«Проза» номинациясы: Сары пиджак (әңгіме)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Qyran

І

Бұл пиджакты маған анамның алып бергені есімде.

2003 жылы күздің бір сұрқайлы кеші еді. Нақтырақ айтсам, жұма күні болатын. Ұмытпайтыным – мен ол кезде мектеп-интернатта оқитынмында, әр жұма күні түстен кейін қала сыртындағы үйіме қайтатынмын. Сол күні де үстімдегі жұқа киіммен дірдектеп үйге қайтып бара жатқан едім...

Мен алдымен теміржол вокзалына келіп, қала сыртына баратын автобусты күтетінмін. Ол жаққа қатынайтын бірнеше ғана автобус бар. Көп күттіріп барып келетін, әрі шағын, әрі ескі автобусқа жолаушылар  сыймай, таласып қалатынбыз. Сол күні де, автобусқа сыймай қалған бір топ адаммен бірге күздің суық желіне тоңып, келесі бірін күтіп тұрдым. Аялдаманың тұсында «Жасмин» деп аталатын шағын кафе бар тұғын. Кафе алдында қазанының майын жалындатып пирожки пісіріп тұрған өзбек әйелден жиырма теңгеге бір пирожки сатып алдым.

Бұл әйелдің пирожкиі қаланың басқа жеріндегі пирожкилерден дәмді болмаса да, үлкенірек еді. Үлкендігіне қарамастан, арзанырақ болатын. Мен ауызымның күйгеніне қарамастан, қолымдағы үлкен әрі арзан пирожкиді қарбыта асаймын. Жел тынар емес. Желмен ұйтқыған пирожкидің иісі аялдамада тұрған адамдардың бәрін елтіп әкетіп бара жатқан сыңайлы. Қолдарына нан мен жұмыртқа көтерген әйелдер де, темекі шегіп уақыт өткізіп тұрған егде еркектер де мұрындарының суын тартып, бірде кафе жаққа, бірде автобус келер көше қиылысына жалтақтай береді. Күн ұясына кіріп, вокзал алдына қойылған көше шырақтары жана бастады. Енді сол шырақтардың тұсынан біз күткен автобустың да қарасы көрінгендей болды. Қалың нөпір солай қарай ентелей түсті, мен де қалыспадым, сеңдей соғылысқан көппен бірге автобусқа кіріп үлгердім...

Үйде әпкем – Айман мен қарындасым – Айым бар екен. Мамам қаланың бір шетінде тауық етін мәнерлейтін фирмада істейтін. Ол кісінің жұмыстан тым кеш келетіні белгілі жағдай. Әпкеммен жылы амандасып, қарындасымның бетінен сүйіп, басынан сыйпападым. Үш лампалысының біреуі күйіп кеткен ескі аспалы шырақтың күңгірт сәулесі үй ішін толық жарық етуге шамасы жетпей өлеусірейді. Кіреберістгі ошақта Совет заманынан қалған үлкен қалайы шәйнектің астынан дәрменсіз бір от ұшқыны жылтырайды. Бөлмеден газ бен дымқыл көк иісі қатар шығып тұр. Ошақтағы шәйнек қайнаудан бұрын жұмыстан мамам келіп үлгірді. Баяғы әдетінше есіктен сөйлей кірді:

– Ой, күннің суығын-ай. Қарақтарым-ай!  Е, Беконтай да келіпті ғой. Ой, амансың ба балам? 

Бізден жауап күтпестен жітірмелете сөйлеп, сырт киімін шешіп жатыр:

– Мен сендерге пирожки ала келдім, әлі ып-ыстық. Қазір жұмыртқа да қуырып жіберем. Беконтай келіпті ғой.(тағы қайталады) 

Мамамның үстелге қойған пирожкиінің әлгі өзбек әйелдікі екенін жазбай танып тұрмын. Жақындап кеп бетінен сүйдім. Оның жаураған жүзінен тараған жылу жүрегімді елжіретіп барады. Орыныма отырып, пирожкиді қарбыта бердім.

– Айтпақшы, Беконтай саған пиджак сатып алдым. 

Мен жалт қарадым. Мамам сырттан ұстап келген жолдорбасын ақтарыстырып отыр. Қуанғанымнан қолымды асығыс сүртіп дорбаға телмірдім. 

– Қарашы, қандай әдемі, Басекең сатып жүр екен. Жұмыстағы қатындардың бәрі алды, міне қарашы...

Мамам енді бүктеулі пиджактың бырыс-тырысын жазып, сілкіп-сілкіп алды. Сары пиджак екен.

– Кел, киіп көр.

Мен еріксізден мамам жағасынан керіп ұстап тұрған пиджактың оң жақ жеңіне қолымды сүңгіте бердім. 

– Мама, рахмет...

Басқа не дерімді білмей кібіртіктеп пиджактың етегін алақаныммен сыйпалай бердім. Сәл ұзындау көрінді. Бірақ жап-жаңа. Мамам әлі құрақұшып, бірде пиджактың жағасын түзеп, бірде саусағымды жауып кеткен жеңін еселеп қайырып әбігер.

– Өзіңде шидей арықсың, ол жерде барлық пиджак бір разымерде екен. Қарызға берген соң алдық. Өсесің ғой балам, келер жылы мектеп бітіресің. Сапасы жақсы екен, әлі талай жыл киесің бұйырса...

Әпкем мен қарындасымда «иә, бұл өседі» деген үмітпен маған телміре қарайды. Менің жүрек түкпірімде де «өсем» деген үлкен үміт тұрды. Тіпті мамамның абрыжыған жүзіне қарап осы сәтте-ақ өсіп кеткім де келді. Бірақ мен ертегі кейіпкерлеріндей сол сәтте-ақ өсіп кете алмадым. Алайда мамам айтқандай пиджакты біраз жыл кидім.

Содан бастап бұл сары пиджак маған ылғый да күзді елестетіп тұратын естелікке толы күндерімнің куәсіне айналды...

ІІ

2004 жылы. Бұл – мен мектеп бітіретін жылғы күз. Былтырғыға қарағанда мамамның денсаулығы сыр бере бастады. Бір күн жұмысқа барса, екі күн ауырып азабын тартады. Айман коледждегі оқуын тастап, жұмыс істеп жүр. Негізінен бізбен көрші тұратын нағашы ағамның үй шаруасына қолғабыс етеді. Нағашымның жалғыз ұлы бар. Мектепке биыл барған, бірақ ақыл-есі сәл кемістеу. Соның ас-суын беріп, мектепке апарып, алып келеді. Ал ол үйдегі  жеңгемнің аяғы ауыр. Сонда да өте қарбалас адам. Көбінде үйінде болмайды. Ұлты қарғыз. Ағам оны он сегіз жасында алып қашып келіпті. «Жер телімдерін сатумен айналысады» дегенМамам. Мен болсам әлі өскем жоқ. Сол баяғы шидей арықпын. Пиджагымның жеңін қайырып киіп жүрмін... 

***

– Так что, Алланың құдыркті шексіз! Мәселен біз...

