Авторы: Ақыл
(9-12 жас аралығындағы балаларға арналады)
Әлихан Бөкейхан
Тербетіп жүрсе бар Алаш,
Азаттықтың ақ бесігін.
Ұмытқанымыз жарамас,
Бөкейхановтың есімін!
Әлихан десе нар қазақ,
Намысты еске түсірер.
Жан сауғаламай жалғыз-ақ,
Туыпты елі үшін ер!
Салса да тағдыр азапқа,
Бораған қардай бойда айбын…
«Тірі болсам қазаққа,
Қызмет қылмай қоймаймын!»
Халел Досмұхамедов
Сақтайды еске бәрін ел,
Бастайды батыр байрақ бер!
Досмұхамедов - дәрігер,
Қазаққа болған қайраткер!
Тарихтан айтар жұрт ақпар,
Іздесең, досым, дәлелді…
Ұмытпау керек ұрпақтар,
Ұлықтау керек Халелді!
Жаханша Досмұхамедов
Азаттықты аңсап шарқ ұрған,
Төнсе де сырттан қаһар сан.
Еліме қымбат нар тұлғаң
Досмұхамедов Жаханша.
Жаханша сүйген халықты
Айтылып адал кеңесі.
Батырын өзі танытты,
Уақыт деген төреші!
Мұстафа Шоқай
Бұқара жұрттың мұңдасы
Бұлқынған ойдың тұнбасы.
Мұраты берік Мұстафа-
Түркінің ортақ тұлғасы
Алаштың мұңын алаң ғып,
Жеті тіл білген амал ғып.
Қадірлі қылған Шоқайды -
Ұлтына деген адалдық!
Әлімхан Ермеков
Алашқа болған ардақты,
Жүрегін ілім тербетіп.
Өмірін елге арнапты,
Елдікті аңсап Ермеков!
Ақылмен жұмсап күшін де,
Оқ бойы озған қатардан.
Математиктер ішінде,
Тұңғыш профессор атанған.
Қарт Потанинмен жүздесіп,
Кеңес алғаны анық-ты…
Озбырлықпенен күресіп,
Қазақты әлемге танытты.
Өресі биік өр бабам,
Алаштың бағын өрлетіп.
Жанқиярлықпен қорғаған
Шекарамызды Ермеков!
Мұхаметжан Тынышбаев
Мұхаметжандай бар жақсы,
Бүкіл ел атын біледі.
Қазақтан шыққан алғашқы,
Теміржолшының бірі еді…
«Азаттық жолды расында,
Азаматтықтан бастайық!»
Алашорданың басында,
Тынышбаев тұр қасқайып!
Көрсетіп күннің күркірін,
Жасындай жанған кім бірден?
Жағдайын айтып жұртының,
Патшаға ашық білдірген.
Содан соң түсіп қуғынға,
Тағдыры салған сан қилы ән.
Мұхаметжандай ұлы тұлға.
Қазағы үшін жан қиған!
Ахмет Байтұрсын
Елі үшін аңсап бай тіршілікті,
Патша заңынан ой түршігіпті…
Зарлы азап шердің түндігін түрген
Бар қазақ білер Байтұрсыновты!
Бабалар өлмес батыр ек кеше,
Тарихта сорды татып ек неше.
Азаттық түсер Алаш дегенде,
Алашты білер Ахмет десе…
Дәрменсіз болып ақтарға залым,
Тағдырдың талай татқанда азабын.
«Маса» боп шағып оята алмаған,
Қалың ұйқыда жатқан қазағын…
Мағжан Жұмабаев
Мұң тілінде Мағжан жыр,
Су түбінде маржан жүр.
Батылдықта найзағай
Ақындықта ақ жаңбыр.
Ар жолында арғымақ,
Арманында арлы бақ.
Қалды елінің жадында
Тағдыры ауыр, ал бірақ…
Алаш үшін ардақты,
Намыс пенен ар бақты
Азаттықтың жолында
Бар өмірін арнапты.
Телжан Шонанов
Бағдаршам болған жол алып,
Туған мекені Ырғызы…
Шоқтығы биік Шонанов,
Ғылымның жанған жұлдызы.
Ағарту ісін дамытқан,
Мұраты болып ел қамы.
Батасын алған халықтан,
Телегей теңіз Телжаны!
Еңбегін ердің енді аңғар,
Ұмтылған азат болуға.
Жан қиып кеткен Телжандар,
Тәуелсіздіктің жолында.
Міржақып Дулатұлы
Алаш десе аттанған,
Қазақ десе мақтанған.
Азаттықты аңсаумен,
Айта-айта жақ талған..
Қазағына үн қатып,
Жазған сөз бен жыр жақұт.
Зиялысы Алаштың,
Дулатұлы Міржақып.