Авторы: Аймауыт
Биыл Шыңғыс өңіріне көктем кешеуілдеп жетті. Наурыздың соңын ала қыс бойы сірескен қалың қардың көбесі ақырындап сөгілгенімен бірден еріп кете қоймады. Күннің көзі де жарқырап шыққанымен бойында жылуы аз, әлсіз. Жел үрлеп сүрілеп тастаған қардың беті түске қарай күн жылымыққа ілесіп сәл жібиді де түстен кейін қайтадан суықты бойына тартып мүйізденіп алады. Теріскей беттегі ұра, жыраға, бұта-бүргеннің түбіне әбден нығыздалған қасат әлі мізбаққан жоқ. Қыстың соңының дәл бұлай созалаңдап кеткені ақ сүйек жұттан әрең шыққан төрт түлік малға ауыр тиді. Тебінді түлік жылқыдан өңгесі мүйізденген қарды тұмсықтарымен түрткілеп, аша тұяқтарымен тырналап тіс айқастырар қылтанақ таппай ашыға бастады. Жұрттың да жұт иектеген ұзақ қыстан әбден ығыры шығып, арып ашып, жетесіне жетіп тозды.
Кіші Ақшоқыдағы Мағауия ауылы да жылдағыдан жүдеу. Үлкен-кіші бәрінің қабақтарына сыз, көңілдеріне кірбің байланған. Дастарқанынан сыйлы қонақ үзілмейтін шаңыраққа ойын сауық, қызық үшін келетін кісілер де сиреген. Қазір ауылды жанды құлазытатын азынаған жалғыздық иектеген. Үйдің төргі жағындағы сүйек төсекте деміге дем алып Мағауия жатыр, ауық-ауық кеудесін құрғақ жөтел қысады. Әкесі Абай Үлкен Ақшоқыдан күн аралатып келіп тұрады. Оның да көңілі сынық, шырайлы, нұрлы жүзінің қаны қашып, ойлы шарадай көздеріне уайым уыты жайыла бастаған. Шаршаған, діңкелеген кісідей үнемі көзінің жиегі қызарып тұрады.
Мағауияға күн ұзақ әрі ажарсыз, жылусыз, түн жанды қажытардай меңіреу суық сезіледі. Тіпті таңның атқанының, күннің батқанының еш айырмасы жоқтай көрінеді. Көптен бері жанын мүжіген, кеудесін кемірген ескі дерт меңдеп алды. Мұны өзі де анық сезеді. Сергиін, серпілейін-ақ дейді бірақ дәрмені жетпейді. Кеудесін құрғақ жөтел қысып, тұла бойын суық, жабысқан тер алған. Тамаққа да тәбеті шаппайды, аракідік аздап ет жеп, қымыз ішеді.
Мағауия өкпе дертінің қайтадан қабынғанын былтыр Семейде жүргенде сезді. Бастапқыда қауырт шаруамен өзін алдарқатып, елемеуге тырысты. Бірақ аз күнде әлі құрып, жөтелі жиілеп шыға келді. Бұрыннан таныс дәрігер Становке қаралып еді, аурудың беті қатты екенін жұмсақтап жеткізіп, елге қайтуға кеңес берді. Содан амалсыз қинала отырып Абай ағасын шақыртты...
Мағауия жайлы, жұмсақ, аласа сүйек төсекке шалқалап жатқысы келеді. Сонда қол-аяғы созылып, құрыс-тұрысы жазылып қалады. Бірақ оған жөтел көнбейді, шалқалай қалса кеудесін тырмалап, тамағын жыбырлатып ала жөнеледі. Содан амалсыздан қайтадан оң жамбасына аунап түседі. Сарылып жатқан кісіге уақыт өтпейді, мұндайда әр нені ойлап ермек етеді. Бірақ ойларының бәрі қамырыңқы жайлар. Абай ағасының өзін Семейден алып қайтқан кезі қайта-қайта есіне түседі.