Жұма күні мектептің спорт залында Даниар ағай бізге уағыз айтып отыр. Сабақ басында он минут уағыз айту – бұл кісінің екі айдан бері пайда болған әдеті. Балалар оны қоршай тізерлеп отырып, сөзіне барынша ыждағаттылықпен  құлақтүргендей боламыз. Мәнін түсініп кетпейміз. Көзіміздің бір қиығы босағада жатқан аладопқа кете береді. Егер он минут шыдасақ сол допты тебетініміз мында тұр.

– Так что, бастысы Аллаға деген адал ниет. А так мен бұрын ауылды сұрағам, бандит болғам, қазір бәрін қойдым, құдайдың жолындамын...

Үнемі тізерлеп отырып жүрмегесін аяғым ұйып, шыдатпай ауырып барады. Бірақ шыдауым керек. Әйтпесе ағайдың футбол тепкізбей қоятыны анық. «Мұсылман адам мештте осылай отырады, үйреніп алыңдар» деп талай рет айтты ғой, шыдайын! Алдыңғы аптада дұрыс отырмағанымыз үшін тағы он минут уағыз тыңдамадық па?!

– Так что, шын ниетіңмен не сұрасаң құдыреті шексіз Алла соны береді...

Ол кісі енді сағатына қарады. 

– Так что, бүгін сендерді «жұма намазға» ертіп барам. 

Ол босағадағы футболды қолына алды. Біздің көзіміз жайнап кетті.

– Давай, тебіңдер!..

Данияр ағайға еріп алғаш рет «жұма намазға» кетіп барамыз. Қалаға кеше жаңбыр жауған, жаңбырдан әлі дегдій қоймаған еменнің тратуарға төгілген сап-сарыала жапырақтарын кешіп жүгіріп келеміз. Ең алдыда ағай. Ол кісі бағана «тез бармасақ, кешігеміз. Мұсылман баласы намазға асығу керек» деген. Мен де үстімдегі  сары пиджагымның етегі далбырап қалыспай келемін. Жүгірген сайын ағай айтқан мұсылманға тән осы әрекетіме көңілім марқайып тіпті өршелене түсемін.

Жүгірмесек расында кешігіп қалғандай екенбіз. Біз келгенде намаз басталайын депті. Имамның жамағатты қатарға тұруға шақырған сабырлы дауысы естіледі. Мұнда адамның көптігі сонша, мешіттің аузы-мұрынынан шығып аула сыртындағы алаңқайларға дейн жайылып кетіпті. Бізде жалма-жан тратуарды бойлап сап түзеп тұрған көптің қатарын толықтырып тұра қалдық. Артқы жағымызға тағы да біреулер келіп асығыс жайғасып жатты. Ентігім басылар емес. Мешіт жақтан имамның: «Саптарың түзу болсын, жақын-жақын тұрыңдар, әйтпесе араларыңнан шәйтан өтіп кетеді» деген сабырлы қоңыр дауысы естілді. Біз тура әскерлердей оң жағымызға қарап қатарымызды түзуледік. Сосын «шәйтан өтіп кетпесін» деп иық тіресе жақындадық. Сөйтіп тратуардан адам түгіл шынымен де шәйтан өтпестей шеп құрдық. Өңшең сенімдері мығым, сабырлы ересек еркектер қолтықтарына қыса келген жайнамаздарын алып алдарына жайа бастады. Даниар ағай да қалтасынан бүктеулі жайнамазын алыды. Тек намазға алғаш келіп, төкке түсінбей тұрған біз не істерімізді білмей бір-бірімізге жалтақтай бердік. Бірақ  сол сәт менің бойымды бір күш кернеді. Мүмкін айналамдағы үлкен адамдар, үлкен болғанда да сап түзеп тұрған кілең мызғымас еркектердің сенімді жүздері батылдық сыйлаған болса керек, үстімдегі сары пиджагімді шештім де алдыма жайып тұра қалдым. Намаз басталып кетті. Мені көріп қалған балалар да үстілеріндегі бір қабат сырт киімдерін шешіп алдарына жайып жатты. Олармен ісім болған жоқ. Оң жағымда тұрған еңгезердей кісінің әрекетін қайталап маңдайымды пиджагыма тигіздім. Мұрыныма өзімнің иісім келді. Оң жағымдағы әлгі кісінің еңкейіп жатып дұға оқығанын құлағым шалды. Бірақ не деп айтқанын ести алмадым. Қайта орынымыздан тұрдық. Сосын алақанымызды тіземізге қойып еңкейдік, сол кезде де әлгі кісі дұға оқып тұрды. Енді дүркірей қайта маңдайымызды жайнамазға тигіздік. Менің де еңкейіп жатып бірдеңе дегім келді. Не деуім керек, сәл ойланып жаттым да «Ей Алла, мамамды сау ете көр, мамам тез жазылса екен, біздің қарынымыз тоқ болса екен...» дедім. Дұғамды қайырып ақырын оң жағыма қарасам елдер әлдеқашан түрегеп алыпты. Мен де жалма-жан атып тұрып қолымды қусырынып тұра қалдым...

Сөйтіп менің алғашқы жайнамазым да осы сары пиджак болды. Бала жүрегімнен шыққан ең адал дұғам да осы пиджактың үстінде айтылды. Кейін дінни сауатым сәл жоғарлаған кезде, алғаш құдайдың алдында да осы пиджакпен тұрғанымды білдім.

Аз күннен кейін ораза айы басталды. Біз күнде кешкісін ауызашар кезінде мешітке баруды дағдыға айналдырып алдық. Әлгі еңгезердей кісі күбірлеп айтатын дұғаны әлі жатқа білмесем де, қатарымдағы адамдардың әрекетін қайталап, баяғы өз дұғамды айтып жүрмін. Намаздан соң мешіт асханасынан тегін ауызашар ішеміз. Көңілім де, қарыным да тоқ...

***

Ораза айының бір жұмасында үйге қайттым. Сол күні мектеп бізді сабақтан ертерек босатқан болатын. Қараңғы түспей тұрып ауылға жетіп алдым. Аялдамадан түсіп, аяңдап үйдің жанына таяғанымда аула сыртындағы қарағашқа сүйеніп, зәр сындырып  біреу тұр. Нағашы ағама ұқсаттым да, қасынан өте шығуға ыңғайсызданып, сәл кідіріп, жол шетіндегі бағанның артына жасырына қалдым. Аяғын тегіс баса алмай тәлтіректеген ол енді ышқырын түзеп бері айналды. Дәл өзі, нағашы ағам – Бақытжан екен. Оны көрмегеніме бірер жыл болған. Анам айтып отыратын: «Байқұс ішіп кетті, шекараға байыймын деп кетіп, қытайдың «жүнжүніне» әбден салыныпты» – деп. Ол мені көріп қойды:

– Ей, кімсің ей, тығылып тұрған? – деп «баррр» етті.

– Берікпін аға. Қорғаншақтай баған далдасынан шықтым.

– Үй, иттің күшігі!  Бері кел! Ағаш діңіне сүйеніп, тепсініп тұр. Ақырын жанына жақындап келіп:

– Ассалаумағалейкум, – деп жиіркене қос қолымды ұсындым. 

