«Проза» номинациясы: 14-ші вагон

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Shyrak

 

Бүгін қысқы демалысым аяқталды, оқуға қайтамын. Темір жол вокзалы үйден 5 минуттық жерде болса да, әкемнің байырғы әдеті бойынша мені шығарып салуда. Үйде болған күндері дәмді тағам пісіріп, жағдайын жасаймын деп келген мені керісінше әкем әлпештей күтті. Осы жолы әкеме ерекше еркелеп жаттым. Енді қимастықпен қол бұлғап тұрған оған: «Қайта бер, тоңып қаласың» деп ымдап айтып тұрмын. Қызық, сондай үскірік аязда осы тымақты кигеннен не пайда, әкемнің құлақтары қып-қызыл боп қызарып кетіпті. Ол да: «Жеткенде, хабарлас» деп қолын құлағына қойып, түсіндіріп жатыр. «Иә, иә» деп бас изеп, оның мейірлене күлімдеген жүзіне әдеттегіден ұзағырақ қарап, ерекше қимастықпен қоштастым. 

Вагонға ең алдымен кірген – мен, төбедегі орныма заттарымды қойып, астында отырмын. Жаңа вагондар неге сонша тар боп жасалады екен, басыңды міндетті түрде иіп отыруға тиіссің. Сөйткенде, вагон есігін айқара ашып, әже кірді. Тартқан шәлісіне дейін, жұмсақ ескі сөмкесіне дейін ауылдың адамы екені бірден көрінеді. Үлкен кісілердің бірден сөйлеп кететін әдеті, менің қай жақтан екенімді, қай жаққа дейін баратынымды тәптіштеп сұрап жатыр. Әже мұғалім екен. Бірақ жүзінде табаның, реніштің ізі көп. 

Бір кезде есікті ашып, ішке томаға тұйық қыз кірді. Жап-жас қыз менімен қатарлас болуы керек, бірақ, жанары солғын, жүзінде әлденеге алаңдаушылық бар. Иығына асынған жеңіл сөмкесі ғана шұғыл жұмыспен жүргендігін аңғартқан. Болмысына зер салсаң маған тиіспеңдер, менімен сөйлеспеңдерші деп сөйлеп қоярдай. Қысқа ғана амандасып, үстіне, менің жанымдағы орынға жайғасты. 

Ең соңғы болып сапарласымыз бір жігіт кірді. Кірген жоқ, кіргізді. Денсаулығы бойынша жүруге қиналып, достары әлде туыстары екі жақтан қолтықтап әрең әкелді. Астыңғы орынға орналасып, ауырып, мазасы болмаса да, бізбен амандасып, танысып отырды. 

Кеш болды, бәріміз «үстел» басына жиналып, шай ішуге ниеттендік. Қасымдағы қыз тек сыпайылықтан ғана қосылды, әйтпесе, жата беретін түрі бар. Кешке дейін ештеңе істемей, көзін бақырайтып қойып жатты. Мен алып алған кітабымды оқып, алдын ала жазып алған фильмдерімді көріп үлгердім. Ештеңе істемей қалай жата береді, іші қалай пыспайды, түсінбедім. 

Үнсіздікті бірінші болып, әже бұзды. 

– Тепсе темір үзетін шағыңда не болды, оқыс құлап қалдың ба? – деді жігітке. Ол алдымен терезедегі кең жазық далаға қарап алды да, сөз бастады. 

– Әже, осы отырғанда бір өлімнен қалып отырмын. Әлі, көрер жарығым бар екен. Осыдан бір апта бұрын жұмыстан келе жатқанда, көршім: «Бір топ балалар су әкеле жатқанымда ұстап алып соққыға жықты. Барып сазайын берейікші», – деді. Бір қабырға ғана бөліп тұрған үйдегі көршім болғасын, бірге бардым. Сөз дауға айналып, бір жігіт пышақ шығарды. Қасымдағы көршім оны көріп, қашып кетті. Сөйтіп, бірнеше пышақ жарақатын алып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Мінеки, ендігі отырысым осы. Үлкен қалаға емге бара жатырмын. Көршімді сол кеткеннен таппадым. Қарындастар отырғасын, ашып айтпай отырмын. Іс мәнісі осылай болды, әже. 