Үскірік аяз бет қаратпайды. Таң алдындағы қою қараңғылықтан ештеңе көрінбейді. Тек қатқыл қар үстіндегі аттардың тықырлаған дыбысына шананың қар бетін сызғылаған сықыры үн қосады. Алыстан, кейде жақыннан еріне үрген иттің дауысы суық ауаға тез жұтылып жоқ болады. Аздан соң таң белгісі білініп қоржын тамдар мен жатаған үйлер қарауытып көріне бастады. Алда екі шана кетіп барады, оның бірінде Абай. Онан кейінгі жүрісі орнықты шанада жылы киініп, жон арқасын суыққа беріп Мағауия отыр. Ақырын қыстыға жөтеледі. Суық ауа өкпесін кеулеген сайын жөтел қыса түседі. Мағауия алдағы шанадан көз алмайды: "Мен жазым болсам Абай ағам қайтеді?" деген зілді ойға шырмала береді, әлі құрып қайтадан жөтеледі.
Соңғы күндері Мағауия тіпті де әлсіреп кетті. Әсіресе жыл басында сүйген жары Мөржан қайтыс болғалы кеудесінде ыстық өкініштен, ащы жөтелден өзге ештеңе қалмағандай сезіледі. Аз уақыт отасқан, дәм тұзы жарасқан құшағы ыстық, мінезі жайлы Мөржанның қазасы жанына қатты батты. Азынаған көңіл, қаңыраған кеуде. Әзірге жанын сақтап тұрған жіптіктей сәуле "Мен өлсем Абай ағам қайтеді?" деген ой ғана.
Мөржанды да өкпе ауруы жалмады. Періште жүрегі бір қауіпті сезе ме екен, соңғы уақытта аяғын апыл-тапыл басқан кішкентай Кәмила анасының қасынан шықпайтын болды. Төсекте дым сызбай, сұрқы қашып қиналып жатқан Мөржанға келе береді. Ұзын салалы саусақтарын ұстап "тұр" дегендей ақырын тартқылайды. "Ана, ана" дейді былдырлап. Мөржан қинала жымияды, Кәмила мәз болып күледі. Мұны көріп Мағауияның өзегіне от түседі. Жүзін жуған кесек-кесек тамшы жасын жан баласына көрсетпей еті арылған алақанымен сүртіп ала қояды. Үйде отырған Ділдә, Айкерімдер де көз жастарын қинала сығымдап, шылауыштарының ұшымен сүртеді. Мөржан созылып ұзақ ауырған жоқ. Бір ай төсек тартып жатты да жиырма үш-ақ жыл зауығын, сауығын, қиындығын сезген қызыл, жасыл дүниені қиып үзіліп кетті. Осыдан кейін Мағауияның хәлі де нашарлай берді. Тек Абай ағасы келгенде ғана сәл серпіліп, сергиді. Арқасына жастық қойғызып, басын көтеріп отырады. Барынша жөтелмеуге, асқынған ауруын Абай ағасына сездірмеуге тырысады. Алайда дана көкірек әке жүрегі бәрін тамыршыдай дүп басып таниды. Бірақ ол да білмеген, сезбеген, Мағауияның басын көтеріп сергігеніне шын қуанған кісінің шырайын танытады. Бар дерті ішінде қорғасындай қайнап, қоздап жанын күйдіріп жатыр.
Мөржан қайтыс болған соң ел арасын тағы бір қаңқу сөз сумаңдап кезді. Ол “Абай жас келініне сырқат ұлын қаратып, Мөржан содан өкпе ауруын жұқтырып қайтыс болды” деген бықсыған жала еді. Бұл төсек тартып жатқан Мағауияға да, ауыр ой қажытқан ағасы Абайға да шаншудай қадалды. Бірақ әкелі-балалы екеуі де жаланың уытын іштеріне жиып, бір-біріне сездірмегенсіді. Алайда өзара қабақ қағыстарынан-ақ ренішті, күйінішті жайын сезді.
