«Проза» номинациясы: Жатыр (әңгіме)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Tauguli

 

Аурухананың оң жақ қатпалындағы орталық саябаққа бастайтын жүргіншілер жолына түскені соң көз жасына ағыл-тегіл ерік берді. Тамағыны тығылып тұрған түйін ытқып сыртқа шыққандай, қатты өксіп-өксіп жылады. Әбүйір болғанда алдынан самокат тепкен бір жасөспірім бала мен құлағына құлаққап киген орта жастағы азаматтан басқа ешкім кезіге қоймады. «Дертіңізден тек ота ғана құтқарады, өміріңізге қауіп төніп тұр...». Дәрігердің айтқандары құлағынан жаңғырып кетер емес. Ұялы телеофнын сөндіріп тастап, қараңғы түскенше қанша сенделіп жүргені белгісіз... Құр сүлдерін сүйретіп, есік алдындағы орындыққа қисая кеткен...

– Ей, Айнагүл, ақылыңнан алжастың ба? Не жатыс мынауың? Көршілер көрсе, не дейді?

– Дархан сенбісің? Неге кеш қайттың жұмыстан? 

– Мені қоя тұр. Өзіңе не болған? 

– Мен бе, мені кешір, Дархан, енді саған ұрпақ болатын ұл сыйлай алмаймын.

– Ей не деп кеттің ақырын, сөйле. Жүр, үйге кіріп түсіндірші, мән-жайды. Ұйқылы-ояу аяғын баса алмай тәлтіректеп тұрған келіншегін сүйеп, Дархан үйіне қарай беттеді. Үш қызы тамақтарын ішіп, монтиып ұйықтап жатыр екен. Айнагүлдің бүгін ештеңені дұрыстап айта алмайтынын жақсы түсінгендіктен, келіншегін бірден төсегіне жатқызды. Әдеттегідей қыздарының кезек-кезек бетінен сүйіп, Дарханның өзі ала таңға дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады. Келіншегінің әлгінде айтқан сөзі ойынан кетер емес... 

Келесі жолы дәрігерге өзі бірге ілесіп баруды ұйғарды. 

 

***

– Біз өмір сүріп жатқан қоғамда не оңған жүйе, не темірдей тәртіп жоқ. Таңғы сегізден бері осы жерде отырмын дәрігердің жолын тосып, мен қашан ішке кіремін?, – деп айқайға басты көзі сықси етжеңді сары келіншек. Оның шәңкілдеген жағымсыз даусына сол жердегі қатын-қалаштың барлығы қосылып, «Әйелдерге арналған кеңес» бөлімінің шағын дәлізін азан-қазан етті. Тек Айнагүл ғана Дарханның қолын қысып үнсіз тұра берді. Шу басылмаған соң, кабинеттен медбике сөйлей шықты. 

– Бұл не айқай?! Қазір сіздер дәрігердің жұмыс істеуіне кедергі келтіріп тұрсыздар. Барлықтарыңызды қабылдайды. Тынышталамыз! Қане, құжаттарыңызды беріңіздер. Даусы саңқылдаған келіншек әр емделушінің қасына барып, құжаттарын ала бастады. Айнагүл қаперімде құжатын таппай сөмкесін ақтарып, тыпырлап қалды. 

– Болыңыз, мен сізді күтіп тұрмын! Телефон шұқылап алаңсыз тұрған Дархан селк ете түсті. Таныс дауыс.

– Шо-о-ол- пан! Сөзі бір түрлі кекештеніп шықты. 

– Сәлеметсіз бе, біз таныспыз ба? Медбике әдемі жымиып, жігітке көзін қысты. Дархан аңтарылып қалды. 

– Міне, таптым. Айнагүл медбикеге құжатын берді. Қолына бір топ қағаз ұстаған медбике сүйріктей саусақтарымен мұның да құжатын алып, қайқаң етіп бұрылып, кабинетіне қарай беттеді. Медбикелерге арналған шалбар мен кофта үлгісіндегі ақ түсті форманы тырыстырып киген келіншектің сымбаты келіскен екен. Бойы ұзын, кеудесін тіктеп ұстап, аяғын ақырын басқанда, шығыңқы бөксесі бүлкілдеп билей жөнелгендей әсер қалдырады. Шолпанның жүрісі Дарханның дегбірін қашырды. 

