– «Біз студенттердің қабілеті мен кәсіби бағдарын анықтайтын кешенді жүйе құрамыз. 2020 жылы барлық өңірлерде оқушылардың қабілеттері мен кәсіптік бағдарын ерте анықтайтын арнайы орталықтар ашылады». Былтыр күзде еліміздің талантты жастарымен кездескен кезде Елбасы Н.Назарбаев осылай деген болатын. Дүниежүзіндегі биліктен кеткен Президенттер секілді біздің Елбасымыз да қазір қоғамдық жұмыстарды белсенді түрде атқаруда. Нұрсұлтан Әбішұлы әсіресе, дарынды балаларды қолдау, шығармашылық бағыттағы жастарға мүмкіндік жасау бағытында үлкен жобаларға бастамашы болып отыр. Бұл тұрғыда Елбасы академиясы мен Тұңғыш Президент қоры көптеген ауқымды істерге қаржылық тұрғыда қолдау жасап, жүзеге асуына мұрындық болуда. Болашақ ұрпаққа қамқорлық жасауды жалғастыра отырып, Елбасының жетекшілігімен дарынды жастар мен шығармашылық интеллигенцияны қолдау бойынша жобалар іске қосылды. Мәселен, шетелдегі ең жақсы деген оқулықтардың қазақ тіліне аударылып, жоғары оқу орындарына тегін таратылуының өзі біздің жастарымызға үлкен мүмкіндік. Қазақстандық студенттер әлемге әйгілі ғалымдардың еңбектерімен танысып, білімдерін кеңейтіп жатыр. Қалалық жерлерде ғана емес, ауыл мектептерін қолдау бойынша да жұмыстар атқарылды. Мәселен, Тұңғыш Президент қоры бағдарламасы аясында «Мың бала» олимпиадасы ұйымдастырылуда. Нәтижесінде, ауыл мектептеріндегі 1 000 үздік оқушы талантты балаларға арналған «Дарын» мектептерінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алады. Бұл дегеніміз – адами капиталды дамыту, болашаққа инвестиция салу. Сонымен бірге, қазір біздің жазушылардың еңбектерін аударып, шетелге танытып жатырмыз. Бұл жұмысқа да Н.Назарбаев тікелей өзі мұрындық болып, қолдап отыр. Яғни, қазақ мәдениеті мен әдебиетін шетел азаматы біліп, танып, мағлұмат алу үшін жұмыстар атқарылуда. Елді тек туризммен танытудан бөлек, гуманитарлық бағытта байланыстар ашу ертеңгі күн үшін өте маңызды іс. Жақында ғана Мәскеу қаласындағы Ломоносов атындағы МГУ-да лекция оқып келгені соның жарқын мысалы. Себебі Мәскеуде және Ресейдің өзге де қалаларында оқып жатқан қазақстандық студенттер өте көп. Оған қоса, көрші мемлекеттің жастары Қазақстанның тұңғыш Президентінің атын ғана естіп қоймай, жүзбе-жүз кездесіп, дәрісін тыңдауға мүмкіндік алды.
Талғат ҚАЛИЕВ, саясаттанушы, Президент жанындағы ОКҚ директоры