– Қайта жаның аман қапты, тәубә де. Жігіт басынан не келіп не кетпейді. Е, көрші тұрмақ, қазір бір анадан туғандардың өзі жат бауыр. Несіне таңқаласың? Не заман боп барады?! Менің кенже інім бар, өмір бойы құрылысшы болып істейді. Барлық туыстарға үй салып, көмектеседі ғой. Енді қолынан келгесін. Біздің ауылдағы үлкен үй ескіріп, жаңадан салу керек болды. Жатқа айтып нем бар, туған ініме айттым. Келісті, бірден ауылға келді. Жап-жақсы салып жатқан. Енді шатыры ғана қалған кезде үйдегі кісмен сөзге келісіп қалмай ма? Кіші ғой, қоя салса болады ғой. Ерегесіп жоқ жерден. Енді әдейі емес, үйдегі кісінің байқаусызда қол тиіп кетсе керек, киімдерін жинап, кетіп қалды бір кеште. Мінезі сондай ауыр, бір беткей, қайтпайды. Кенже ғой. Несіне сөзге келеді деймін де. Үйді салып біткесін, өзінің үйіне құрылыс материалдарын береміз деп келіскенбіз. Тегін салып жатқан жоқ қой. Оған да қарамай кетті. Өзінің бір бөлмелі үйі бар қалада, қуыстай бір бөлмеде алтауы жатады.

Етікші етікке жарымайды деген. Өз мінезінен тауып отыр. Кезінде екі бөлмелі үй бергелі тұрғанда осы қырсық мінезінің кесірінен алмай қалған. Қайда барып сыяды? Бала-шаға деген өсіп қалды. Содан, «Қой барып сөйлесіп келейін, ана үйді де бітіру керек», – деп жолға шықтым. Келсем, есікті де ашпай қойды. О заман да бұ заман алыстан келген әпкесін үйіне кіргізбей, сыртта қалдырғанды кім көрген? Қанша реніш болса да, үлкен басымды салбыратып келіп тұрмын ғой, о несі ей?! Сөйтіп, табалдырықтан қайтып келе жатырмын осы отырғанда. Сақинам ұстап, қызым, барып қою етіп шай құйып әкеп бере қойшы. Тура есіме алсам, жыным келеді. Сен қайдағы бір көршіні айтасың. Заман бұзылып барады. Әпкесімін ғой, жұмсара салмай ма? Кішкентайынан қараған жоқпын ба? Бұл мінезімен қайда сыяды екен, көріп алармыз. Келеді ғой әл-ақ алдыма. Ух, жаным-ай. 

Мен барып келе қояйын дегенде, менен бұрын жанымдағы тұйық қыз шығып, шай әкеліп, әжеге ұсынды. Бұл жерде отырғысы келмегеннен шығып келгендей көрінді. 

– Рахмет, шырағым. Оқу оқисың ба үлкен қалада?

– Иә. Төртінші курста оқимын.

– Ал, мен үшінші курста. Арамыз тура бір жас екен, - дедім мен. 

Шай ішілді, кеш батты. Бәрі қайта орындарына жайғасты. Мен біразға дейін жас жігіттің біреуге көмектесем деген ниетінен жапа шеккеніне көңілім түсіп, уайымдадым. Көршісі қайда кетті екен? Қайтып ары қарай түк болмағандай өмір сүріп жатыр екен? Ал, әженің айтқан інісінікі жөн секілді көрінді. Керісінше, өз үйіне бір пайдасы тимейтін, тіпті құрылыс материалдарын алмай кеткеніне қарағанда аға қатты кейіс білдірген шығар. Қатты көңілі қалмаса, туған әпкесін кіргізбейтіндей не көрініпті... Осы кезде біз тек демалыста ғана келетін әкемнің көңілін ойлап кеттім. Біз алысқа кетті деп ренжімеді ме екен?! Жалғызсыраған кездерінде бізді іздеп қиналмады ма екен? – деген сұрақтар күпті ойларымды дамытып-ақ жіберді. Сөйткенде, ұйықтап кеткен қасымдағы қыз шошып оянды. 

– Бәрі жақсы ма? Су әкеп берейін бе?

– Жоқ, рахмет. Қазір өзім сыртқа шығып келемін, – деп вагоннан шығып кетті. 