– Шалбарын қатты тырыстырып кигені несі? Сонша үздігіп қарадың ғой, – деді Айнагүл бұртиып. 

– Енді еркек болған соң қарайсың ғой, – деп қарқылдап күле салды Дархан.

– Танисың ғой, - деймін. Айнагүлдің сөзі аяқсыз қалды. Дәл осы сәтте кезегі келіп, дәрігердің қабылдауына кіріп кетті. Ол ішке кіргенде, Шолпан мұнымен қабаттасып сыртқа бет алды...

Айнагүл дәрігердің алдынан тағы жылап шықты.

– Не болды саған? Қашан маған айтасың себебін?

Булығып әзер сөйлеген Айнагүл сөзін үзіп-үзіп әрең айтты.

– Ме-е-н ен-ді са-ған ұл туып бере алмаймын. Жатырсыз әйелге айналамын. Сөзінің аяқ жағын өксікпен бірге жұтып булыққан Айнагүл көз жасын тыя алар емес.

– Тоқташы, ұлдың бір мәнісі болар. Перзентсіз емеспіз ғой, өзің аман жүрсең жетеді мен үшін, – деді Дархан келіншегін кеудесіне қысып.

 

***

Белінен төмен қарай жансызданып барады. Бірақ дәрігерлердің әңгімесі құлағына анық келіп тұр.

– Қазір бірер минуттан кейін отаны бастаймыз, – деді орта жастағы көзілдірік таққан дәрігер.

– Түсіндім,- деді көмекші. Одан арғысы есінде жоқ. 

Палатаға шыққанда өз-өзіне толық келген. Бірақ Айнагүл орнынан қозғала алар емес. Жүріп-тұруы мұң болды. Екі күн бұрын отадан шыққан палаталас серігі жасы сексенге тақап қалған Әсемгүл деген әже екен. Ол кісі қайта тың. Оған қарағанда жүрісі ширақ. Айнагүлді қызындай еркелетіп, жиіркенбей ішкиіміне дейін ауыстырып беріп жүрді.

– Апа, сізден ұят болды, – деді Айнагүл. 

– Ұятты қоя тұр, қызым. Маған одан да таза киімдеріңді көрсет, - деді Әсемгүл.

– Өзі бары екеу еді. Біреуін жууға бердім, енді мынаның келесі бетін ауыстырып кие тұрсам қайтеді. Әурет жерімді жапса болды емес пе?, - деді Айнагүл жүзін төмен салып. 

– Еее, қызым-ай, махаббат әйелдің көзін байласа, өзін ұмыттырады деп еді. Байқаймын, күйеуіңнің қабағын бағып, өзіңе қарауды қойғансың ба?

– Дархан менің сұлулығыма және мойылдай қара шашыма ғашық болған. Соған сеніп жүре беріппін ғой.

– Дарханың қайда енді? Отадан шыққалы жұмысын сылтауратып келуін сиретті емес пе?

– Сиретті. Жатырсыз мені қайтсін? Айнагүл күрсінді.

– Жатыр дерті, қазір ғасыр дертіне айналып баратындай. Мені қойшы, оны керегінше пайдаланып, ұрпағымды өмірге әкеліп, алтын алқамды кеудеме тағып алғанмын. Сен секілді жастарға обал. Осының кесірінен қаншама жастардың шаңырағы шайқалуда?!

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Мен алғаш ота жайлы естіп «ах» ұрғанда, дәрігерлер жатырдың түрлі аурулары бүгінде «жасарып» келе жатқанын айтқан еді. Оның соңы пышаққа түсіреді. 

Екеуара әдемі әңгімені «Укол саламыз!» деген медбикенің даусы бұзып жіберді. Айнагүл Шолпанды бірден таныды. Ол да жылы амандасты. Шприцін реттеп жатып: «Қалыңыз қалай?» деді Шолпан.

– Ой, барлық жерім ауырып жатқан сияқты.