Кейде Мағауия сәл серги қалады. Мұны көріп Абайда шын қуанады. Ішінде “қыстан аман шықты-ау, енді ештеңе ете қоймас” деген болмашы үміт оты жылт еткендей болады. Мұндайда әкелі-балалы екеуі әрненің басын шалып, бір-бірінің қамығыңқы көңіліне таяныш іздеп ұзақ әңгіме айтысады.
− Қазақ іші қашан қаңқу сөзден арылып еді аға? − дейді Мағауия жеңіл күрсініп. Бар қуатын бойына жиғандай сыңай танытып. − Баяғыда сіз Гүлбадан екеумізді Семейге оқуға жібергеніңізде: “Абай ұлдарымен қоса қыздарына да орыстың оқуын оқытып, шоқындырып жатыр” деп дүрлікті осы ел. Мұны Семейде оқитын өзім құралпы қазақтың балалары да бетіме басып талай рет айтты. Әй, балалық-ай, білместік-ай, осы кері тартқан сөзге өлердей намыстандым. Ақыры бірде күзде оқуға барарда “Гүлбаданның сабағы нашар енді ілесіп жүре алмайды” дегенді сылтауратып оны ертпей қашып кеттім. Кейін естісем бұл қылығыма қатты ренжіпсіз. Гүлбадан да “Мен де барайыншы” деп көзі боталап қалып еді − дейді бүйірін таянып, қинала жөтеліп.
Мұндайда Абай Мағауияның сыр ақтарып сөйлегеніне қуанады. Қуаң тартқан кесек жүзіне болмашы нұр жүгіріп, қабағы ашыла жадырайды. Бірақ ештеңе демейді. Ұлының жүзіне елбірей, елжірей қарайды. Салалы арық тарамыс саусақтарын аялай қысады да, жылы жымияды. Сосын өзегін өртей келіп, тамағына тығылған ыстық өксікке ілесе ілезде суи қалған жүзін Мағауиядан тайдырып әкетеді. Көзінен ащы жас бұрқ ете қалады.
Кей түндері аурумен арыпталасып жатып Мағауияның көзі ілініп кетеді. Кірпігі айқаса қалса буалдыр, шым-шытырық түс көреді. Тоғыз жыл бұрынғы ағасы Әбдірахманның Алматыда науқастан қайтыс болған сәті екен дейді. Тынысы тарылып, соңғы демі үзіліп бара жатқанда Әбіштің бар айтқаны: “Абай ағам қиналатын болды-ау...” деді. Сөйтті де қалың ұйқыға кеткен адамдай кірпіктері айқасып, көздері ілініп кетті...
Мағауия қыстығып, қиналып оянды. Ұзақ ұйықтамаған секілді. Үй іші әлі қараңғы. Сыртта боран ұлып тұр. Суық боран екені, ішін тартып ышқынғанынан білінеді. Ұйытқып соғып кейде есікті келіп тырмалайды. Мағауия аунап түсіп қыстыға жөтелді. Төсектің аяқ жағына басын сүйеп көзі ілініп кеткен Ділдә дыбырдан селт етіп шошына оянды.
− Сізді оянып алдым-ау, деді − Мағауия жөтел қысқан кеудесі сырылдап. Ділдә орнынан тұрып, аппақ, жұмсақ орамалмен Мағауияның жіпсіп терлеп жатқан маңдайын, иегін, мойнын сүртті. Ұлының еті арылған маңдай, бет сүйектері орамал астынан қап-қатты болып анық сезілді. Сүйектен ажырап қалған жұқа теріні қаттырақ сүртуге де қорқады.