Сыртқа шығып, су ішіп, өзіме әрең келдім. Түсімде қылмыскерлерден жауап алып, міне, енді сазайын беремін, мінеки, өмір бақи бас бостандығынан айырылады, сәт туды деп отырғанымда, әлдене маған: «Сен жеңдім деп отырсың ба? Сен де жеңілесің. Әкеңнің күйін кешесің!», – дегеннен шошып ояндым. Қасымдағы қыз болмаса, әлі есімді жия алмай отырар едім. Салқын ауасы бар дәлізге шығып, қап-қараңғы терезеге қарап, өрекпіген, тыншымаған жүрегімді қалпына келтірдім. 

Қанша уақыт бойы қаным қайнап, булыққан ашуым сот залына кіргенде қорқынышқа ұласқанына жыным кеп отыр. Қарсы жақтың адвокаты: «Вам хоть 18 есть?» деп сұрағанда, үстіме сұп-суық су құя салғандай болды. Осыны айтып тұрып миығынан күлмесі бар ма?! Сол сәтте өзімді алты жастағы бүлдіршіндей сезіндім. Қауқарсыз, ойыншығын алып қойса, жылап қоятын бала секілді көріп, сот басталмас бұрын «шабуыл» жасаған мына шегір көз әйелге атар оғым болмады. Қырам-жоям деген іште буған ызам үрлеген шардай басылып, не дерімді білмей: «Қылмыскерден бір жас үлкенмін!» дедім күйініп. Сот кірді. Іс ресми түрде басталды. Мен іске қатыстының бәрін тыңдадым. Өзім де куәлік еттім. Осы кезде үйден дәл менің барғаным дұрыс болғанына көзім жетті. Себебі, жақыныммен сөйлесіп, қай жаққа жұмысқа кеткенін, кіммен жүргенін мен ғана білетінмін. Бауырларымнан көбірек телефонмен мен сөйлесіппін. Мен болмасам, олар оны сұрауы жоқ адамдай, іздейтін ешкімі жоқ деп істі жылы жаба салмақшы. Қарсы жақтың болған оқиғаның қалай болғанын, дамығанын, немен аяқталғанын сабырмен тыңдадым. Менің асқарымды құлатқан, өмірімдегі ең қымбат жаннан айырған залымнан бір қадам жерде отырып, түк жасай алмай тыңдадым. Аңғал басым бір сәтте олар айтқандай болған шығар деп те ойлап отырғанмын. 

Бір кезде үзіліс жасады. Мен адвокатпен бірге істі толық оқып шығу үшін беруін сұрадық. Мен оны ол кезде білмеймін, істі тек сот залында бейнебақылаумен ғана оқуға рұқсат екен. Қалың кітап секілді құжатты ашып оқып жатырмын, оқып жатырмын... Бір сәтте оқиға орнындағы әкемнің жансыз жатқан денесін көрдім. Сол сәтте қандай сезімді бастан кешкенім тек өзіме аян, бірақ мен жиырма жылға қартайғандай сезіндім. Осы уақытқа дейін шыдап жүрген жүрегім сыр берді.

Мен мұндайға дайын болмай шықтым. Ешқашан басын салбыратып көрмеген асқарымның жерде қойдай бауыздалған мойнын, отыз бес жерінен салынған жарақатты көргенде, бар қорқыныш та бойымнан кетті. Бойда тек ыза, ашу, кек қана қалды. Жаңағы тыңдағандарымның бәрі әдемі ертегі екен. Сол таңдағы куәлік еткен адамдардың жауаптарын оқып, кінәсін мойындау жауабын жазған «көршісінің» қазір тек куәгер деп танылуының барып тұрған өтірік екенін білдім. Екі жақтың бір адамы қайтыс болған, іс осылардың айтқаны бойынша қаралады. Демім үздігіп, қаным басыма шыға бастады. Олар әкемді тек өлтіріп қана қойған жоқ, артынан атын жаманатқа қалдырып, бостандыққа шығамын деп дәметіп отыр. Қанша қиынға соқса да, бәрі менің әрекеттеріме тікелей байланысты екенін ұғынып отырмын. Артық эмоциямды кейінге, ұйқы көрмес түндерге қалдырып, өзімнің есімді жинап, болаттай беріктік көрсетуім керек. Бәрі де әкемнің аруағы, өзін қорғай алмас жаны үшін, әділдік үшін... Әрине, ол бар болса. Есімді жинап, сот залына қайта кірдім.