Дауысым дірілдеп шықты. Ол менің бас-аяғымды шола бір қарады. Көзі қанталап кетіпті.

– Уәлик салам, – деп ұсынған қолымды күректей алақанымен шап берді. Енді бір қолымен желкемнен қапсыра ұстап, өзіне қарай тартып алды да маңдайымнан искеген болды. Мүңгіген жат истен жүрегім айнып құсқым кеп барады. Шеңгелінен тез шығуға тырысып, бойымды кейін тарттым. Желкемдегі қолын босатса да, оң қолын жіберген жоқ:

– Жігіт болып қалыпсың ә. Мықты жігіт болам десең ешқашан жасырынба! Ағаң Ауған тауларының әр тасының далдасында жатқан талай жауды қалпақтай ұшырған мерген. Менен ешкім жасырына алмайды, соны біліп қой! 

Мен ол енді ғана босатқан қолымды сілкіп, басымды бейбірекет изей бердім.

– Үй, әкеңді! Сілкіме қолыңды! Ынжық, ынжық неме, бар арақ алып кел! Шалбарының қалтасына қолын сылып, ақша іздей бастады.

– Аға, мен арақ алып келуге бармаймын. Ол бетіме жалт қарады.

– Ой, иттің ғана күшігі, не дейсің ей, бармағаны нес?!

– Ағай «арақ харам» деген.

– Ағайың кім ол? Әкеңді...

– Данияр ағай, дене шынықтыру пәнінен беретін. 

Кібіртіктеп кейін шегіне бердім. Ол шап беріп тағы желкемнен бүріп ұстап алды.

– Сен кімнің алдында тұрғаныңды білесің бе щегол? Ол ағай болса мен капитанмын. Ондай соғыс көрмеген боқмұрындар  оттай береді. Бар алып кел!

Ол менің қалтыраған қолыма бірнеше жармақ теңге ұстатты да, желкемнен бүре ұстаған қолын сілкіп кеп қалды. Тәлтіректеп барып бойымды түзеп, магазин жаққа қарай зымырай жөнелдім. 

Ауылдағы өзімізге таныс жалғыз мағазиннен нағашымның берген тиынына келетін бір чекушка алдым да, пиджагымның қалтасына сүңгітіп,  қайта артқа зымырадым. Келсем ол ағаш көлеңкесіндегі күзгі қурайлары тапталған өзінің күнделікті орынына жайғасыпты. Арақты бере салып тайып тұрмақ болып едім:

– Қайда қашасың, отыр! – деді. 

Қасына амалысыз жүрелеп отырдым. 

Ол арақтың қақпағын бұрап ашты да, басын шалқайтып тұрып тең жартысына дейін кеңірдегіне құя салды. Еш ашырқанған жоқ. Сосын алақанымен ауызын сүрткен қалпы қолының сыртын мұрынына апарып иіскеп терең дем алды. Осы кезде оның маңдайын шып-шып тер басып кетті. Сосын «уһ» деп ауыр күрсінді де маған қарап:

– Әй, иттің күшігі, сарайымды ашып жібердің ей, сен бе сен маған тартқан жігіттің төресі боласың, – деп жадырап, қураған шөп үстіне малдас құрып жайланып отыра бастады. 

Сосын үстіндегі күн жеп өңі кеткен қара футболкасының етегін түріп, жүрек тұсын нұсқады: 

– Мынаны көрдің бе мынаны? Ауғанға барған жігіттердің бәрінде бар.  

Мен оның кеудесіне үңілдім. «A(II)RH+» деген өшуге айналған жазуды көрдім.

– Бұл менің қан тобым, Сәбет үкіметі салып берген, жусаң да, қырсаң да өшпейді. 

Ол футболкасының өңірін қайта жауып, кеудесін жұдырығымен ұрып-ұрып жіберді. Мен аң-таңмын, енді нағашы ағам көзіме шынымен де теңдесіз күшті батыр болып елестей бастады. Оның етті қос білегі, күн жеп қызарып кеткен жуан мойыны, сол жақ шеке тұсында ырсыйған тыртығы бар тықыр басы бәрі-бәрі қажайып сезілді. Жүзіне тағы бір қарасам ерініне насыбай салып алыпты. Жерге былш еткізіп түкіріп алды да:

– Ағаң ана үйдегі қатынды Қырғызға барымтаға барғанда алдына өңгеріп алыпқашып келген... 

Оның көзі тіпті де қызарып қанталап бара жатты. Сосын:

– Үй әкеңді, сен маған тартпаған ынжықсың, сенің бойыңда мына қан жоқ!( футболкасының етегін тағы көтерді) Сен сорлы әкеңе тартқан ынжықсың, сұм, арамызасың, сол әкең ғой сендерді қаңғытып кеткен, қаныңды бірақ шашам... 

 

Мен тұра қаштым. Ол тұра ұмтылып етбетінен жер сүзе жығылды. Қашқан күйі дарбазадан кіріп үлгердім. Қайта бұрылып артыма қарамадым. Есік алдында аптығымды басып біраз тұрдым да, үйге кірдім...

Үйге кіргенімде Мамам мен нағашы әжем шәй ішіп отырды. Айым әлі мектептен келмепті. Мамамның басын көтеріп әңгімелесіп отырғанын көріп іштей қуанып қалдым. Қалада үлкен ұлының қолында тұратын әжемнің айына бір келіп, бір апта қонақ болып кету әдеті. Мен үнемі әжемнің келгенін асыға күтіп жүремін. Өйткені әжем келсе6 мамамның ауыруы жеңілдеп, көңілі көтеріліп қалатын. 

Әжем мені бауырына басып, емірене иіскеп,  салалы саусағымен басымнан сыйпады. Құшағына қатты қысты. Оның саусағындағы күміс жүзіктер шашымды іліп ауыртып бара жатса да, қыңқ етпей бауырына тығыла бердім. Нағашы ағама деген кейістік болса керек жылағым келді. Онымды жасырып, жүзімді көрсетпей ұзақ жаттым. Әжем әлі басымнан сыйпап отыр. Әжемнің саусағы сексеуіл бұталарындай тарамдалған салалы әрі қатты тұғын. Сол саусақтарында көненің көзіндей жұқарған бірнеше күміс жүзік бар. Жүзік бетінің жалпақтығы сонша, біреуі бірнеше саусағын жауып тұратын. Өзінің айтуынша оны ұзатылған кезінде төркінінен тағып келіпті. Арғы әжелерінің жүзігі екен. «Мен байдың тұқымымын» дейтін кейде. Өзі сімер, әлікүнге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді. Көзі өткір. Сол өткір көзінің қарашығындай қастерлеген күміс оймағы тағы бар. Өзінің айтуынша оны да төркінінен алып келіпті. 

Әжем менің шашыма ілініп қалған жүзігін енді аңғарды:

– Үй, әдірә қалғыр. Мына құрғыр ілініп қалыпты ғой. Шашыңды жұлып кетпеді ме? Бұл да тозады екен-ау. Алақанын төңкеріп әр жүзігіне анықтап қарай бастады. – Жіңішкеріп барады. Не көрмеді дейсің бұл жарықтық. Міне мені де қарттайтты. Алмаш,(маммды айтыды) кетсем саған қалдырып кетем. Мен қанша жүрем енді. Көзімдей көріп тағып жүресің!