Осыдан кейін Мағауияның ұйқысы шайдай ашылды. Талығып, шаршаған Ділдә сәлден соң қайтадан ұйықтап кетті. Мағауия әлсіз демін ақырын шығарып, құрғаған таңдайын болымсыз түкірігімен жібітіп, ұзақ жатты. Жанарын ашса да, жұмса да көз алды қап қараңды түнек. Сырттағы гулеген боранға ілесіп құлағының түбінен әлде қандай уіл естіледі. Әбдірахманның дәл өзіндей әлсіз, ажарсыз бейнесі көз алдына келеді. Оның “Абай ағам қиналатын болды-ау?” деген дауысы құлағына талығып жеткендей болады. Бойын қайтадан жабысқақ суық тер басады. Ендігіде Алматыға Әбіштің сүйегін аманаттап жерлеп Майқан екеуінің үскірік ақ аязда Семейге қайтқаны есіне түседі...
Алматыдан шыққалы Мағауия шананың артында қалың киізге оранып бүк түсіп жатып алды. Қуаң тарқан бетін ыстық жас жуып, тынымсыз өксіп жылап келеді. Тамағынан дән өтпейді. Бастапқы екі күн Алматыдан алып шыққан Әбіштен қалған қымызды сыздықтатып ішіп отырды. Кеудесі удай ашиды... деміге тыныс алады. Ойына Әбіш қысылып, қиналып жатқанда жазған өлеңі оралады.
Әр нәрсе ойға түсіп жалғыз жатып,
Уайым ойлаған соң жанға батып,
Еш бейнетті мен әлі көрмеп едім.
Мінеки енді білдім дәмін татып...
Таң атып қалыпты. Есіктің жапсарынан, терезеден ақшыл сәуле баяу тарап келеді. Ақырын басын көтерді. Төсектің аяқ жағына басын сүйеп Ділдә әлі ұйықтап жатыр екен. Мағауия анасын оятып алмайын деп аузын орамалмен басып ақырын жөтелді. Жөтелген сайын кеудесіне қалың ине кіргендей шаншып ауырады. Орамалға түйіршік, қою қан құсыпты. Әбіш те соңғы күндері дәл осылай тынымсыз жөтеліп, қан құсып еді. Көзіне ып-ыстық жас үйірілді “мен жазым болсам Абай ағам қайтеді?” деді күбірлеп...
***
Биыл қажының айналасы жайлауға көшуге асықпай Ақшоқыда әлі отыр. Күннің зәрі сынғаннан бері Абай оңаша үй тіктіріп Мағауияны бөлек жатқызды. Түс мезігілінде үйдің іргесін түргізіп қояды. Көктемнің жан сергітер жылы ауасымен тыныстаған Мағауия да серпіліп қалады. Үйде көбінде Абай болады. Төрдегі сүйек төсекте Мағауия жатады. Оң жақтағы аласа ағаш төсекке Абай жантаяды. Кезек-кезек Ділдә, Айкерім, Еркежандар келіп тұрады.
Бүгін Мағауия күндегісінен сергек. Жүзіне аздап қызғылт нұр жүгірген. Қимылы да ширай түскен. Түскі асқа соғымның сүрісінен, майлы қазы, жал жаядан аздап жеді, артынан ұзақ отырып екі кесе қымыз ішті. Үйдегілер “тәбені ашылды-ау” деп қуанып қалды. Бесін кезінде Айкерімге айтып Әбдірахманның қызы Рақиланы, Дәмегөйден туған тұңғышы Уәсиланы, Мөржаннан туған кенжесі Кәмиланы алдырды. Әр қайсысын еміреніп маңдайынан иіскеді. Кәмиланың әкесін Уәсила мен Рақиладан қызғанып, аяғын апыл-тапыл басып тұра ұмтылғанына үй іші ду күлді. Мағауия да мәз болып қызын бауырына басып, мейірі қанғанша сүйді. Бұл күні Мағауияның сергігеніне бәрі шүкіркілік айтты. Бәрінің кеудесін тұмшаған түнек сәл де болса сейіліп, үміт оты жылт етті. Кешке Мағауияның жанында Ділдә мен Айкерім қалды да Абай Еркежанды ертіп Үлкен Ақшоқыға кетті.
