміз көп болды. Сонда данышпанның мына сөзі тура қазіргі біздің жағдайымызға арналып айтылғандай. «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме.»
– Әке, сонда апам екеуіңіз өмірдің құпиясын Абайдан үйрендіңіздер ме? – Жандостың көзіндегі нұр қайта ояныпты.
– Абай тағы бір қара сөзінде «Уайым-қайғының ішіне кіріп алып, шығар есігін таба алмай қамалып қалу-антұрғандық», – деп жазыпты. Антұрған болмайық, мықтылық көрсетейік, ұлым.
Жандосы жерден түрегеліп, әкесіннің жанына келді. Ұлы ақынның даналық сөздерін сүйеніш еткен әкесі оған әлемдегі ең бір көреген, аса ақылгөй болып көрініп кетті. Әке мен баланың әңгімесін түскі шайға шақыра келген Құндызай үзіп жіберді.
– Әке, ас дайын. Келіңіздер, бірлесе отырып түскі асымызды ішейік, басқалары бізді ғана тосып отыр. Елдос, сенде домбыраңды қойып жүр, -деді сыңғыр үнімен. Қызына тіктей қараған әке оның осы тұрған мейірбан, қамқор қалпынан анасын көргендей болды. Үшеуі іркес-тіркес жазғы үйге беттеді. Дәмді түскі астан кейін Құндызай үйдің үлкені ретінде әкесімен оңаша отырып, сөз бастады. Құндызай әкесіне өмірдегі ең алғашқы батыл шешімін айту үшін қасына жайғасып, басын әкесінің иығына салды да, баяу үнмен:
– Әке, мен сырттай бөлімге ауысайын. Сіздің жаныңызда қалып, бауырларыма бас-көз болайын. Сабақ болса міне-міне басталады, балаларды мектепке дайындау керек, ал олар сабақтан келгенде тамақтары дайын тұру керек қой. Соның бәрін бір өзіңізге ғана жүктей алмаймын... Өжет мінезді тұңғышының қайғыға төтеп берерлік тегеуріні барын сезген әке көңілі босап кетті. Балаларымның көзінше боркемік болып көрінбейін деп, ашық жыламаушы еді. Жамалдың жоғы арқасына аяздай батқанын, қиналғаннан өзін қоярға жер таппай жүренін, елсіз жапан далада адасып жалғыз қалғандай болып жүргенін айналасына айтпаса да, ішкі дүниесі алай-дүлей болып жүрді. Қызының мына әңгімесі әкенің ұстамдылығын жойып жіберді. Құндызайын құшақтап, қатты бір өксіді де, Әділбек еңсесін көтеріп, өз ойын ақтарды:
– Қызым, ақылды қызым, оқуыңды жалғастыр, биыл соңғы жылың ғой. Грантқа түсіп, бізді қатты қуантып едің. Сол алған бетіңнен танба. Біз ауыл ішінде, ағайынның ортасындамыз. Сенің көмегіңмен мектепке дайындықты бастап кеттік. Айдың соңында жалақымды алсам, қалған оқушы інілеріңе де киім әперемін. Әйтпесе өздерінен үлкендерден қалған киіммен амалдай тұрар. Сен арманыңнан бас тартпа. Керісінше, үй жаққа қарайламай алаңсыз оқуыңды бітір. Бітіргеннен кейін де көрерсің. Қалада қалып еңбек жолымды сонда бастаймын десең де қарсылығым жоқ. Қаншама конкурстарға қатысып, бірде-бірінде жеңіссіз оралмадың, оқудағы апайларың да болашағыңнан зор үміт күтіп отыр ғой, олардың да көңілін қалдырма. Өткен жылы «Абай оқулары» конкурсының облыстық кезеңін жеңіп алдың, енді республикалық кезеңіне де табандылықпен дайындал. Сенің жүлдеге ие болатыныңа сенемдімін.
Әке мен қызы құшақтасып, көз жастарын сығымдап отырып, өмір-бақи бір-біріне қорған болып өтуге іштей ант ішісті. Әкенің жөн айтуымен Құндызай қалаға жүріп кетті. Ал Әділбектің ендігі қолқанаты екінші қызы Жұлдызай мен 11-сыныпқа көшкен егіз ұлы Жандос пен Елдосы болды. Іні-сіңлілеріне сүйеніш болып, уақытыман тамақтандырып, киімдерін реттеп,сіңілдерінің шаштарын өріп отыруды қағылез қыз өз мойнына алған. Үйдің үлкені сияқты әр істі баппен, байыппен жылдам орындап, қанша шаршаса да, бір қыңқ еткен шағымын айтпай, керісінше кешке жұмыстан келген әкесінің алдынан шығып, жүзінен бала мейірімін төккені жанға демеу болып тұрады. Ал, ұлы болса әкесінің оң қолындай. Таңмен жарыса тұрып, сабаққа дейін қолына күрек алып, қора-қопсыны реттеуге, малға шөп, су беруге кірісіп кетеді. Жаз күндері тракторға отырып, тіркемеге шөп тиейді. Бірде жем шашып, енді бірде қамыс тасып жүргенін көрген ел ағалары, әпке-жеңгелер өз балаларына: «Көрдің бе, Әділбектің Жандосы мен Елдосын, содан үлгі алсаңшы, сабақта озат, үйде тыным жоқ, қашан көрсең тырмалап жұмыс істеп жатқаны»-деп, тамсана, жарыса әңгімелейді. Сабақтан кейін ауылдың шетінде жиналатын достарымен бірге улап-шулап ләңгі теуіп, ала доптың артынан қуалауды да қойған.
Анасы дүниеден озғалы өзі де ерте есейгендей әкесінің бір шетіне шығып, ананың жоқтығын бауыр-қарындастарына білдіртпеуді, мейірімді, қамқор аға болуды өз-өзіне серт еткен. Ісіне қарап – жасы кіші демесең, нағыз ер-азаматтың өзі. Әділбек те балаларының ісіне қарап, бәрі бірдей есейіп, мезгілінен ерте ес жиып кеткенін білді. Балдай тәтті балалық шақ сыйлап аялаған өмір енді тіпті аямаған, балалардың оң-солын тым ерте тануына ана қайғысы себепші болған еді. Осылайша бірін-бірі пана тұтып, елбесіп-селбесіп, көштен қалмай жүріп жатса да, Жамалсыз өткен әрбір күн Әділбекке запыран құстырды. Жамалсыз бастаған әр ісі оңынан келеріне күмәні басым болатын. Қара түнек қайғының қыспағынан тек тынымсыз еңбек құтқаратынын анық сезген Әділбек мал дәрігері бола жүріп, үйінің іргесінен шағын шеберхана ашты. Жұмыстан қолы қалт еткенде, балалардың велосипедін жөндеп бастаған. Кейін көлік жөндеуді де қолға алды. Азды-көпті тапсырыс беретіндер де табылып, отбасының көшін түзу етуге ниет еткен отағасының бастамасы берекесін берді.
– Қолы шебер, өзі өнерлі, – десті ауылдастары.
– Мың болғыр азамат, темірден түйін түйеді, – десті көпшілік.
– Ісіне адал, содан да шаңырағына береке қонған, – деп қошеметтеді халайық.
Ер жетіп қалған ұлдарын да техника тілімен таныстыра жүріп, Әділбек өзінің бастаған шағын ісінің қызу еңбекке айналғанын байқамай да қалды. Еңбек қайғылы әулетті қасірет құрсауынан құтқарды, еңбек бұл шаңырақты тұрмыс тауқыметінен құтқарды, еңбек өзін сүйгендерді абыройлы, беделді етті. Әсіресе, балаларының ішіндегі зерек, аңқылдақ Төлеген техника тілін тез меңгерді. Әкесінің қасынан бір елі қалмай қай сайманның не екенін, жеңіл-желпі көліктердің майын ауыстыру, дөңгелектерді айырбастау, желі шыққандарын жамау сыңды жұмыстарды тіптен оңай көретін. Кешке үйге бәрі жиналып, дастархан басына жайғасқандағы әңгіменің көбі де осы – Төлегеннің қандай көлікті жөндеп, қай жерінен қисын таппай әуреленгені, қандай қулық-пайыммен шешкені немесе шеше алмай қара терге түскені жайлы болады. Жас болса да болашақта тірлікке бейімділігі, жұмысқа ептілігі кім болатынын айғақтап тұрғандай. Әркім өз ойымен бөлісіп, мақтанып, күндерінің қалай өткенін, қандай баға алғандарын айтып мәз-мейрам болады. Жұлдызай дайындаған тамақты ішіп-жеп болғаннан кейін, Елдос қолына көптен бері ілулі тұрған домбырасын алып ойнағанда, қос ішектен төгілген жұмбақ әуен жанды жұбатып, көңілді сейілтіп, айтылмаған сырдың, тыйылмаған көз жасының, күйікке айналған сағыныштың үнін сыйлады. Әділбек балаларының әрқайсысына сүйіспеншілікпен қарап, шаңырақтың шын мәніндегі бақыт екенін, ал өзі сол бақыттың кілтін берік ұстаған ақылман сияқты сезінді. Балаларының еңбекке жақын, өз ісіне жауапты, үнемі құлақтарына еңбекпен тапқан нанның дәмі ешқашан таңдайыңнан кетпейтінін жеткізіп, бір-біріне қамқор болып өсіп келе жатқанына қарап, жүрегін қуаныш кернеді. Бұлар – ертеңгі елдің тірегі, отбасына ғана емес, айналасына да пайдасы тиер азаматтар мен ибалы қыздар болып қалыптасып өсетініне сенімі мол.