– Үй, қайдаасықтың? – деп Мамам әзілдейқарады.

– Шалымакетем, күнде түсімде қоңыраушалып жүр жарықтық. Ендіекеуі де күлді.  Сосын екеуі де күрсінді. Әжем дымданған көзін орамалының шетімен сүртіп қойды. 

– Қайдағыны айтпа, ұзақ жасайсыз, – деді мамам. Әжем оған иланған жоқ. 

– Е, осы қарақтарым аман болсын, заман түзелер, – деді тағы күрсініп. 

– Бірақ қайдан түзелсін, – деді тағы кейіп, – он жылдан бері жегеніміз осы етсіз макарон. Баяғыда осы ұлдың қалжасына сойған қой семіз болып еді.

Ол кісі менің басымнан тағы сыйпады. 

– Жомарт (Әкемді айтып отыр) өзі жоқтан тауып әкеліп сойған. Қарғам сауықшыл, далабезер болды ғой. Оның үстіне заманың да кері кете қалды. Тәуелсіздік деді ме, әйтеу үкімет есеңгіретіп жіберді ғой. 

Әжем әлі сөйлеп отыр. Мамамның бұл әңгімеге араласқысы келмеді. «Қой» деп те айтпады. Орынынан тұрып дастарқанды жинай бастады.  

Осы кезде темір қақпа шарт етіп ашылғандай болды. Терезеден сыртқа үңілген Мамам:

– Анау тағы келе жатыр, – деді кейіп. Мен де қарадым, бағанағы нағашым екен. Сүрініп қабанып қақпадан кіріп келеді.  Әжемнің қабағы түнеріп, қасында тұрған таяғын қос қолдап мығымдай ұстап үнсіз отырып қалды. Есіктен кірген нағашы ағамның үсті-басы шаң топырақ, шөп-шалаң еді. Әжемнің қасындағы орындыққа келіп жайғасты. Маған ажырая қарады. 

– Мынау ынжық. Әкесі сияқты. Басын кесіп аламын қазір.

Мен әжемнің артына тығыла бердім. Әжем таяғын таянып,  мізбақпай баяғы қалпы қыймылсыз отыр. Ләм деген жоқ. Шешем ыдыс жуып әбігер. Бізге назар салар емес. Ағам маған тиіскісі келетін сиқты, бірақ үнсіз түнеріп отырған әжемнің таяғынан жасқанатын да сияқты, түсініксіз күй кешіп біраз отырды да, мамамнан су сұрап іштіп, әжеме қайта бұрылды:

– Апа, білесің бе? Біз қазақстандықтар жаңа жылда он бес миллионға толады екенбіз. Менің  балам он бес миллионшы болып туады. Көрде тұр! Егер он бес миллионшы бала болып туса үкімет Алматыдан үй берреді екен, – деді еріні көпіршіп... 

Кешкісін нағашы жеңгем шақырған соң үйіне бардым. Айман асүйде картоп аршып отыр екен. Мені кере сап қолын асығыс сүртіп орынан тұрды. Келіп қошақтап бетімнен сүйді. Бұл үйдің іші де ала көлеңке, бұл үйден де газ бен көк иісі шығып тұр. Әлгі мектепке енді барып жүрген баласы үстелде сабақ қарап отырған тәрізді. Қарындашын ауызына сап тістелеп, екі көзі екі жаққа қарап аларып маған қарап ыржың етіп күлген болды. Түпкі бөлмеден нағашы ағамның ретсіз қорылы естіледі. Ара-арасында ұйықысұрағаны болса керек түсініксіз былдырлайды. Тазалық бөлменің есігі ашылып, халатшаң жеңгем шықты. Жуынған болса керек, басына добалдай қылып орамал орап алыпты.

– Е, Беконтай қалайсың? Ой, бойың өсіп қалыпты ғой. Кел отыр. 

Мен қымсынып қалдым, сәл жымыиып: 

– Жақсы, жақсы жеңге, – дей бердім.

Ол маған бұрышта тұрған ескі компютер жақты нұсқады.

– Отыра бер.

Арқалығы майысқан айналмалы орындыққа абайлап жайғаса бердім. Өзі тығыршықтай боп семіріп алған жеңгем қарыны шардиып, бөксесі бұлтыңдап, жұп-жұмыр екі саны бір-біріне үйкеле жүріп, сөреде тұрған бір құшақ қағазды алдыма әкеліп қойды. Үстінен беймалым бір жағымды иіс аңқиды.

– Беконтай, сен компютерді жақсы біледі екенсің ғой. Айман айтты. Маған мына қағаздарды жазуға көмектесіп жібер. 

Басымды изеп, алдымда жатқан қағазға үңілдім.

– Жердің құжаттары ғой, үлгермей жатырмын, денсаулығым да келмейді, жағдайым болса мынау, ағаңның кейпі анау... 

Жеңгем бұрқырай жөнелді. Бірақ тез баяғы қалпына келді. Маған қағаздарды бір-бірлеп түсіндіре бастады...

Жеңгемнің нұсқауы бойынша, өзіме түсініксіз біраз қағаз құжаттарды жазып тастап, асүйде ыдыс жуып жүрген Айманға бардым. Үстелге отырған менің алдыма ол бір талерке картоп қуырмашы мен бір куршка сүтті шай әкеліп қойды. Қуырмаштың еті мол екен. Жартып ет жемегелі де көп болған. Дәмді қуырылған қой қабырғаларын құшырлана мүжідім. Айман маған мейірлене қарап отыр екен.

– Тағы салайын ба, – деді күліп.

– Жоқ, рақмет! Дәмді жасапсың!

– Как всегда солай ғой.

Ол тағы да күлді. Екеуміз бірге үйге қайттық. Мен әпкемді құшақтап еркелегім келді. Өйтсем ол жылай салатын секілді. Аядым. 

Үйге келіп диванға салып қойған төсегіме құлай кеттім. Қатты шаршаған сияқтымын.

Сол күні түсіме әкем кіріпті...

Ертесі түстен кейін интернатқа кетпек болдым. Мамам мен әжем барын беріп бәйек болып жатыр. Қақпа алдында жеңгем тұр екен.

– Е, Беконтай кеттің бе? Мә, еңбегің, керегіңе жарат, – деп қолыма бес жүз теңге ұстатты.

Бұл мен үшін көп ақша еді, қуанып кетіп, қалтама сүңгітіп жібердім. Ол кісімен жылдам қоштасым да, әдетімше аялдамаға қарай зымырай жөнелдім. Алғашқы ақшалай табысым қалтамнан секіріп кетердей, сыртынан қайта-қайта сыйпап қоямын...

ІІІ

– Сен гитара тартып жүр дейді ғой сволочь!

 Данияр ағай жұдырығымен тура ішімнен аямай бір ұрды. Спорт залдың еденінде бүктетіліп жатырмын.

– Сен оның харам екенін білесің бе?!