Мал қораланып, ел орынға отырған кез еді. Абай Еркежанның кең, мол дастарқанына бас қойғаны сол еді сырттан ит үріп, тасырлаған ат дүбірі естілді. Бейуақтағы бөтен дыбыстан Абайдың шошынып қалған жүрегі аузына тығылды. Ауыр денесі қозғалақтап, дегбірі қаша есік жаққа қарады. Келген хабаршы екен, есіктен аптыға аттады да: “Абай аға, Мағаш, Мағаш” деді ентігін баса алмай. Абай үш ұмтылып орынан әрең тұрды да сілейіп қалды. Табан аударса жер төңкеріліп кетердей, дүние шыр айналып барады...
Мағауия қинала дем алып, қыбырсыз жатыр. Басында Шәкерім бір тізерлеген күйі баяу құран оқып, дем салып отыр. Абай есіктен асығыс аттады. Екпіндеп кіргенде ірі денесін билей алмай үйдің оң жақ босағасына барып соғылды. Аңдаусызда керегенің көгіне ұрылған оң жақ қабағының үстін қызыл қан жауып кетті. Өзі мұны сезбеді, денесін тез тіктеп, төсекте жатқан Мағауияны бас салды. Шекесінен аққан қан көзінен бұршақтап төгілген ыстық жасқа араласып қуқыл тартқан жүзін жуды. Мағауия соңғы рет көзін ашып сарғыш шам жарығында Абай ағасының қан аралас жас жуған жүзінен: “енді сенен де айрылдым ба?” деген өкініш белгісін оқығандай болды. Ақырындап кірпіктері айқасып, соңғы демі үзілді.
Абайдың жұмсақ жылы қолы Мағауияның тарамыстанған, арық саусақтарынан ажырамастай қасарып қалыпты. Кәкітай қолын ақырын тартқылап еді, Шәкерім оған басын шайқап “тиме” дегендей ишара білдірді. Абай жүрелеп отырған күйі қыбыр етпеді. Мағауияның қолы ақырындап суи бастады. “Бойымның бар қуаты, жылуы бойына тарасыншы” дегендей Абай ұлының арық саусақтарын қыса түседі. Қысқан сайын тамағына тығылған өксік көкірегін күйдіріп, өкпе, бауырын езіп барады. Қысқан сайын жүрегі төмен тартып, соғысы баяулай түскендей сезіледі. Құлағының түбінен “тәте” деген дауыс естілді. Абай көзі ілініп бара жатқандай селт ете қалды. “Тәте, сәл тынығыңызшы” − деді Шәкерім қолтығынан демеп, Абай үндемеді. Мүлгіген қалпы Мағауияның сұп-суқ саусақтарын қысып ұстап отыра берді. Ауық-ауық тыныштықты Абайдың күрсіне алған демі мен Ділдәнің қыстыға жылаған үні бұзады. Ділдә дауыс салып жылайын десе Абайдан именіп, үнсіз егіліп отыр. Іштей езілген, жаны өртеніп күйген екі жанның ыстық көз жасы беттерін жуып, қап-қара, мұздай суық түннің кеудесіне тырыс-тырыс тамады. Әлде кімдер аяғының ұшымен басып үйге кіреді, көп аялдамай қайта шығады. Жан біткеннің бәрі дауыс салып жылай алмай, іштен тынып қыстығуда. Мағауияның үйінен жоқтау естілсе айнала төңіректі азан-қазан етіп іліп әкетуге, көкіректеріндегі сірескен шерді айғай салып босатуға даяр. Шыңғыстаудың үстін тұмшалаған зілмауыр суық түнді барқыраған, қарлыққан ащы дауыстар айыруға әзір. Алайда Мағауияның үй жағы тым-тырыс. Жұрттың бәрі жасаураған көзбен қаралы үйге қарағыштайды. Үнсіз, өксіп жылайды. Бұл түні ешкім көз ілген жоқ.