Әділбек күндегідей кеңсеге бас сұққан. Аймақ бойынша ауылдарды аралап, ірі қараларды құтырмаға қарсы егу науқаны басталуы тиіс еді. Биыл кешеуілдеп жатыр. Бастығынан жөн сұрап еді, қысқа қайырды:
– Облыстан қажетті дәрі-дәрмек, жабдықтар кешіктіріліп жатыр. Бізден кінә жоқ.
– Ал бір-екі ауылдан ғана бруцеллез шығып, кенет тыйылып қалғаны қалай?
Әділбектің бұл сұрағын естімеген сыңай танытқан Мықтыбек кердең басып, шыға жөнелді.
Ол шығып кетісімен, Әділбек медициналық есеп журналына жармасты. Тамыздың алғашқы аптасында бруцеллез дерті анықталған ауылдар жайлы білуге бар ынтасымен қадалды. Өзара көрші орналасқан екі ауылда ғана байқалған бұл жағдайға Әділбек күдіктене қарады.
– Неге карантин жарияланбаған? Індет ошағы ұлғайып кетуі мүмкін ғой,-деп қасында компьютеріне қадалған Сайранға бұрылды.
– Қайтесің соған басыңды ауыртып. Ай сайын тыныш қана жалақыңды алып жүре берсеңші, – деді Сайран селқос үнмен.
– Бір журналға қараудан басым ауырмайды. Аймақта эпидемиялық жағдай орын алғанын баяндап, ауданға, облысқа хабарлама жіберілмеген.
– Әділ, жұмыстан шығып қалмайын десең, тыныш жүр.
Сайранның сөзін не қорқыту, не ескерту деп қабылдарын білмей Әділбек екіұдай күйге түсті. Кешке үйіне жеткен бастығын көріп тіптен таң қалды. Шағын шеберханасында біраз затты бүтіндеп қояйын деп кіргені сол еді, соңын ала шұбалып, бастық-қостықтар сау ете қалды. Ұлдарын үйге жіберген Әділбек олардан іштей жақсы сөз күтпеп еді.
– Жалғыз өзіңе мына бала-шағаны асырап-жеткізу оңайға соқпас,-деп орағытты Мықтыбек шіренген күйі.
– Турасын айтсаңыз, менің отбасымды араластырудың қажеті шамалы.
– Біз, – деді Мықтыбек маңғаз қалпын сақтауға тырысып, – осы аймақтың бетке ұстар азаматтары ауру малдарды арзанға сатып алып, сауапты іс жасап жүрміз. Соған сен де өзіңше тергеу жүргізбей, қажетті құжаттарға қолыңды қойып отырсаң дейміз. Қояр қолыңды артық сұрақсыз сүйкей салсаң, сені де құр алақан қалдырғалы тұрған жоқпыз. Қалай болса да «жалғызбасты әке» деген атың бар ғой, сені түсінеміз... ренжітпейміз.
Әділбектің онсыз да шарасы кең қой көзі мына сөзден соң тіпті бақырайып кетті. Кеш қараңғысын жамыла жеткендер осы өңірдің оқыған, беделді азаматтары емес, кәнігі қарақшылардай көрініп, ызаға булықты.
– Өздерің қолдан жасаған індет былығына мені де қатыстырмақсыңдар ғой. Ол ойларың жүзеге аспайды. Мен ешбір құжатқа қол қоймаймын. Ауданнан комиссия шақыртамын. Содан кейін менің отбасым туралы айтпаңдар! Аштан қатып бара жатсақ та сендердің арам ақшаларыңмен балаларымды тойғызбаспын.
Тіс арасынан сыздықтата сөйлеген Әділбектен ыққан Мықтыбек болмады.
– Ауданда менің тірегім отыр. Ол жақтан үніңді де шығара алмайсың. Одан да мына сыйлықты ал да, ертең құжаттарды реттеп, ауданға апарып өткіз. Сайранға айтсам да орындайтын еді, құжат жүргізу, жоғарыға есеп беру – тікелей сенің міндетің. Сондықтан іс осымен бітсін.
Газетке оралған көк қағазды қолына алмаған Әділбек кері шегінді. Ақша емес, жылан көргендей ыршып түсті.
– Жұмыстан шығып қалсам да, сенің арам ақшаңды алмаймын. Арам жұмыстарыңа жақтасып, істеріңді қолдайтын мен емес! Мен қара халықтың көз жасынан бал жасап іше алмаймын!
– Сен не деп отырсың? Арам жұмыстарыңа жақтаспаймын дейсің бе?! Ертең бала-шағаңа ішерге ас, киерге киім таппағанда айтқан сөздеріңе өкінерсің! Аз-маз темір-терсек жөндеп, сен ешкімнің қарнын тоқ ете алмайсың.
Мықтыбектің бұл сөзін тыңдамаған Әділбек шақырусыз келгендерге есікті нұсқады.
– Ертең жұмысқа барамын. Қандай негізде шығарар екенсің? – деп және кекетті басшысын.
– Реті табылады ғой, – деп жылпос жігіт жып ете қалды.
– Аққа құдай жақ,-деп Әділбек шеберхананың есігін жапқанша асықты. Оңаша қалғанда діңкесі құрып, кесілген томарға отыра кетті. «Жамалым, айтшы, бұл ісім дұрыс қой. Мақұлдап, қостап отырғаныңды білемін. Адалдыққа берген антымнан ешқашан айнымаймын. Тіпті адалдықтың жолы ауыр болса да, қатерлі өткелдей отқа оранып тұрса да, антымнан айныман. Өзім арам жолды мақсұт етсем, балаларыма қалай «тірі жанның ала жібін аттама» деп құрғақ ақыл айтпақпын. Бойымда жаным барда, антымды сақтап қаламын. Мені де жақтар, мені де тыңдар жан табылар!»
Түні бойы көз іле алмаған Әділбек Жұлдызай екеуі таңғы астарын дайындап, ұл-қыздарын тегіс мектепке аттандырды. Таяқ тастам жерде тұрған мектеп ғимаратына қарай қол ұстасып, жарасып шығып бара жатқан бауыр еті – балаларына сырттай сүйсіне қарап, кешегі ісінің оңынан болғанына еш күмәнданбады.
Мотоцикліне мініп, көрші ауылды бағытқа ұстады. Күзгі ызғар жігіттің көңілін суытқан жоқ. Қайта сол салқын леп санасын сергітіп, көкірегіндегі өзіне деген сенімділігін арттыра түсті.
Құлағына тек мотордың гүрілі мен желдің ызғырығы жетіп тұрса да, санасын улаған арамзалардың сөзі есінен шықпады. Кеше айтылған екіұшты сөздері ойына оралып, әрқайсысы жүрегіне ине қадағандай әсер етті.
Елден естіген бір қауесетті анықтап алмақ ойы бар. Тұрғындардың жөн сілтеуімен керекті үйін тауып келді. Іздеген адамы – Жақан еді. Қай уақытта да, кімге де сөзін бүкпей айтып, бетке шындықты басып салатын, қажет болса, өлермендікке дейін баратын адуынды жан. Сондықтан да ел-жұрт арасында «Жақаннан абай бол, шатақ шығаруы мүмкін» деген сөз көптен бері айтылады. Содан жұрт оның атын атаса – бір езуінен күлкі, бір шетінен үрей сезімі қатар білінеді. Ел арасында Шатақ Жақан атанған бұл азамат сиырларын етке өткізуге аламыз деп келгендерге мылтық кезеніп, қолдарына көтерем қой да бермепті. Сол азаматтың өзімен сөйлесіп, жоспарлы ісін жүзеге асырмақ.
– Сен де солардың бірі шығарсың. Баспалап келіп, шағып алуға келген боларсың, – деп жүзі нарттай жанған Жақан салған жерден тиісе сөйледі. Әйтпесе Шатақ Жақан атанбас еді ғой.