Сөйлеуге шамам келетін емес. Ол енді жағамнан бүре ұстап орынымнан көтеріп, тамға жастап тұрып:

– Кім үйретіп жүр оны саған? Ана шораяқ кәрі шәйтан ба? 

Нұрбақыт ағайды меңзеп тұрғаны айқын. «Иә» деуге дәрменім әрең жетіп басымды изедім. Жағамнан қолын босатқан ол: 

– Гитара шерткеніңді екінші еститін болсам, саусағыңды сындырам, бар жоғал! – деді. 

Ішімді ұстап жатақханаға әрең жеттім. Төсегімде аунақшып ұзақ жаттым. Күн кешкіріп барады. Алакөлеңке бөлмеде менен өзге ешкім жоқ. Бәрінің қайда кеткенін білмедім. Бөлме ішін қыдырған көзім бұрышта сүйеулі тұрған гитараға түсті. «Осының бәрі сенің кесірің» деймін іштей. Бұл ойым оған деген кектен гөрі, мұңымды ақтарғанға ұқсап тұрды. 

Нұрбақыт ағай бізге Қазақ әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ол кісі – оң аяғын сәл сылтып басатын, үнемі оң қолына таяқ, сол қолына қара портфель ұстап жүретін, орта жастан асқан кісі. Сыныптағы балалар осы кісінің сабағында ғана тыныш отырамыз.Тіпті бізгеәкіреңдейтін Данияр ағайдың да ол кісінің алдында ығып қалғанын да көргенбіз. Мен әдебиет сабағына бейім болдым. Әсіресе Сайын Мұратбектің соғыс кезіндегі балалар тағдырын суреттейтін «Жабайы алма» шығармасын жақсы талдайтынмын. Содан болар ол кісінің маған назары бөлектұғын. Өз кезекшілігінде жатақханаға гитара ала келіп, біздің бөлмеде отырып шерткені бар еді. Тіпті бірнеше ән де салған. Менің гитараға деген ықыласым сол күннен бастап оянған. Қатты қызығып кеткенімді білсе керек, ертесі маған бір гитара әкеліп берді. Үйіндегі ескі гитарасы екен. «Шертіп жүр, саған сыйладым» деген мейірленіп. 

Нұрбақыт ағай аптасына бір-екі рет жатақханаға келіп маған гитара үйретіп жүрді. Бір айда әжептәуір меңгеріп алдым. Тіпті ыңылдап ән салатынды шығардым. Сөйтіп жүріп Данияр ағайдан қалай алыстап кеткенімді өзім де білмеймін. Ол мені көрсе жақтырмай алара қарайды, Сабағы кезінде әдейі қолын батырып алып та жүрді. Күн өткен сайын денеме жұдырық батпайтын болып бара ма әйтеу, оның бұл қылығына еш кектенбейтін едім. Сабақтан соң жатақхана дәлізінің бас жағындағы терезе тұсына барып, паравойға арқамды сүйеп, гитара шертіп отырамын. Бөлмеде тартсам басқалар жақтырмайды. Бұл орында отыруға маған ешкім рұхсат берген жоқ. Егер қатты шертсем әрине үстімнен арыз түсері анық. Сол үшін дауысын шығармай ыңылдатып ғана шертемін. Ішімнен ән де саламын. Дәлізденолай-бұлай өткендердің маған қарамай өтпейтәндері жоқ. Әсіресе үстінгі қабатта тұратын қыздар жағы көздерін сатып, әлде не деп бір-біріне әңгіме етіп, кейде тіпті сылық-сылық күліп бара жатады. Өзім теңдес ұл балалар негізінен жақтыра бермейді. Мүмкін Нұрбақыт ағайдан қорқатын шығар. Ешкімнің тісі батып, артық әңгіме айтып жүрген жоқ. Тек жатақханаға кезекші келетін уақытта гитарамды көтеріп бөлмеме кіріп кетемін. Осылайша күндер өтіп жатты. Кейінгі кездері гитара шертіп отырғанымда  қасыма сыныптас қыз – Меруерт келіп алатынды шығарды. 

– Берік! 

Мен тосын дауыстан селт еттім. Тағы сол Меруерт екен. Екі бетінде шұқыры бар ақсары қыз мыйығынан күліп қарап тұр екен. 

– Әлгі әнді тартышы, әлгі, өткенде ыңылдап отырдың ғой. Ол сәл ойланып қабақ түйе қарап тұр.

– Әлгі ше? Қар туралы.

– А, иә. Мен де оның жүзіне қарап күлген болдым. Сосын ақырын гитара ішектерін бір бірлеп тере бастадым:

Аппақ, аппақ қар,

Жер бетінде суық ызғары. 

Ыңылдап ән айтып отырмын. Меруерт те тура қасыма келіп паравойға сүйеніп тұрып алған. Қосылып айтып тұр. Дауысы жез қоңыраудай сыңғырлы екен.

Жұлдызға қарап,

Төніп тұрған сонау шыңдағы.

Аяңдап келем,

Қасымда сен ақырын басып,

Жүрек соғады,

Саған деген көңілім тасып.

Тыңдашы ән салайын мен,

Саған арнап кеш батқан кезде…

Оның ақсары жүзіне қан ойнап кетіпті. Маған қарап тағы да жымиып қояды. 

– Берік. Сен расында жақсы тартасың гитараны.

– Рақмет! 

Ән айтсам жүрегім елжіеп кететіні бар. Дауысым бір түрлі дірілдеп шыққандай болды. Ол енді әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып:

– Жаңа жылда қайда боласың? – деді сұраулы көзімен қиыла қарап.

– Білмеймін. Сен?

– Білмегені қалай? Мен папа, мамаларыммен бірге боламын.Мүмкін ресторанға барамыз.

– Менде үйге қайтатын шығармын.

– Неге мұңайып тұрсың?

– Жоқ, мұңайғам жоқ. Мен еріксіз күлдім.

– Жаңа жылда маған не сыйлайсың? Давай, екеміз бір-бірімізге сыйлық сыйлайық. Ұмытпа тегінде! Мен сасқалақтап қалдым.

– Жаңа жылға әлі жарты ай бар?

– Жарты ай деген тез-ақ өте шығады. Оның жүзіне күле қарап тұрып, басымды изедім. Ерке қыз екі қолын артына ұстап, көйлегінің етегі желбіреп, секеңдеп екінші қабатқа жүгіріп шығып кетті.

Ертесі сабақ аралығындағы үзілісте ол маған бір булочка берді. Кеше ата-анасы келіпті. – Мамам пісірген, – дейді жүзі албырап. Мен «рақмет» дегенімше секеңдеп кетіп қалды. Сап-сары болып піскен булочканы сүмкеме сүңгітіп жібердім. Сабақтан соң жатақханаға бірге қайттық. Кешкісін коридорда ән айттық. Осылай күндер жалғасын таба берді…

***

Нағашы жеңгем сотталып кетіпті. Оны мен жұма күні үйге барғанда білдім. Кештетіп үйге келсем әжем қатты уайымдап отыр екен. 

– Ай-күні тайап қалып еді, енді не болар екен?!