Әкемнің жақсылық ойлап, жұмысқа бірге алып кеткен, имандай сенген көршісі сотта: «Менің не жазығым бар? Мені неге кінәлайсыздар? Менің кінәм жоқ. Мен өлтірген жоқпын ғой», – деп беті бүлк етпеді. Онда жазық жоқ екен. 17 жыл қатар тұрған көршісін емес, 7 күн таныс болған кісі өлтірушімен бірге кетеді, іс барысында мойындау (повинный) хат жазады, қылмыс қаруын жуады, қылмыскермен бірге қашады, «денесін бөлшектеп тастайық» деп ұсыныс жасайды, өлген адамның ақшасын ұрлайды, балаларынан кешірім сұрамайды, істеген ісін мойындамайды. Мінеки, адалдықтың, жақсы ниетпен көмектесем деген ойдың, сенімнің бағасы, қайтарымы сол екен. Мен сотта кісі өлтірушіден бөлек сол көршіні қаттырақ жек көрдім. Себебі қылмыскер бірінші жарақатты салғанда, полияцияға хабарласса, әкем тірі қалар еді. Оның мүмкіндігі көп болды. Сараптама әкемнің 15 жарақат салғанға дейін тірі болғанын айтты. 

Бүгінгі соттағы басты жеңіс: екі қылмыскер бір өтіріктің бетін ашты. Кісі өлтіруші қылмыс қаруын көрші қылмыскер жуды деді. Ал, ол оның олай емес екенін алға тартты. Екінші жеңіс: Қылмыскер төбелес болды деді, бірақ сараптама оған сәйкес келмеді. Сондықтан біз сараптама маманын келесі сотқа шақырттық. Істе прокурор – өте әлсіз, әлжуаз, қожбантопай адам. Оның қасында мені жақтаушы адвокатты құдай маған беріпті. Істің тек бірінші кезеңі өтті. 

Үйге қайтатын пойызға үлгеру үшін газельге отырдым. Үлгерсем болды. Пакеттерін көтерген тәтелер, баласына ұрсып жатқан аналар бар бәріміз кішкентай газельді толтырдық. Бір кезде артымды итерген болмаса тепкендей әсер алып, артыма бұрылып қарасам, бір ер адам ішіп алған, аузынан арақтың иісі мүңкіп тұр. Бірнеше рет артыма қарасам да, қоймады. Пәле іздеп тұрғаны анық, қазір бірдеңе десем, басыма тағы мәселе тудырайын деп тұр. Менің қалжырағаным соншалық, тіпті ашулануға шамам келмей тұр. Сол кезде ар жағында отырған тәте: «Қойсаңшы болды. Ішеріңді іштің, тыныш отыр енді, мазасын алмай қыздың», – деді. Оны тыңдаған құлақ болсайшы. Одан сайын тебіңкірегенде, алға қарай еңкейе түскен менің бағана сотта шықпаған жасым ағыл-тегіл боп шықты.

Әкем тірі болса, мынау сияқтылар басынбайтын еді ғой. Тебіңгіге түсірген мына бейшара бейбақтың сорлылығы емес, өмірдің соққысына бас көтере алмай, сотта жападан жалғыз тұрғаныма күйініп кеттім. Артымнан теуіп тұрған мына ер адам емес, жүздерінде өкініштің ізі де жоқ анау екі қылмыскер секілді. Сондай күйінішке түсірген тағдырға ма, сол оңбағандарға ма әлде мына тұрған алқашқа ма, кімнен көрген теперішіме көбірек налып тұрғаным белгісіз. Әйтеуір, біраз босадым. Қатып, құрысып қалған арқам аздап жібігендей болды. Әлде солай көрінгендей болды. Білмедім... Әпкемнің жүрегі ауырады деп, бауырым қызба бір іске ұрынады деп бармағандарын құп көрген өзімнің мынадай тозақтан өтерімді мен қайдан білейін ол кезде?..

Таңда пойыз тоқтады. Жігіттің достары көп екен. Күтіп алып, түсіріп алды. Әжені ешкім күтіп алған жоқ, өзі жалғыз кетті. Томаға тұйық қыз үндеместен шығып кетті. Ең соңғы мен шықтым вагоннан. Түсе сала әдетім бойынша әкеме жеткенімді хабарлап айтып жатырмын. Сол жылы, сол айдың он төрті... әкемнің мені соңғы шығарып салуы екен...