– Мен олармен бір мекемеде жұмыс істейтінім рас. Бірақ көрші қос ауылдан бруцеллез дертінің кенеттен анықталып, малдың арзан бағамен етке өткізілуі маған күмәнді көрінеді.
– Енді маған не істе дейсің?-Жақан күзгі желге кеудесін тосып, табиғаттың осы бір күйіне разылық танытып тұрғандай.
– Сіздің сиырларыңызды да ауру демеп пе еді? Ендеше, медицналық тексеріс жүргізілді ғой.
– Жоқ, қағаздарын жалпылдатып, төрт-бес кеңкелес келген. Мылтық шошайтып едім, өздері-ақ қашып кетті.
– Ал сиырлардың сүтін, тағы да басқа өнімдерін ішіп-жеп жүрсіздер ме?
– Ауылда отырып, қара шайға қақалған кімді көрдің? Кілегей, май жемейтін қазақ бар ма? Сұрағының түрін!-Жақан енді ашық мысқылға көшіп, бүкіл денесін селкілдете күлді.
– Олар ауру деп атаған мал өнімдерін қолданса да, ешбір сырқатқа шалдықпаған екенсіздер. Онда мен бірер сиырдан қан үлгілерін алсам деймін. Ауданға лабораторияға апарып, бруцеллез емес екендігін растағым келеді.
– Е, сосын менің бүкіл сиырымды ауру деп, аламыз деп тағы келмексіңдер ғой? – Мінезі шатақ, жаратылысы қырсық Жақан күн сәске болғанда ғана Әділбектің айтқанына көніп, сиырларынан қан талдауларын алғызуға келісті. Ауданға қарай мотоциклмен жолға шыққан Әділбектің көңілінде күдік пен үміт кезек атой салды. Талдау нәтижесі дайын болғанша, тағат таппады. Ара-тұра жұмыс телефонынан көршісінің үйіне қоңырау шалып, балаларының жайын сұрап қояды. Кеш өткізілген талдаудың дерегі ертеңіне дайын болатынын естіп, амалы құрып үйіне оралды. Кешкі ас ішіп отырып, он алтыға биыл толған Жұлдызайының шебер аспазға айналғанына тәнті болды. Тамақ пісіру тәсілі анасын еске салады. Дәмі тіл үйіретін қуырдақты жеп отырып, өзін сағындырған осы бір ғаламат дәмнің қызының қолынан шыққанына жүрегі қуанды. Тосыннан ит үре жөнелді. Ерзат далаға шығып келді де, әкесіне:
– Танымаймын, бір кісілер қақпаның сыртында тұр, – деді.
Әділбек орнынан көтеріліп, аула сыртына шықты. Шатақ Жақан бастаған он шақты кісі топтанып тұр. Түстері суық, жүрістері суыт.
– О, игі жақсылар, амандық па? – деді Әділбек оларға таяй беріп.
– Айдың-күннің аманында малынан айырылған осы біз аманбыз ба, әлде жаманбыз ба? – деп топ ішінен егде жастағы азамат жауап қатты.
– Көшеде тұрмай, ішке кіріңіздер,-деп Әділбек оларды үйге бастады. Ұл-қыздары дастарханнан атып тұрып, қонақтарға ізет көрсетті.
– Тфә-тфә, тіл-көзім тасқа, инабатты балалар екен, – деген Шатақ Жақан төрге жайғасты. Өз үйінен кешкі асын ішіп, қарны тойып, тыңқиып отырғанына қарамастан, Жұлдызайдың ұсынған қуырдағын бар тәбетімен жей бастады. Қуырдақтың исі мұрнын жара, қызара піскен еттің дәмі таңдайына сіңіп, Жақанның қабағы жазылып, жүзі жайнап сала берді.
Тіпті соңында басбармағын жалап, ыдыстың ішін нанмен тазалап бәрін қалдырмай қағып салды да:
– Бәрекелді, қызым! Марқұм апаңның аспаздық өнерін жиі еститінрмін, мұндай қуырдақ талайдың түсіне де кірмеген шығар. Шеше көргеніңді байқаттың, – деп, ризашылығын білдіріп те, жиналғандардың әңгімесіне де араласып үлгерді .
– Сиырларын даулап барғандар күтпеген көрініске тап болды, үлкен табын өзеннің жағасына арнайы құрылған уақытша шарбаққа қамалыпты. Әлгі шарбақта тек бір-екі ауылдың емес, түгел өңірдің малы қамалғандай қарасы тым қалың. Мал иелерімен ешкім есептеспей, тек «ауру мал» деген желеумен тиынға бағалап, көздерін құртамыз деп алдарына салып айдап әкетіпті.
– Бізден сиырың ауру деп тиынға бағалап алып кетіп еді, қалаға етке өткізуге сол жерден әкетеді екен.
Әділбек бір жұдырығын түйіп, үнін әрең сабырға жеңдіріп сөйледі:
– Мәссаған, бұл іс мен ойлағаннан да қиындап барады ғой. Қолдан келер шара бар ма?
Сол кезде ақыл тоқтатқан, көптің жайын көбірек ойлайтын Құрман ақсақал:
– Сен оқыған жігітсің, Әділбек. Бәрінен бұрын ұятың бар, ар-ұжданың таза. Біз екі ауылдың азаматтарын біріктірсек, елдің дауысын көтерсек, сен өз тарапыңнан заң жолын, нақты дәлел мен ақыл қоссаң, бұл күрмеу де шешілер. Басқаға емес, саған үміт артып отырмыз.
Ақсақал сөзін нықтап, не күтетіндерін айтқаннда, отырған жігіттердің назары Әділбекке біржолата ауды. Бірінің жанарынан ашу, бірінің көзінен үміт пен сенімді көруге болады. Аядай ауылда отырып, халықтың адамымыз деп жүрген жандардың опасыздық пен арам істеріне булығып отырғаны. Ақсақал жиналғандардың бәрін өзіне қаратып:
– Тек ашу мен ызаға бойларыңды алдырмаңдар, бәрін заңды түрде шешеміз. Заңды бұзғандар өз жазасын бізден емес, сот алдында жауап берер!
Осы сәт Әділбектің құлағына Жамалының адуынды үні келді: «Ісің ақ болса, неден тайсаласың? Жасымай осы мәселеге аралас. Шындық жеңеді.» Әділбек келгендерге бас шұлғыды. Бірлікпен қаруланған ауыл адамдары қара бақырға бағаланған малдарының жайын айтып, жоғарыға арызданды. Әділбек сараптама қорытындысын алып, облысқа қызметтік тексеріс жіберуін сұрап, ұсыныс-хат жазды. Облыстан жауап күтіп жүргенде, өзі жұмыстан шығып қалды. Жер шұқып отыратын уақыт жоқ, ауыл-ауылды аралап, өзінің жеке мал-дәрігерлік қызметін, одан қалса шағын шеберханасында жұмыс істеп шәй-май дегендерін алып, балаларын аш қалдырмады. Ақыры облыс та қарап қалмады, бір топ қызметкер жетіп келді. Мықтыбектің күні Әділбекке түсті.
– Мен су түбіне кетсем, сен де құрисың,-деп ызбарланды Мықтыбек.
– Сенімен бірге суға кететіндей бір кемеде емеспін,-деп Әділбек тік қарады. Ақыры жалынып-жалбарынуға көшкен Мықтыбек айласын асыра алмай, пұшайман болды. Ауданнан алған сараптама қорытындысын қолына ұстаған Әділбек облыстық тексеру комиссиясының жұмысын жеңілдетті. Сиырлардан бруцеллез дерті табылмады, жалған құжат жасап, халықтың барын тонағандардың әптер-тәптері шықты. Ел іші гулеп кетті. Қайсыбірі Әділбекті қаһарманға балады, кейбірі тіпті оны құтқарушы періштедей көрді. Ондай кезде Әділбектің айтар жауабы дайын: «Бұл-менің азаматтық парызым.»Бұл сөзге тоқтай қоймаған қалың ел «атына заты сай мырза жігіт» деп атағын айға асырды.
Облыс қызметтік тексеруді аяқтап, аймақтық бөлімшені қайта іске қосқан. Мықтыбектің кемесі шынында да су түбіне кеткен. Тесік кеменің құйрығынан ұстаған жылпос жігіт пен Сайран да құрдымға құлады. Мықтыбек және мал инспекциясында жұмыс істеп жүргендердің барлығы жұмыстан шектетілді. Бірнеше күнге созылған тергеу жұмысынан кейін сот Мықтыбекті айыпты санап, үш жылға бас бостандығынан айырса, қалғандары да бір жарым-екі жылдарын арқалап кете барды. Ауыл адамдары:
– Мықтыбектің орнына Әділбек тағайындалсын.