– Шығады, алаңдай бермеші енді. Ол полицейлермен жақсы ғой. Заңсыз жерді бәрі бірге сатпады ма? Оның үстіне екі қабат. Жазаны кейінге қалдруы мүмкін. – Мамам әжемнің көңілін аулап әлек.

– Е, қақшаңдап кетіп еді тыныш жүрмей, адал жүрмеді ғой... Әжем кемсеңдеп жылап отыр.

– Осы күні кім адал жүр дейсің? Қойшы мама! Мамам енді ұрса бастады. Сосын кешкі ас әзірлеуге кірісті. Ас әзірлеп жатып енді маған шүйлікті.

– Беконтай, бұл үйге гитара жолатушы болма, енді әкелсең сындырып тастаймын.

– Неге мама? Мамам мұрынымен кекете мырс етті.

– Негесі бар ма?! Бұлөмірде әкеңнен көрген қорлығым аз болғандай енді сенде жінігіп жын қуайын дедің бе? Ұқсамасаң тумағыр... Мен жылап жібердім. Тағы да сол қормал әжемнің тізесінде жатырмын. Әжем басымнан сыйпап отырып:

– Балам, әкең осыны жақсы шертетін, шешеңнің ескі дертін қозғадың ғой, енді алып келме, – деді құлағыма жақын сыбырлап.

Бұл жолғы үйге келуім тым мағыналы болмады. Көңілсіз қайттым. «Жаңа жылда дакелмеспін» деп шештім іштей. Интернатқа келгесін көңіл жұбатар ермегім тағы сол гитара болды. Тіпті жан серігіме айналып кеткендей.Меруерттен басқа сыныптастарыммен араласпай, шеттеп жүрдім.Гиттара шертіп отырып тебіренемін.Әрнені ойлаймын.Кейде, әкемді есіме аламын. Ол кісі қандай адам екен деймін? Нағашы ағам айтқандай соншалықты сұмырай, ынжық па? Мамам айтқандай опасыз ба? Онда неге нағашы әжем оны сағына еске алады? Санамда сан-алуан сауалдар сапырылысып отырам. Отырып-отырып әкемді сағынам. Түнде төсегімде жатып көзімді жұмсам ол кісінің буалдыр елесі келеді. Иә, ол кісінің 

гитарасы бар болатын. Ауылдағы үйдің ауласында, алып ағашының түбінде отырып шертетін. Елес ақырындап айқындала бастайды.Мұртты кісі еді ғой. Желкесіне қарай қайырып қоятын толқынды шашы да есімде. Алайда бәрінен анық көрінгені тұңғиық қара көзі. Биік қабағының астынан өңменіңнен өте тесіле қарайтыны бар болатын. Елес немесе шындық болар бәлкім, бірақ менің жадымдақалған осындай бейне бар сияқтана береді. Айтпақшы, ауладағыалып ағаш, алмұрт ағашы болатын. Сондағы жеген алмұрттың дәмі талай жылдарға дейін таңдайымнан кетпей жүрмеді ме? Діңі жуан, бұтақтары салалы тұғын. 

Күзді күні алмұрттары езіле піскенде әкем ағаштың біраз жеріне дейін шығып, бұтақтарын сілкілеп алмұрт түсірген. Мен жерде тұрып барынша шалқая қарағам. Сонда әкемнің білгі алмұрт ағашының бұтағындай жуан, бұлшықеттері білемденіп көрінген еді ғой. Мен етегім толы алмұртты күні бойы жеген болатынмын. Ауызыма сол алмұрттың дәмі қайтадан келгендей ме қалай?Көзімді жұмып жатып сілекейімді жұтындым. Адам сілекейі де осындай дәмді болар ма, балбырап ұйықтап кетіппін. Таңертең орынымнан сергек ояндым. Апыл-ғұпыл киініп жатқан балаларға назарымды да салмай, төсігімде ойға шомып аз отырдым.Санама «осы мен әкемді іздеп барсам қалай болар екен?» деген ой келді. Кенент қатты шыққан ысқырық дауысынан селт етіп бойымды жиып ала қойдым. Бұл Данияр ағай болатын. Ол кісі кейде жатақханаға келіп, мойынынан бір түспейтін ысқырығымен дәлізде тұрып ысқырып бізді оятатыны бар. Бүгін де келіп қалған екен. Жылдам көрпемді жиыстырып, орынымнан енді тұра бергенім сол еді,Ол да есіктен басын сұғып үлгерді. Жарты денесі ішке кіріп қарап тұрды да мені оқты көзімен атып:

– Ей, сволочь, әкеңнің төрінде жатсың ба?Вставайте, скорее! – деді ақырып. «Менің әкем жоқ» деген жауабым дайын бола қалған, абырой болғанда оны «әкем тірі ғой» деген іле-шала сап ете түскен оңтайлы ойым санамнан тез өшіріп үлгерді. Сосын үндеген жоқпын. Асығыс киіне бастадым.

***

Жаңа жылға үш күн қалды. Үш күннен бері Алматыға қар жауып тұр. Ұлпа қар ерекше бір әсемдікпен торғайбастанып, қапалақтап тұрып жауды. Үп етіп жел тұрған жоқ. Қар мамығы мектеп айналасын білдірмей момақандықпен қымтап, көңілге бір тыныштық орнатқандай бейжай күй кешіп жүрмін. Кейде «Осы біздің мектептер мен аурухынылар, тіпті түрмелер неге бір-бірінен аумай қалған» деп ойлайтынмын. Осы интернатқа келсем Советтік криминал кинолардағы қорқынышты түрмелер көз алдыма келетін. Данияр ағай өзін «Блатной» сезінетіндей ме өзі. Тіпті асханадағы ыдыстардан да, тамақ түрлерінен де Орыс киноларындағы түрме мен аурухананы көретінмін. Соларды көрген сайын табанымнан бетонның ызғары өтіп тұрғандай қалтырайтынмын. Қар жауғалы бері мектептің сол бір ауруханалар мен түрмелер сияқты сұп-сұр суық жүзі жасырылып, айнала аппақ нұрға шомып, жүрегім елжіреп, осынау төпелеп тұрып жауған қардан ерекше бір жылылық сезінгендеймін. Ауыспалы мағынадағы жылылық емес, кәдімгі қымтанып жата кетсең тоңдырмайтын шынайы жылылық. Шынымен-ақ жамылып жата кетер ме едім шіркін! Үстімдегі сары пиджактыңішінен қабаттап қанша күртеше кійсем де, жылына алмай жүргенім өзіме ғана аян ғой. Осы көңіл-күйімнің жаршысысындай сол күні мектепке мені іздеп Айман келді. Мен мәз болып қалдым. Қолында тәп-тәуір сәлемдемесі бар екен. Мектеп асханасында отырып біраз әңгімелестік. Ауыл жақтағы жаңалықтарды айтып отырған Ол бір кезде көзі бадырайып:

– Нағашы жеңгем түрмеде туып алды ғой, естідің бе? – деді. Мен қайдан естиін, сасып қалдым.

– Аман ба екен өзі?

– Иә, аман. Тіпті жағдайы жақсы дейді.Мамамдар барып қайтты. Жақында шығады екен әуелі.