Шыңғыстың сары кенеп болған жатаған төбелеріне, жаңқа жартастарына ақшулан жарық жүгіріп, таң лебі біліне бастады. Бірте-бірте жарық молайып, қыстан жүдеп шыққан дала төсінің әр-әр жерінен тобылғының, тұғыл шидың, қарағанның түбі қарауытып көзге ілінді. Ақшоқыны тұмшалаған ауыр қараңғылық сетіней ыдырап биік жартастың бауырына ыға түсті. Сәлден кейін шығыстағы тау жотасын сары алтындай ұсақ сәулеге шомылдырып, шар табақтай күн шықты. Күн көзінен төгілген өткір нұр көктем түнінің қатқыл, зәрлі суығын ілезде жұтып ала қойды. Ендігіде айна төңірек жайма шуақ күйге ауысты.
Осы кезде ауыл шетінен қиқулаған дыбыс естіліп оған оқыранған, кісінеген дауыстар қосылып жылқының келгенінен белгі берді. Не істерлерін білмей, түнімен көздерін сығымдап шыққан біраз еркек өре түрегеліп жылқы жаққа беттеді. Еркектер жылқыны иіріп, күйлі, жонды деген ат, айғырларды ұстай бастады. Аздаң соң жақын маңдағы ауылдарға хабаршы жөнелтілді. Әлі де үнсіздік тұмшалаған Кіші Ақшоқыдан жігіттер күйлі ат, айғырларды қамшылап тасырлата шауып ұзап бара жатты. Кейбір жігіттердің ауылдан ұзай бере “ой, дүние-ай” − деп ышқына дауыстағаны естіледі.
Ауылдың аяқ жағынан төрт-бес атты кісінің қарасы көрінді. Етектері желбіреп, желдіртіп суыт келеді. Бұлар Тәкежан, Әзімбайлар болатын. Бірнеше жігіт алдарынан шығып аттарын ұстап, Тәкежанды қолтықтап түсірді. Тәкежан үсті-басын қағып, бөркін түзеді. Ат ұстаған жігіттермен басын изесіп қана амандасып Абай отырған үйге кірді. Жұрт бір-бірімен дабырласып сөйлесіп Мағауияның үйінің алдына жинала бастады. Бәрінің жүзі жұтаң, көңілі кірбең. Әйелдер еріндерін жымыра тістеп, қыстыға өксіп алады.
Тәкежандардар ішке кіргеннен кейін де ұзақ уақыт тырс еткен дыбыс шықпады. Сырттағы ошарылған жұрт тағатсыздана күтіп тұр.
Тәкежан кіргенде Абай Мағауияның сүйек төсегінің алдында отыр еді. Тәкежанның көзіне Абайдың оң жақ шекесіндегі қаны қабыршықтанып қатып қалған сүйемдей жара бірден шалынды. Өңінің аппақ шүберектей болып қуқыл тартқанын, шарадай көзінен домалақ-домалақ жастың жерге тырс-тырс тамып отырғанын кейін аңдады. Тәкежан Абайды қапсыра құшақтаған күйі қолтығынан демеді. Мағауияның арық, тарамыс саусақтарын мытып ұстап сіресіп қалған Абайдың қолын ақырын ажыратты. Абай Мағауияның қолынан ажыраған соң бар таяныш, тірегін жоғалтқандай Тәкежанға қарай қисайып сүйене берді. Көзінен парлаған ірі тамшылар ақшыл сақалына құйылып жатты. Мағауияның басында бір тізерлеп отырған Шәкерім лып етіп тұрып Абайды қолтығынан сүйеді. Абай ұйықтап кеткен кісідей сүйек төсекте шалқасынан жатқан Мағауияның шөлмектей жүзінен көз алмай қарап тұрып қалды. Жүзінде ауыр қиналыстың ізі бар. Тәкежан Абайды төрге отырғызып жатып: “мәйітті оң жаққа алыңдар” деді дауыстап.