– Осындай иманды, парасатты жігіттер керек бізге!
– Әділбек басқарса, барлық іс әділімен жүреді!
Бірақ ол қайта мал дәрігері жұмысына барғысы келмеді. Уақытын балаларына бөліп, біраз есін жиғысы келіп, облыс-ауданнан келгендерге бір жылдай үй-жайды ретке келтіріп, жұмысқа бір-ақ шығатынын айтып рұқсатын алды.
Бірақ ауылда есік алдына әйелдер жинала қалса, бас қоса қалса да Әділбекті мақтауларын қоймады. Мектептен балалары қуанып келетін болды, өзге оқушылар әкелерінің адалдығын, дархандығын ата-аналарынан естігендерін айтады екен. Кішкентай Динараның сыныбында «Адалдық-нағыз адамның қасеиті» тақырыбында тәрбие сағаты өтіп, сынып жетекшісі «Өздерің үлгі алатын адал жанды атаңдар» деген сұрағына бүкіл сынып «Динараның әкесі ауылдағы ең адал адам!» – деп жауап беріпті. «Апам үнемі Динараның әкесін мақтап, соған қарап өс! Менің үлгі тұтатын адамым ауылдағы мал дәрігері – Әділбек ағай!» -деп оқушылардың жамырай айтқандарын кеудесі кернеп, ауызын толтырып, қайта-қайта аға-әпкелеріне айтып болмады. Солай күндердің артынан күндер сырғып өте берді.
Бүгінгі күні тұрмыс тапшылығы жанын қысса да, бұл күндері Әділбектің көңілі тоқ. Бау-бақшасындағы өнімдерін берекесімен жинап алып, алдағы қысқа біраз ірі қарасы мен ұсақ малына шөбін де қамдап алды. Қасындағы балалары жұмысқа бірлесе араласып, шөп шабуға, жинауға араласып демеп жүрді. Әкесінің жұмыстан шығып кеткенін естігенде Құндызайдың жүрегі сыздады. Ол әкесінің жүзін көрмесе де, сырт көзге сабырлы, сыр бермейтін адам болғанымен, Құндызай оның ішкі жан дүниесінде қандай алапат ой мен уайым жатқанын сезетін. Күнделікті үй-ішінің жағдайын біліп, жақындарының дауысын естімесе жаны жай таппайтын әдетімен телефон шалды. Әңгімесі таусылмайтын кіші сіңілісі Динараны тыңдап болып, тұтқаны әкелеріне беруін сұрады
– Әкетай, амансыз ба?
– Аман, қызым. Өзіңнің хәлің қалай? Оқуыңа үлгеріп жүрмісің? Аз уақыт қалды ғой, бізді уайымдамай емтихандарыңа дайындал, ақылдым.
– Әрине, әкешім! Бұйырса қызыл дипломмен аяқтармын. Біраз шыдасаңыздар, жұмыс істеп бір жағыңызға шығамын. Әке, сізді жұмыстан кетіп қалғаныңызды кішкентайдан естідім... – деп Құндызай үнін жұмсарта сөйледі. Жағдайды естідім. Бірақ мен бір нәрсені айтып, сіздің үмітіңізді оятқым келеді.
– Не болды, жарқыным? Нені айтпақсың?
– Кәсіппен айналысатын азаматтарға арналған үкіметтің қолдау бағдарламасы бар екен. Тіпті тегін оқытып, бизнес жоспар жасауға көмектеседі. Кейін гранд жеңіп алуға болады. Шарты – нақты бір істі қолға алып, адал еңбек ету ғана. Қазір сол бағдарлама арқылы кәсібін дөңгелетіп жатқандар аз емес.
– Е-е, қызық екен. Бірақ менің жасым келіп қалды ғой, қайдан үлгерем дейсің?
– Әкетай, бұл жерде жастың ешқандай маңызы жоқ. Сіздің қолыңыздан көп нәрсе келеді. Ауылдастар да өзіңізді сыйлайды. Өзіңіз бізге үнем «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен білімің екі жақтап» – деп, айтып отыратын сөзіңіз қайда? Өзім қандай құжаттар жинау керектігін, қайда, кімге бару керектігін түсіндіріп айтармын. Әрине, ең бастысы қашан, қалай, қай уақытқа дейін дегендердің барлығын мықтап зерттеп, жұмысты жылдамдатып жіберу керек деп ойлаймын. Электрондық құжаттарды да толтыру қажет болатын шығар?!
– Ойбуй, ол жағынан еш хабарым жоқ қой...
– Әкетай, ол жағынан уайым болмасын, ұлдарың ақылды ғой, темірдің тілін керемет біледі. Ауданға барар кезде Жандосты ала барыңыз.
Қызынан мұндай әңгімені күтпеген әке үнсіз ойланып қалды. Шынымен балаларым ақылды болып өсіп келеді, өзіме ақыл айтып, жігерлендіретін кезге жетіпті -деп, жымиғандай болды.
– Құлыным, ақылдым менің, сенің маған осылай сенетінің... Кәдімгідей жігер береді екен. Не ашып, немен шұғылданатынымызды ұлдармен ақылдасайын...
– Сеніңізші, әке, біз сіздің арқаңызда адам болдық. Бауырларым да оң-солдарын айыратындай ер азамат болып өсіп келе жатыр. Біз біріксек, ешкім біздің еңсемізді түсіре алмас!
Телефонның ар жағында үнсіздік орнады. Сол үнсіздіктің өзі бір табысқа бастар үн секілді еді. Тұтқаны қоя сала, қасында әкесі мен әпкесінің әңгімесін шала-пұла естіп тұрған балаларының сұрағы көбейіп:
– Әке, әпекем не айтып жатыр?
– Сонда біз бизнес ашамыз ба?
– Мәәә, әке бізде де Тәтті апайдың дүкеніндей тәттілер сатамыз ба? – деп, кішкентай қызы аптасына бір-екі рет әкесімен баратын дүкенді көз алдына елестетіп үлгерген.
– Сонда қандай бизнес ашамыз?
Әділбек бұл сұраққа не деп жауап берерін білмей, ойланып қалды. Себебі, бизнесті бастау, оны ашу үшін ең бірінші неге икемді екендігі мен өзінің қалауы болу керек емес пе?! Бизнесті ашамын деп, бастай салатын оңай іс емес қой... Әкелерін жан-жағынан қоршап алған балаларына не айтарын білмей, абдырап қалды. Бар айтқаны: «Ойлану керек... ойлану керек»- деп, сөзін жиып алғанша ойы ұшқыр Елдос: «Алыстан іздеп неміз бар, одан да өзіміз іс қылып жүрген шеберханадағы жұмысты дамытсақ қайтеді... Шеберханамыз да жаман емес, егер үлкейтеміз десек, кірпіш сатып алайық, ал қабырғасын көтеру қиындық туғызбас. Өзіміз-ақ қалаймыз», – деп, нық сеніммен ойын ортаға салды.
– Иә, табылған ақыл сияқты... Онда тұрған не бар, ауылға да танылып үлгердік. Ауылда сынған велосипед немесе кәмірі тесілсе, сүйретіп жамағанға алып келеді. Онымен қоса, жеңіл көліктерді де толықтай жөндей алмасақ та, ұсақ-түйегін қалыпқа келтіріп үйрендік.
– Шынымен, ең бірінші шеберхананы үлкейту керек, оған құрал-жабдықтар керек, тағы не керек соның бәрін тізіп жазайық... – деп кеңес берді Жандос.
– Біздің есік алдындағы шеберхана тым кішкентай, одан да әкімшілікке өтініш жазып, жер телімін алайық,– деп, қостады Елдос.
– Пах, шіркін, қызу жұмысқа беріліп кетіпсіздер ғой. Іске сәттілік, ойлаған, жоспарлаған жұмысымыз оңынан болсын – деп, Жұлдызай аға-інілеріне ризашылықпен шетте қарап тұрды.
Тек отбасылық әңгімеге кіріспей, қарсылық білдіріп, бұртиып отырған кіші қызы Динара ғана...
– Сонда біз тәттілер дүкенін ашпаймыз ба? Мен тәтті дүкенін ашып, оның атауын – «Динараның тәттілері» деп жазады деп ойласам, – деп, көз жасына ерік берді.
– Осы қыздың жыламайтын дүниеге жылап отыратыны-ай, – деп ортаншы ұлы Ерзат жақтыртпай, зекіп қалғаны бар ма, ерке Динара тіптен дауысын көтеріп: «Әке, мені ағам жақсы көрмейді, ұрса береді» – деді.