– Он бес миллионшы баланы туып па екен? Мен әзілдеп күлдім. Ол да күліп, иығын қыйқаң еткізіп қойды. 

– Әпке, – дедім мен аз үнсіздіктен кейін, – сен біздің Талғардағы үйдің әдірісін білесің бе? Әпкеп таңдана қарады, – білесің ғой, маған айтшы?

– Оны неге сұрадың?

– Менің әкемді іздегім келіп жүр... Айман бір қолымен жағын таянып отыр. Оның қояндікі секілді томпақ екі ұрты, пұшық мұрыны маған соншалықты сүйкімді көрінді. Жаңа ғана ашық тұрған ойлы қабағын сәл көлеңке жапқандай болды. Сосын үнсіз ғана басын изеді. 

– Айтсаңызшы енді?!

– Талғар қаласы, Абай көшесі, 31 үй...Кім білсін олар басқа жаққа көшіп кетпесе?! Осыны айтып  Ол ауыр күрсінді. Күрсінді де:

– Емтиқаның бітті ме? Қалай тапсырдың?

– Бітті, үш алған жоқпын.

– Мен сені сұрап алам. Жаңа жылды бәріміз жиылып үйде қарсы алайық...

***

Біздің үйге екі бірдей әдемі аюдың қуыршағы пайда болыпты. Екеуі де аппақ, сүйкімді қуыршақ.

– Қайдан алдыңдар? – дедім мен қызығып.

– Нағашы жеңгем беріп жіберіпті, – деді Айым қуыршақты құшағына қысып отырып. – мынау менікі, анау үлкенірегі Аймандікі.

– Түрмедегі әйелдер тігеді екен мұндайды. Жеңгем солардың басшысы көрінеді.«Тіпті жетімдер үйіне арнап матрастарды да тігеміз»депті. Қуыршақтарды осы жолы барғанда мамамдардан беріп жіберді, – деді әңгімемізді естіп арғы бөлмеден бой көрсеткен Айман.  Сосын:

– Құрмет (нағашы ағамның баласын айтады) көрсе кірлетіп тастайды, – деп ескі диванда тұрған аюды алып шкаптың үстіне шығарып қойды.

Қайдан келсе де бұл сүйкімді қуыршақтар біздің күңгірт бөлмелерімізге жарық шашып, сән беріп тұрғандай сезілді маған. Айымның да көптен бері көңілді отырғанын көргенім осы.

– Нағашы ағам көрінбейді ғой, – дедім сәл үнсіздіктен соң.

– Үйінде, есік ашпайды. Ішіп жатқан сыңайлы. Кеше тамақ апарып бергем, – деді Айман шашын сәндеп, айнаға қарап тұрған қалпы.

Көз алдыма нағашы ағамның бейнесі келді. Аяп кеттім. Аяғыма Мамамның галошын сұға салып, оның үйіне қарай жүгірдім. Есік алдына қойылған орындық үстінде сіріңкесімен қатар бір қорап «Қазақстан» темекісі тұр. Табалдырықта шоғы әлі сөнбеген темекі тұқылы жатыр. Есікті тартып көріп едім ашық екен. Асүйге кірсем қос жұдырығын маңдайына жастанып, үстелге басын қойып, ыңыранып нағашым отыр екен. Ақырын үндемей келіп қарама-қарсы орындыққа жайғастым.

– Берікпісің? Басын көтермесе де мені танып тұр.

– Иә, аға менмін.

– Су берші. Краннан біраз ағызып тұрып, стақанғасуық су құйып бердім. Қылқылдытып жұта салды. Сосын қайта үстелге жатқан қалпы:

– Түсіме әкем кіріпті.Ойнап жүр екенбіз. Қолымызда бір-бір мылтығымыз бар. Атысып ойнап жүрміз. Өте көңілді ойын болды, – деп таңдайын шықылыықтата қағып қойды. Содан кейін басын көтеріп, ыстақанға шөпілдете арақ құйып, шалқыйып тұрып тартып жіберді де: –Сен көрген жоқсың оны. Ол Сәбет одағы үшін бір аяғын берген герой. Негізі біз Жеті атадан бірі героймыз. Бірақ мен ынжықпын! Неге Ауған тауларында оққа ұшіп кетпедім. Біз героймыз. Өйткені бұл далада соғыс тоқтаған емес...

Аз уақыт үнсіз қалды, сосынқорылдап ұйықтап кеткендей болды. Мен оның соншалықты жаттық, соншалықты орынды сөйлегеніне таң қалып отырып қалыппын. Енді кетпекке ығайлана бергенімде ол қорылыншорт тиып, басын көтерді. Менің бетіме ажырая қарады. Көзінің асты көгеріп көлбіреп кетіпті. Аузынан аққан сілекейін ебедейсіздене жеңімен сүрткен болды.

Әй, бірақ ол кезде батыр болудан басқа амал да жоқ. Сендерше айтқанда басқа мамандық жоқ. Ыржыңдап күлді. Сосын күлкісін де дереу тия қойып кенет жүзі сұрланып:

– Адамға әке керек екен! Әкеңді тауып ал!әкеңді...– деп айғай салып, үстелді жуан жұдырығымен бір ұрды. Үстелде тұрған арақ құмырасы мен стақан шалдыр етіп еденге құлады. Мен шошып кеттім. Қыйпақтап не істерімді білмей босаға жаққа қарай ығыстым.

– Не, қашпақсың ба? Қорқақ неме! Қашыңдар менен, бәрің қашыңдар! Мені ешкім адам құрлы көрмейді! Атаңа нәлет үкімет! Атаңа нәлет Сәбет одағы! Бәріңді...

Мен қашқан бойы үйге келдім. Есік алдында ентігімді басып біраз тұрдым...

Кешкісін Айым екеуміз асүйді сәндеуге кірістік. Ақ параққа Аяз атаның, шыршаның суретін салып, бояп әдемілеп қайшымен кесіп алдық. Оларды қабырғаға жабыстырып айналасына қар белгілерін ілдік те, астыңғы жағына тағы да сол параққа жазып ойып алынған «2005 жыл» деген жазуды жабыстырдық. Сосын бәрінің үстіңгі жағына Мамам жұмысынан ала келген шашақты жылтыр лентаны жабыстырдық. Бол безендіруіміз өзімізге ұнады. Айман мен мамам ас пісіріп әбігер. Бөлмені қуырылған тауық етінің иісі жаулап алған. Оған Айман пісіріп жатқан ыстық бауырсақтың жағымды иісі еселеп иіс қосып, онсыз да қарыным ашып тұрған менің ішегім шұрылдады. Үстел басында әжем бауырсақ жеп шәй ішіп отыр. Шәй ішіп отырып өзі қарбалас болып жүрген мамама әлденелерді айтып, қолын сермеп қояды. Мен де бауырсақттан біреуін ұртыма тығып жіберіп, үстел басына жайғастым. Әжем енді назарын маған бұрды.