Мағауия үйінің ағаш есігі сықырлап баяу ашылды. Жиылған жұрт жамырай қарады. Алдымен Ділдә шықты. Тыстағы тігілген көзге бәйбіше бір түнде бүгіліп, еңкіш тартып кеткендей көрінді. Ділдәнің соңын ала Абай шықты. Жарық күнге шағылысып жас толы шарадай көзі аларып, өңі қуарып көрінді. Қолтықтаған Шәкерімнің жетегіне ілесіп, ақырын жылжып келеді. Ділдә артына жылдам бұрылды да Абайды бас салып құшақтады. Абай көзі тіпті де аларған қалпы шалқалап барып түзеліп, Ділдәға басын сүйеді. Абай мен Ділдә бір-біріне сүйеніп теректей теңселіп тұрып қалды. Ділдә бар дауысымен: “Мағашым-ай” − деп айғай салды. Ышқынып, өксік атып жылады. Абай жүзін ыстық жас жуып Ділдәға сүйенген қалпы үнсіз тұр. Кешеден бері көз жастары жүздерін шайып, өкісіктері тамағына тығылған жұрт Ділдәнің “Мағашым-ай” деген зарлы дауысын іліп әкетіп, жан-жақтан “арысым-ай”, “азаматым-ай” деп дауыс салып жылай бастады. Жұрттың ішіне жиналған құса, наласы барқылдаған, жарықшақтанған жоқтауға айналып Ақшоқының сай саласына, жота-жонына жылдам тарап жатты. Зарлы жоқтауды көктемнің майда желіп алып қашып сары тап болған Шыңғыс қойнауына естіртіп жатқандай.
***
Мағауияның жаназасына қара нөпір ел жиналды. Ырғызбай, Құнанбайларға қарасты елдерден киіз үйлер әкелініп, Мағауияның қыстауының маңына тігілді. Абай үнсіз қалпында бетін тер жуып, деміге тыныс алып есік алдында отыр. Елдің атқа мінерлері, қария кемпірлерінен тартып, келін-кепшіктерге шейін өксіп келіп Абайды құшақтайды. Абай мұның ешбірін сезбейтіндей. Көзі аларған қалпында, аракідік самайынан саулаған терін сүртіп, мелшиіп отыр, ешкімнің жүзіне тігіліп тура қарамайды, тіл қатпайды, етбауыр жақындары келіп көріскенде ғана көзіне лып етіп ыстық жас тола қалады.
Қаралы ел Мағауияның сүйегін пәуескеге салып Үлкен Ақшоқыға, сондағы Құнанбай әулетінің мазарына қарай алып жүрді. Пәуескенің алдында ақырын, ілби басып Абай кетіп барады. Жүрісінен кідірісі көп. Сырт көзге иығы қушиып, шөгіңкіреп кеткендей көрінеді. Жүрісін доғарады да еңкейіп табанының астынан қиыршық тас алып жолдың жиегіне тастайды. Пәуескі кідіреді, қалың ел ошарылып тоқтайды. Жұрт арасынан: “қайтсын-ай, “Мағашымның сүйегі ауырмасын” дейді − ғой” дейді бір қария. Қуаң тартқан жүзін жуған жасы аппақ сақалына тамып, Абай ақырын еңкейіп жерден жұдырықтай тас алып, оны сығып сәл кідірді, иығы селкілдей, кемсеңдеп жылап қара тасқа мұңын шаққандай аз аялдады да қайтадан жүріп кетті. Пәуескі жылжыды. Қалың ел ошарылып сүйектің соңынан ерді.