– Қойшы-ей, неге өтірік айтасың, ұрысқан түгім жоқ, тек жылай беруге болмайды. Көп жылағанның шашы түсіп қалады дегенді естіп па едің?! Келші қасыма, ерке тотиям менің,- деп қарындасын құшағына алды.
Ағалы-інілі, әпке-сіңлісі, орталарында әкесі болып, ертеңгі күннен зор үміт күткен сыңаймен, Елдостың күмбірлі күйін тыңдап, ұйқыға жатты. Әділбек жастыққа бас қойса да, іштей үлкен қызы мен ұлдарына, олардың айтқандарына көңілі толып, ой теңізінде жүзіп жүріп, ұйықтап кетті.
***
Таң ерекше атқандай. Терезеден сығалай бастаған күннің шұғыласы бөлме ішіне толық шашыла қоймаған. Күн сәулесі ақырын ғана перде арасынан жылтырап, бөлмені жылы нұрға бөлеп тұр. Терезе әйнегіне түскен жарық ұсақ шаң-тозаңымен ойнап, ауада баяу би билеп жүргендей әсер қалдырады. Құстардың әуезді үні алыстан естіліп, жаңа күннің тыныштығын бұзбай, керісінше оны ерекше бір әсемдікпен толтырып тұрғандай. Ауада би билеп жүрген шаңдарға қарап, атқан таңнан жақсылық тілеп, тездетіп киіне бастады да, Әділбек өзі бірінші болып газға шай қойды. Ас бөлмедегі тықырлаған дыбысқа Жұлдызай да тұрып, әкесінің соңынан далаға шықты.
– Қызым-ау, неге ерте тұрып алдың? Кішкене жата тұрмадың ба?
– Ала сиырды сауып, сүтін пісіріп жіберейін. Ерке қызың тұра сала, ыстық сүт сұрайды ғой...
– Өзім-ақ сауа салушы едім, әуреленбей үйге кіре бер. Далада бұрыңғыдай жылы жаз емес күздің суығы бірден білінеді. Үстіңе де жұқа киініп алыпсың...
– Әкетай, онда сиырларды бірлесе сауып жіберейік, – деп, қолдарына екі қара шелекті ұстап әке мен қыз қора жаққа қарай бет алды.
Таңертеңгі шай үстінде Жандос әкесіне:
– Сабақтан кейін ауданға барып келейік, әкімшіліктен шағын бизнес ашу, оған берілетін жеңілдіктер туралы толық біліп алсақ қайтеді? Егер үкімет тарапынан бизнесіміз мақұлданса, алғашқы қар жауғанша шеберхананы үлкейтіп салуға үлгеру керекпіз.
– Жақсы, сендер сабақтан келшенше Алдияр ағаларыңа ауданға апарып кел деп келісіп қояйын.
Зуылдаған темір тұлпар кең тас жолды жарып, көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келеді. Күз салқын қабағымен тұла бойыңды орап алса да жазық дала әсемдігі ерекше еді. Терезеден көз алғызбай өрнектелген күздің түсі – сарғыш жапырақтары желмен бірге билеп, мотор әуенімен гуілдейтіндей. Ал, салон іші – ерекше бір әлем. Радионы қосуды ауылдан шыға ұмытқан, үлкендер де тіл қатпайды, әкесімен бірге барам деп қалмай қойған кішкентай ғана Динара барлығының назарын өзіне аударуда.
Оның жүзі бал-бұл жанып, әңгімесін тым еркелікпен жеткізуде. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» дегендей, кішкентай жүрегімен үлкен армандарды арқалаған ол, болашақта әкесінің бизнесмен болатынын мақтанышпен айтады. «Сонда әкім кө-ө-өп ақша береді! Сосын әкем бизнесмен болады. Ал, ағаларым әкеме көмектесемін деді. Мен де әкеме көмектесемін.» – деп қолын кең сермегенде, бәрінің жүзінде еріксіз күлкі үйіріледі. Барлығы «әумин, әумин», «бала біліп айтады» – деп, істерінің оңынан болатынын топшылап қояды.
Аудан әкімі орынбасарының кабинетіне Әділбек қасына Жандосын ертіп, сәл именіп кірді. Бөлме іші жарық болса да, ресми салқындық пен салмақ сезіліп тұрғандай. Басты мақсатын, жоспарын ортаға төтесінен айтып салған Әділбекті әкім орынбасары түсіне қойып, көп ұзамай әңгіме еркін арнаға түсті. Ауылда кішігірім шеберханасының жұмыс атқарып тұрғанын, және бизнес жоспар құрып ісін ары қарай жалғастырғысы келетінін жасырмады. Жандос та бірнәрсе айтылмай қалмасан дегендей, әкесінен қалыспай, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Екеуінің сөзін орынбасар байыппен тыңдап, әр тұсына ойлана бас изеді.
– Жарайсыңдар, жігіттер. Істің жөнін білесіңдер, ең бірінші – жауапкершіліктен қашпаңдар, үкімет ауыл бизнесіне көп көңіл бөлуде. Ең бастысы, өзіңізге қолдау көрсететін көмекшілеріңіз бар екен, – деп, Жандосқа көз қиығын салды.
Кабинеттен шыққан соң, Әділбек пен Жандос бір-біріне қарап, үнсіз жымиды. Екеуінің жүзінен үміт пен сенімнің нұры байқалды, кәсіпті бастауға қажетті құжаттар тізімін алып көлікке қарай беттеді. Ал, сыртта күн шуағын төгіп, жаңа бастаманың жолын ашқандай жарқырап, күлімсіреп тұрды.
Көп ұзамай Әділбектің есепшотына үкімет тарапынан шағын кәсіп ашуға арналған қаражат аударылды. Сол сәттен бастап ол ұлдарымен бірге жаңа үміттің шырағын жаққандай күй кешті. Ұлдарымен көп ойланып жатпастан, ескі шеберхананы іргесін кеңейтуге кірісті.
Ауданнан ағаш кескізіп, қаладан ақ селикат кірпіштерді алғызып, шағын ғимараттың қасына үлкен шеберхананы күн-түн демей қызу еңбектің арқасында бір айда көтеріп жіберді. Бірлігі жарасқан ауылда таныс жігіттер де бірер күндерін бөліп, асарлатып жіберді. Бірі қабырғаны сылап, бірі еден төсеп әлек. Қысқа жеткізбей, ақыры, көптен күткен сәт -жаңа шеберхана есігін айқара ашты. Әділбек оны «Адал» деп атады. Бұл атау оның өмірлік ұстанымындай еді: адал еңбек, адал нан.
Бүгінгі таңда ауылдағылардың жағдайының жақсарғанын шеберхана алдында кезекте тұрған ұзын-сонар көліктерден байқайсың. Бәрі жаңа шеберхананы көздерімен көргісі келіп және ауыл ішінде мінсіз, ұқыптылығымен аты танылған Әділбекке көліктерін көрсетіп алғысы келетіндердің саны көбейген. Ер азаматтардың арасынан тоқ шәугім, үтік, ескі самауырындарын да сүйретіп «Күйіп кеткен сияқты», «Тоғы үзілгендей» деген апаларды да көресің. Бірақ, ешқайсысының көңілін қалдырмай, уақыт тауып жөндеп жүрген Әділбек пен ұлдарын көруге болады. Шеберхана танымалдыққа ие болып, ай сайынғы үкіметке төленетін ақшаны қиналмай жауып, артылып қалған қаржыны жинай бастады. Себебі, Жандос мектепті аман-есен аяқтаған соң, ІТ саласына оқуға барғысы келеді. Қыста кеш тез батады, таңертең ертемен шеберханаға кіргеннен кейін кеш бата бір-ақ шығатын әке әр баласының ризығын ойлаумен жүр. Далада көліктердің майы қатып қалатындықтан, кейбіреуі шеберхананың ішіне қалдырып кететін болған. Сол әдетінше шеберханадан шығып үйіне жеткенше суық аяз үскірік беті-қолын тоңдырып жіберді. Жып-жылы үйге кіріп еді, Жұлдызайының кешкі асқа дайындаған бәліштерінңғ иісі мұрынды жарды. Балалары қолдарын жуып дастархан басына жиналғанда, Жандос:
– Әке, бүгін көрші ауылға көшіп кеткен бұрынғы сыныптасым туған күнін жасамақшы. Мен де барайын дегенмін...
– Қай ауылға бармақшысыңдар? Кімдер жиналады? Әке-шешесі бар ма? Немен барасыңдар? Нешеде қайтасың? – деп әке сұрақтарын жаудыра бастады.