– Баяғыда, енем жарықтық сиырдан сүт шақпай қалса «Алла сақтасын! Патшаның ниеті бұзылайын деген екен» деп шелегін босағаға лақтырып жіберетін. Сол кісі біліп айтады екен. Мен ес білгелі оңған бір патша көргенім жоқ. Көзімді ашып көргенім жетім мен жесірдің көзжасы. Өзім де жылап өстім, жетім болдым. Енді міне жылап кетіп барам. Қазір де көріп отырғанымыз жоқшылық. Е, қарақтарым, патшаның ниеті түзу болсын сендерге! Тәуелсіз елміз деп жатыр ғой оған да тәубә! 

Әжем ауыр күрсінді. Мамам «екі кештің арасында мұныңыз не? Балалардың зәресін ап» деп ұрсып тастады. Бағанадан мамама айтып отырған әңгімесінің жалғасы сияқты, мен көп көп іштеңе түсіне алған жоқпын.

Жаңа жылды көңілді қарсы алдық. Алдымен тоя тамақтандық. Мамам мен Айман дайындаған тауық еті қосылған палау өте дәмді болыпты. Соңына бауырсақпан шәй іштік. Сағат тілі 12:00-ді көрсетуге жақындағанда стақанмызға Мамам қайнатып суытып қойған компоттан құйып, теледидарға телмірдік. Сол сәтте «Қазақстан» телеканалында жаңа жылдық концерт беріліп жытты. Теледидар бетінде Қазақстанның халық әртісі Рымбаева «Атамекен» әнін шырқауда. Әншінің әдемі көйлегі мен асқақ дауысы бізді елтіп бара жатқандай. Тіпті әжемнің көзі дымданып, орамалының ұшымен дымданған көзін сүртіп, кемсеңдеп алды. Кенет ән ортасынан үзіліп кетті де, теледидар бетіне ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пайда бола кетті. Дабырласып отырған біз енді тына қалдық. Президент қолына ұстаған аққайнар толы ыстақанын сәл көтеріп, тура бізді көріп тұрғандай ошарыла үрпиісіп отырған бейнемізге шола қарап тұрып: «Құрметті отандастар! Санаулы сәттерден кейін біз жаңа 2005 жылға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан жылда еліміз талай сыннан сүрінбей өтті...». Осы сәтте далада тарс-тұрс етіп салют атыла бастады. Айман, Айым үшеуміз тырым-тырақай сыртқа жүгіре жөнелдік. Салют бізден бірнеше үй кейін тұратын котеждің ауласынан атылып жатыр екен. Басқа үйлер тып-тыныш, тек сонау алыста жатқан Алматы аспанынан атылған салюттердің дауысыз жарқылы ғана көзге шалынады. Біз мәз болып көрші ауланың аспанына телміреміз. Ауладан жұлдызша ағып шыққан отты жарық біраз биіктеп барып алуан түсті от шашуын тура бізге арнағандай жан-жағына шашыратып әдемі гүлді шеңбер жасауда. Әдетте бұл үй туралы сөз болғанда әжем:«Ол байдың үйі, албаты жуымаңдар» дейтін. «Баласы министр екен» деп қостап қойған мамам.  Біз содан үрейленіп жүретінбіз. Бірақ бүгінгі мына көрініс соның бәрін ұмыттырып, тіпті өзіне баурап алғандай болды. Қанша уақыт тұрғанымыз есімде жоқ. Үйге кірсек мамам үстел жиыстырып жатыр екен. Сосын төсек салды. Мен төсегімде алақызып, елеңдеп жатып ұйықтап кеттіппін.

Тәңертеңгі шәй үстінде нағашы ағамның үйіне таңғы ас апаруға кеткен Айман есіктен аптығып, жылап кірді. Қатты үрейленіп кетіпті. «нағашы ағам, нағашы ағам...» деді де артына қайта жүгірді. Біз шошыпкеттік. Айманның соңынан іле-шала Мамам мен Айым кетті. Мен өңі қуарып, ішінен күбірлеп дұға оқып, таяғына сүйеніп орынынан тұрмақ болып жатқан әжемді сүйей бердім. Әжемді жетелеп жетсем, үй маңына көрші-қолаңдар да жиналып қалыпты. Ашық тұрған есіктен көмірдің қошқыл түтіні шығып тұр. Алдымен үйге кіріп кеткен қартаң көрші сүлкіні түсіп қайта шықты. Шықты да, табалдырықта тұрып бізге қарап, «Жарықтық, жүріп кетіпті. Иіс тиіпті. Иманды болсын!», – деді бас киімін шешіп, қолына ұстап тұрған қалпы. Мамам дауыс сап жылай бастады. Оған қосылып Айман мен Айым шулай жөнелді.Буыны құрып, кемсеңдеп құлап бара жатқан әжемді қолтығынан әрең сүйеп, есік алдында тұрған ескі орындыққа отырғыздым...

Нағашымның «Жеті күндік нәзірін» өткізген соң қалаға қайттым. Автобус ішінде көңілсіз келемін. Құшағымда Айманның дәу аю қуыршағы бар. Оны «Меруертке жаңа жылдық сыйлыққа беремін» деп, неше күн жалынып жүріп сұрап алғам. Автобустағы адамдардыңбәрі қажыған жүдеу. Маған таңырқай қарайды. Бұрын-соңды қуыршақ көтеріп кім жүрген, ыңғайсызданып келемін. Жолаушылардың көптігі сонша бір-біріне наразылық білдіріп сиыспай әлек. Мұндайда үлкендерге орын бермей қою –барып тұрған «қылмыс»! Құшағымда дәу қуыршағым бар маған әлі ешкім ештеңе дей қойған жоқ. Өзім де қуыршақ далдасына барынша жасырынып, басымды терезе сыртына бұрып, көшеге мағынасыз қарай беремін. Қала кептеліс. Ығы-жығы машина. Автобус шофері әркімнен жол сұрап, автобусты ырғып-ырғап ыңғайсыз айдайды. Тежегішті әр басқан сайын бір-біріне сүйеніп әрең тұрған шолаушылар теңіздей толқып, сеңдей соғылысады...

Меруерттің қуанышында шек жоқ. Мен берген қуыршақты ол да қушағына қатты қысты. Кейін жатақхана коридорында жүрсе де, қолынан бір тастамайтын болды. Жұма күні мені Нұрбақыт ағай үйіне қонаққа шақырды.  Сабақтан соң бірге үйіне бардық. Ол менің үстімдегі пиджагыма назар сап:

– Беріктің үсті жұқа екен. Бұдан былай күн суытады. Самал, әлгі менің қоңыр курткамды әкелші, – деді шәй дайындап жүрген әйеліне дауыстап.

– Қазір, – деген әйелі тері мәтерялынан тігілген куртканы тез алып келді. Киіп көрдім. Менің пиджагыма қарағанда жылы әрі жаңалау екен. 

Шәй үстінде мен ағайыма әкемді іздеп барғым келетінін айттым. Сөзімді ыждағаттылықпен тыңдаған ағай ертесі мені әкекмнің үйіне ертіп баратын болып келісті. Сол күні ағайдыкіне қонып қалдым. Сиыртүс әлетінде ағайым екеуміз сол кезде «Саяхат» деп аталатын автобекеттен автобусқа отырып Талғар жаққа тартып бара жаттық...