– Әрине, ауырады, Кейін қойып кетеді,-деді укол салып жатып.

– Қайдам, қоймайтын сияқты қорқамын.

– Әзірге, ер-азаматыңызға қиын. 

– Неге? 

– Себебін білмейсіз бе, расымен. Шолпан сықылықтай күлді. Айнагүл иығын қиқаңдатты. 

– Сіз отаға түссеңіз, жолдасыңыз отқа түседі,-дегенім ғой. Шолпан тағы күлді. 

– Себебі, сіздерге ұзақ уақыт күтіну керек. Яғни, күйеуіңізбен...

– Болды, түсіндім. Жүректі ауыртпаңыз, – деді Айнагүл укол салған жамбасын уқалап. Шолпан Әсемгүл апаға система салуға кірісті. Әлгінде Айнагүлдің тумбочкасына ұялы телефонын қойған болатын. Сол безілдеп барады. Айнагүлдің көзі еріксіз Шолпанның телефонына түсті. Оған бейнеқоңырау соғып жатқан Дархан екен. Шолпан жалма-жан жүгіріп келіп, телефонын алды. Палатадан асығыс шықты. Сәл ашық қалған есіктен Дарханның даусы анық естілді. «Жаным, кешке кездесеміз бе?» «Тыныш», деді Шолпан...

Айнагүл уколды ауырсынған болып, өтірік көзін жұмып жата берді. Әсемгүл апа бірдеңелерді айтқан сыңайлы. Бірақ екі құлағы тұнып бітіп қалды. Көңілі әлем-тапырық. Іштей егіліп, ойға батты. Дарханның суыт жүрісі жайлы университетте қыз бен жігіт болып, қол ұстасқан кезінде-ақ құрбыларынан естіген. Ол өзі оқитын факультетте қыз-қырқынға қырғидай тиіп, тіпті кейбір арулардың соның кесірінен елге қарауға дәті бармай, оқуын тастап кеткен деген әңгімелер де айтылған. Дарханның қыздар арасындағы жақын досы Ару осылардың бөлмесінде тұратын. Ер мінезді қыз: «Әй, Айнагүл, сенің Дарханың кәдімгі адамдар арасындағы хайуан» деп батырып та айтқан. Ару Дарханды «беске» білетін. Айнагүлді шығарып салғаннан кейін ол жеңіл жүрісті қыз-келіншектермен, көңіл көтеретінін де ашық түрде Аруға тәптіштеп айтатын. Қысқы сессиядан кейін Дархан ұзақ уақыт сабаққа келмей қалған. Кейін Ару оның жұқпалы аурулар ауруханасында жатқанын анықтаған. Ал бұл тұңғыш қызына аяғы ауырлап, дәргердің бақылауына есепке тұруға барғанда жатырдан түрлі инфекциялық асқынулар анықталған. Соңы не болды?! Мұны дәрменсіз күйге түсірді. Әйелдік басты құндылығынан айырды.

– Шай ішейік, қызым, – деді Әсемгүл. Айнагүл үндемеді.

– Ойланып кетіпсің,ғой қызым.Не жайлы ойлап жатырсың?

– Еркектер жайлы. Әсемгүл мырс етті. 

– Оларды не қылайын деп едің?

– Еркектер үйленгенше (бәлкім үйленгеннен кейін де) алаңсыз жүріп-тұрады. Сөйтіп, отбасын құрарда «жап-жаңа» жатыр іздейді. 

– Содан?

– Содан ол жаңа жатырды зақымдап, пайдаланып, жаралап соңында лақтырып кете ме? Еркектерге әйел жатыры болғаны үшін ғана керек пе? Онысы жоқ болса әйелдік құны жоқ па?

– Қазір әйелдер де оңып тұрған жоқ. Жас келіншектердің «қит» етсе, біз жеке тұлғамыз, еркекпен иін тірестіріп жүреміз деп отбасын ойран ететіндерін де көріп жүрміз. Ертең-ақ олар өзіне бір көңілдес тауып алады. «Еркек бұзылса бір отбасы бұзылады, әйел бұзылса бүтін ұлт бұзылады» дегенді білмейді-ау солар. 