– Әке, бала күнгі досым он алтысын атап жатыр, барғым келеді, сіздің сөзіңізге қарасам жібергіңіз келмейтін сияқты. Мен ер жеттім, онсыз да қасыңыздан бір елі шықпай, үй болса үйдің, дала болса даланың жұмысын істеп жүрмін, әлде маған мүлдем сенбейсіз бе? – деп, ызамен жауап берген ұлының сөзіне не айтарын білмей, жөпелдемеде аузына сөз түспей қалды.
– Жоқ, ұлым, сендер болмасаңдар менің де тасым өрге домаламайды, сені достарыңнан бөлектейін деген ниетім жоқ, барып көңіліңді көтеріп қайт, тек байқап жүр. Сенімен Елдос бармай ма? Сенің бала күнгі досың болса, Елдостың да досы ғой...
– Жооооқ, оны шақырмады, сондықтан өзіммен бірге алмаймын
Жандос қуыстана жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, әкесінің сырт киімінің қалтасынан кілтті ұрлап алып шыққанына іштей ұялып, шеберхананың құлпын аша алмай, қолдары дір-дір етеді.
– Әй, не болды дірілдеп? Әкелші кілтті, өзім-ақ ашайын, – деп ауылға бұзықтығымен аты шыққан сыныптасы Дәурен қолын созды.
– Мүмкін, көлікті алмай-ақ қоямыз, мен бұрын көлік айдап көрмегем және бұл біздің көлік те емес... Әкеме жөндеуге әкелген елдің көлігі ғой...
– Туһ, сен не өзі, екі сөйлеп, барамыз да келеміз, түк болмайды. Менің жүргізе алатынымды білесің ғой, өзім жүргізіп барам, қайта білдіртпей орнына қоя қоямыз, әкең түк білмей қалады.
– Дегенмен де, шошып тұрғандаймын, мен кілтті ұрлап алып кеттім, әкем біліп қойса...
– Білсе не болады? Шалбарыңды шешіп алып, соққыға ала ма? – деп Дәурен қарқылдай күлді.
– Жоқ, менің әкем балаларын ұрып, қолын көтермейді, дауысын шығарып қатты сөйлемейді де.
– Еее, әкеңе тартқаның білініп тұр, сол екен ғой осы күнге дейін біреулермен не төбелесіп, не боқтасып жатқаныңды көрмеппін... Тәрбие отбасынан деші, – деп тағы қарқылдай күлді. – Қорықпа, бәрі дұрыс болады. Қарашы, соқталдай жігіт болдық, көрші ауылдың қыздарына қырындауға жарамаймыз ба? Қазір көңіл көтеріп қызыққа батпасақ, кейін тым кеш болады. Бүгінгі күн ертең қайта оралмас, – деп мысқылдады да, құлыпты ашып шеберхана ішіне кіріп кетті.
– Көлікті шеберханадан итеріп шығарайық. Әкең сақ құлақ сияқты, егер оталдырып шығарсақ, естіп далаға шығар. Одан кейін нақты бармаймыз. Мен көліктің рөлін бұрап отырамын, ал сен артынан итер, – деп бұйрық бере бастады. Олар көлікті шеберхананың жарығын жақпай, оталдырмай, артқы жағынан итеріп шығарды.
Жүрегі ауызынан шығып кетердей болса да, бәрі жақсы болар, барамыз да қайтамыз ғой деп өз-өзін жұбатқан Жандос көліктің тізгініне қонжиған кластасының қасына отырды.
Біреудің дүниесін біреу аяй ма, қалай болса солай жүргізген Дәурен құдды бір өзінің көлігіне отырып алғандай еркінсіп музыканың дауысын қатты қойып, дүрілдеп көрші ауылға жетіп барды. Шынымен, көрші ауылда сауық болып жатыр екен. Бәрі мәз, билеп, жастар бір-бірімен сөйлесіп, әзілдесіп уақыттың қалай сырғып өтіп кеткенін білмей қалған Жандос сағатына қараса, түнгі бірден аса бастапты. Дәуренге бәрібір сияқты, билеп ортаны ұстап жүр. Қасына барып:
– Дәурен, ауылға қайтайық, кеш болып барады, – деп иығынан қағып қалды.
– Не болды-ей, келгеннен кейін соңына дейін жүрейік те?!
– Сен екі-үш сағатқа ғана барамыз деп едің ғой...
– Сен не уақыттпен жүретін қызсың ба?
– Қалай сөйлеп тұрсың, саған адамша айтып тұрмын ғой, қызсың деген қалай болды? Ауызым өзімдікі екен деп албаты сөйлеме!
– Саған қайтсең де жүр дедім бе? Барасың ба дегенде өзің емессің бе, барам дегенің? Енді не болып қалды? Бүгін осында қонып таңертең шығайық
– Басың істей ма сенің, мына көлікті қалай алып шыққанымызды ұмыттың ба?
– Мен саған көлікті ұрлап шық дедім бе? Ұрламас бұрын ойлану керек болатын. Маған кекіреңдей бер ме! Мен бір сені қолыңнан жетектеп әкелгендей болмашы!
– Сен не айтып тұрсың, сен ғой мені үгіттеген, әйтпесе ешқашан осылай жасамаушы едім. Ауылға қайтасың ба өзі?
– Қайтпаймын, кетем десең өзің біл. Бірақ сен көлік жүргізе алмайсың ғой, қайтіп кетпексің – деп, кекетті Дәурен.
– Қайтпасаң, қал. Өзім кеттім. Саған сеніп келген ақымақ екенмін, – деп Жандос бүкіл денесі дір-дір қағып, далаға ытқып шықты. Көлікті оталдырып, тізгінге жүрексіне отырды. Қызу қандылықпен бір бағыттық жолға түсіп жүріп кетті. Бұрын көлікті жүргізіп көрмесе де, әкесінің қасында шеберханада көлік жөндегенге көмектесіп жүріп біраз құрылғыларын білетін. «Үйге аман-есен жетсем болғаны, әкемнің аяғына жығылып кешірім сұраймын.Мен барып тұрған ақымақ екенмін. Қалай ғана бетім бүлк етпей әкеме өтірік айттым. Ол аз болғандай нақ қылмыскерлер сияқты көлік кілтін ұрлап шықтым. Ұятым қайда кетті сонда? Менің кім болғаным? Нағыз қылмыскермін мен, қылмыскермін, қылмыскермін...Кешірші әке, кешірші...» – деп ызаланып, көзінен аққан жас бетін жуып жіберді. Көзі тұманданып, көлік тізгінін басқара алмай, мәшине қатты бір лықсығанда, тізгін қолынан шығып кетті. Не болғанын білмей қалды. Көлік ауылға бес-алты шақырымдай жақын жерде бірнеше рет аунап түскен.
Әділбек ұйықтай алмай, көз ілместен ұлының келуін тосты. Бұрын соңды осындай мінезін көрмеп еді. Жібермегенге амал қалмады ғой, бірақ неге көп айналды екен? Бәрі жақсы болар?! Қазір келіп қалар, -деп өз-өзін жұбатса да, жүрегі жамандықты сезгендей, тынши алар емес. Қысқы таң сібірлеп атып келе жатқандай, үйдің тыныштығын ауладан айқайлаған дауыс бұзып жіберді.
– Не болып қалды екен? Тнышытық болар... – деп, үстіне жаман күпәйкесін іліп далаға ытқып шықты. Айқайлап жүрген ауылдағы таксист Жомарт екен, қалаға ертесімен шығып жолда аударылып жатқан көлікті көріп, шошығаннан ауылға көмекке келіп тұрған беті екен.
Айқайлаған дауысқа әр үйден жиналған жұрт:
– Не болды? Тыныштық па?
– Неге айқайлайсың? Дұрыстап жеткізсеңші
– Біреу өліп қалғандай байбалам салғаны несі?
– Өліп қалған сияқты. Ауылдың шетінде көлік аударылып қапты, қасына барғанға қорықтым, ішінде адам бар... – деп дірілдеген дауысымен мән-жайды баяндады.
– Қандай көлік? Кімнің көлігі?
– Қара көлік, Айбардың көлігі сияқты – дегенді естігенде, Әділбектің үстіне біреу суық су құйып жібергендей, көлікте аударылып жатқан өзінің ұлы екенін бірден ұқты. Себебі, Айбардың қара көлігі шеберханада болатын, жөндеуге тастап кетіп еді.
Жиналғандардың ортасына кіріп:
Ол менің ұлым Жандос қой, Жандосым! – деп айқай салды да, аяқ-аяғына жұқпай, ұшқан құстай ауылдың шетіне жүгірді.
Ауыл адамдары да Әділбектің артынан көлік аударылып жатқан жерге көмекке жүгірді. Көзінен жас парлап ағып, тұла бойы дірілдеп, Алласына жалбыранып, баласының жанын аман алып қалуын сұрап, біресе аузына жан жары Жамалын алып, одан ұлдарын сақтап қала алмағанын айтып, кешірім сұрап, санаулы уақытта аударылған көлік қасына жетіп барды.
Барған бойда көліктің қасына құлап;
– Жандосым, ботам, – деп, көліктің есігіне қарай ұмтылды.
Ауылдың ер азаматтары аударылған көлікті бірлесе көтере жүріп, ұлды алып шықты.
– Балам, ботам, қарағым... Көзіңді ашшы! – деп, ұлының бетін, қол-аяғынан ұстап, амандығына көзі жетіп, еңіреп құшағына қысты.
Осы сәтте ұлынан әлсін-әлсін дем естіліп, әкесіне қарап:
– Әке... Мені... Кешіріңізші, – деп кірпігі ақырын қағылды.
– Үндеме, сөйлеме, бәрі дұрыс, бәрі жақсы болады, тек көзіңді жұма көрме, жұмба, ботам, балам... – деп, бұлының бетін сипады. Алласына рахмет айтқандай аспанға қарап, әлі де бір нәрсе сұрағандай еріндері жыбыр-жыбыр қақты. Ауыл адамдары жедел жәрдем шақырып, баланы ауданға бірден жеткізді.
Ұзамай дәлізге дәрігер шығып, тағат таппай жүрген әкенің қасына келіп:
– Уайымдамаңыз, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірнеше жері сынған екен, ота сәтті аяқталды. Ұлыңызды көп жауған қар аман алып қалған сияқты. Біраз уақыт біздің бақылауымызда болады. Әзірше ұйықтап жатыр, үйге қайта беруіңізге болады.
– Рахмет сізге, дәрігер. Шошып кеттім, ұлымнан айырылып қалам ба деген сүрей санамды сансыратып жібергендей.
– Иә, түсінемін ғой, бала- көздің жарығы, нұры ғой. Ата-ана бала үшін у ішуге дайын болады, әттең, кейде балалар осыны түсінбейді-ау. Көлікті жүргізе алмаса, сұрамау керек қой...
– Жоқ, менің Жандосым жақсы бала. Тәртіпті, ақылды бала негізі. Осы уақытқа дейін бір бетімнен алып, ренжітіп көрмепті. Сізге рахмет, дәрігер, рахмет. Үйге қайтпай ұлымның қасында болсам қайтеді? Рұқсат беріңізші... – деп қиылды.
– Олай болмайды, сіз де шаршадыңыз, үйде өзіңізді күтіп отырған балаларыңыз бар шығар. Егер ұлымды көріп бір-ақ қайтамын десеңіз, ақ халат киіп алыңыз, сізге біраз уақытқа кіруге рұқсат берейін.
– Рахмет, рахмет, -деп, ақ халатты киіп, ұлы жатқан палатаға кірді. Ұйықтап жатқан ұлының бет-ауызы ісіп, көзі жұмылып қалған. Басы дәкемен оралған. Ұлын танудың өзі қиын. Оның қасына ақырын барып, қолынан сипап, кеудесін кере күрсінді. «Мына күнді де көтеремін, Жамалым...Ұлымыз сауығып кетеді. Тек оларға тым бос әке болдым ба деп өзімді айыптап тұрмын. Жамалым, айтшы, ұлыма түзу жолды қалай нұсқайын?» деп әйелінің рухымен тілдесті.
Ауылға жетіп, үйге бас сұққаны сол-ақ еді, ақырып-бақырып, жұлынып Айбар кірді. Баласының амандығын сұрамады да, бірден:
– Мен саған көлігімді жөндеуге тастағанмын. Ауыл-ауылға теуіп, дем алсын деп бермедім. Көлігімді қайтесің?
– Кешір, Айбар. Көлігіңді емес, бірінші баланың жағдайын сұрасаң да жөн болар еді. Менің ұлым қателік жасады.
– Мәшин сатып бер.. Әйтпесе сотқа беремін!-деп айқай салды. Елдің бәрі сені жақсы адам деуші еді. Осы ма? Балаларыңа ие болмайсың ба? Дұрыс тәрбие бере алмасаң, неге үкіметке өткізіп тастамадың, – деп жекіре берді.
– Айбар, кінәлі болғаннан кейін барлық айтқандарыңды тыңдап тұратын жайым жоқ. Айтып тұрмын ғой, балам айыпты деп, көліктің ақысын өтеймін. Бірақ балаларыма тіліңді тигізбе! Мен балаларыма тіл тигізуіңе жол бермеймін. Арыз жазамын десең, барып жаз! Барлық малымды сатсам да, көліктің орнына көлік сатып берермін. Ал, енді бар, есік әне! Мен айтарымды айттым.
Айбар өзінің артық кеткенін ұғып, үндемей шығып кете барды. Арыз жазбады.
Әділбектің ұлы әкесінің шеберханасынан рұқсатсыз көлікті алып, апатқа ұшырады деген әңгіме ауыл-аймаққа бірден тарап кетті. Бірақ бұл әңгіме өсек ретінде емес, ешкімге ешқашан жамандық жасап көрмеген, ауылы нағыз ер азамат ретінде санайтын Әділбекке Айбардың көлігінің ақшасын тауып беруге қалай көмек көрсете алатыны туралы болды. «Көп түкірсе көл» дегендей, ақшаларын жинап, ауыл ақсақалы Қасымды ертіп, Әділбектің үйіне игі жақсылар жиналды.
– Аманбысың, Әділбек! Ұлың қалай, тәуір болып қалды ма?
– Ассалаумағалейкум, ақсақал. Рахмет, бәрі жақсы, ақырындап жазылып келеді. Басын көтерді. Енді бір айдай жатады дейді
– Еее, Алланың қалауымен көрер жарығы бар екен. Бәріміз пендеміз ғой, кейде шалыс басатын кездер болады. Бұл қателігі өмірлік сабақ болар енді.
– Иә, кінә өзімнен де бар. Мен мүмкін жақсы әке бола алмаған шығармын... – деп Әділбек басын төмен салбыратты.
– Тәйт әрі, не дейді мынау? Сенің балаларыңа берген тәрбиеңді көріп жүрміз. Олай деме. Ана, Айбардың көлігін қайтпексің?
– Малдарымды түгел өткізермін. Малым арымның садақасы, көліктің ақшасын жинап берермін, ары қарай өзі ұнағанын сатып алар.
– Әрине, сатып алады. Темір адамның жанынан артық болып па?! Біз де тыныш жатпай, көліктің ақшасын жинауға бір септігімізді тигізейік деп азын-аулақ тиын-тебен жинадық. Аз деп сөкпей қабыл ал!
– О не дегеніңіз, бізге керек емес. Мен алмаймын, бір нәрсе қылып амалын табармын...
– Сен, балам, бері қара. Сені мүсіркегеннен емес, бұндай жағдай кез келгеннің басына түсуі мүмкін. Егер қиындық келсе, ағайын-туғандармен бірге көтерсе жеңілдейді. Біз- саған, ал сен -бізге жақын адамсың. Басыңдағы ауыртпалықты біле тұра, қол қусырып отыру, мына біздей ақсақалдарға жарамас! Ал, қазір шеберханаң да жұмыс істеп тұрған жоқ. Ақшаны бірге толтырамыз. Уайымдама, балам.
– Рахмет, ақсақал. Не айтарымды да білмей тұрмын. Алла сіздерге разы болсын- деп, аузын жинап болғанша, есік қағылып, үйге аты шулы Шатақ Жақан кіріп келді.
Кіре сала төрге жайғасып, тура бір өзінің үйінде жүргендей:
– Жұлдызай ағаң жұмыстан шаршап, қарны ашып келді. Дәмдеп бір нәрсе пісіріп жіберші, сенің дәмді қуырдағыңды аңсап, түсіме кіріп жүр...
Жұлдызай мақұлдаған раймен тамақ пісіруға кірісті. Жандостың қал жағдайын сұрағаннан кейін, үйдегі балалармен шулап, ойнап, әрқайсысымен сөйлесіп кетті. Дастархан жасалып, Жұлдызай табаққа салынған ыстық қуырдағын ортаға қойды. Әртүрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құрып, шәйді ішіп біткеннен кейін, Әділбек екеуі сыртқа шықты:
– Балалардың көзінше түк үндемедім. Ақша табылар, мал табылар, ал бала табылмас. Бүлінген көлікті аман болсақ орнына қоярмыз, Жандосың аман-есен орталарыңа оралсын. Бала балалығын жасапты. Түк етпейді, біз бала кезімізде одан да зорғысын жасағанбыз. Содан кейін де «Шатақ Жақан» атандым ғой, – деп қарқылдады. Қораңа бір өгіз байлап қойдым. Менен көмек, соны сат та, Айбардың тоз-тозы шыққан ескі мәшинесінің ақысын толтырарсың.