– Менің жағдайымда не істеуге болады, апа? Дархан өзі айтпады. Бірақ оның басқа біреуі бар екенін білемін. Сездірмейді сабазың. Енді оған менің мына халім тегі тұсау қоя алмайды. Сырт көзге жақсы әке, қамқор жар. 

– Сырт көз құртады көп адамды. Ішкі көзбен қарау керек. Ақыры, ақыл сұраған екенсің айтайын. Жаңа өмір бастағаның жөн. 

– Айнагүл буы бұрқыраған шайды ұрттап отырып, ерінін күйдіріп тістеніп қалды. 

– Келесі шайды үрлеп іш,-деді Әсемгүл апа... 

 

***

Кафенің екі адамдық шағын кабинкасы. Балауыз шамның шырағы жай тербеліп бөлмеге ала көлеңке жарық түсіріп тұр. Баяу лирикалық музыка осы көрініске айрықша сән береді. Дархан төс қалтасындағы жүрек қобдишаны алып үстел үстіне қойды. Қобалжып орнынан бір тұрып, қайта отырды. Қолындағы сағатына қарағыштай берді. Бір кезде кабинкаға жымың қағып Шолпан кірді. Жарқын жүзді көңілді келіншек: «Мына жердің кереметін-ай, күні бойы жұмыстан шаршағанымды басты ғой бірден»,-деді. Дархан келіншекті қос қолынан ұстап, бірден ұсынысын айтты. Келіншек басын изеп, сүйрікей саусағына бриллиант тастармен әдіптелген сақинаны тағып алып, айналып билей бастады. Дархан ұсынған шараптан сыңғытып, сықылықтай күліп, оның құшағына кіре кетті. Әдемі кеш қонақ үй бөлмесінде жалғасты. 

Бетіне түскен күн сәулесін алақанымен көлегейлеп, Шолпан көзін әрең ашты. Дархан шағын пәднөске апельсин шырынын құйып, тәтті сырникпен алып қасына келді.

– Әлемдегі ең сұлу ханшайымға менен таңғы ас!

– Рахмет, жаным!

– Менімен бақыттысың ба?

– Әрине, бірақ бір сұрағым бар.

– Айта бер.

– Айнагүлді неге тастап кеттің? Ол сондай сұлу келіншек. Дәрменсіз күйде тастап кету адамгершілікке жата ма?

– Сені сүйіп қалдым. Оған көмектесіп тұрамын. Бірақ ол маған керек ұрпақты енді өмірге әкеле алмайды ғой. Жатыры жоқ, дегенім.

– Сол ғана ма? Махаббат ше?

Махаббат... Ендігі махаббат сен. Келші бері, құшағыма кірші махаббатың не екенін көрсетейін саған.

Шолпан Дарханды кеудесінен итеріп жіберді. Даусы дірілдеп шықты. 

– Саған бірдеңе айтуға тиіспін. Дархан тыңдап тұрмын дегендей ишара жасады.

– Осыдан бес жыл бұрын тұңғыш баламды босанарда, жағдайым күрт әлсіреп, шұғыл кесір тілігі жасалған. Көп қан жоғалтыппын. Сәбиім шетінеп кеткен соң, дәрігерлер мені аман қалдыру үшін жатырымды ота үстінде алып тастапты. Оны мен кейін білдім.

Шолпанның сөзінің соңғы жағын күтпестен, Дархан қолына ілінген киімін киіп сыртқа шығып кетті. Тәлтіректеп жүріп келеді. Шағын саябақтағы орындыққа келіп жайғасқан. Қарсы орындықтан сықылықтай күлген таныс дауыс естілді. Жалт қараса қарсы алдында Айнагүл отыр. Ерекше құлпырып кеткен. Ботадай көздері мөлдіреп, мойылдай қара шашын бір иығынан түсіріп күлімдеп бір нүктеге қадалып қарап қалған. Өңі жасарып, нұрланып кетіпті. Әлгінде Айнагүлді ғана көрген екен. Сымбатты жас жігіттің қолындағы қылқаламы мольберттегі Айнагүлдің портретін аялап тұрғандай. Екеуі мұны байқамады. Олар бақытты еді...