– Өгіз әкелгенің не? Тым көп қой...
– Несі көп? Кезінде бурцуллез деп алып қалған малдарым төлді болған, мал жетер, уайымдама. Бауырыңнан көмек деп қабылда, – деп, Әділбекті арқасынан қақты
Ауыл ақша жинап, туған-ағайындар бір-бірден малдарын көмекке беріп, қалғанын өзі малдарын сатып Айбаршаның көлігінің ақысын артығымен қайтарып берді. Жандосы тәуірленіп, үйге оралды. Бауыр-қарындастары, әкесінің алдында жылап тұрып: «Әке, мені кешіріңіздерш. Енді ешқашан осылай жасамаймын» – деп уәде берді. Әкесі балаларынан артық байлығы жоқ екендігін сөзбен емес, мейірлене құшақтап, әрқайсысының маңдайынан сүйген ісімен көрсетті. Сол түні барлық баласы бір нәрсені түсінді: ашу – дұшпан, ашу-ызаның арты жақсылыққа апармайды. Ал, таза жүрекпен кешірім сұрау -қателікті мойындау.
Уақыт шіркін бір орында тұрған ба?! Қылышын сүйреткен қыстың соңын күлімдеп көктем мезгілі жалғады. Ауыл-аймақ та қыстан аман-есен шыққан малдарын жайлауға жіберіп мәз. Жандосы мен Елдосы қыс бойы бар ынта-жігерімен жоғары оқуға түсуге дайындалды, арасында әкесінің қасынан табылып үй-тіршіліктің жұмысына да үлгерген. Зерек Елдосы мен Төлегені шеберхананың нағыз мамандарына айналды. Көліктерін жөндеуге келгендер Әділбекті емес, ұлдарын сұрайтын жағдайға жеткен. Себебі, әкесінен үйренгендерін іс жүзінде ұлдары өте керемет қолданып, темір тұлпарларды жөндегеннен кейін иелерінің көңілдері толып, алғыстарын жеткізіп жатқандары көп. Жандосы ІТ саласына барғысы келсе, екінші егіз сыңары шеберханада жұмысшы болып қалғысы келеді. Құндызайы да университет қабырғасында соңғы сабақтарын оқып, диплом алуға дайындалуда. Бұйырса «қызыл диплом» алармын дейді. Ал, мектеп қабырғасында оқып жүрген балалары да тәрбие-білімдерімен қуантуда. Әр қайсысының өз жетістігі бар.
Биыл жазда Жамалынсыз өткізген уақытқа тура бір жыл толады. Бұйырса Жамалының да жылдық асын ауыл-аймақпен бірлесе берер. Осы уақыт ішінде Әділбекті өмір сан рет сынады, «жігіттің басына не келіп, не кетпейді» дегендей, сан рет еңсесін көтерді, қанша қиындықтар келсе де сүрінбеді, құламады. Құлауға, сынуға хақы да жоқ. Себебі, ол – әке! Отбасының – бәйтерегі!
Кішкентай ауыл болғаннан кейін жаңалық, әңгіме, сөз, сыңды дүниелер ауыл ішінде лезде тарайды. Кеше ғана мал дәрігері болып келген жас жігіт қаласына кетіп, мал инспекциясы басшылықсыз қалғанына бірнеше күн болып қалғанын ауылдағылар айтып жүр.
– Ауданнан бірнеше адам келіп, мәдениет үйінде жиналыс өткізгелі жатыр. Жиналысқа ауыл азаматтарын, әсіресе сізге келіп, қатыссындейді. Осы хабарды айтып кел, деп мені жіберді, – деді көрші бала шеберханаға аптыға жүгіріп кіріп.
– Әке, жиналысқа шақырса барыңыз, сіз келгенше біз өзіміз көліктің жөндей алатын жерін бастай берейік – деді, ұлы Төлеген.
– Жақсы, тек байқаңдар! Мен тездетіп, қатысып келейін.
Мәдениет іші адамға лық толы. Есіктен басын сұғып, ақырындап шеткі орындыққа отыра беріп еді, ауылдың ақсақалы Қасым:
– Әділбек, ауылдың бетке ұстар азаматы есік жақта емес, төрде отырады. Жоғары кел демесі бар ма, барлығы шулап:
– Ақсақал дұрыс айтады, нағыз ер азаматтың орыны – төр.
– Төрге шық!
– Ауылымыздың қадірлі азаматына алдыңғы орыннан орын табылар.
Жиналысқа аудан әкімі, оның орынбасарлары мен әртүрлі ұйымдардың басшылары жиналыпты. Аудандағы бетке ұстар, бірлігі жарасқан, ынтымақты ауыл – Боран ауылы екендігін айтып. Бір жылдың ішінде кішкентай ауылдың өзі еліміздің экономикасына өзіндік үлес қосқанын, мал санының көбейгенін, оны басқа елдерге экспорттап жатқанын да тілге тиек етіп кетті. Соның ішінде шағын бизнес бастап, кәсіптерін дөңгелетіп отырған азаматтардың есімдері мен істеп отырған жұмыстарын да жіпке тізген моншақтай түрлеп-түстеп атады. Сол тізімнің ішінде Әділбектің «Адал» шеберханасы да аталды. Ауылдағы ең негізгі жұмыстың бірі - мал өсіру. Халық малын өсіріп, көбейтіп күнкөрістерін түзетуде. Бірақ, ауылда мал дәрігерінің жетіспейтіні және мал инспекциясының басшылықсыз қалғанын айтып, қаладан басқа мамандарды шақыртатынын жеткізді. Осы кезде орнынан Қасым ақсақал тұрып:
– Қадірлі әкім мырза, ауылдастар! Арамызда Әділбектей мықты маман тұрғанда қаладан маманды қайтеміз?! Ол ауылдың тыныс-тіршілігін біліп өскен, кімде қандай мал бар, оның түр-түсін жаңылмай таниды. Өзі жұмысына адал, ниеті түзу азамат. Осы орынға – Әділбегіміз лайықты. Осылайша Әділбек аймақтың төрт түлігіне ем-дом жасайтын бас мал дәрігері болып тағайындалды. Бұл өсуді Әділбек мансап емес, өзіне жүктелген зор жауапкершілік деп білді. Үйі мен жұмыстың арасында біте қайнап, құрыштай төзімді бола түсті. Қарбалас жұмыс қамымен жүріп, ұл-қызымен сырласуға да уақыт табатын. Олардың білімге, еңбекке құштарлығын көріп, көңілі жай табатын.
Бүгін де әдетінше балаларымен шүйіркелесіп отырып, таңғы ас ішті. Оларды мектепке ұзатып салып, өзі көзін қуантып, көңілін жұбатып, соңдарынан қарап едәуір тұрып қалды. Сосын бойын жиып алып, мотоцикліне беттеді. Жолшыбай ат жеккен арбамен кетіп бара жатқан Шатақ Жақанмен ұшырасып қалды. Тоқтап, хал-жағдай сұрасты. Әділдік жолында күрес бастауына себепкер болған соң ба, жаны қиналғанда үлкен өгізін жетектеп келіп көмек көрсеткеннен кейін бе Жақан көзіне тым жылы ұшырап кетті.
– Ешкімге мылтық кеземей тыныш жүрсің бе бұл күндері? – деп әзілдеп те қалды.
– Ой, сол оқиғаны әлі ұмытпағансың ба? Мылтығым үйімнің төрінде ілініп тұр, қоқаңдатудың реті де жоқ.
– Дұрыс болған екен, үй іші, мал қопсы аман ба?
– Аман, аман ғой. Өзіңнің ше? Әділ, айтпақшы, кеше менің қара сиырым туған. Сенің құрметіңе бұзауының атын Әділбек деп қойдым.
– Әй, мына түріңмен ауылдағы бүкіл малды бізге арнап қойып шығатын түрің бар ғой.
– Е, неге болмасын? Кеше «Төлеген» деген қошақан туған. Келесіде бір әтешті «Орманбай» деп қоям! – деп жігіт қарқылдап күлді. – Өткендегі Жұлдызайдың қуырдағын сағынып қалғандаймын...
– Дәмесін қара, үйге қонаққа шақыр дегің келгені ме? – деп, сықылықтап күлді де, онда амандық болсын, кешке үйге кел. Мен жылжиын.
Осылай деп соңынан айғайлаған Шатақ Жақанға күлімдей қараған Әділбек түзу жолмен жұмысына қарай ызғытып келе жатты.